Грамматика және оның салалары



бет1/2
Дата07.01.2022
өлшемі71,5 Kb.
#18562
  1   2

Грамматика және оның салалары. Қазақ тілі морфологиясының зерттелу тарихы, қазіргі жай-күйі

ж о с п а р ы

1. Қазақ тілі морфологиясы курсының зерттеу объектісі, мазмұны.

2. Морфология –сөз және оның формалары туралы ілім.

3. Морфологияның зерттеу обьектісі.

Тірек сөздер: әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады, грамматика ғылымы морфология және синтаксис болып бөлінеді, морфология -сөз және оның формалары туралы ілім, морфологияның негізгі обьектісі -сөз.


Адам өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтыннеше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көмегі арқылы ғана т6сінікті етіп айта алады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады.

Грамматикалық құрылыс сөзге сүйенеді және сөз арқылы ғана көрініп отырады: сөзді таяныш етпейтін бірде-бір грамматикалық құрылыс болмайды. Грамматика ғылымы, тілдің грамматикалық құрылысын зерттегенде, өзінің тексеретін обьектісінің негізгі өзегі етіп сөзді және сөйлемді алады. Тексеру обьектілерінің осындай ерекшеліктеріне қарай грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын ек салаға бөлінеді.

Морфология-сөз және оның формалары туралы ілім. Сөйлеу дағдысында әр сөз сөйлем ішіндегі өзге сөздермен белгілі заң бойынша әрқилы қарым-қатынасқа түседі де, әлденеше қилы өзгеріске ұшырап, әр алуан қызмет атқарады. Морфология осындай сөздерді жеке-жеке қарамай, жалпы сөз атаулыны алып, оларды белгілі топтарға бөліп, сол топ-топтың әрқайсысына жалпы грамматикалық сыр-сипатын анықтайды. Соның арқасында сөздердің әр тобының өзіне лайық жалпы грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формалары айқындалады, сөз таптары ажыратылады, әр сөз табына тән категориялардың сыр-сипаттары ашылады. Осындай талдаулардың нәтижесінде сөздің жасалу, түрлену, өзгеру жүйелері,сөздің бөлшектенуі және олардың әрқайсысының грамматикалық мағыналары мен қызметтері анықталады.

Синтаксис - сөз тіркесі туралы, сөйлем туралы ғылым. Сөйлеу дағдысы бойынша сөздер өзара белгілі бір жүйемен тіркеседі. Сол тіркестердің де, сөйлемдердің де өз жүйелері, өз заңдары болады. Морфология сөзді, сөздің тиісті бөлшектерін, олардың мағыналары мен қызметтерін талдаса, синтаксис сөйлемді, сөйлем ішіндегі тиісті сөз тіркестерін я жеке сөздерді, олардың қарым-қатынастары мен грамматикалық сыр-сипаттарын талдайды. Грамматиканың бұл екі саласы екі сара болып жіктелгенімен, олар да іштей бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті екеуі бір бүтіннің екі бұтағы сияқты. Мысалы: Қызы едім Есімбектің атым Шұға; Басталды бұл өлкеге атым шыға (Б.Майлин) деген сөйлемдердегі сөздерге жалпы грамматикалық талдау жасай бастасақ, ондағы сөздерді әрине морфология өз тұрғысынан, синтаксис өз тұрғысынан талдайды. Ал ондай талдау үстінде іс жүзінде морфология синтаксистің ішіне еніп кетсе, синтаксис морфологияның ішіне еніп кетеді, демек, ол екеуі бір-біріне жәрдемдесіп, өзара селбесіп отырады.

Морфологияның зерттеу обьектісі-сөз. Сөз дегеніміз қыры мен сыры мол күрделі грамматикалық категория. Белгілі бір ұғымның атауы ретінде қолданылатын дыбыстық комплексті сөз дейміз. Әрбір сөздің бір-бірімен байланысты екі жағы бар: оның бірі-сөздің сыртқы дыбыстық жағы, екіншісі сол дыбыстық жағы арқылы көрінетін я айтылатын ішкі мазмұны, мағына жағы.Морфология сөзді оқшау алып қарамайды, оны басқа сөздермен байланысты қарап барып, олардың қарым-қатынастарын анықтайды. Бірақ морфология сөздерді, олардың қарым-қатынастарын сол тілдің қалыпты бір көрінісі, бөлшегі ретінде талдап, оларды бір-бірімен ұштастырып қарайды. Өйткені сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіріп өзгерту, сөз бен сөзді жалғастыру сияқты амал-тәсілдер -әрі әбден қалыптасып орныққан, әрі үнемі қолданылатын дағдылы, жүйелі құбылыстар. Сол себептен морфология тіліміздегі әрбір жұрнақты, әрбір жалғауды я болмаса басқа бір морфологиялық құбылысты және олардың әрқайсысының формасын тілдің жүйесімен байланысты, сол жүйеден тарайтын және сол жүйеге барып тірелетін заңды құбылыс деп қарайды.

Мысалы: Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елжіреп (Абай); Екі атты таныған Абайдың көңіліне ол аттың иелері түсті (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі бірінші сөйлемнен қой және қойшы сөздерін,екінші сөйлемнен атты және аттың сөздерін өзара бір-бірімен салыстырып және қойды, қойға, қойдан, қойлар, қойшылар, сондай-ақ, аттан, атқа, атты, атпен, атшы, атшылар сияқты сөздердің өзгерген түрлерімен салыстырып қарасақ, олардың әрқайсысы әрі тіліміздің бүкіл грамматикалық жүйесінен тарайтын, әрі сол жүйеге сарқылатын өзара бір-бірінен байланысты грамматикалық құбылыстар.

Морфология сөздің формасын да тексереді. Ал, сөздің формасы деген ұғымға сөздің негізгі түбірі де, сөздің туынды, біріккен, қосарланған, әр қилы қосымшалар қосылған түрлері де, сөз тіркестері де енеді. Екінші сөзбен айтқанда, сөздің формасы деген ұғым сөзден сөз тудыратын, сөз бен сөзді байланыстыратын тәсілдерді де, сондай-ақ сөзге қосымша мағына жамайтын тәсілдерді де қамтиды.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Грамматика ғылымының негізгі салалары қандай

2. Морфологияның зерттеу обьектісі не

3. Қазақ тілінің морфология курсын зерттеген ғалымдар кімдер



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет