Қ.Қ. Байсарина, А.Қ.Ахметова
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН КҮШТЕП ҰЖЫМДАСТЫРУ МЕН
ОТЫРЫҚШЫЛАНДЫРУ ТАРИХЫНАН
Аннотация: Бұл мақала кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезіндегі ауыл
шаруашылығын жаппай күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру мәселелеріне арналған
.
Түйін сөздер: партия, кеңес,комитет, жүйе, әкімшіл-әміршіл.
Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты жеке меншіктегі ұсақ шаруашылықтардың басын қосып,
қоғамдасқан ортақ шаруашылық құру еді. Басқаша айтқанда, шаруаларды кооперациялау болып
табылады. Осы кезге дейін партияның ХV сьезі (1927 жылдың желтоқсаны) ауыл шаруашылығын
ұжымдастыру сьезі, деревняны ұжымдастыруға бағыт сілтеген сьезд аталып келді. Ал, шындығында
сьезд тек ұжымдастыруға ғана емес, кооперацияның барлық түрлерін қалыптастыра дамыту керек деп
нұсқаған. Кулакты тап ретінде жою мәселесінде де сьезд: бұл іс бірте-бірте жүргізіліп, онда да кулак
шаруашылығы зорлықпен емес, керісінше, экономикалық әдістермен жойылатын болсын деген.
Осының бәрін сьезд жалпы әлеуметтік - экономикалық өзгерістер шеңберінде тындырылатын көп
міндеттің бірі ретінде атап көрсеткен. Бірақ сьезден кейін партия, үкімет басшылары ұжымдастыру
мәселесін даралап алға шығара бергені шындық. Ұжымдастыру Қазақстанда өте тез қарқынмен
жүргізілді. 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мың кедей және
орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды [1, 4 б.].
Саяси және экономикалық сипаттағы ұжымдастыру науқанын тез арада жүргізу үшін
шаруашылықтарды жаппай ірілендіру басталды. Кулактар мен байларды тап ретінде жерлерінен
қуып, ұсақ шаруалар шаруашылықтарын бір-біріне қосып, ірілендіріп, ұжымдастырды және егіндік
жерлердің мөлшерін кеңейтті. Қазақстандағы жаппай ұжымдастырудың тез қарқынмен жүруі
шаруалардың өз еркімен болмай, күштеу, зорлау, жазалау әдістері арқылы жүзеге асырылып отырды.
Ауқаттының малын еріксіз ортаға алып, енді жекешенің күн көрісіне жарап отырған азын - аулақ
малды да сыпыра бастады. Сол тұста «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Қайдан тапсаң
одан тап - қаптың түбін мықтап қақ» деген ұрандар тарады. Зорлаумен ортаға түскен мал
күтімсіздіктің салдарынан жаппай қырыла бастады. 1929 жылы 1 қаңтардағы архив құжаттарындағы
мәлімет бойынша 47 миллионға жуық мал болса, 1934 жылы 1 қаңтарда не бары 4,5 миллионы қалды
[2, 170 б.].
Жаппай отырықшыландыру қарқынының күшейе түсуіне Одақтық мекемелердің
отырықшыландыру процесіне байланысты Қазақстан басшылығы ұсынған бақылау сандарын
бесжылдық жоспарды бекіту барысында ескеруі де себеп болды. Бұл бойынша бірінші
бесжылдықтың қалған үш жылы ішіндегі Қазақстандағы отырықшыланатын қожалықтар саны 1930-
1931 жылдары 80 мың, 1931-1932 жылдары 100 мың, 1932-1933 жылдары 120 мың болып белгіленді.
Осылайша, Қазақстандағы отырықшыландыру қарқыны жылдан жылға өсе түсуі керек болды. БК (б)
П7- Бүкілқазақтық партия конференциясында (1930 ж. мамыр-маусым) бұл туралы былай деп
қорытынды жасалды: «Бесжылдық мемлекет көмегі негізінде – 380 мың қазақтың көшпелі және
жартылай көшпелі қожалықтарын жоспарлы отырықшыландыруды көздейді, ал бұл қазақ
аудандарындағы егістік көлемінің алғашқы жылғы 1 млн.гектардан, соңғы жылы 5 млн.гектарға дейін
өсуіне ықпал ететін болады».[3, 228б.].
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанның
көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы
қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау
жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928
жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес сонымен қатар тәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар
да анықталды.
Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген
қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің
өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер
аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бәрі сайлау
құқығынан айырылды. Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер
309
бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды
тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің
қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді. Республика көлемінде барлығы 696 «бай-
феодалдар» тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген
тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша үкімет
жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады,
барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-ы ғана. Оның себебі алдын-
ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді.Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға
мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2% отырықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі
аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке
шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар
негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды. Көптеген қазақ партия - кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы
шықты. Олар қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік
сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы
реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен
ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын
тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тәркілеуден
қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше,
байлардың малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы
ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.
1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің
колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай
ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы
ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта
және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын
социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; Екінші топқа елдің
Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты.
Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын
ұжымдастыруды1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа өлкелері мен
облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың
көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары
осы үшінші топқа жатқызылды.
Алайда Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғандабаяу жүргізілуі
тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне
қарамай, ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық
комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің
төрағасы) және РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа
жіберген жеделхатында 1929-1930 жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін
жоспардың қайта қаралғанын,сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың
шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру
жоспары қайта қаралды. Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана
ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды,
яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында
ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды. Алайда
ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930
жылы 14 наурызда қабылдаған «Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес
туралы» қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік
ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді
жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың
қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны
мойындалмады. Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте
жоғары қарқынмен жүргізілді.
КСРО Орталық Атқару комитетімен 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған «Жаппай
ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және
кулактармен күрес шаралары туралы» қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық
террор басталды.Шаруа қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып,оларды тап ретінде жою жүзеге
асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл
310
белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа
берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап,
солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші
топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген
жерлерге қоныстандырды. Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға
белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында орташалар,тіптен
кедейлер деболған. 1928–1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни
қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аласталды. Ал енді 1928
жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек,
бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын
органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия
хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін,
ал қалғанықатардағы еңбекшілер екенін мойындаған. Дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи ортаға
бейімделген түрі -ірі байлар қожалықтарын күйрету Қазақстандағы мал шаруашылығының даму
қарқынының тежелуіне, тауарлылығының күрт төмендеуіне негіз жасады.
Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке
басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын,
Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының
хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі
халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір,
Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады. 1929-1930 жылдар аралығындағы қыс айларында
наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929-
1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл
наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты
ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды .
Сондай-ақ, отырықшыландыру науқаны да жаппай ұжымдастыру науқанымен қатар
жүргізілді. Отырықшыландыру барысында жеделдету мақсаты қойылып, қазақ ауылының
ерекшеліктері ескерілмей, екі жолмен жүргізілді. Оның біреуі - жүздеген шаруашылықты бір жерге
иіріп әкеліп, шоғырландыра орналастырып, малын өнім дайындау қорына өткізу. Екіншісі - әлгіндей
көп халықтың киіз үйлерін қар үстіне көше секілдендіріп тігіп, поселкелер құру, бұлардан ұжымшар
жасау. Осылайша Ресей секілді егіншілік өңірлердің ұжымдасу формасы малшы өңірге күштеп
таңылды. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа сталиндік күштеп көшіру
саясаты қазақ этносының тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды. Отырықшыландырудың алғашқы
жылының қорытындылары бұл бағыттың қате екендігін көрсетіп берді. Бірде -бір бағдар бойынша
міндеттер мен жоспарлар орындалмады. Салықтық қысымдар мен ет дайындау науқандарынан
күйзелген қазаққа өз қаржысымен отырықшыландыру оларды босқынға ұшыратты. Большевиктер
жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы
болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру мен
отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел
қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдың көп бөлігі үкіметтің ет салығын
орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VІ Пленумында1929 жылы
Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4млн. ғана мал қалғанын мойындауға
мәжбүр болды .
Сонымен, ұжымдастырудың айқын тарихы - «тәжірибе жасау мен қателіктердің», аяусыз
да ымырасыз идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы қақтығыстардың тарихы.Қазақ
даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйреткен ХХ
ғасырдың 20–30 жылдары - Қазақстан тарихының күрделі беттерінің бірі. Осы «ақтаңдақ» беттердің
ақиқатын ашуға Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928
жылғы 27-тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13-қыркүйектегі «Аса
ірі және жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық
жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19-ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл
шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға
қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын-
сүргіндер құрбандарын анықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жол ашып берді.[4,150-
153].
311
Сонымен, осы жылдарда Қазақстанда жүзеге асырылған әлеуметтік-экономикалық процестер
қазақ халқының дәстүрлі даму жолын талқандап қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ
халқының халықтық салт - дәстүрлерін аяқ асты етті. Нәтижесінде адамзат өркениетінде өзіндік орны
бар, бірегей қазақ ұлтының өзінің рухани тамырларынан қол үзу, өзінен үлкен ұлттың жетегінде кету
процесі белең алды.
Әдебиет
1.
«Қазақстан»:
Ұлттық
энцклопедия /Бас
редактор
Ә. Нысанбаев-Алматы,"Қазақ
энциклопедиясы", 1998.
2. Околотин В.С. Деятельность Наркомфина СССР по разработке и реализации налоговой
политики в 1928-1941 гг. Ивановский гос.ун-т, 2012.
3. Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: көмекші оқу құралы./Т.Омарбеков. –
Алматы:Санат, 1994.-320б.
4. Караваева И.В. Налоговая политика России в ХХ веке: Монография. М., 2002.
МАССОВАЯ ПРИНУДИТЕЛЬНАЯ КОЛЛЕКТИВИЗАЦИЯ СЕЛЬСКОГО
ХОЗЯЙСТВА И ИСТОРИЯ ПОСЕЛЕНИЯ В КАЗАХСТАНЕ
К.К. Байсарина, А.К.Ахметова
Данная статья посвящена массовой принудительной коллективизации сельского
хозяйства и поселения во время становления советской тоталитарной системы.
MАSS FORCED COLLECTIVIZATION OF AGRICULTURE AND THE HISTORY OF
SETTLEMENTS IN KAZAKHSTAN
K.K. Baisarina, A.K.Akhmetova
This article is dedicated to the mass forced collectivization of agriculture and settlement during
the formation of the Soviet totalitarian system.
УДК 94 (574.26)
Г.С. Конкина
1
, А. Б. Анасова
2
Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
1
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
2
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ
ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ОҚУ-АҒАРТУ ІСІНІҢ ЖАҒДАЙЫ
("Торғай облысы шолулары" материалдары бойынша)
Берілген мақалада "Торғай облысы шолулары" материалдары бойынша Торғай облысындағы
халық ағарту ісінің жағдайы қарастырылған.
Түйінді сөздер: мерзімді баспасөз, рухани отарлау, оқу-ағарту ісі, мектеп, медресе, халық
училищелері.
Қазақстанның объективті тарихын жасау жеке аймақтардың, өлкелер мен облыстардың
әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени және этнодемографиялық дамуын бөлшектеп зерттеуді
талап етеді. Нақ осындай зерттеулер біздің мемлекеттің отаршыл өткенінде болған процестердің
аймақтық ерекшеліктерін анығырақ көруге, сондай-ақ, патшаның отаршыл саясатының жалпы
заңдылықтарын, формалары мен әдістерін анықтауға жағдай жасайды.
Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының бұл бағыттары әсіресе, 1868 жылғы патшаның
әкімшілік-сот реформасымен құрылған және Ішкі істер министрлігінің қаруында болған, мысалы
Торғай облысында жақсы көрінді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін Торғай облысында
соғыс уақыты заңдары іске асырылды, өйткені, ол стратегиялық жоспарда ерекше жағдайда болды
және өзінің отаршыл тәжірибелері үшін объект ретінде таңдалды.
Ресей империясының өлкеміздегі отарлау саясатының бағыттарының дерек көзі «Торғай
облысының шолулары» болды. Бұл Торғай облысы басқармасының әскери губернаторлары мен
болыс бастықтарының есептері. Бұл шолулар жылына бір рет Торғай облысының орталығы Орынбор
қаласында шығып отырған.
312
"Торғай облысы шолулары" беттерінде халқымыздың саяси әлеуметтік, экономикалық
өмірімен қатар оқу-ағарту тарихына қатысты көптеген деректер сақталынған.
" Шолуларда" XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамы үшін оқудың,
ғылымның аса қажеттілігімен қатар, ғылымға деген ұмтылыстың кең түрде дамуы, Қазақстанның әр
түрлі қалалары мен ауылдарында ашыла бастаған мектеп, медресе туралы деректер, қаржы-қаражат
жинап, мектеп-медресе салдыру арқылы балаларды оқытудың кең тарай бастағандығы, қазақ байлары
арасынан да осы істе демеушілік көрсетушілердің әр жерден шыға бастағандығы туралы мәліметтер,
оқу ісінің қиындықтары мен зәру мәселелері араб жазбасына өзгерістер енгізудің қажеттілігі туралы
нақты ұсыныстар мен мәліметтер бар.
Жалпы, қазақ даласындағы оқу-ағарту тарихына қатысты алғашқы тарихнамалық мақала
жазып және патша үкіметінің саясатына алғаш объективті баға бергендердің бірі М.Әуезов болған.
Ол қазақтарды орысша оқытудағы патша әкімшілігінің түпкі мақсаты туралы шындықты айтқан
болатын. Қазақ әдебиетінің классигі өзінің 1923 жылы «Шолпан» журналының 6-8 сандарында
жарияланған 26 беттен тұратын «Ы.Алтынсарин» деген мақаласында:«1868 жылдан кейін Үкімет
Қазақ даласын шын бағындыру жұмысына батыл кірісті. Көздеген мақсатқа жету қазақтың елін
бастайтын басшыларының балаларын орысша оқытып, төре қылып, шен беріп, шекпен кигізіп,
Үкімет адамы қылып, ел арасына жіберіп, солар арқылы ел мен Үкіметті жақындастырып, елді
кіндігінен арқандамақшы болды» деп жазды [1,15]
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы - оқу-ағарту және білім беру тарихының ғана
емес, Қазақстан тарихының өзіндік ерекшеліктерге толы кезеңі. Зерттеушілер қашанда ерекше көңіл
бөліп отырған бұл кезең, бір жағынан Ресей отаршыларының қазақ жеріне түгелдей өзінің саяси
үстемдігін орнатып болып, енді оны әлеуметтік-экономикалық және рухани өмір саласында
терендету мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізе бастауымен ерекшеленді. Екінші жағынан бұл
кезеңде ұлт бостандығы, ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресте жаңа буын - қазақ зиялылары тарих
сахнасына шықты. Бұл - отаршылдықтың да, ұлт-азаттық қозғалысының да жаңа тәсілдерге көшіп,
жаңа деңгейге көтерілген кезі болды. Күрес өмірдің барлық саласын қамтыды, оның ішінде оқу-
ағарту ісі бір-біріне қарама-қарсы күштердің өзара күрес объектісіне айналды. Өйткені, ол белгілі бір
топтардың мақсат - мүддесіне қызмет етуге тиіс. Сондықтан отарлаушылар да, азаттық үшін
күресушілер де оқудың, оқытудың маңызын жете түсініп, әрқайсысы оны өз мүддесіне сай
пайдалануға әрекеттенді.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформалармен бірге біртіндеп қарқын ала
бастаған қоғамдық қозғалыс Ресей империясының алыс жатқан шеткері аудандарында да ағарту
ісінің дамуына ықпалын тигізді. Патшаның отаршыл саясатының бір қыры бөтен халықтардың
орыстармен жақындасуына жағдай туғызды. Бірақ бұл көбіне көп зорлық арқылы оларды күштеп
орыстандыруды көздеген амал еді. Алайда, күштеп көндіру өте баяу жүрді, қарсылыққа тап болды.
Сондықтан да, олар өз саясатын білім саласы арқылы жүргізуге ұмтылды. Аймақтағы қазақтардың
отаршыл үстемдікке қарсылығы ендігі жерде орыс үстемдігін тек әскери тәртіппен ұстап тұруға
болмайтынын дәлелдеді [3,272б].
Патша үкіметі қазақтарға орыс мәдениетін, тілін және өмір салтын үйретудің тиімді жолы
білімде деп танып, орыс, қазақ балаларын бірге оқытуды қолдады. Осылайша 1864 жылдың өзінде-ақ
Торғай қаласында Ы.Алтынсариннің халықтан жинаған ақшасына салынған орыс-қырғыз мектебі
ашылды. Десе де қаражаттың және мұғалімдердің жетіспеуінен облыста мектептік білім беру дамып
кете алмады. 1870 жылдары облыста болыстық орыс-қырғыз училищелерін ашу және жабдықтау
мақсатында жергілікті әкімшілік әр киіз үйден 20 тиын қаражат жинауды ұйымдастырды. Бұл іс тағы
да мұғалімдердің жетіспеуінен кейінге қалдырылды. Тек облыстың халық тығыз орналасқан
жерлерінде ғана 2 сыныптық училищелер ұйымдастыруымен шектелді. 1879 жылы Торғай облыстық
ағартушылық комиссиясының қаулысына орай уездік қалалардың жанында қазақ балаларына
арналған 50 орындық интернаты бар 1 орыс-қырғыз училищесі Ырғыз бен Ақтөбеде пайда болды
[3,272б].
1879 жылы 11 желтоқсан күні Крыжановский халық Ағарту министріне жолдаған хатында
«Орал, Торғай облыстарына сауаттылық дәрежесін көтеру» мәселесін айта келіп, қазақ мектептері
үшін арнайы оқытушылар даярлайтын оқу орындарын ашуды да қажет деп тапты. Оны бітіргендерді
отарлау қызметіне, яғни, болыстық іс жүргізуге, тіпті молда қызметтеріне тағайындауды ұсынды.
Тұңғыш қазақ мұғалімдер даярлайтын мектебі 1883 жылы Орынбор губерниясының Орск қаласында
ашылды. Оған Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне ағартушы Ы.Алтынсарин
тағайындалды.
313
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанда ағарту ісінің бастауыш оқу орындары, приход мектептері,
толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептері, ауылдық сауаттылықтың негіздерін
үйрететін мектеп сияқты түрлері қалыптасты. Реалдық, қыздар мен ер балалар гимназиялары онымен
бірге мұғалімдер семинариялары орта буын оқу орындарына теңестірілді. Арнайы маман даярлайтын
оқу орындары ретінде қазақтың мұғалім даярлайтын мектептері, ауыл шаруашылық және мал
дәрігерлік мектептері, Торғай қолөнер мектептері ашылды.
Қазақстандағы XYIII ғасырдың соңында басталған отаршыл халық ағарту ісі екі бағытта: діни
және азаматтық бағытта дамыды. Діни бағыттағылары жергілікті тұрғындардың қаражатымен
ұсталған. Ал діни мектептер патша өкіметінің арнайы нұсқауымен Шекаралық комиссия бекіткен
молдалардың ашқан мектеп немесе медреселері болатын. Оларда білім берудің ешқандай жүйесі
болмады.
Қазақстанның империяға жақын өлке болуы отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруға,
рухани отарлаудың нәтижелі жүргізілуіне өте қолайлы еді. Сондықтан орысша оқып-тәрбиеленген
жергілікті тұрғындардың өкілдерінен әлеуметтік база құру қажет еді. Бұл істе табиғатынан білімге
құмар, тануға әуес қазақтарға зор сенім артылады. Торғай уезінің бастығы Яковлев 1877 жылы 11
қаңтарда Торғай облыстық басқармасына жазған рапортында қазақтардың оқуға, білімді игеруге
немесе балаларын оқытып-тәрбиелеуге құлшынысы жылдан-жылға артып отырғанын атап көрсетеді
[4.]
Патша өкіметі қазақ және орыс балаларын қосып оқытуда күш жұмсайды. Бұл қазақтарға
орыстың мәдениеті, тілі және өмір салтын сіңірудің мейлінше тиімді жолы деп саналады.
Ы.Алтынсаринның идеясы бойынша, қаржы-қаражат пен педагог мамандарды тиімді
пайдалану үшін болыстық мектептер бірнеше болыстың балаларына ортақ, шекараларының
қиылысында орналасуы тиіс болған. Облыстағы көптеген болыстық мектептерді ашу жөніндегі
материалдар осының айғағы. Мәселен, Николаев уезінің бастығы 1886 жылдың 26-ақпанында Торғай
облысының әскери бағытына былай деп жазады: «Қырғыз мектептерінің инспекторы Алтынсаринның
уездегі болысына мектептің құрылысы мен оған арналған жерді таңдау жөніндегі пікірлерін тегіс
қолдайтынымды хабарлаймын »[4].
Мектеп құрылысы мен оны ұстауға қаржы бөлу бұрын қазақтар үшін еріксіз болса, «Торғай
облысының уез бастықтарына уақытша нұсқауда» бұған қазақтарды міндеттейді. Көп ұзамай орыс
сыныптары үшін де қазақтардан қаржы жиналды. Мәселен, Торғайдағы медресеге қарасты орыс
сыныптарын қаржыландыру міндеті Шұбалаң болысының қазақтарына жүктелген. Осы болыстың
«құрметті қазағы» Байту Асанов өз иелігіндегі екі үйді медресе мен орыс сыныбына қайтарымсыз
«берген» екен. Оның үстіне қазақтар орыс сыныптарына бір рет оқу құралдарын, басқа да қажет
бұйымдарын сатып алу үшін 460 сом төлеген және бұл сыныпты ұстап тұруға жыл сайын өз
қалталарынан 700 сом шығарып отырған. Бұл жөнінде мұрағат құжаттарында былай делінген:
«Торғай облысы халық училищелерінің директорларының өтініші бойынша, болыстық сиез қаулы
алады: «Орыс сыныбын ашу және оны ұстап тұру үшін қажет етілетін бірінші жылы 1160 сом, ал
одан кейінгі жылдары 700 сомнан келетін шығын қоғамдық есепке алынып, барлық Шұбалаң
болысындағы түтін иелерінің жағдайына бөлінеді.»[4]
Билік басындағы шенеуніктер өздерінің шын ниеттерін жасыра қойған жоқ. Мысалы, әскери
губернатордың жылдық есебіне қосымша 1893 жылғы «Торғай облысына шолуда» «Мектептік білім
беруді кеңейтуде облыстың орыс тұрғындарының арасында мектептердің санын көбейтуге басты
көңіл бөлінді» - деп атап көрсетіледі. [5]
1896 жылғы білім беруге байланысты есебінде әскери губернатор былайша ашық жазады:
«Облыстық әкімшілік қырғыздар арасындағы білім беру мәселесіне бар ықыласын салады. Мұның
барлығы қырғыз жасөспірімдерінің орыс мүддесіне кереғар мұсылман бағытында білім алып
жатқанына байланысты оларды ығыстырып, орыс мектептерін көбейтуге негізделеді»[5].
Қазақтардың орыстармен жақындасуы, ортақ тілге келуі экономикалық тұрмыстық қарым-
қатынасы, қазақ арасына орысша оқудың тарауына байланысты болды. Яғни, қазақ даласында
орысша мектептер ашуды уақытша ереже тікелей талап етті. Бұрынғы Орынбордағы қазақ балалары
үшін ашылған мектеп жаңа уақытша ережеге сәйкес таратылды. Қазақтардың білім алу ордасы тек
қана Торғайдағы және Тройцкідегі 2 бастауыш мектеп, содан кейін Орынбор гимназиясы ғана еді.
1875 жылы Орынбор өлкесі бойынша (Торғай, Ақмола, Семей, Орал облыстары және Бөкей
хандығы) оқу округтік басқармасы ашылады. Оның бастығы болып В.В.Катаринский тағайындалады.
1875 жылы әрбір облыстың орталығынан облыстың басқарма мекемесін, мектеп және мешітті қоса
салуға нұсқау беріледі. Қазіргі ауылдарда ізі ғана қалған мешіттер сол кездерде салынған құрылыстар
еді.
314
Жергілікті жағдайларға байланысты облыстық мекемелер салуға мүмкіншілік жоқ еді. Оның
есесіне мешіттің жанынан мектеп салайық деп кейбір болыстар құлшына кірісіп кетті. Бұлар медресе
еді. Аманқарағай облысынан Торғай облысындағы үшінші мектеп салынды.
Торғай облысындағы халық ағарту ісінің тарихын мына кезеңдерге бөлуге болады. Біріншісі -
1824 жылдан 1868 жылға дейінгі кезең. Бұл қазақ балаларының орыс мектебінде кездейсоқ түсіп
оқып шығуы. Екіншісі - 1868 жылғы 21-қазандағы жарияланған уақытша Ережеге сәйкес Торғай
облысындағы бастауыш білім беру жүйесінің жүзеге асуы және оқуды одан әрі ауыл шаруашылығы
мектептерінде, гимназияларда, тіпті университеттерде жалғастырып оқуға мүмкіндік беретін
мектептердің ашылуы еді. Үшіншісі -1891 жылы 25 наурыздағы жаңа Ережеге байланысты облыста
бастауыш білім беруді қолға алу және 2 кластық қалалық типтегі училищелердің, қыздар
училищелерінің ашылуы еді [4]
Патша үкіметінің білім саясатының негізгі бағыттарында қазақ даласында орыс-қазақ
мектептерін құрумен қоса, мұсылман мектептері мен медреселердің санын шектеу, араб әліппесін
және ортақ түркі («татар») тілін ығыстырып, орыс тілімен алмастыру да көзделеді.
Халық ағарту министрі граф Толстой 1876 жылы императорға берген есебінде: а) «Барлық іс
қағаздарында татар тілінің орнына қырғыз тілі қолданылсын...Қырғыз сөздері орыс әліпбиімен
жазылсын: ә) «Осыған сәйкес біртіндеп татар тілмаштарын далалық қырғыздармен ауыстыру керек»
деген ұсыныс жасайды. Император бұған келісім берген. Бұл ұсыныс уездік басақармаларға
төмендегідей түсіндіріледі: «Бұл нұсқаудың дала әкімшілігіне ғана қатысы бар. Қырғыздардың
татарлануына шек қою, орыс әрпімен өз тілдерінде жаздыру қажет» [6]
Орыс әріптері негізінде қазақ әліпбиін құрастыру 1873 жылдың көктемінен басталады.
Ерекше комиссия жұмысына Е.Шолақов, Ы.Алтынсарин т.б. қатыстырылады. Ы.Алтынсарин 1879
жылы «Қырғыз хрестоматиясын» (бұған Ильминскийдің де ықпалы болғаны сөзсіз) жарыққа
шығарады.[6] Отаршыл әкімшілік бұл хрестоматияны насихаттап, таратуға көп күш салады.
Облыстағы білім берудің орыстық жүйесі, оның негізгі буыны ретіндегі орыс-қазақ
мектептері оқу барысындағы орыстандырудың жақсы жақтары да болды. Орыс-қазақ мектептерін
бітірген түлектердің біразы қазақ зиялыларының алғашқы буынын құрады. Олардың арасынан өз
халқының тағдыры, келешегі үшін жанын сала күресушілер де шықты.
Сонымен, қорытындылай келе, Торғай жері Ресей империясы құрамына отар ел болғандығы,
Ресейдің отарлаушы-метрополиялық ел болғандығы тарихи шындық. Рухани-мәдени отарлау ісі алып
жүйенің бір ғана тармағы. Және ол қарама-қайшылықтарға толы кезең болды. Ресей империясы
өзінің рухани тәуелділігіне арналған бірқатар іс-шараларын атқарды. Орыс халқының мүддесін
көздейтін оқу-ағарту жүйесін құрды, орыс қоныстанушыларына деп православиелік шіркеулік
мектептер мен шіркеу құрылыстарын жүргізді, көптеп орыс шаруаларын қоныстандырды. Міне,
осылайша, рухани-мәдени отарлау саясаты өз мақсатына жетті. Өз жемісін берді. Ал оның
зардаптары әлі күнге дейін сезіліп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |