Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет6/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

тарау
БІЗ ШӨЛМЕН КЕЛЕМІЗ
Сонымен, біз тоғыз піл аттық. Бұлардың азу тістерін арамен кесіп
алып, қосқа жеткізуге екі күн уақыт кетті. Олжамызды бірнеше миль
төңіректен көрінетін зəулім ағаштың түбіне, құмға жасырдық.
Аңшылық ерекше сəтті болып, қыруар піл сүйегін қолға түсірдік.
Сапасын айтсаңызшы. Мұндай тамаша сүйектерді көрген емеспін.
Əрбір азу, орта есеппен, қырықтан елу фунтқа дейін тартады. Ал Хиуа
байғұсты өлтірген алып пілдің азуы, біздің шамалауьімызша, жүз
жетпіс фунттай еді.
Хиуаның өзінің денесін, дəлірек айтсақ, денесінің жұқанасын
құмырсқа жегіштің ініне көмдік те, зұлыс рəсімі бойынша, басына о
дүниеге барар жолда дұшпандардан қорғануға қажет боп қалуы мүмкін
шолақ найзасын шаныштық.
Бұл сапардан тірі оралсақ, қоймамызды қайтар жолда қазып алармыз
деген үмітпен үшінші күні жолға аттандық.
Басымыздан небір қиын да қызғылықты оқиғалар өткен ұзақ та азапты
сапардан соң (көргеніміздің бəрін айта беруге уақыт тар) біз Луканга
өзенінің маңына орналасқан Ситанди крааліне жеттік. Шын мəнісінде,
біздің саяхатымыздың нағыз басталар жері де осы ара еді.
Бұл араға қалай келгеніміз жақсы есімде.
Оң қанатта – бірнеше жалбыр лашық пен мал қамауға арналған тас
қоралардан құралған шағын ғана түземдік ауыл. Төменірек, тура өзен


жағасында түземдіктер өздерінің болмашы егінін егетін бір жапырақ
егістік жер бар. Одан ары əртүрлі ұсақ жан-жануарлар жайлаған, шөбі
биік те бітік кең алаң – вельд1 көрінеді.
Ситанди краалі осы құнарлы өлкенің шекарасына орналасқан. Сол жақ
қабақтан шетсіз, шексіз шөл дала басталады. Табиғат көрінісінің не
себепті мұншалық шұғыл өзгергенін айту қиын, əйткенмен осыншама
қарама-қайшылық кімді болмасын таңырқатарлықтай.
Қосымызды кішкене өзеннің жағасына, қырқаның басына тіктік.
Қарсы қабақ – өзенге қарай құлай біткен тастақ беткей. Бұдан жиырма
жыл бұрын Сүлеймен кенішіне жетпек болған ессіз əрекеті іске
аспаған байғұс Сильвестрдің жығылып-тұрып еңбектеп өткен жері осы
еді.
Құлама беткейдің ар жағы тікенекті тырбық бұталар өскен бетпақ
шөлге ұласады.
Кеш батты. Үлкен, қып-қызыл, дөп-дөңгелек күн ұшы-қиырсыз, кең-
байтақ, иен шөлді өзінің соңғы, түрлі-түсті шапақтарына малындырып,
жайымен ұясына қонды.
Қоналқаға қажетті жабдықтарды реттеуді Гудтың үлесіне қалдырып,
мен сэр Генриді біраз серуендеп қайтуға шақырдым. Екеуіміз қарсы
бетке өтіп, қырқаға шықтық.
Алдымыз – сіресіп жатқан өлі шөл. Ауа тұнып тұр. Тап-таза. Қиыр
көкжиекте Сүлеймен тауының қарлы шыңдарының сұлбасы бұлдырап,
көзге шалынады.
Біраз уақыт екеуміз де үнсіз қалдық.
– Əне, – дедім мен, – əне, қараңыз, Сүлеймен кенішін қоршап тұрған
тас бекініс осы. Жете аламыз ба, алмаймыз ба, тəңірге ғана аян!
– Менің інім сол арада болуға тиіс. Егер оның сонда екені анық болса,
мен қайтсем де жетем, – деді сэр Генри сенімді де салмақты үнмен,
өзіне тəн шешімтал кейіпте.
– Қайтеміз енді, жолымыз болар деп үміттенейік, – дедім мен күрсініп.


Қосқа қарай жүрмек боп кері бұрылғанда ғана аңдадым, біз оңаша
емес екенбіз... Артымызда алыстағы тауға мелшие қарап, бекзада
кейіпті зұлысымыз Омбопа тұр.
Өзіне менің назарым ауғанын байқаған Омбопа сэр Генриге қарады да
(оның сэр Генриді аса жақсы көретінін мен бұрын да байқаған едім),
қолындағы үлкен ассегайымен алыстағы тауды нұсқады.
– Сен бет алған ел – осы болғаны ғой, Инкубу? Инкубу – піл деген сөз;
сэр Генриді түземдіктер өзара
сөйлескенде осылай атап жүрген.
– Мырзамен бұлай тұрпайы сөйлесуге қандай хақың бар! – дедім мен
бұрқ етіп. – Түземдіктер бірін-бірі қалай атаймын десе де ерікті. Бірақ
ақ адамды бетіне былш еткізіп мəжуси-лерге ғана тəн сұмпайы
атаумен атау – кешірімсіз қылық.
Зұлыс үнсіз күлді. Бұл менің жынымды одан ары қоздырды.
– Қазір өзім қызмет етіп жүрген көсеммен менің тең емес екенімді
қайдан білдің? – деді Омбопа. – Əрине, мырзаның король тегінен екені
түр-тұлғасынан да, сыр-сымбатынан да көрініп тұр. Бірақ мен де
король нəсілінен боп шықсам қайтесің? О, Макумазан! Менің қызыл
тілім бол! Айтар сөзімді менің мырзам əрі көсемім Инкубуға жеткіз!
Мен онымен сөйлескім келеді. Сенімен де сөйлескім келеді.
Мен бұрын-соңды түземдіктердің өзіммен бұлай сөйлескенін
көрмегем, сондықтан Омбопаға қатты ашуландым, əйткенмен де, оның
кескін-келбетінде өзін қасиет тұтуға мəжбүр етерлік, маған мүлде
түсініксіз бірдеңе бар еді. Жəне оның бізбен дəл не турасында
сөйлескісі келетінін білуге құмарттым.
Сол сəтінде-ақ Омбопаның айтқан сөздерін сэр Генриге аударып
бердім. Өз тарапымнан түземдіктің тым бейбастақ екендігі туралы
пікірімді айттым, оның мұнша тұрпайы мінез көрсетуі – кешіргісіз
қылық дедім.
– Иə, Омбопа, – деді сэр Генри өзінің салмақты қалпынан танбастан. –
Мен сол елге бармақпын.
– Шөл – ұзақ, əрі жолда тамшы су жоқ. Тау – биік, қарлы, мұзды, – деді
Омбопа. – Артына күн жасырынған биік таудың ар жағында не бар


екенін тірі жан білмейді. Сонша қиянға қалай жетпексің? Сонша
қиянға не іздеп барасың?
Мен тағы да аудардым.
– Мынаны айт, – деді сэр Генри. – Бара жатқан себебім, менімен
қандас адам бұдан көп бұрын сол жаққа кеткен болуға тиіс деп
шамалаймын. Сол кісіні іздеп табуым керек.
– Сен шын айтасың, Инкубу. Осында келе жатқанда мен бір
готтентотпен кездестім.Ол бұдан екі жыл бұрын бір ақ адамның ана
тауды бетке алып, шөлге кеткені туралы айтты. Қасында қызметші
аңшысы бар екен. Олар сол кеткеннен мол кетіпті.
– Ол кісінің менің інім екенін қайдан білдің? – деді сэр Генри.
– Мен мұны білмеймін. Бірақ готтентоттан əлгі кісінің түрі қандай еді
деп сұрағанымда оның көзі сенің көзіңдей екенін жəне қара сақалы
барын айтты. Қасына ерткен аңшысының аты Джим екен. Бечуан
тайпасынан. Үстіне киім киген.
– Ақ адамның сіздің ініңіз екеніне күмəнім жоқ! – дедім мен жұлып
алғандай. – Мен Джимді жақсы білетінмін.
Сэр Генри ойға батқан қалыпта үнсіз бас изеді.
– Бұған өзім де сенімді едім, – деді ол. – Джордж – қайсар адам. Ниет
еткен ісінен ешқашан да бас тартпайды. Бала кезінен сондай.
Сүлеймен тауынан ары асуды ойға алғаны анық болса, дəл солай еткені
де анық; əрине, жолай пəле-қазаға ұшырап қалмаса. Сондықтан біз
оны таудың арғы жағынан іздеуіміз қажет.
Омбопа ағылшынша аз-маз түсінетін, бірақ бұл тілде өте сирек
сөйлейтін еді.
– Бұл – өте ұзақ жол, Макумазан, – деді ол. Мен бұл сөздерді де
аудардым.
– Иə, – деді сэр Генри. – Жол – алыс. Бірақ өзінің бар күш-жігерін
жұмсаса, əлемде адамзат ұшығына жете алмайтын жол жоқ. Ізгі сезім
жетегіне ерген адамның жеңіп алмас бөгеті болмайды, Омбопа. Ол
асып түспес асқар тау, ол басып өтпес бетпақ шөл жоқ; алынбас бөгет


тек қиялда ғана ұшырауы мүмкін. Кеудесін кернеген ізгі сезім
жолында адам ешбір қиындықтан тайсалмайды, ештеңеден именбейді,
егер тағдырдың жазуы солай болса, ол бұл жолда өмірін қиюға да əзір.
Сэр Генридің сөздерін Омбопаға аударып бердім.
– Ұлағатты сөздер айттың, əкетайым менің! – деді зұлыс (зұлыс
еместігіне қарамастан мен Омбопаны үнемі осылай атаймын). – Нағыз
ер жігіттің аузынан шығуға лайық, асыл да асқақ сөздер айттың!
Сөзіңде жалған жоқ, менің əкем Инкубу! Тыңдашы мені! Өмір деген
не? Өмір – қалбалақтаған қауырсын, шашылған дəн, домаланған
қаңбақ, жел қалай айдаса, солай қарай жүре береді. Кейде ол бір
орынға тұрақтап, өсіп, өркен жаяды, сол арада өледі. Кейде шырқап
аспанға ұшады. Егер ол асыл дəн болса, өзінің маңдайына тағдыр
жазған сапарда жолай аял жасауы мүмкін. Желмен жарыса, желмен
алыса отырып, сонша жол жүрген, сол жолда қалаған жеріңде аял
жасаған қандай жақсы! Адам өлмек үшін туған. Өлімнің ертесі не,
кеші не! Сенімен бірге шөлді басуға да, таудан асуға да əзірмін, ақтық
деміме дейін қасыңда болам, əкетайым менің!
Ол сəл бөгелді де, қызу сезім үстінде шешен тілмен тағы да төпелете
жөнелді. Жалпы, зұлыстар кейде бір айтқанын орынсыз қайталап,
сөздің дəмін кетіріп алатыны болмаса əдемі де шешен сөйлей біледі.
Мұның өзі бұл тайпаның қабілеттілігін, ақындық өнерінен мақрұм
қалмағандығын танытса керек.
– Өмір деген не? – деді Омбопа сөзін сабақтап. – О, ақ адамдар,
айтыңдаршы, қане! Сендер данасыңдар, ғаламдағы барлық құпия
сендерге мағлұм, жұлдыздардың сыры, тұңғиық аспанның сыры
сендердің алақандарыңда; сендер көз көрмес, құлақ естімес қиянда
жатып, біріңмен бірің қатар тұрған жандардай сөйлесе аласыңдар. О,
ақ адамдар, тіршіліктің сырын ұғындырып беріңдерші маған: қайдан
атады бұл өмір шырағы жəне қай тұңғиыққа батып жоғалады? Сендер
бұл сауалға жауап бере алмайсыңдар. Өйткені бұл – сендерге күңгірт
жай. Ал тыңдаңдар, сендер білмесеңдер, мен айтайын. Біз тылсым
қараңғылықтан шықтық, сол тылсым қараңғылыққа батып жоғаламыз.
Алай-дүлей дауыл тықсыра айдаған құстай біз Меңіреуден ұшып
шығамыз. Алаулаған от жарығында біздің қанатымыз бір сəт қана жарқ
етіп көрінеді, біз қайтадан сол Меңіреуге ораламыз. Сондықтан өмірде


мəн-мағына жоқ, өмірде құн жоқ, сондықтан өмір сырлы, өмір күйлі,
өмір қымбат. Өмір – Ажалды аз уақытқа болса да кеудесінен итеріп,
тоқтатып тұрған қуатты қол. Өмір – түнде жарқырап көрініп, таң ата
өңінен айрылған жалтыр қоңыз. Өмір – қыстыгүні өгіздердің
танауынан бұрқыраған ақ бу, өмір – күн бата қараңғылықпен ұласып
жоғалған əлсіз көлеңке.
– Сіз қызық адамсыз, Омбопа, – деді сэр Генри зұлыс өзінің қыза
сөйлеген ұзақ сөзін тəмамдаған соң.
Омбопа күлді.
– Екеуміз бірімізге-біріміз өте ұқсайтын тəріздіміз, Инкубу. Бəлки, мен
де ана таудың ар жағынан бауырымды іздеп тапқым келетін шығар.
Мен зұлысқа шүбəлана қарадым.
– Бұл сөзбен не айтқың келеді? – дедім мен. – Бұл тау туралы не
білесің?
– Білетінім аз, өте аз, – деді Омбопа. – Бұл таудың арғы бетінде
ғажайып жұрт бар деседі; құпия сыр мен алапат сиқыр жайлаған,
ержүрек жауынгерлер мекендеген, өлкесі құнарлы, өзені арынды,
таулары биік, баулары бітік ел болса керек, ақ шаңқан жол басып
өтетін жер болса керек. Солай да солай екен дегенді құлағым шалғаны
бар. Бірақ қазбалап қажеті қанша. Кеш батып барады. Тағдыр жазған
адам ол елді өз көзімен-ақ көреді.
Менің күмəнім күшейе түсті. Бұл адамның бірдеңе білетіні анық еді.
– Менен қорықпай-ақ қой, Макумазан, – деді Омбопа маған қарап. –
Мен сенің жолыңа ор қазбаймын. Менің көңілімде ешқандай арамдық
жоқ. Егер түптің түбінде күннің арғы бетінде тұрған анау сеңгір
таулардан асар болсақ, мен бар білгенімді алдарыңа жайып салам.
Алайда бұл таулардың шыңына Ажал ұялаған. Асау ойды ақылға
жеңдіріңдер, баспаңдар олай қарай. Менің абзал мырзаларым, кері
қайтыңдар, піл аулаңдар. Айтарым осы.
Сөзін тəмамдасымен, қоштасу ишаратын жасап, найзасын көкке
көтерді де, кері бұрылып, қосқа қарай жіті басып, аяңдай жөнелді.
Біз де көп бөгелмедік. Келсек, Омбопа қатардағы қызметші кафрларша
мылтық тазалап отыр екен.


– Қандай қызық адам! – деді сэр Генри.
– Іс-əрекетінің бəрі оғаш, – дедім мен оны қостап. – Мінез-құлқы
күмəнді. Өзі бірдеңе біледі, тек айтқысы келмейді. Əйткенмен
араздасуымыздың орны жоқ. Бізді талай құпия, талай ғажайып күтіп
тұр, соған орай қызметші зұлысымыздың да ерекше сырлы болғаны
теріс емес.
Ертеңіне жол қамына кірістік.
Мылтық атаулыны жəне əртүрлі керек-жарақ жабдық-тарды осындай
шөлде арқалап жүру, əрине, мəнсіз іс болар еді. Хамбалдарымызбен
есеп айырыстық та, таяу маңда тұратын бір кафрмен келістік. Ол біз
қайтып оралғанға дейін дүние-мүлкімізді қарауылдай тұруға тиіс
болды. Осындай кəззапқа тамаша мылтықтарымызды тастап кетеміз-ау
деген ойдың өзі менің жүрегімді паршалағандай еді.
Мылтықтарды көрген бетте-ақ көздері жайнап кеткен кафрдың арам
пиғылы бірден танылды. Алайда бізде басқа амал жоқ-ты. Сондықтан
мен сақтық шараларын жасадым.
Ең алдымен мылтықтарды түгел оқтап, бəрінің де құлағын қайырып
қойдым. Қолыңа ұстасаң болды, атылады дедім кафрға.
Кафр сол сəтінде-ақ сөзімнің ақиқаттығын тексермек боп, менің
қосауызымды қолына алды. Əне жер, мына жерін сипалап тұрғанда
шүріппеге қолы тиіп кетті де, мылтық тарс етіп атылды. Оқ кафрдың
краальға қарай беттеп бара жатқан өгіздерінің бірін жалпасынан
түсірді, мылтықтың дүмпуінен кафрдың өзі де ұшып кетті. Атып
тұрып, дүниеқоңыз шал өгізін төлеуімді талап еткені.
Əрине, онысынан ештеңе шықпады.
Өзінің де зəресі зəр түбіне кетсе керек, енді қайтып мылтықтың
маңынан жүрмеймін деп ант-су ішіп жатыр.
– Мына жаны бар сайтан темірлеріңді шөп-шаламның арасына
жақсылап тық, – деді ол. – Əйтпесе, бəрімізді бірдей қырып салатын
түрі бар!
Шалдың жоққа нанғыштығын пайдаланып, егер əлдебір нəрсе жоғалса,
өзіңді бүкіл туған-туысқан, үрім-бұтағыңмен қоса сиқырлап өлтірем
деп одан ары қорқытып қойдым. Біз жолда қаза тапқан жағдайда да


иесіз қалды екен деп мылтықтарды алуға болмайды, онда күндіз де,
түнде де көресіні менің аруағымнан көреді-мыс.
Содан соң мен бұл сұмды бар байлығыңды дуалап тастаймын, мал
атаулы құтырады, ақ атаулы татиды, сенің өзің жаннан түңіліп, өмірден
безуге асық боласың деп қорқыттым. Онымен де тоқтағам жоқ.
Мылтықтың ішіндегі барлық сайтандарды босатып қоя берем, тіл
табысып сөйлесе жатарсыңдар дедім.
Не керек, егер біздің дүние-мүлкімізге қасастық жасаса, көрген күні не
болатынын жеткізіп-ақ айттым. Осыдан соң сақалды сұмырай біздің
бар қару-жарақ, мүкамалымызды атасының аруағын сыйлағандай
қорғаштамақ болып ант ішті.
Кафрмен тиісті келісімге келіп, артық-ауыс жүктен арылған соң, біз
өзіміздің бұдан арғы саяхатымыз үшін ең қажетті жабдықтарды іріктеп
алдық.
Жүгімізді жеңілдетуге қанша тырысқанымызбен, кісі басы қырық
фунттан арқалауға тиіс болыппыз. Біз алған нəрселер мынадай еді:
“Экспресс” үлгісіндегі үш винтовка, екі жүз патронымен. “Винчестер”
үлгісіндегі магазинді екі винтовка (Омбопа
мен Вентфогельге), оған екі жүз патрон.
Үш “кольт” револьвері, алпыс патронымен.
Бес жанторсық құты, əрқайсысының сыйымдылығы төрт пинтадан.
Бес көрпеше.
Жиырма бес фунт сүр ет.
Жалпы салмағы он фунт тартатын əдемі моншақтар (сыйлыққа), ішіне
ең қажетті деген дəрі-дəрмек, бір унция хинин жəне шағын
хирургиялық аспаптар салынған кішкентай дəрі-дəрмек салатын
қобдиша.
Бұл жүкке қоса əрқайсысымызда құбылнама, сіріңкелер, қалта
фильтрі, темекі, кішкене күрек, бір шөлмек бренди жəне басқа ұсақ-
түйек бар еді. Айтпақшы, үстіміздегі киімдерді де жүк есебіне жатқызу
керек.


Мұншама ұзақ, мұншама қатерлі сапар үшін, əрине, осының бəрі
аздық ететін. Алайда артынып-тартынуға батылымыз бармады, бір
адам үшін қырық фунт та аз жүк емес. Отша жанып тұрған құм басқан
шөлде жүк арқалап жүру оңайға түспейді, мұндайда мысқалдың өзі
батпандай көрінеді.
Қанша тырысқанымызбен, біз жүгімізді бұдан ары азайта алмадық,
өйткені ең қажетті деген нəрселерді ғана алған едік.
Бізді саяхатымыздың алғашқы бөлігі – жиырма миль жерге дейін
шығарып салуға қаншама үгіттеп, құдай атқан үш кафрды əрең
көндірдім. Бұлардың əрқайсысы ішіне бір галлон су құйылған бір-бір
қауақ көтеріп жүруге тиіс еді. Ақысына үшеуіне үш аңшы пышағын
сыйламақ болдым. Осындай амалмен алғашқы түнгі сапардан соң-ақ
(біз аптап ыстықтан қашып, күндізгімен салыстырғанда қоңыржай
ауалы түнде жол жүрмек едік) су қорымызды толықтырып алмақ
болдық.
Кафрларға шөлге түйеқұс аулауға барамыз дегенді айттым (шынында
да, шөлде түйеқұс көп еді). Олар жауап орнына былдырласып, ананы
бір, мынаны бір сөз етті; иықтарын қиқаңдатты, есі дұрыс емес адам
ғана шөлге аттанады, ал олай қарай аттанған адам тірі қайтпайды
десті. Бұлары шындыққа жақын, əбден ықтимал нəрсе еді. Əйткенмен
бұл өлкеде аса сирек кездесетін, тіпті арман, қиял тəрізді ғана
көрінетін темір пышақты қалайда қолға түсіргісі келген кафрлар
ақыры бізбен бірге алғашқы жиырма миль жерге жүруге келісті;
пышағын алсақ болғаны, одан ары өлмесе, өме қапсын деген болуы
керек.
Ертеңіне біз күнұзақ ұйықтадық, дем алдық.
Күн бата тұрдық та, жас етке сылқия тойып алдық, қою шай іштік; шай
үстінде Гуд жабырқаңқы дауыспен бұдан ары енді қанша уақыттан
кейін шай ішеріміз бір тəңірге ғана аян дегенді айтты. Содан соң,
саяхатымыздың ең ақырғы қамын жасап, керек-жарақтарымызды ретке
келтірдік те, ай туғанша қайтадан жаттық.
Ақыры, сағат кешкі тоғыздар шамасында жарқырап əсем ай да туды.
Күміс шапақ төбеміздегі жұлдыз басқан, тылсым буған аспанмен


үндесіп, көз жеткісіз жерге дейін керіліп жатқан иен шөлді ақ нұрға
шомылдырды.
Тегіс орнымыздан көтерілдік, алайда бейнебір екі ойлы боп толқып
тұрған жандардай, қозғалмай тұрып қалдық: менің ойымша, тайғақ
кешулі қиын жолға аттанар алдында қашанда адамның көңілін күмəн
жайласа керек.
Біз – ақ түсті үш адам, аулағыраққа шықтық. Алдымызда, анадай
жерде, иығына мылтық асынып, қолына ассегай ұстаған Омбопа тұр,
меңіреу шөлге қасқая қарап, мелшиіп қалған. Вентфогель мен
жалдамалы кафрлар қауақтарын құшақтап, ұйлығып арт жағымызда
олар тұр.
– Мырзалар! – деді сəл үнсіздіктен соң сэр Генри өзінің үнді,
қоңыржай даусымен. – Біз бұдан бұрын адам баласы ниет етіп
көрмеген дерліктей ғажайып саяхатқа аттанғалы тұрмыз.
Сапарымыздың сəтті аяқталуы екіталай. Біз үшеуміз. Осы үшеуіміздің
алда тұрған барлық қиындықтар кезінде, қандай сынға ұшырамайық,
ақырғы деміміз біткенге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол
шығарып, ынтымақты болатынымызға кəміл сенем. Ал қазір, жолға
аттанар алдында тəңірге құлшылық етейік. Дүние жаратылғаннан бері
адам атаулының тағдырын шешіп, оның жолын сызып беріп отырған
құдайдың құдіретінде шек жоқ. Бар өмірімізді жаратушы иеміздің
еркіне тапсырайық, бізді пəле-қазадан сақтасын, тура жолға бастасын!
Сэр Генри қалпағын алды да, екі минуттай мінəжат етті.
Гуд екеуміз де сөйттік.
Аңшы атаулыға тəн мінез болса керек, мен жан-тəніммен құлшылық
ете алмаймын. Ал сэр Генриге келсек, ол – өте діндар адам болса
керек; рас, бұл жолғы сөз, бұл жолғы қимыл осыдан соң бір-ақ рет
қайталанды, əйткенмен де мен солай ойлаймын. Балағат сөзге бейім
тұрғанымен, Гуд та өте діндар еді. Қалай болғанда да мен осы жолы
тəңірге шын сыйындым. Дəл бұлай бұрын-соңды ешқашан
сыйынбаған шығармын.
Мінəжат етіп болған соң жаным жеңілейіп, көңілім көтеріліп қалды.
Рас, болашағымыз күңгірт еді, алайда құпия сырлы дүлей


құбылыстардың барлығы да пендені өзінің жаратушы иесіне
жақындастыра түссе керек.
– Ал, – деді сэр Генри. – Аттанайық енді!
Біз кідірмей жолға шықтық. Шындығында, біз жөн-жобасыз, құр
қармалануға тиіс едік. Алыста бұлдыраған тау мен жартылай
ақылынан алжасып, өлім халінде жатқан шал Хозхе да Сильвестраның
бұдан үш жүз жыл бұрын бір жапырақ матаға сызған картасынан басқа
жолбасшылыққа алар ештеңе бізде жоқ. Тіпті сол бір жапырақ
шүберектің бетіндегі сызықтардың өзі көңілге күмəн ұялататын, ал бұл
– біздің үміт артар басты тірегіміз еді.
Картадағы “Борсыған қарасу” деген жерді таба аламыз ба, таба
алмаймыз ба – менің ең басты күмəнім осы еді. Кəрі португалдың
көрсетуінше, су – шөлдің қақ ортасында. Ситанди краалінен алпыс
миль, Сау-ханша тауынан алпыс миль шамасында.
Егер бұл суды таба алмасақ, біз, сөз жоқ, қаталап өлуге тиіспіз. Ал құм
мұхиты мен тікенекті қалың бұталардың арасынан кішкене ғана
қарасуды іздеп таба қоямыз деуге тағы қисын жоқ. Тіпті да Сильвестра
тұрған орнын дəл көрсеткен күннің өзінде үш жүз жыл ішінде ол су
аптап ыстықтан құрғап кетпеді ме екен? Аң таптап, жайдақталып,
өзінен-өзі жойылса ше? Көшпелі құм басып қалса қайтеміз?
Меңіреу түн құшағында тобығымыздан құмға бата, баяу жылжып, үн-
түнсіз келеміз. Адам емес, адамның көлеңкесі тəріздіміз. Жылдам
жүру мүмкін емес, аяқ алу ауыр, оның үстіне аттаған сайын тікенек
бұталарға сүріне жаздаймыз. Қоныштан асып төгілген құм
аяқкиімдеріміздің ішіне толып кетеді. Біраз жүрген соң амалсыз
тоқтаймыз: біз вельдскунімізді шешеміз, Гуд аңшы бəтеңкесін
сыпырады; құмын қағып, аяқкиімдерімізді қайта киеміз.
Түнгі қоңыр салқын леп шөлдің қапырық ауасына жан бітіргендей еді,
жолдың ауырлығына, аялдың көптігіне қарамастан жүрісіміз өнімді
болды. Бірталай жер ұтып тастаппыз.
Төңірек – көңіл жабырқатар тылсым тыныштыққа бөленген. Гуд “Үйде
қалды сүйгенім” дейтін өлеңді ысқырып айтып, біздің көңілімізді


көтермек болған еді, əн əуені өте мұңды əрі түнеріңкі естілген соң қоя
қойды.
Көп ұзамай, алдымен бəріміздің зəремізді ұшырған, артынан тегіс
шегімізді қатырған бір қызық оқиға болды.
Гуд қолына құбыланама ұстап (теңізші болғандықтан ол құбыланама
жайына бəрімізден жетік еді) алға озды. Өзгеміз ұзыннан-ұзақ
шұбырып оның соңынан еріп келе жатқамыз. Кенет Гуд баж ете түсті
де, ізім-қайым жоқ болды. Сол сəтінде-ақ төңірегіміз пысқырған,
шұрқыраған дыбысқа толып кетті, əлденелер жер топырлата дүркірей
қашып, ұзап бара жатты. Көзге түртсе көргісіз қараңғы болғанымен,
біз құмды көкке бората шапқылап, қарақұрым боп бара жатқан
əлдеқандай бір ғажайып жануарлардың сұлбасын аңдап қалғандай
едік.
Түземдіктер өздері арқалаған жүктерін тастай-тастай салып, тұра
қашпақ еді, пəледен құтыла алмасын байқаса керек, жерге
етпеттерінен жата-жата кетіп, жынның ойнағына тап болдық деп
бақырып, шулап қоя берді.
Сэр Генри екеуміз айран-асыр боп тұрып қалған едік, бірақ келер
сəтінде, тау жаққа қарай шауып бара жатқан Гудты көргенде мүлде
есіміз шығып кеткендей болды, Гудтың астында аты бар тəрізді,
ойбайлап аттандап барады. Кенет қолы ербең етті де, гүрс етіп жерге
ұшып түсті.
Сол сəтінде ғана не болғанын аңдадым. Біз қараңғыда ұйықтап жатқан
бір үйір квагганың1 үстінен түсіппіз де, Гуд сүрініп, солардың
біреуінің арқасына құлапты; шошынып атып тұрған квагга Гудымызды
ала қашқан.
Серіктеріме «мазасызданар ештеңе жоқ, тұра тұрыңдар» деп
айқайладым да, алға қарай жүгірдім. Əудем жерде құмда отырған
Гудты көргенде қуанғанымды айтсаңызшы. Аттан құлағанда еш жері
мертікпегенін аңдаған соң, тіпті иығымнан бір ауыр жүк сыпырылып
түскендей болды. Əрине, капитан қатты қорықса керек, сілікпесі
шыққаны тағы анық еді, əйткенмен ештеңе болмағандай, үсті-басы


мұнтаздай, көзінде моноклі жалтыраған əдепкі маңғаз кейпінен
танбады.
Осы қызғылықты оқиғадан соң ешқандай кеселге ұшырамай, жақсы
жүріп отырдық. Сағат түнгі бір кезінде аял жасап, аз ғана су ішіп (көп
ішуге қимадық, өйткені бұдан əрі судың əр тамшысы қымбат) жарты
сағаттай дем алдық та, ары қарай жылжыдық.
Содан жүре бердік, жүре бердік. Ақыры шығыс жақ əлденеден ұялған
қыздың бетіндей қып-қызыл бояуға малынды. Сəлден соң көкжиектен
көрінген нəзік, сарғыш, қызғылтым түсті шапақтар ұлғая, қалыңдай
келе, кенет шөл далаға от шашқан алтын жолақтарға айналды. Жарық
ұлғайған сайын өңі қаша бастаған жұлдыздар енді көк жүзінен біржола
жоғалды. Күміс айдың да жарығы семді, жаңа ғана аппақ сəуле төккен
нұрлы жүзі енді өліп бара жатқан адамның бетіндей шабдарланып,
бойындағы бар тіршілігі өшуге айналды. Шексіз ұзын семсердей
суырылған күн сəулесі керілген иен шөлді басып жатқан тұман
көрпесін тіліп өтіп, жер-дүниені тегіс ақ нұрға бөледі. Таң атып, күн
шықты.
Қаншама шаршағанымызбен, күн жоғары көтеріліп, жан төзгісіз аптап
ыстық орнағанша аялдама жасамауға бекіндік.
Бірер сағаттай жүрген соң алыстан андағайлап тұрған қожыр
жартастар көзге шалынды. Аяғымызды əрең алып, жеттік-ау ақыры.
Бақытымызға қарай, жартастардың бірі жерге төне, күркелене біткен
екен. Дəл төбеден төніп, жер-дүниені шыжғырған күннен қорғаныш
боларлықтай дəрежеде. Асты майда құм.
Біз қуана-қуана осы қалқаға тығылдық. Азғана су ішіп, бір
жапырақтан ет жеп, сол сəтінде-ақ қор-қор ете түстік. Ұйқыдан сағат
үште ояндық. Жүкші кафрларымыз біздің оянуымызды ғана күтіп, кері
қайту қамында отыр екен. Шөлде жасаған саяхатқа əбден тойып бітсе
керек, дəл қазір бір емес, он пышақ берсең де алға қарай аттап басар
түрі жоқ.
Біз құтыларымызды басымызға төңкеріп, шөлімізді қандырып алдық
та, оны кафрлар көтеріп əкелген қауақтағы сумен қайтадан толтырдық.
Сосын тиесілі ақыларын төлеп, жүкшілерімізді кері қайырдық. Сағат


төрт жарымда тағы да жолға аттандық. Шөл өлі тыныштық
құшағында. Құм басқан, шетсіз, шексіз меңіреу əлемде көзге бір қара
шалынбайды. Бізден басқа жалғыз жан иесі – көз ұшында бұлдырап
көрінген бірлі-жарым түйеқұстар ғана. Сірə, бұл өңірдегі
құрғақшылықтың қаттылығына ешбір жан-жануар шыдамаса керек.
Тіпті бірер қатерлі кобрадан басқа бауырымен жорғалаушы
жəндіктердің өзін ұшырата алмадық. Əйткенмен де, бір жəндік
қарақұрым еді: кəдімгі үй шыбыны. Төбемізде үйіріліп, соңымыздан
ерді де отырды. Жəне біреу, екеу, бес, он емес, сансыз.
Бұл қара шыбын деген – ғажайып жəндік. Қай түкпірге бармаңыз,
алдыңыздан шығады. Сірə, əлем жаратылғаннан бері солай боп келе
жатса керек. Мен бірде қатып қалған қара шыбынды бір кесек ішінен
көрдім. Бұл осыдан бес жүз мың жылдай уақыт бұрын пайда болған
десті білетіндер. Ал оның ішіндегі шыбын айны қатесіз осы өзіміз
күнде көріп жүрген кəдімгі шыбын тəрізді еді. Мен жер бетіндегі ең
соңғы адам өлер сəтте оны төңіректеп қара шыбын ұшып жүретініне
(əрине, жаз айы болса) жəне сол шыбынның ретін тауып, мүрденің бет-
аузын тегіс шарлап шығатынына еш күмəнданбаймын.
Күн ұясына қона дем алуға тоқтадық та, ай тууын күттік.
Əдеттегідей мұңсыз, қамсыз қалпымен жарқырап ай туған соң, ары
қарай жылжыдық.
Сағат таңғы екі шамасында аз-маз аялдағанымыз болмаса, түні бойы
бөгелмей жүре бердік. Күн шығып, аспан мен жер қабат өртеніп, күйе
бастаған шақта ғана тоқтадық.
Əбден сілікпеміз шыққан екен. Бірнеше жұтым су іше сала құмға
құладық та, сол беті тегіс ұйқыға кеттік. Күзетке кісі қою қажетсіз еді,
өйткені шетсіз шөл əлемінде бізден бөтен не жан, не аң жоғы күмəнсіз.
Бар дұшпанымыз – аптап ыстық, аңызақ шөл жəне қара шыбын ғана.
Бірақ мен бізге бұл үшеуінен гөрі, қараниет адам, не қатерлі аң
тарапынан қауіп төнгенін артығырақ көрер ем.
Өкінішке қарай, бұл жолы күн көзінен бас сауғалар көлеңкелі
жартасымыз жоқ еді. Сағат жеті болмай-ақ, бейнебір істікке
шаншылып, отқа қақталып жатқандай, жан төзгісіз ыстықтан оянып
кеттік. Күн жай ғана күйдіріп емес, өртеп əкетіп барады. Терің


қаудырап, қаның құрғап бара жатқандай. Денемізді əрең алып, бас
көтеріп отырдық.
– Жоғалыңдар! Аулақ! – дедім мен тынымсыз ызыңдап, төбемде
қаптап жүрген сансыз шыбынды үркітуге тырысып.
Неткен бақытты жəндіктер. Аптап ыстықты елең етер түрі жоқ.
– Құдай ақы... – деді сэр Генри.
– Иə, ыстықтау, – деді Гуд оның сөзін бөліп.
Аптап жан төзгісіз боп бара жатты. Тозақ отындай шыжғырған күннен
паналар жер жоқ. Қай жағыңа қарасаң да ыстық леп шарпыған
тұлдырсыз, жалаңаш шөлді көресің. Сəл-пəл болса да көлеңке түсерлік
не бір төмпешік, не бір тас, не бір ағаш көзге шалынсайшы.
Күннің алмас жарығына көзіміз шағылысты, шөл үстінен ыстыққа
қарылып, булана, толқындана көтерілген қапырық ауа өне бойымызды
құрыстыра түсті.
– Не істейміз? – деді сэр Генри. – Мына тозақ көп ұзамай-ақ біржола
титығымызға жетеді.
Шарасыз кейіпте бірімізге-біріміз қарадық.
– Былай болсын, – деді Гуд. – Шұңқыр қазу керек, бетін бұтамен
жауып, астына жатамыз.
Бұл – қуанышпен қарсы аларлықтай ұсыныс емес-ті, алайда басқа амал
жоқ.
Сол сəтінде-ақ қолмен тырнап, күрекпен ойып, шұңқыр қазуға кірістік.
Бір сағаттай уақыт өткенде ұзыны жиырма, көлденеңі он, ал тереңдігі
екі футтай шұңқыр əзір болды. Содан соң жанымыздағы
бəкілерімізбен мол етіп тікенек бұталарды кесіп алып, шұңқырдың
төбесін бүркедік те, өзіміз астына кіріп жаттық.
Тек Вентфогель ғана сыртта қалды: готтентот болғандықтан көзін
ашқаннан бері көріп келе жатқан шыжыған ыстық оған ешқандай əсер
етпейтін.


Көлеңкесымағымыз өртеп тұрған күн қызуынан аз-маз болса да бас
сауғалауға жарады. Алайда өз қолымызбен қазған осы көрдің ішіндегі
ауаның қаншалық қапырық болғанын оқырмандарым мен айтпай-ақ
аңдап отырған шығар. Калькуттадағы Қара Шұңқыр біздің
баспанамызбен салыстырғанда жұмақтың төрі тəрізді көрінер еді.
Сол күнгі кешке қалай тірі жеткенімізге əлі күнге таң қалам. Көкірек
қапқан қапырық ауадан тұншығып, өне бойымыз езіле пысынап, не өлі
емес, не тірі емес, шұңқыр түбінде есеңгіреп жата бердік; ара-тұра
қазір таусылуға тақаған аз ғана судан ұрттап, аузымызды дымдаған
боламыз. Егер шөлге ерік берсек, бар қорымызды алғашқы бір-екі
сағатта-ақ ішіп тауысатын едік. Алайда аяусыз үнемге көшпесек
болмады, өйткені су бітсе, көп ұзамай-ақ қаталап өлеріміз анық.
Уақыт жан төзгісіз баяу өтіп жатыр. Күн адам айтқысыз ұзарып
кеткендей. Бірақ ненің болмасын шегі бар ғой (əрине, ақырына дейін
күтуге өмірің жетсе), уақыт озған сайын күннің қызуы əлсірей берді.
Сағат үш шамасында біз мұншама азапқа бұдан ары төзу мүмкін емес
деген шешімге келдік. Аптап ыстық пен шөлден апан түбінде қарап
жатып мүрдем қатқанша, жол үстінде өлген артық.
Бұрынғыдан да азайған, ысып қайнауға жақындаған болмашы
суымыздан бір-екі ұрттамнан ішіп, орнымыздан тұрдық та, теңселе
басып алға қарай ілбідік.
Бұған дейін шөлге елу мильдей бойлап енген едік. Егер оқырман кəрі
да Сильвестра сілтеген жөн-жобаны есіне алып, картаға тағы бір рет
қараса, бетпақ шөлдің қырық льё1 шамасындай жерге созылатынын, ал
“Борсыған қарасу” осы жолдың қақ ортасында екенін көрер еді. Қырық
льё дегеніміз – жүз жиырма миль, яғни біз суға жетуге көп дегенде он
екі, он бес мильдей ғана қалсақ керек; əрине, бұл төңіректе су атаулы
бар болса.
Аяғымызды əрең алып, сүйретіле басып, сағатына бір жарым мильдей
ғана жер жүріп, кешке дейін алға қарай тынымсыз ілбумен болдық.
Күн ұясына қонған шақта аялдамаға тоқтап, бір-бір ұрттамнан су
іштік. Сосын ай батқанша тыныстап алмақ оймен көз іліндірдік.


Жатар алдында Омбопа тақтайдай жазық шөлде алыстан қарауытқан
əлдеқандай төбешікке назарымды аударған. Екі ара сегіз миль
шамасында. Төмпешік маған бейнебір құмырсқа илеуі тəрізді көрінді.
Не екенін біле алмаған күйде ұйықтап кетіппін.
Ай туды. Біз бойымызды əрең көтеріп орнымыздан тұрдық та, сол
ыстық соққан, шөл қысқан дел-сал қалпымызда тағы да сүйретіле
жөнелдік. Сол күні басымыздан өткен қиындықтың қаншалық азапты,
қаншалық ауыр болғанын өмірі ыстыққа қақталып, шөлден қаталап
көрмеген адам ғана ұқпас.
Бұрынғыдай, баяу болса да нық басып жүруден қалдық. Бір жығылып,
бір тұрып, теңселе басып лағып келеміз. Ауық-ауық сылқ етіп отыра
кетіп, дем аламыз. Тіпті өзара тіл қатысарлық та шама жоқ. Жайдары
мінезді Гуд жол бойы үнемі қалжыңдап, ананы-мынаны айтып, жұртты
күлдіріп келіп еді, əдетінен ол да жаңылыпты.
Ақыры, түнгі сағат екі шамасында, ақылдан танып, сілеміз құрыған
шақта кешқұрым көз ұшынан құмырсқаның алып илеуі тəрізді
көрінген таңғажайып төмпешіктің түбіне жеттік. Аумағы екі акр жерді
алып жатқан, биіктігі жүз футтай құм төбе екен.
Осы араға аял қылмасқа болмады. Қанымыз кеуіп барады. Қалған
суымызды бір тамшысын қалдырмай жалап-жұқтап ішіп алдық. Сонда
кісі басы жарты пинтадан əрең жетті, ал біздің шөлімізді қандыру үшін
тым құрыса бір-бір галлон1 су керек еді.
Жата-жата кеттік. Көзім ілініп барады екен, Омбопаның өзінен-өзі
күбірлеп, зұлысша айтқан сөздерін құлағым шалып қалды.
– Егер ертең су таппасақ, ай туғанша бəріміз де жер қабамыз.
Қапырық ыстық болғанына қарамастан қалтырап кеттім. Су таппасақ,
бізді жан түршігерлік азапты өлім күтіп тұрғаны анық еді. Əйтсе де
күні бойғы михнатты жүрістен қажығаным сондай, көп ұзамай
ұйықтап кетіппін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет