6.1 Сұраныстар жасау Сұраныстарды қолдану МБ-нан ақпараттарды алудың ең жылдам тәсілі болып табылады. Сұраныс бір немесе бірнеше өзара байланысқан кестелерден керекті мәліметтерді таңдап алуға, есептеулер жүргізуге және нәтижелерді кесте түрінде алуға мүмкіндік береді. Access-те тұтынушыға қолайлы болып саналатын үлгі бойынша сұраныстар қалыптастыру – QBE (Query By Example) мүмкіндігі бар, оның көмегімен күрделі сұраныстарды оңай құрастыруға болады. Сұранысты бастапқы МБ кестелері арқылы, басқа сұраныстар нәтижесінде алынған кестелер және құрылған сұраныстар негізінде де тұрғызуға болады. QBE сұраныстары пайдаланылатын кестелер мен сұраныс бланкы бар мәліметтер схемасынан тұрады. Сұраныстар құру үшін мәліметтер схемасында көрсетілген кестелердің керекті өрістерін тышқан арқылы белгілеп алып, сұраныс бланкына тасымалдап, жазбаларды таңдап алу шарттарын енгізсе болғаны. Әрбір кесте өрістері тізімінің бірінші орнында «кестенің барлық өрістері» деген мағынаны білдіретін * символы бар, оны таңдасақ, сұранысқа барлық өрістер енгізілетін болады.
Сұраныс құру үшін «Сұраныстар» («Запросы») парақшасындағы Жасау (Создать) батырмасын шерту керек. Сондағы сұраныстарды жасау режимін таңдау терезесі 69-суретте көрсетілген.