2 Грамматикалық категориялар Грамматикалық категория ретінде қаралатын я танылатын грамматикалық құбылыстың өзіне тән жалпы грамматикалық мағынасы және ол мағынаны білдіретін дербес грамматикалық формасы болуға тиіс. Мысалы, тәуелдеу категориясының қазақ тілінде және басқа түрік тілдерінде өзіне тән жалпы грамматикалық мағынасы және сол мағынаны білдіретін өзіне лайық грамматикалық формасы бар.
Грамматикалық категория тікелей сөйлемдегі сөздерге және сөз тіркестеріне тән жалпы грамматикалық мағынамен байланысты болады. Жалпы грамматикалық категориялар ішінара морфологиялық категориялар және синтаксистік категориялар болып екі салаға бөлінеді. Осыған орай, грамматиканың морфология атты тарауы морфологиялық категорияларды тексереді де, синтаксис атты тарауы синтаксистік категорияларды тексереді.
Морфологиялық категориялар деп жеке сөздердің өзгерілуі (түрленуі) арқылы туатын жалпы грамматикалық мағыналарды айтамыз. Мысалы, Құлпыртып ән салайық түрден түрге: Бастайық ілгері адым өрден-өрге (И. Байзақов) деген сөйлемдердегі әр сөз белгілі-белгілі морфологиялық формалар арқылы бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, тиісті грамматикалық мағыналарды білдіріп түр. Олар мыналар: бірінші сөйлемдегі құлпыртып сөзі әуелі — т (құлпырт), одан кейін -ып (құлпыртып) формалары арқылы екі түрлі морфологиялық өзгеріске ұшырап барып, салайық сөзімен тіркесіп, екі түрлі грамматикалық мағына білдіріп тұр.
Ол әуелі өзгелік етіс мағынасын, одан дейін — көсемшенің негізгі істі айкындап тұратын түрінің беретін мағынасын білдіреді; екінші сөйлемдегі ілгері сөзі бастайық сөзімен тіркесіп, негізгі істі айқындайтын мағынаны аңғартады, бірінші және екінші сөйлемдердегі әнді, адамды сөздері табыс септіктің -ді (-ды) формасы арқылы, салайық, бастайық, сөздерімен қатынасқа түсіп (тіркесіп), оларды іспен тікелей байланыстыратын мағына береді; түрге, өрге сөздері барыс септіктің -ге формасы арқылы құлпыртып салайық, ілгері бастайық сөздерімен қатынасып (тіркесіп), бет алыс — бағытқа меңзейтін мағынаны көрсетеді, түрден, өрден сөздері -ден формасы арқылы өздерінен кейінгі түрге, өрге сөздерімен қарым-қатынасқа түсіп (тіркесіп), істің я амалдың бір орыннан (я дәрежеден) екінші орынға (дәрежеге) көшетінін білдіріп тұр.
Жар қабаққа иін тіресе салынған сарайлар, мастерскойлар, складтар, көмір атжалдары, барактар, ұзын-ұзын мойындар үлкен қаланың бір шетіне ұқсайды (Ғ. Мүсірепов) деген сөйлемдегі сарайлар, мастерскойлар, складтар, атжалдар, барактар, мойындар деген сөздерді сарай, мастерской, склад, атжал, барак, мойын сөздерімен салыстырсақ, әрине, олардың сыртқы морфологиялық формаларынан көптік мағына және жеке я даралық мағына аңғарылады.
Сөйтіп, сөйлемдегі сөздер өзара бір-бірімен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде, әр түрлі морфологиялық өзгерістерге ұшырап та, оған ұшырамай-ақ әр түрлі синтаксистік тәсілдер арқылы да өзара байланысады; осындай грамматикалық құбылыстардың арқасында сөз тұлғаларының түрленулеріне, тіркесу тәсілдерінің құбылуларына қарай, ол сөздерге әр түрлі грамматикалық мағыналар үстеліп, әр қилы грамматикалық қызмет атқару қабілеті пайда болады. Ол грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар сөйлемдерде қолданылатын сөздердің бойындағы жалпы қасиеттері ретінде көрініп отырады. Осы себептен де грамматикалық мағыналар мен грамматикалык формалар әрқашан жалпы грамматикалық құбылыс делініп есептеледі. Мұндай жалпы грамматикалық мағына мен жалпы грамматикалық форма тұтас бір грамматикалық құбылыстың әрі өзара бірі мен бірі тығыз байланысты екі жағы ретінде, әрі сол екеуінің бірлігі ретінде қаралады. Міне, осындай бір тұтас грамматикалық құбылыс әдетте грамматикалық категория деп есептеледі. Демек, тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы (тәсілі) бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады.
Тілден тыс ешқандай грамматикалық құбылыс болмайтыны сияқты, тілдегі сөздерден тыс грамматикалық категориялар да өмір сүре алмақ емес. Өйткені сөздің өзі болмаған жағдайда ол сөздің мағынасы туралы да, өзгерісі туралы да сөз болуы мүмкін емес. Сондай-ақ, жалғанатын негіз болмаса, қосымшалардың бір де біреуі өздігінен тұрып ешқандай мағына да бере алмайтыны, оның қызмет атқару қабілеті де болмайтыны былай тұрсын, өздері де болмас еді. Солай болса, грамматикалық категориялар тілде топ-топқа бөлініп, белгілі грамматикалық сөз таптарына тән, оларға телулі болады.
Қазақ тіліндегі сөздер өздерінің, лексикалық мағыналары жағынан болсын, грамматикалық мағыналары мен өзге сипаттары жағынан болсын, белгілі-белгілі грамматикалық топтарға бөлінеді. Тіліміздегі сөздерді зат есім, сын есім, сан есім, етістік деген сияқты топтарға бөліп, топтардың әрқайсысының ерекшеліктеріне қарай, тиісті грамматикалық сипаттамалар беру де олардың әрқайсысына тән грамматикалық категорияларды ашудан, анықтаудан туған. Сөздерді, грамматикалық сипаттарына, ең алдымен, олардың грамматикалық категорияларына қарап, топ-топқа бөліп грамматикалық сөз таптары деп танып жүрміз.
Сөз таптарының, олардың грамматикалық категорияларының өзара қарым-қатынастарынан тіліміздің грамматикалық ерекшеліктері туады, ал сол ерекшеліктерден оның грамматикалық құрылысына тән алуан түрлі грамматикалық құбылыстардьщ бірлігі құралады.
Грамматикалық категориялардың өресі мен өрісі біркелкі болмайды. Кейбір категориялар тым жалпы, әрі өрісті, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тайыз, қарымы аз, тіпті жалқы да бола береді. Мысалы, тым жалпы категория деп сөз таптары категориясын, қосымшалар категориясын алсақ, олардың, әрқайсысын іштей саралап, әлденеше ірілі-ұсақты жалқы категорияларға бөлуге болады. Айтайық, сөз таптары категориясын жалпы ерекшеліктеріне карай, әуелі есімдер категориясы, етістіктер категориясы, көмекші сөздер категориясы деп топтасақ, одан әрі есімдер категориясын зат есім категориясы, сын есім, сан есім категориясы деген сияқты жіктерге бөлумен тынбай, олардың әрқайсысын тағы да әрі қарай саралап отырамыз. Мысалы, есімдіктер категориясын жіктеу есімдігі, сілтеу, сұрау, топтау, белгісіздік, болымсыздық есімдіктер деп, одан әрі бір ғана жіктеу есімдіктерін тағы да дараландырып, жақ категориясын анықтаймыз. Сол сиякты, қосымшалар категориясын әуелі жалғау категориясы және жұрнақ категориясы деп жіктеп, одан әрі жалғауларды, жоғарыдағыдай, көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау, жіктік жалғау категориялары деп бөлеміз. Жұрнақтарды әуелі сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияларға, одан әрі іштей жеке сөз таптарына тели бөліп, олардың өзара жіктері мен сыр-сипаттарын ашамыз.
Грамматикалық категория сөздің негізгі (лексикалық) мағынасына тек жанамалай ілесіп қана я жарысып қана отырмайды, ол екеуі бірі мен бірі іштей ұласып, өзара бір-біріне ықпалдарын да тигізіп. тығыз қарым-катынасқа түседі. Сол себептен бір сөздің бойынан бірнеше категорияны табуға болады.