Гімелер, аудармалар


Т. Жұртбай 350 КІНӘМШІЛ БОЙЖЕТКЕН



Pdf көрінісі
бет90/106
Дата29.07.2023
өлшемі4,32 Mb.
#104908
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   106
Т. Жұртбай


350
КІНӘМШІЛ БОЙЖЕТКЕН
«Кінәмшіл бойжеткен» әңгімесі тұңғыш рет «Қазақ қызы» деген 
атпен «Таң» журналының 1925 жылғы 2-санының 100–109 және 3 
санының 90–100-бет терінде жарияланды. Соңына «Мұтар» деп қол 
қойған. Әңгіменің өң де ліп, қысқартылған нұсқасы «Кінәмшіл бой-
жеткен» деген атпен жазушының 1936 жылы жарық көрген «Қараш-
Қараш» атты жинақта басылды. Содан кейін 1960 жылы жарық 
көрген «Қараш-Қараш» атты таңдамалы әңгімелері мен повестері 
басылған кітапқа кіргізілген. Жазушының он екі томдық шығармалар 
жинағының 1-томында (1967, 187–209-беттер), жиырма томдық 
шығармалар жинағының 1-томында (1979, 235–258-беттер) сол 1960 
жылғы нұсқа бойынша басылды. Шығармалар жинағының елу том дық 
толық басылымына жиырма томдықтағы басылым негіз етіп алынды. 
«Таң» журналындағы араб һарпінде жарияланған нұсқасымен салы-
стырып, тексто логиялық салыстыруларды жүргізгендер – С. Жұртбай 
мен С. Майлыбаева.
Әңгіменің көркемдік шешімі мен психологиялық желісінен 
еуропалық, оның ішінде, жазушының өзі «ерекше дендеп оқып, 
үйренген әдебиетім – француз әдебиеті солардың арасынан Бальзак 
пен Анатоль Франс болды» деп мойындаған француз классиктерінің 
шығармаларының ықпалы аңғарылады. Мопассанның «Пышка», 
Бальзактың «Дала гүлі», Тургеневтің «Ася», Толстойдың «Крейцер 
сонатасы» іспетті өмірдегі ләззат азабы мен әзәзіл сезімдердің шар-
пысуы суреттеледі. Сол тұстарда М. Әуезов өзінің шығармаларын 
астарлы суреттеуге ден қойып, «Оқыған азамат», «Заман еркесі» 
деп кекесінмен ат қойған. «Қазақ қызы» деп аталған «Кінәмшіл 
бойжеткеннің» алғашқы нұсқасының тақырыбының астарында да 
осындай жасырын мысқыл бар. Әйтпесе, мұндай мінездер ол кездегі 
қазақ әйелдерінің өмірінің типтік бейнесіне сай келмейтін көркемдік 
шешім еді. Жазушы жеке адамның басындағы оқиғаны ала отырып, 
осы да қазақ қызымын дейді-ау деген әжуа айтады. Мұндағы оқиға 
туралы деректер Ә. Марғұланның, Қ. Мұхамедхановтың таспаға 
жазылып қалған естеліктерінде және М. Дулатованың «Шындық 


351
шырағы» (1995), Т. Жұртбаевтың «Бесігіңді түзе!..» (1997) атты 
кітаптарында нақты келтірілген. Мұнда көркемдік шындыққа негіз 
болған, түпкілікті авторлық идеяға қозғау салған тағдыр иесінің 
өмірлік деректерінен хабардар етеді. Алайда, 1936 жылғы басылым-
да жазушы Ғайшаның бейнесі типтік образ еместігіне және оның 
көркемдік шындық негізде жазылғанын ескере отырып, әңгіменің 
атын өзгертуі шығарманың мазмұнын аша түседі. Негізінен, бұл 
әңгімеге жасалған түзетулер мен қысқартулар жазушының өз еркімен 
жүзеге асырылған. Ішінара ұлттық рухты бейнелейтін не сол жиырма-
сыншы жылдардың басындағы қазақ зиялыларының саяси өмірінен 
хабардар ететін жайлардың қысқартылуы идеологиялық қысымның 
әрекетінен сескенгендіктен де түзетуге ұшырағаны анық. Алайда, 
олардың шығарма көркемдігіне пәлендей тигізер зияны мен пайдасы 
шамалы, бұл қосымша көркемдік, стильдік қырнаулардың қатарына 
жатады. Сондықтан да «Қазақ қызы» мен «Кінәмшіл бойжеткенді» бір 
шығарманың екі нұсқасы деп емес, жазушының өз еркімен өзгерткен 
бір әңгімесі деп қараған лазым. Әңгіменің алғашқы нұсқасы мен 
кейінгі нұсқасының арасындағы негізгі текстологиялық түзетулер мен 
қысқартулар төмендегідей.
1. 128-бет. Әңгіменің басындағы қала суреттерінің біраз тұсын 
қысқартқан. Зады оқиғаны жылдам дамытуды мақсат тұтса керек. Ол 
сөздер мынандай:
«Қаланың дағдылы шаңы мен ерте басталған ыстығы көп жұртты 
қажытқан. Сондықтан қазір қызарып күн батып бара жатқанда, жаңада 
жасарған бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана 
тербете соққандай еді. Жеңіл жібек киімді денелер бақшадағы кешкі 
қоңыр салқынның құшағына кіргенде, жазғы ыстық күнде мөлдір 
көлдің бетінде дыбыссыз жүзіп келіп, көлеңкелі қамыстың ішіне 
кірген аққудай сыланып, көтеріліп сергігендей болушы еді. Бақша 
рақатына сүйсінген сезімді нәзік әйелдер үлкен аллеяда майысқан на-
зды күлкімен маңынан салқын леп соққызғандай».
2. 128-бет. «Жайраңдаған» – «көңілді».
3. 128-бет. «... ішіне» – «ішінде».
4. 128-бет. Бұл арада мынандай абзац қысқарған:
«Бүгінгі күн бақшаның ерекше сәнімен жиналып, қызықты 
суреттер көрсетпек болған күні болады. Сондықтан бақшаның 
үлкен аллейелерінде көлденеңнен тартылған қызылды, жасылды 
сәнді әлеміштер байланған. Аспанның сансыз жұлдызындай бо-
лып шашыраған от-көздер болатын. Бұл оттар кей жерде ашық 
жарық, кейде ой түсіргендей әлсіз жүдеу, кейде қызыл, кейде жасыл. 


352
Әрқайсысының түсінен өткендегі көңілдің әртүрлі кезін есіңе түсіріп, 
сөзсіз тілмен ым қаққандай болушы еді».
Жазушының осы көріністен бас тартуының себебі: «Мұхтардың 
кейіпкерлері француздардың бикештері сияқты көшеде қолтықтасып 
жүреді, бұл кедей табының өміріне жат, түсіне де кірмейді.., – деген 
Ж. Орманбайұлы «Жыл құсы», 1927 жыл, № 1) сияқты әсіре солшыл 
сыншылардың байбаламында жатса керек.
5. 128-бет. Бұл арадағы: «Кей жері – терең сыр ұясындай қалың 
көлеңке басқан қараңғы, кей жері – күн шуақты күлкі, қалжың 
ұясындай жарық, көңілді болған бақша, ырғағы көп өмірдің, әрбір 
кезін еске түсіргендей еді» деген сөйлем қысқарып қалған.
6. 129-бет. Бұрынғы мәтін мынадай: «аспанда топталған жарық...».
7. 129-бет. Бұл арадағы: «Оркестр күйінің толқынының ішінде да-
мылсыз күліп, дамылсыз қалжыңдасып, сөйлесіп өтіп жатқан қалың 
топтың легі өрлеп, күшейіп отырғандай қызу береді. Солардың ара-
сында екіден-үштен жүріп келе жатқан қазақтың бойдақ жігіттері де 
көрінеді» деген сөйлемдер де кейіннен қысқарған.
8. 129-бет. Бұл арадағы адам портреттері біраз өңдеуге түсіп, 
қысқартуға ұшыраған. Алғашқы нұсқада былай:
«Бұлардың ортадағысы аласа бойлы болса да, жұғымды, кішілеу 
денелі, қызыл шырайлы қараша жігіт еді. Тұңғиықтанып, сұлу ажар-
мен қарайтын пенсіне киген қара көзі бар, имектеу қырлы мұрынды, 
қысқалау қара бұйра шашы бар, қысқартып қиған қою қара мұртты, 
сүйкімді, сұлу пішінді жігіт еді. Бұл губернелік қалаға шет жерден 
жаңада келген Ғаббас болатын. Жанындағы екі жігіт – соның бұл 
қаладағы бұрын бірге оқыған жолдастары еді.
Ғаббас бұл губернеге бір рет келіп кеткен еді. Және келуден басқа 
алыста жүрсе де бұл губернеде Ғаббастың аты көпшілікке белгілі бо-
латын. Өйткені Ғаббас қазақтың газет, журнал шығарушыларының 
ішінде белгілі жігіттің бірі болатын. Сондықтан бұл қалаға келгеніне 
көп болмаса да, Ғаббастың танысы көбейіп қалып еді. Сол көп та-
ныстын ішінде Ғаббасқа әсіресе әсер берген бұл губернедегі оқыған 
қазақ қызы Ғайшамен таныс болуы еді».
Кейіпкердің өмірінен дерек беретін бұл сыпаттаманың 
қысқартылуы екі жағдайға байланысты сияқты. Біріншіден, мұндағы 
Ғаббастың портреті шығарманың прототипі есебінде алынып отырған 
белгілі адамның нақты түр-түсін суреттеп беретін. Ал мұның өзі үлкен 
дау-дамай туғызуы мүмкін еді. Екіншіден, солшыл сыншылар: «М. 
Әуезов алаштың мүшесін әдеби кейіпкер етіп суреттеді, оған жаны 
аши қарайды», – деп байбалам салуы мүмкін еді. Сондай-ақ, әңгіменің 


353
екінші басылымы баспаға дайындалғанда, әлгі адам атылып кеткен 
болатын. Ғаббастың бейнесі – көркем бейне. Дегенмен де оның аста-
рында құрдастардың арасындағы әзіл-оспақтың, емеуірінді күлкінің 
желісі барлығы да байқалып қалады.
9. 129-бет. Бұл арада аздаған қырнау жасалған. Негізгі мәтін мына-
дай: «Ғайша губерниялық қаладағы қазақтың оқыған тәуір қызы бола-
ды. Ғаббас – қазақтың басқа елден келген тәуір жігіті».
10. 129-бет. Аздап өңдеуге ұшыраған және қысқарған тұстағы 
алғашқы нұсқаның мәтіні төмендегідей: «... екеуі де балалық
бұйығылық, ұяңқылық шақтан өткен. Қазақ оқығандарының өз 
қауымының ішінде бірталай жылдан бері араласып, сөз сөйлеп, іс 
істеген болып жүрген соң ашылысып, әңгімешіл де болып қалған».
11. 130-бет. «Таң» журналындағы нұсқаға осы арада біраз түзету 
жасалған. Бірінші басылым мынадай: «...түнде татар театрында бо-
лып еді. Театр ішінде сөйлесетін әңгімеге теманың молдығы бұларды 
қалжыңдасып, күлдіріп, бір-біріне көп жақындастырып тастаған 
еді. Сол кеште Ғаббас көп төселген дағды бойынша ептеп тартқан 
шырғаға Ғайша қарындастың аса сыр білдіретіндей созалаңдап, иіліп 
келе жатқанын сезгендей болып еді».
12. 131-бет. «Таң» журналындағы нұсқада: «Әбден үйір болмаған 
адамдарда бұндай кездескен уақытта ең болмаса бас кезінде кішкентай 
тосаңдық болушы еді. Ғаббас пен Ғайша ол халді оңай жазып жіберді».
13. 131-бет. «Қазақ қызында»: «– Рас, бақшаның қызық кезінің өзі 
де осы уақытта басталады. Оның үстіне, қазақ табиғатының өзі осы 
сияқты үнемі шу мен дырдуды сүйе де бермейді».
14. 132-бет. «Қазақ қызында»: «Екеуі де ауыздарына дым 
тәттілігімен жайсыз тиетін сақары түскендей болып, езу тартып 
күлісіп: «Мұның аты – «шырға!» – десті. Тегінде, Ғайшаны гүбернедегі 
оқығандар шешесі ноғай болса керек, толық қазақ емес дейтін...».
15. 132-бет. Бірінші нұсқада: «әртүрлі күйде сөйлеп...».
16. 132-бет. Бірінші нұсқада: «... қарап дауыстап күлді».
17. 132-бет. Бірінші нұсқада: «... көзін тартқандай еді. Әйелді 
сыртқы көрінісі мен жарастық жағынан бағалайтын Ғаббасқа 
Ғайшаның келе жатқан пішіні тез әсер еткендей болды».
18. 133-бет. Бірінші нұсқада: «Екеуіне де жеңіл әйелмен оңай 
үйлесетін, әсіресе, бақша ішінде үйлесетін мінез жоқ еді. Бұлар 
қазақтың ауыр табиғаты бар адамдары еді».
19. 133-бет. Бірінші нұсқада: «Мыналар сын тақпай-ақ қала бер-
ген».
20. 133-бет. Бірінші нұсқада: «... зорға сыйып, жыпырлап, 
жазғытұрымғы сеңдей болып, сіресіп-тұтасып...».


354
21. 134-бет. «Қазақ қызындағы» біраз сөздер бұл арада қысқарып 
кеткен. Ол төмендегідей:
«Екеуі де өмірдің суықтығын, жүдеулігін, баянсыздығын айтысты. 
Бұл уақытта қызықты, желікті бақша жастар көңілінде жаңа құралып 
келе жатқан сұлу қоңыр күйге үйлесетін сияқты еді. Шынында, өмір 
жүдеу, көңілсіз болса – мына күзді тұнжырататын қызықты желікті топ 
неге керек, бұл бояу болса осындай халықтың бәрінің де көңілінде. 
Қазіргі екі жастай шыны жүдеу пішін жасырынып, уақытша желектің 
астында жатқан болса, ол сияқты өзін-өзі алдаған топтың тіршілігінде 
не қызық бар? Бұл мағынасыз жүріс, сенделу өмірдің қай қайғысын 
басып, қай жүдеу пішінін жасыртады?»
22. 134-бет. «Қазақ қызында»: «...қостаған салқын түспен 
мақұлдап, қостап әңгіме ғылып...».
23. 134-бет. «Қазақ қызында»: «Адам бір кезде бойды билеп, сал 
болып басып тұрған ауыртпалықты жеңіп, көнертіп, сергімесе – жүдеу, 
қартаю да оп-оңай болып қалар еді. Сондықтан анда-санда сұлу сезім 
отына берілгендей бір өзін-өзі ұмыту болмаса, үнемі қайғы-уайым 
тіршілік емес. Сұр өмірдің ішінде күншуаққа шыққандай сезім күніне 
жылыну да керек емес пе? – деген. Бұл сөз Ғайшаны қайта күлдіріп, 
бұрынғы көтеріңкі көңілге қайта әкелді».
24. 134-бет. Бұл арадағы: «Басында Ғаббастың сөзіне бөтен сөз 
айтатын сияқтанса да артынан: «Рас, адамның өмірі жылынатын 
күншуақ іздейтіні рас, – деді. Ғаббастың көптен күтіп, нысанаға алған 
жеріне Ғайша күлкі, қалжың, күрсіну арасында созылып келіп, жаңа 
ғана жеткендей болып еді. Сондықтан жас жігіт...» 
– 
деген сөздер 
түзетілген.
25. 135-бет. «Қазақ қызындағы» сөздерге бұл арада недәуір түзету 
мен қысқартулар жасаған. 1-нұсқада мынадай:
«Жазушы жігіт өз сөзіне бір минутке де болса да шындығына сен-
ген жүрекпен сөйлеп еді. Сондықтан дауысына діріл кіріп, көңілін 
ақырын қозғағандай болып еді. Ол өз сөзін: «сүйемін... құмармын... 
тілегім... үмітім...» – деген сияқты ыстық сезім тілімен бітіріп еді. 
Сол сөздер Ғайшаны өзгертер, толқынтар деген сеніммен айтылып 
еді. Бірақ Ғайша бірталай сөзді естісе де бұрынғы қалпынан көп 
өзгермеген сияқтанды».
26. 136-бет. Бұл арадағы сөздер де ішінара түзеуге ұшыраған. 
1-нұсқада мынадай: «Олай болса маған да сонша жауап берудің парыз-
қарызы жоқ деп: «Аламын» – деген сөзді де айтып салып, бірталай 
жерге шейін әйел де, өзі де сүйретіліп барып қалушы еді».
27. 136-бет. Әуелгі нұсқада былай: «Кейде біріне-бірін тартқан 
сезім әңгімесін үзгенде, құмар жігіт қызды аллея орындығына 


355
отырғызып, көзі мен бет-аузынан сүйгенді қанағат қылмай, барлық 
толық сұлу денесін нәзік құшақпен сипап, ашық мойны, кеудесінен, 
білегінен де жабысып, күйдіре сүюші еді».
28. 136-бет. «... сұлу, тығыз, етті сандарын жіктендіріп»...
29. 137-бет. Алғашқы нұсқада: «... алдыңғы күндердей ақ кеудесінде 
сүйген жігіттің салмағын сезіп, тал бойы игендей болып жатып, тәтті 
түс көргендей көзін жұмып қалғыр еді».
30. 137-бет. Бұл арада біраз түзету жасалған. «Қазақ қызы» 
нұсқасында мынадай: «Осының бәрі неге жас жігітті кешіктіреді. Та-
ныс болғаны жаңа ғана... Неге ол тынымсыз келіп, мазасын кетірмейді? 
Әлде бұ да суынған жансыз ба? Әлде бұл да қызыл гүлді жұлып 
алғанша ғана қызығып, алған соң бір-ақ иіскеп тастай ма? Әттең, 
қазақтың салқын қанды суық жігіті-ай! Жүрегіңде соғарлық қан жоқ».
31. 138-бет. Бірінші нұсқада мынадай: «Басында Ғайшаға сон-
дай екеу-үшеудің суреті таласа келді. Өткен күннің түсі әбден жеңіп 
болмаған жас әйел қайсысына тоқтарын білмей...».
32. 139-бет. Алғашқы нұсқа біраз түзетілген, кей сөздер мен 
сөйлемдер қысқартылған. Әуелгі мәтіні былай:
«Ғазиз сұлу қызды қатты қысып, ыстық бетінен сүйіп алған. Мастық 
жеңіп сүйіп алса да, бұл іс қазіргі өлім халімен бірдей боларлық ауыр 
уақыт еді. Ол секөнт сайын белгісіз қалтыраған жүрекпен келешекті 
күтіп еді. Ыстық бетіне сұлу жігіттің дірілдеген ерні тиген уақытта 
ғана барлық ойынның мағынасын ұққан Ғайша басында үні өшіп 
тына қалып, ешбір қарсылық көрсетпеп еді. Келесі секөнтте екі бірдей 
жүректі тулатып, Ғазизді мойнынан қатты құшақтап қысып, бұл күнге 
шейін күнәлі болып көрмеген екі таза ерінді асығып келіп табыстар-
ды».
33. 140-бет. Бұл жерге де жазушының қолы тиген. Түпкі мәтін мы-
надай:
«Өзгерістің алғашқы қызулы күндері болып жатқанда, Ғайша 
да қазақ жиындарында болып жүрді. Алғашқы кезінде жауырды 
жаба тоқығандай орысша исі оқыған қазақтың бәрін бірдей керегіне 
жаратпақ болған өзгеріс Ғайшаны да бірталай аспандатып көтергендей 
болды. Ғайша облыс жиналысында әйел атынан құрметті өкіл болды. 
Әрбір жерден келген делегаттары болса да...».
34. 141-бет. Бұл ара да кейіннен түзетілген. Алғашқы нұсқасы мы-
надай:
«Кейбірі пішінді, көрнекті сұлу киінген, тағы біреулері ертеден 
шыққан атағы бар, көптің мақтап көтерген адамы. Басында Ғайшаның 
өз көңлімен ұнатқандай болып қадірлегені осы съезде көзге көрініп, 
ерекше шешен, білімді деп аталған бір студент еді. Бұл – өзге 


356
оқығандардың ішінде, нағыз өзгеріс күннің ішінде толып, ержет-
кендей, әдейі әлеумет қызметкерлігіне арналып туғандай суырылған 
жалынды жігіт Қасым еді. Қасым трибунаға шығып сөйлегендегі 
көріктіліктен басқа жай өмірде де қызықты, күлдіргі, қалжыңшыл, 
сүйкімді бозбала еді».
35. 142-бет. «Қазақ қызында»: «Сондықтан Мұқаннан айырылып 
кетсе де, оған тимей қойса да алдыңғы бағына ешбір кесір шықпайтын 
сияқтанып еді» делінген.
36. 142-бет. Алғашқы нұсқада: «Кейбір жерлерде Мұқаңнан өз 
ықтиярымен айырылысса да, оның сырын білген соң, оқыған жігіттің 
өзі тастап кетті деген де сөздер болды».
37. 143-бет. Алғашқы сөйлем нұсқасы: «Ғайша шынында жылдан-
жыл өткен сайып жылжып төмендеп бара жатқандай болды. Соңғы 
жылдар ішінде тағы да төрт-бес жақсы танысы болып өтті».
38. 143-бет. Алғашқы нұсқада: «Бір кезде тәтті болған жақындары 
қайта оралып: ыстық, қызу, қуанышты жүрекпен қайта айналып 
тапқан емес».
39. 143-бет. Әуелгі нұсқада: «Сонымен бірге жалаңаш құмарлықтың 
да бетін ашып, бар денесін көріп шыққандай болды».
40. 144-бет. Алғашқы нұсқада: «Бұл қызығы үшін Ғайша өзгені 
қойып, өзінше жүретін татар қыздарынан да көп ренжітерлік сөз 
естіді».
41. 144-бет. Бұл арада бір сейлем қысқарған. Бірінші нұсқада: «Көк 
етікті кез келмей, көн етіктіні менсінбейтін» хал Ғайшаның басына 
бұдан көп бұрын туып еді. Қазір да сол хал Ғайша өмірінің барлық 
мағынасы, барлық ауыр, қиын түйіні болып еді. Қайда барса бір ба-
сын өткізе алмағандай, барлық адам баласының қауымында сыртқа 
қағылып, керексіз, басы артық болып қалған адамдай еді».
42. 144-бет. Алғашқы нұсқадағы: «...табу керек. Мүмкін бол-
са қайтадан қазақ қауымының көзқарасын түзеу керек» деген сөз 
қысқарған.
43. 145-бет. Бұл арадағы сөйлем бірінші нұсқада былай құрылған: 
«Ғайшаға енді гүбернелік қалаға келген әркімге сездіріп, түзелгенін 
білдіруі керек еді. Сондықтан ол қазақ сахнасына екі-үш рет шығып 
көрді. Ғайша ойыншы жастарға бастық бола жүріп, қазақтың ағарту 
жолына қызмет ете жүріп...» деп келіп, әрі қарай жалғаса береді.
44. 145-бет. Алғашқы кұсқада: «жарқылдап, ешбір жанмен де...».
45. 145-бет. Алғашқы нұсқада: «Ғайшаның ақырғы тауының 
шағылғаны».
46. 146-бет. Алғашқы нұсқада: «Бұл сөздерге келгенде...».
47. 146-бет. Алғашқы нұсқада: «бауырына басып құшақтай қысып 


357
қояды. Бұл уақытта үйдің ішінен ала көлеңке кетіп, қараңғы болып еді. 
Түн болып қалған екен. Ғайша күрсініп, енді түрегеліп, от жағайын 
деген уақытта бұның үйіне...».
48. 149-бет. Алғашқы нұсқада бұл сөйлем: «Ғайшаның бүгінгі 
мінездері Ғаббасты әбден торықтырды» делініп жазылған.
49. 149-бет. Алғашқы нұсқада бұл сөйлемдер: «Бірақ апиын ауы-
зына тиген жоқ. Иегінің үстінен жерге сырылдап ағып жатты... Ғайша 
сауыттың түбі ағарғанша иегіне төгіп тұрып...» деп жазылған.
50. 150-бет. Жазушы «Таң» журналындағы әңгіменің соңғы түйінін 
мүлдем қысқартып тастаған. Бұл әңгіменің көркемдік шешімін шира-
та түскен және ол түйіннің шығарма әсеріне тікелей әсері де жоқ. Тек 
Ғайшаның іс-әрекетін әшкерелей түсу үшін және әңгіменің «Қазақ 
қызы» деп аталуын ақтау үшін жасалған тиек қана болатын. Алайда, 
бұдан жазушының сол кездегі өмірге көзқарасып байқататын пікірлер 
де нышан танытады. Қысқарған түйіннің толық мәтіні мынандай:
«Бұның артынан бірталай заман өтті... Ғаббас осы қалада бір-екі 
айдай жүріп келіп, ақырғы бір күні гүбернелік қалаға ол бір орыс 
қызын қатындыққа алыпты деген хабар шықты. Ол қырдағы қазақ 
қызы – қатынын «губернелік қалаға келген соң екі-үш күннен соң 
біржолата тастадым» деп хат жазып еді. Соның артынан бұл қаладағы 
бір оқымысты орыс қызын қатындыққа алып та қойды.
«Ғаббас қазақ қатынын тастап, орыс қызын алып қойыпты» деген 
хабар қала халқына үлкен бір сөгісті жаман істей боп тез тарап еді. 
Неше жерде әлденеше түрде қазақ жігіттерінің азғындығын, баян-
сыз негізсіздігін, әсіресе қартаң оқығандар мен өсекші бәйбішелер, 
оқыған қазақ қыздары қатты намыстанып, Ғаббасты барлық қолында 
бар кірмен былғап жатты. Бұл жайды газетке жазбақ болған өсекшіі 
тілшілер де дамыл алмай сөйлеп жүрді. Сол көп өсекші әуездің ішінде 
өзгенікі өзге болса да, бізге белгілі Ғайша да Ғаббас мінезін қатты 
сөгіп сөз қылды... Бұл қырдағы қазақ қызына жаны ашып, Ғаббастың 
сол момын, сорлы адал қызға істеген княнаты үшін жанып-күйгендей 
болып, Ғаббасты негізсіз, өтірікші, ұятсыз деп көп былғап еді.
Сорлы Ғаббас! Нең бар еді Ғайшада. Ол екеш ол да саған 
адамшылық пен әрқайсысын үгіттеген соң сенің момын басыңа кім 
ойнақтамасын!»
Бұдан өзге ішінара қырнап, жөндеген, сөйлем құрылымын 
өзгерткен тұстарының әңгіменің ұзын сүйегіне пәлендей мағыналық 
не көркемдік ықпалы байқалмағандықтан оны тізбелеп жатуды ретті 
деп санамадық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет