Ақынның дидактикалық еңбегі. «Еңбектер мен күндер» – біздің заманымызға дейін жеткен гректің дидактикалық (уағыздаушылық) поэмасының жалғыз үлгісі. Ол ақынның бауыры Персті тәрбиелеу үшін жазылған дүниедей болып көрінеді. Бірақ, бұл адресатқа қарата сөйлеу – тек дидактикалық дәстүрдің ерекшелігі болып табылады. Шын мәнінде поэма қалың бұқараға бағытталған болатын.
«Еңбектер мен күндер» еңбегінің бірінші беті, базельдік басылым, 1539 жыл
Көптеген ғалымдар пікіріне сүйенсек, Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасының сюжеті ақынның өз өмірімен тығыз байланысты. Туындыда ақынның Перс есімді бауырымен арасындағы қарым-қатынасы жырланады. Әкесінен қалған мұраны бөліскенде Перс оны сазға отырғызып кеткен болатын. Бірақ, бар уақытын сауық-сайранмен, көңіл көтерумен өткізген Перс аз күнде барынан айрылып, кешірім сұрап Гесиодқа келеді. Бізге жеткен деректер поэманың
Гесиодтың өз қолымен жазылған, төлтумасы екендігін айтады. Шығарманы басқаша «Адал еңбек» деп те атайды. Себебі, поэмада Перске арналған: «Жұмыс істеуден шаршама, ақылсыз Перс!», «бір жұмысты бітірсең, басқасына кіріс!» деген сөздер жиі кездесіп отырды. Ақын айтайын деген ойын поэмада алуан түрлі тәсілдермен жеткізеді. Оның негізгі мақсаты – бұқара халыққа адал еңбектің арқасында ғана игілікке қол жеткізуге болатындығын дәлелдеу болады. Ол өмірдің игілігін тек еңбек арқылы ғана иеленуге болды деп сенді. Адам баласы ерінбей, көп еңбектену қажет деп білді, себебі бұл ауыр жұмысты Прометейдің әрекеті үшін Зевстің жіберген жазасы деп түсінді.
Гесиодтың өз бауыры Перске шын жүректен айтқан тәлімі, ережелері мен сақтық шараларын табу сөздермен, наным-сенімге қатысты сөздермен жеткізуі шығарманы тартымды ете түседі. Мысалы:
Мөлдір бұлақтың ішінде тазарудың алдында нимфаларға сыйынуды ұмытпау керек.
Құрбандық шалар алдында дәрет алу қажет.
Құдайға сыйынған уақытта жалаңаш тұруға қатаң түрде тыйым салынған.
Дастархан басында тырнақ алуға болмайды.
Үйленген кезде өз арманыңды құстарға айтып, құдайларға жеткізу үшін оларды ұшырып жіберу қажет.
Адал еңбекпен тапқан байлық артық.
Еңбек еткен ұят емес, жұмыссыздық ұят.
Аш қалғың келмесе, жұмыс істе.
Мұнымен қоса, автор еңбегінде қасиетті күндер тізімі де көрсетілген. Атап
айтқанда, болашақ ұл баланың дүниеге келуіне, астықты жинайтын, малдың жүнін қырқуға қолайлы, жабайы бұқаны қолға үйретуге әсер ететін белгілі күндері болатындығын, яғни сәтті күндерді жазып отырған. Жер иеленушінің еңбегін суреттегенде ақын түрлі кеңестер беріп, күнтізбелік тәртіп бойынша күндерге жіктеп береді. Ақын қай күндері аңға шығу сәтті болатындығын, қай уақытта астық жинаудың қолайлы екендігін де көрсетіп отырады. Мейлі шаруашылықта болсын, ақын көзқарасы бойынша «бақытты», «бақытсыз» күндер болып отырмақ. Ақын үй шаруашылығына сондай-ақ көршілермен байланысқа қатысты да ақыл-кеңес беріп отырады. Мысалы оның поэмасында «тек қолы ашықтарға ғана бер, бермейтіндерге ештеңе берме» деген сөздер кездесіп отырады. Гесиод осы еңбегі арқылы кең танымал болды. Кейде тіпті атағы эпик ақын Гомерден де асып түсіп отырған. «Еңбектер мен күндер» поэмасында Гесиод моралист және жер өңдеу еңбегінің ақыны ретінде танылады. Кей деректерге сүйенсек, оның орта шаруалы жер иеленуші болғандығы, құл ұстап, жалдамалы адамдар еңбегін пайдаланғанымен, егістіктегі негізгі жұмысты өз қолымен істегені аңғарылады.
Б.з.б. VІІІ ғ. аяғы мен VІІ ғ. басында материктік Грекияда рулық қауымдастық ыдырап, әлеуметтік жіктелу күшейіп, байып алған ақсүйектер (ірі жер иеленушілер) орта және ұсақ жериеленушілерді құлдыққа салып, қанай бастады. Гесиодтың оппозициясы осыдан келіп шығады. Ол қанша әділетсіздіктер жасалып жатса да, ешқандай жауапты талап етпейтін өз заманы мен әділетсіз пайымдаулар мен қорытындылар жасайтын соттарды сөгеді. Егер Гомер шынайы өмірден алшақтап, миф әлемін жырласа, Гесиод кәдімгі жер бетіндегі қарапайым өмірді жырлайды. Ол жер иеленушінің өнімсіз, қиын еңбегін суреттейді. Гесиод діндар, тіпті ырымшыл адам болған. Бірақ оның өмірдегі, дүниетанымындағы ең маңызды нәрсе – еңбекке деген өте жоғары құрмет. Өзінің ақыл-кеңестері мен пайымдауларын ол мысалдармен, мифологиялық сипаттағы суреттермен бейнелеп отырады. Мысалы, «Бұлбұл мен қаршыға» туралы мысалында қолындағы билікті өз мүддесі үшін ғана пайдаланатын күштілер әлеміне қарсы шығудың еш мағынасыз екендігін айта отырып, қарапайым халықты оған көне білуге, шыдай тұруға, яғни тәуелділікке шақырады. Ақынның қоғамның әділетсіздігіне деген өкпе-наласы, соттардың екіжүзділігін әшкерелеп отыруының өзі әлеуметтік күрес актысы болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ақынның «Еңбектер мен күндер» поэмасы әлеуметтік қарсылықтың құнды әрі тарихи ескерткіші іспетті.
Антика әдебиетінің тарихын зерттеушілер Ф.Г.Волькер, Ф.Зольмзеннің пайымдауынша, Гесиодтың аты эолий тілінде қойылған. Эолий тілінде «Айсиод» деген сөз «жыршы», «жырау» деген мағынаны білдірген. Гесиод өз шығармаларында эолий диалектісін қолданған. Гомер екеуі айтысқа түскенде де, Гесиодтың эолий тілінде сөйлеуі мүмкін деген пайымдамаға сүйеніп, зерттеушілер Гомер де эолий тілінде сөйлеуі мүмкін деген болжам айтады.
Гесиод мықты шешен болды. Эпикалық сарындағы өлеңдерді жырлады. Өз шығармаларында кішіазиялық батырлық эпостың тілі мен стилін, әдісін қолданып отырды. Өз заманының абызы іспетті бұқара халықты өлеңдері арқылы бірлікке, ынтымаққа, әділдікті сүюге шақырып отырды.
Бізге жеткен деректерде айтылғандай, әскери жорықта қайтыс болған Халкид патшасы Амфидаманттың (Амфидем) құрметіне Панед патша үлкен ас беріп, түрлі жарыстар ұйымдастырады. Бұл жарысқа Гесиод та қатысып, оның басты қарсыласы атақты Гомер болды. Бір таңқаларлығы Гомер мен Гесиодтың айтысы туралы дерек біздің заманымызға дейін сақталған. Екі ақын арнайы шақырумен Эвбейге барып, Амфидамант патшаны жерлеу кезінде айтысқа түскен. Ол жөнінде грек ақыны Плутарх егжей-тегжейлі жазып кеткен. Ақындар айтысында Амфидаманттың інісі Панидтің шешімі бойынша жеңіс «соғыс пен жаугершілікті» жырлаған Гомерге емес, «еңбек пен диқаншылықты» дәріптеген Гесиодқа беріледі. Бұл оқиғаны Гесиод «Еңбектер мен күндер» поэмасында жазып қалдырған. Яғни: «Алдын-ала шақырылып, Амфидамант патшаның құрметіне өткізілген айтысқа қатысу үшін Халкидке бардым. Ұлдары мол сыйлық атаған екен. Бас бәйгеге тіккен құлақты аспалы ошақты жеңіп алып, Геликон музаларына сыйға тарттым» деп баяндайды. Жоғарыда айтылғандай, жеңіс Гесиодтың еншісіне бұйырды, себебі жарыстарды ұйымдастырған Панед патша Гесиод орындаған «жер өңдеу ісі және бейбітшілік» мазмұнындағы жырларына оң қабақ танытты. Ал керісінше, Гомердің «жаугершілік шапқыншылықтар» туралы жырларына қарсы болды. Осы әрекеті үшін Панед патша грек мақал-мәтелдерінде «ақыл-есі төмен адам» бейнесінде сипатталады. Себебі, грек халқы әрдайым эпик ақын Гомерді ерекше құрметтеген. Ақындар жарысының өткен уақытын жуықтап шамамен б.з.б. VІІІ-VІІғғ. деп есептегенде, бұл Гесиодтың өмір сүрген кезеңі жөнінде маңызды мәлімет береді.
Гесиод пен Муза. Гюстав Мороның суреті, 1891
Жалпы, айтыс өнері түркі халықтарына тән делінгенімен, Кіші Азияда эолийлер арасында да ол жақсы сақталған. Эолийлықтардың шешендік, жыршылық өнері жақсы дамып, ол гректер арасына кең тараған. Гесиод шын мәнінде мықты ақын әрі шешен болды. Бұл жөнінде «Теогония» поэмасында былай деп жазады: «Жас кезімде күн көру үшін мал бақтым. Бір күні көз алдыма геликондық нимфалар келіп, менің бойыма құдіретті өлең шығару қабілетін сіңдірді. Сонымен қоса қасиетті лавр ағашынан жасалған таяқ сыйлады» деп жазады. Яғни, Геликон баурайында қой бағып жүргенде музалар
Гесиодқа лавр бұтағын ұсынып, оны насихат өлеңдерін шырқайтын ақын ретінде жариялайды.