"Таным" деген не?", "Білімді қалай алуға болады?" деген мәселелер төңірегінде ойлана отырып, адам сонау ежелгі заманда-ақ өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінген. Философтар таным теориясының мәселелері төңірегінде ой қозғай бастады. Гносеология — айналадағы әлемді тану туралы философиялық ғылым. Таным теориясы немесе гносеология (грекше gnosis — білім, таным) — философиямен бірге, оның іргелі бөлімдерінің бірі ретінде пайда болды және қалыптасты. Ол адам танымының сипатын, білімінің формаларын, оның жадағай түрінен тереңіне бойлау әдістерін зерттейді. Гносеологиядағы орталық ұғымдарға "таным субъектісі" мен "таным объектісі", "білім", "таным" жатады.
Таным субъектісі мен объектісі
Таным субъектісідеп белгілі бір мақсатқа бағытталған танымдық қызметті атқарушыны айтамыз. Ол — бірдеңені танып, білуге тырысушы. Ол адам немесе тұтастай қоғам болуы мүмкін.
Таным объектісідеп танымдық қызмет бағытталған нәрсені айтамыз. Демек, ол танылушы, былайша айтқанда, кітап, молекула, атом, адам немесе тұтастай табиғат болуы мүмкін. Таным объектісі материялық, дүние немесе рухани құбылыс, сонымен катар субъектінің өзі де болуы мүмкін. Таным объектісі мен субъектісі бір-бірінің мәнділігін шарттастырады: субъектісіз объект болмайды, объектісіз субъект болмайды. Таным үдерісінде олар бір-біріне маңыз аларлық ықпал етеді. Сонда танымдық қызмет субъекті мен объект қатынасы және олардың өзара әрекеттесуі болып шығады.
Таным процесі
Таным өте күрделі процесс, ол ұдайы даму үстінде болып отырады. Ол адамға зат пен құбылыстардың сыртқы, көзге түсер қасиеттері мен қатынастарынан бастап, оның тереңде жатқан ішкі салыстырмалы тұрақты байланыстарына дейін бойлауға мүмкіндік береді, яғни заттың мәнін, ішкі құпиясын меңгеруге жағдай жасайды. Таным процесі екі сатыдан тұрады: сезімдік таным және рационалдық таным. Бұл екі саты бірінен кейін бірі болатын жекелеген деңгейлер емес, олар біртұтас таным процесінің екі қарама-қарсы жағы‚ бір-бірімен өте тығыз байланысты, бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.