Гүлжауһар БОЛАТОВА
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
www.enu.kz
«АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНДА ӘДЕБИ МАТЕРИАЛДАРДЫҢ БЕРІЛУІ
Қазақ жерінде ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап шыға бастаған
басылымдардың
алғашқы
сандарынан-ақ
оның
беттерінде
әдеби
туындылардың басты назарда болғаны белгілі. Халықтың рухани
қажеттілігін ашуда көркем әдебиет шығармалары алдыңғы кезекке шығары
сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда әр ұлттың мәдениетінің өркендеуінде айрықша
орын алатын фольклорлық шығармалар мен жазба әдебиет мұраларын жиып
бастыру ісіне баса назар аударған «Айқап» журналы да осы талаптан тыс
қалмаған. «Айқап» журналының шығуы, редакторы жайында Санкт-
Петербургтегі Орталық мемлекеттік тарих мұражайында: «Орынбор
губерниясының Троицк қаласында шығатын қазақ журналы туралы 1910
жылы 18 қаңтарда берілген куәлік бойынша Қостанай облысы Шұбар
болысының №5 аулының қазағы М.Сералиннің редакторлығымен және
жауапкершілігімен «Айқап» атты журналды төменгі программамен шығаруға
рұқсат берілді»,- деп жеті тақырыптың ішінде бесінші қатарда фельетондар
мен өлеңдерді көрсеткен.[1] Кейіннен ғалым Б.Кенжебаев «Қазақ
баспасөзінің тарихынан мәліметтер» деген еңбегінде [2; 26-30] «Айқапта
жарыққа шыққан материалдарды тақырып, мазмұн жағынан 9 бөлімге
жіктеп, оның бетінде «әдеби шығармалар, әдебиет мәселелері», сондай-ақ
«кітап сындары» жарияланғанын атап көрсетеді. Қазақ даласында
баспасөздің өмірге келуі, әдеби құндылықтардың халық үшін аса маңызды
екенін У.Халили «Тіл сақтаушылық» деген мақаласында жеріне жеткізе
баяндай келе: «Қандай ғана халық болса да білімі-ғылымы мемлекетіндегі
шығатын газет-журналдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді
болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де
болмайды. Қашанға дейін киіз үйлеріміз бен сары қымызға мас болып
күнімізді өткіземіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық ғылым-білімге!»
[3] - деп жар салады.
ХҮІІІ ғасырдың соңынан бастап қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінің
қатарында «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс» эпостары
қағаз бетіне түсе бастаса, бұл салада «Түркістан уалаятының газеті» де өз
үлесін қосқан. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті
жаңа үлгі, формалармен толысты: 1) аударма шығармалар пайда болды;
2)қаламгерлердің жекелеген қарым-қатынастары қалыптасты; 3) шетел
әдебиетінің тақырып ауқымына, образ сомдауына еліктеу арқылы көркем сөз
иелерінің бай тәжірибесін меңгеру жүрді. Сөйтіп, көркемдік принциптер
шығармашылық түрде игерілді. [4;88] Осы кезеңде қазақ қаламгерлері
баспасөз арқылы белсенділік танытып, қазақ халқын шетел әдебиетінің
шұрайлы туындылырымен аударма арқылы танысуына мол еңбек сіңірген.
Қазақтар тұңғыш рет «Дала уалаятының газеті» арқылы орыс халқының В. А.
Жуковский, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А. Крылов, Л. Н. Толстой,
Г. И. Успенский, Д. Н. Мамин-Сибиряк секілді атақты ақын-жазушыларының
шығармаларымен танысты. Газетте қазақ пен орыс халқының жазба және
ауыз әдебиеті шығармаларымен бірге украин, литва, татар, башқұрт
халықтары әдебиетінің, сондай-ақ шығыстың «Мың бір түн», «Ләйлі –
Мәжнүн» тәрізді туындыларынан да үзінділер берілді. «Айқапта»
М.Сералиннің Ә.Фирдоусидың «Шахнама» эпопеясынан аударған «Рүстем -
Зорабы», И. Лихановтың «Манап» драмасы, И.Крылов, А.Пушкин,
М.Лермонтов
А.Чехов,
Горчаковский,
И.Никитин,
А.Сорокиннің
шығармалары қазақ тіліне аударылып жарияланған. Аударма саласында
журнал арқылы Қ. Кемеңгеровті ақындық қырынан танимыз. Ол
А.Пушкиннен «Пайғамбарды» [5], И.Никитиннен «Сәскелік көлдің
жағасында» [6] өлеңдерін сәтті аударса, өзі де поэзияға жаны жақын екенін
дәлелдеп, «Бақ іздеген» [7], «Жазғытұры» [8], «Солған гүл» [9] сынды
өлеңдерін ұсынған. ХХ ғасырдың бас кезінде демократияшыл бағыттағы
ақын-жазушылардың шығармашылық жағынан өсіп, қалыптасуына зор
ықпал еткен «Айқапта»бұдан өзге де әдебиет нұсқалары молынан берілді.
«Айқаптың» шығармашылық қарымын дұрыс бағамдаған алаш қайраткері
С.Сәдуақасұлы өзінің 1918 жылы жазылып, 1919 жылы Омбыда «Трудовая
Сибирь» журналында (№1) жарияланған «Киргизская литература» (Қазақ
әдебиеті) атты зерттеуінде былай дейді: «Интересно отметить то, что
«Айкап» существовал при участии литературных сил исключительно из
молодежи мусульманских мектебов». [10;244] Жарық көрген материалдарға
ден қоя қарасақ, басылымның мазмұнды шығуына қазақ қыздары да белсене
араласқаны көзге түседі. Әйел теңдігі, қыздардың сауатын ашу, әйелді оқыту
мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған сол шақта мұның өзі көп нәрсені
аңғартса керек.
Журнал басқан әдеби шығармалар тақырып, мазмұн жағынан да,
жанрлық түр жағынан да сан алуан. Жалпы зерттеуші С.Сүтжан төңкеріске
дейін қазақ тілінде жарық көрген барлық әдебиеттер тақырыбы, мазмұны
және білім-болмысы тұрғысында мынандай негізгі түрлерге бөлінеді деп
жүйелейді:
-
батырлық жырлар мен лиро-эпикалық эпостар;
-
діни-танымдық мазмұндағы туындылар;
-
нәзира үлгісіндегі шығармалар;
-
фольклор үлгілері: тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, жыр-аңыздар,
қисса-дастандар, жоқтау, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер, айтыстар;
-
қазақ жазбагерлерінің төл көркем, тарихи туындылары;
-
оқу-ағарту саласының басылымдары және сөздіктер;
-
медицина, ветеринария, ауыл шаруашылығы және түрлі арнайы
мәселелерге арналған кітап, брошюралар. [4; 105] Бұл айтылғандар таза
кітаптарға қатысты болса да, «Айқапта» жарияланған материалдар үшін де
(соңғы екеуін қоспағанда) жат емес. Журналда Уалиолла Халили мен
Ғ.Қарашевтің мақалаларында әдебиет мәселелері кеңінен қойылды.
Ғ.Қарашев «Тіл-әдебиет» атты мақаласында әдебиеттің өмірде алатын орнын
ерекше жеткізеді:
«Тіл-әдебиет дүниедегі барлық бақыт сығадаттың, ғылым-өнердің, дін
уа мәдениеттің асылы-дүр. Кісіні кісілік дәрежесіне ілестіретұғын, мәдениет
жолына кіретұғын бұ нәрселердің әдебиеті болмаған бір милләт арасында
таралып, тамыр жаюы мүмкін емес!..-» деп ой толғаған Ғ.Қарашев одан әрі
осы ойын дамыта түсіп: «Қазақ халқы тілге, әдебиетке самарқау емес, бірақ
басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр» деп жанашырлық
танытады. Тағы да назар аударарлық мәселе бұл күнге шейін қазақ тілі
төңірегінде ол қоғам қажеттілігін өтейтін дәрежеде тұр ма, ғылым тілі бола
ала ма, оның болашағы бар ма? деген сияқты сауалдар тастап, мемлекеттік
тіл төңірегінде өнбес дау-дамайлар әлі де тыншымай тұрғанына таң қалмасқа
амалың жоқ. Ал қазақ тілінің мол мүмкіндігін ХХ ғасырдың басында-ақ
Ғ.Қарашев: «Бүтін түрік, татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді
халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі – біздің қазақ, қырғыз тілі
(бұл жерде «қырғыз» деген атауды «қазақ деген атаудың баламасы деп
ұғынған дұрыс шығар. – Г.Б.) екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де
біледі»,- деп дұрыс бағалай алған. Тілді таза сақтауда жазба әдебиеттің, ауыз
әдебиетінің орны айрықша екендігін дәл бағамдаған С.Торайғыров
журналдың редколлегиясында тілші болып істеген уақытта: «Ол өнерлі
тілдің үлгісін бізге Абай берді. Абайдан үйренейік, онан соң сынаптай таза,
күмістей кіршіксіз қазақтың ауыз әдебиетінен, бұрынғы сөз тапқыр шешен
сөздерінен үйренейік», - деп жазды. Басылымның тіл мәселесіне аса мән бере
қарағандығын тілге қатысты материалдардың ішінде сонымен қатар онда
жарияланған өлеңдер де дәлел бола алады. «Айқапта» 1914 жылы жарық
көрген Мырзахмет Қожақлановтың «Туған тілге» атты өлеңі бүгінгі таңда да
маңыздылығын жоймағандығын атап өткіміз келеді:
Ей, туған тіл, баспай артқа,
Ұмтыл енді алға бар.
Күнің шығып, айың тумай,
Біраз уақыт еттің зар.
Басқа тілдер бұлбұл болып,
Бақшасында сайрап тұр.
Шаттық беріп иесіне
Көңілдері жайнап тұр.
Бір уақытта бақшамызда
Сайрайсың ғой бұлбұлдай.
Шешен бидің тұғырында
Ағыпсың ғой жұлдыздай.
Керексініп сайратуға
Иең күйттеп тұрғанда.
Тұруыңның жөні бар ма,
Қарқ-қарқ етіп қарғадай?
Хақ дүнияға шаш нұрыңды,
Енді еліңді жарқырат.
Қалсын елің қарық болып,
Рахатында масайрап.
Қалам ұстап қалың жұртың,
Енді сені «Сіз» деді.
Ей, туған тіл, енді сайра,
Көрейік те біз сені.
Осы туындыны оқи отырып, ана тілді көздің қарашығындай сақтау
мәңгілік категориялардың қатарынан ойып тұрып орын алатындығын еріксіз
мойындайсыз.Бір ғасыр уақыт бұрын жазылғанына қарамастан өлеңнің
мазмұны бүгінгі күннің талабына дәл келетіндігі сондай, күні кеше ғана
жазылғандай әсерге бөлейді.
Мұнда басылған әдеби мұралардан сол кездегі замана тынысы кең
аңғарылады. Түрлі жанрда жарық көрген әдеби туындылардың ішінде
өлеңдер үзбей беріліп тұрған. Ол шығармалардың тақырыптары да әр
алуан.
Редакция қоржынына түскен сапалы туындылардың бәрі журнал
бетінен көрініс тапқаны оның авторларынан-ақ аңғарылып тұр.
«Айқаптың» шығуы қоғам өмірінде үлкен жаңалық ретінде қабылданып,
оны халықтың ойы, тілі, көзі деп ұғынған Бекмұхамет Хасенов :
Кез келдің заманымда
журнал «Айқап»
Білгендей шөлдегенін
жұрттың байқап.
Жасаған ұзағынан сүйіндіріп,
Кетсе екен Еділ, Жайық
бәрін жайқап,- деп толғанса, Мұхамед Мақұлов:
Қуандым журналыңды білгеннен соң,
Майданда шабысыңды көргеннен соң.
Дертім бар, дәрменім жоқ мен бір ғаріп,
Сөз қостым көңіл танып тұрғаннан соң,- деп қуанышын зор
тебіреніспен жеткізеді. Елім деп еңіреп өткен алаш қайраткері
М.Дулатовтың Алашұғлы Азамат лақап есімімен берілген «Айқап»
журналының шығуына арналған өлеңі оның қоғам өмірінде атқарар маңызды
рөлін барынша ашып көрсеткен:
Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халін білмесең,
Ілгері қалай басасың?
Игілік жолдан тартынба,
Бекерге де шашасың.
Өнер-білім тістей ме,
Шегініп неге қашасың?
Сарғайып жатқан бір ғаріп
Жіберді жазып батасын.
Халыққа шашып жемісін,
Жасасын «Айқап», жасасын!
Оқу –ағарту, қазақ тілінің мәселелерін, әсіресе, тіл тазалығын және
оны сақтау жайын барынша өткір таразылаған басылым қазақ қыздарының
бас бостандығы жайлы, жастарды өнер-білімге, адамгершілікке, еңбекке
шақырған поэзиялық шығармаларға кең жол ашқан. Табиғат көркін
айшықтап өрнектеген біраз өлеңдер өз орнын тапқан. Журналда
С.Сейфуллиннің қымызбен сыйлау дәстүрі суреттелген «Жайлауда қымыз
ішу» [11] сықылды алғашқы өлеңдері оқырмандарымен Садуақас есімімен
қауышқандығын атап өткіміз келеді. «Айқап» қазақтың сол кездегі ақын-
жазушыларының жаңа, таңдаулы шығармаларын үнемі басып отырды.
Көптеген ақын-жазушыларды тәрбиелеп өсірді. ХХ ғасырдың басындағы
көрнекті ақын-жазушыларымыз Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев,
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев «Айқап» арқылы жазушы
болып қалыптасты, «Айқап» арқылы өсті.» [12; 19] Әдет-ғұрып, салт-дәстүр,
әйел теңдігі, мектеп ашу, оқу-ағарту ісі, оқу құралдары мен оқулықтар
жетіспеушілігі, жер мәселесі басылым бетіндегі әңгіме арқауы болады.
Олардың кейбірі ХХ ғасырдың басында әңгімені фельетон деп атайтын
үрдіспен фельетон деп басылған. Бұл арада қоғам үшін маңызды түрлі
тақырыптарды қозғайтын С.Торайғыров, М.Кәшімов, Ә.Ғалимов, Б.Майлин,
М.Дулатов туындылары көркемдігімен көзге түседі. Ауыз әдебиеті
нұсқаларынан: ертегі, жоқтау, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, сонымен қатар
қазақ шежіресі журнал мазмұнын салмақтандыра түскен. Редакция ұжымы
оқырмандарын қызықтыру мақсатында алдыңғы нөмірлерде берілген
жұмбақтардың шешуін дұрыс тапқан адамдар туралы кейінгі сандарында
хабарлап отыруды ұтымды пайдаланған.
«Айқапта» жаңа шыққан кітаптар туралы ақпараттар тұрақты түрде
беріліп тұрған. Нақты айтқанда, М.Дулатовтың «Оян, қазағы» мен
«Азаматы», Ә.Ғалымовтың «Жастық жемістері», Ш.Құдайбердиевтің
«Қалқаман-Мамыры», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі»,
Ғ.Мұштақ жинақтап шығарған «Көкселдір», Н.Наушабаевтың «Алашы»,
А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалы», М.Жұмабаевтың «Шолпаны»,
Н.Манаевтың «Иман-исламы», «Қара қыпшақ Қобланды батыр» мен «Милли
шиғырлар» және т.б. жарыққа шыққаны құлақтандырылып қана қоймай, ол
туындылар не жайында және оны қайдан алуға болатыны туралы аз-маз
мәлімет беріліп, кейбірінің бағасы да хабарланып, тиісті жерінде бүгінгі
талапқа сай келмейтін сыни пікір де білдірілген. Айталық: «Алаш – Нұржан
Наушабаев сөзі. Бұл кітап назымға бөлініп жазылған. Наушабаевтың кәдімгі
жүйріктігі мұнда да көрініп тұр. Ликин бізге бір ұнамаған жері: бағзы бір
назым басында өз есімін қосыңқырап жазған. Мысалы: бірінші назым: «Әй,
Нұржан, қаламыңды қолыңа алшы»,- деп, екінші назым: «Сөзіңді әркім,
Нұржан, сүйер сенің»,- деп. Тағы бір міні, әуелгі назымында: «Қимылда,
қалған жоқ па бірер тамшы?» деген сөзді қалдыру тиіс еді». [13;65] Мұның
сыртында оқушылары үшін қам жеген журнал шығарушылары оның бір
нөмірінде Борадәран Каримовтар кітапханасының хабарламасында басылып
шыққан қазақ кітаптары туралы бағасын көрсетіп тізбесін арнайы
жариялаған. [13;89] Кітап боп шыққан біраз еңбектердің мұқабаларының
журналдағы иллюстрациялық суреті оқырмандар үшін жақсы жарнама
болған сыңайлы.
Қорыта айтқанда Шалман ақын:
Журнал шықты «Айқап»
нұрын шашып,
Қазақты ағартпаққа көзін ашып.
Кәрі, жас, қатын, бала, жақсы,
жаман,
Жүрмеңіз жауған нұрдан
кейін қашып, - деп, «Айқаптың» ғылым-білімге
бастайтын адаспас тура жолға салар журнал екенін жырға қосқанындай, бір
ғасыр өткен соң да қазақ қоғамының, қазақ әдебиетінің тарихында оның алар
орны айрықша екендігін сезінеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Центральный Государственный архив. Г.Санкт-Петербург (ЦГИАЛ) фонд 776
опись № 26
2. Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер. Алматы, 1956
3. «Айқап». – 1912. - № 9
4. Сүтжан С. Алаш және түркі руханияты. Алматы, 2008
5. «Айқап». 1915. - № 4
6. «Айқап». 1915. № 13
7. «Айқап». 1915. № 12
8. «Айқап». 1915. № 7-8
9. «Айқап». 1915. № 14
10. Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: Алаш, 2003
11. «Айқап». 1915, № 1
12. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Алматы, 1993
13. «Айқап» / Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. Алматы, 1995
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |