(шамамен б.з.б. VІІІ-VІІғғ.) Гесиод – дидактикалық поэзияның негізін салушы. Гесиод шамамен алғанда б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген ежелгі грек ақыны. Гесиод – антика дәуірінің анық белгілі болған алғашқы тарихи тұлғасы деуге болады. Оның есімі бізге толық сақталған «Еңбектер мен күндер» және «Теогония» атты поэмаларымен танымал. Осы аталған екі поэма б.з.б. VІІ-VІ ғғ. грек әдебиетіндегі дидактикалық және генеологиялық жаңа бағыттың негізін салды. Гесиодтың туған жылы және дүниеден өткен жылдары белгісіз. Антикалық эпиграммалардың бірі – «дана Гомердің отаны болуға жеті қала таласты» деп басталады, яғни бүкілеуропалық әдебиеттің көшбасшысы болып есептелетін Гомердің отаны болуға жеті қала, ал кей деректерде он қала таласады. Ал Гесиодтың дүниеге келген жері жөнінде ешқандай талас жоқ. Ол өз әкесінің Эгей теңізі жағалуында, Лесбос аралының оңтүстік-шығысында орналасқан эолийлық Ким қаласында дүниеге келгендігін «Еңбектер мен күндерде» жазып қалдырған. Гесиод Кіші Азиядағы Кимде, нақтырақ айтқанда, Эолида деген жерде дүниеге келген. Әкесі саудамен айналысқан. Бірақ, бар мүлкінен айрылғаннан кейін Грекияға көшіп, Беотия деген жерде орналасқан Аскра елді мекеніне қоныстанады. Бұл Геликон тауының етегіне орналасқан қысы суық, жазы қатты ыстық, шаруашылыққа қолайсыздау жер болатын. Жастайынан қиындықты, жоқшылықты көп көрген Гесиод ауыр жұмыс пен кедейліктің не екенін біліп өседі. Әкесінің қазасынан жолы болмай, үнемі сәтсіздіктерге ұшырап жүреді. Себебі, әкесі қайтыс болғаннан кейін артында қалған жер иелігін Гесиодтың туған бауыры Перс тартып алады. Бұл жайға Гесиод қарсы болып, келіспеушілік білдіргенімен, Перс сот мүшелерінің аузын алып, істі өз пайдасына шешкізеді. Сөйтіп, Гесиод тақыр кедей болып қалады. Мұнан кейінгі ағайындылардың қарым-қатынасы бізге белгісіз. Бірақ Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасында өз бауырын адал еңбек етуге, жақсылыққа шақыруын зерттеушілер екі ағайынды жігіттің татуласқандығы деп түсіндіреді.