Қазақ этнонимі (эссе) Орындаған: Укматов Бекзат Группа: СМ-23-5к13
Қазіргі таңда «қазақ» атауын тым «жасартып» көрсеткісі келетіндер аракідік болса да қылаң беріп жүр. Дәлірегі, кейбір азаматтар оны XIV-XV ғасырларға теліп, яғни Қазақ хандығы құрылған қарсаңда қолданыла бастаған деген пікірді алға тартуда. Алайда, іс басында жүрген тарихшы-ғалымдар бұған келісе қоймайды. Өйткені, олардың қолында «қазақ» этнонимінің тарихы тым әріде жатқанын дәлелдеп беретін құжаттар бар. Таяуда отандық ғалымдар Иран мен Үндістан елдерінен табылған құнды жазбаларды зерттеу барысында «қазақ» этнонимінің Х ғасырда қолданылғанын растайтын деректі кездестірді. Зерттеушілер мұны үлкен жаңалық ретінде қарастырып отыр. Енді ғалымдар бұл құжаттарды түбегейлі зерделеп, ондағы мәліметтерді мектеп оқулықтарына енгізуді көздеуде. «Алматы» телеарнасы хабарлағандай, Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбекова Қазақ хандығының тарихына байланысты дерек жинау барысында Үндістаннан қазақ жері мен хандарына қатысты тың мәліметтерді жолықтырған. Олардың негізгісі – Үндістан шаһзадасының Тәуке ханға жазған хаты. Бұдан бөлек, 2014 жылы Ираннан «Моңғол тарихы» деген шартты атауға ие қолжазбаның көшірмесі елге жеткізілген. Онда «қазақ» сөзі X ғасырда қолданылған деген мағлұмат бар екен. Ғ.Қамбарбекова: «Сол қолжазбаның ішінде «қазақ» деген сөздің кездесетіндігі біз үшін жаңалық. Өйткені, моңғол шапқыншылығы кезінде жазылған шығармаларда «қазақ» деген этнонимді кездестірмейміз. Онда қаңлылар, қыпшақтар, қырғыздар бар. Бірақ «қазақ» этнонимі мүлде жоқ. «Қазақ» этнонимі кейінгі кезеңде, яғни XVI ғасырдан бері қарай кездеседі десек, ал бұл құжаттар мұны теріске шығарып, тарихты артқа жылжытып отыр», – дейді. Бүгінде Иран елінен жалпы 28-ге жуық қолжазба әкелінсе, оның 4-еуі хат болып шықты. Ал Үндістаннан 12 тарихи жазба жеткізілген. Енді жыл соңына дейін олардың дублеті жасалмақ. Сондай-ақ, мамандар әлі толығымен зерттеліп бітпеген көне жазуларды аударуға көңіл бөлуде. Отандық тарихшылар мұндай жұмыс 2-3 жылды талап ететінін айтады. Алдағы уақытта, шетелдік мұрағаттардан табылған көне құжаттар мен қолжазбалар екі тілде жинақ етіліп шығарылатын көрінеді. Айта кетейік, ұлт тарихын зерттеуге бағытталған аталмыш жұмыстар «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.