Хаггард Генри
Сүлеймен патшаның кеніші
Орыс тілінен аударған М. Мағауин.
Роман алғашқы бетінен бастап соңғы бетіне дейін оқушының бар
назарын жаулап аларлықтай қызғылықты хикаяға құрылған. Жазушы
өз кейіпкерлерін шытырманнан шытырманға бастайды. Не түрлі қиын
халдерге түсіреді. Роман кейіпкерлері хикмет атаулының барлығынан
өздерінің асқан табандылығы, жанкешті ерлігі, ақыл-парасатының
арқасында аман шығып отырады. Тіпті шарасыз күйге түскен
шақтардың өзінде адамдық бейнелерін жоғатпайды. Кітап «Сүйлеймен
патшаның кеніші» аталғанмен, шығарманың
идеялық бағыт-бағдары
қазына төңірегінен аулақта жатыр. Ең үлкен қазына – адам өмірі, оның
басындағы абзал қасиеттер: айырылуға болмайтын шын байлық осы
дегенге мегзейді автор.
Жиһанкез аңшы Аллан КУАТЕРМЭН
осы таңғажайып əрі шынайы хикаяны
мейірбан көңіл, жылы жүректен оқуға
ынтызар, білімге құмар үлкенді-кішілі
бала атаулыға арнайды
СӨЗ БАСЫ
Міне, енді басылып шығып, төңіректің
төрт бұрышына тарағалы
тұрған сəтінде мен бұл кітаптың стилінде де, мазмұнында да толып
жатқан кемшіліктер барын анық көріп отырмын. Мұның соңғысы
жөнінде бар айтарым, қолыңыздағы хикая біз көрген, бастан өткерген
хикметтерді тегіс қамтымақ емес.
Біздің Кукуанстанға жасаған
саяхатымызға қатысты, мұнда шет жағалап қана айтылған көптеген
жəйттер, мəселен, мен жинастырған аңыздар, Луу түбіндегі ұлы
шайқаста бізге жансебіл болған берен сауыттар, сондай-ақ сталлактит
үңгіріне кіреберістегі Тұнжырлар, яғни Тас Сүлделер қақында
бажайлап əңгімелеп бергім келеді-ақ.
Егер көңіл жетегіне ерсем, мен
кукуан жəне зұлыс диалектілерінің айырмашылығына, ал бұл
түбегейлі ойластыруды тілейтін мəселе, арнайы тоқталар ем, осы
гүлжазира өлкенің жан-жануарлар əлемі мен өсімдіктер дүниесіне
бірнеше бет арнар ем.
Бұл кітапта толық қамтылмаған, алайда аса маңызды тағы бір жайт –
елдің əскери өнері. Менің пайымдауымша, Кукуанстанның соғыс
күштерінің ұйымдастырылу үлгісі Зұлыс елінде король Чака1
орнатқан
жүйеден анағұрлым озық. Əскери құрылыстың артықшылығы
жауынгерлердің соғыс жағдайына жедел бейімделіп, тез жұмылуына
мүмкіндік туғызады екен, əрі халықтың өсіп-өнуіне зиянды ықпал
жасайтын некесіздік заңын1 мансұқ етуге мүмкіндік беріпті.
Тағы бір ескертетін жай, мен кукуандардың
тұрмыс-салтына қатысты
қызықты деректер төңірегінде де көсіле баяндай алмадым. Кукуандар
кен қорыту жəне ұсталық өнерін жете меңгерген (алмас жүзді ауыр
селебе пышақтардың өзі-ақ мұның айқын дəлелі бола алады), бұл
тарапта да сипай соқты əңгімемен шектелдік.
Сэр Генри Куртиспен жəне капитан Гудпен ақылдаса келе, мен ою-
өрнексіз қарапайым тілмен өзіміз бастан кешкен оқиғаларды ғана
мазмұндап берген жөн болар деген шешімге тоқтадым. Ал мұның
сыртындағы жəйттер турасында, əрине,
қажеті бола қалса, тағы бір
реті келгенде баяндай жатармын. Əуестік білдіруші кісіге өз
қолымдағы деректер турасында мағлұмат беруге мен қашанда əзірмін.
Енді оқырманның кітаптың ысылып жетпеген кедір-бұдыр тілі үшін
кешірім сұрау ғана қалса керек. Мархабат өтінгенде өзімді ақтау үшін
бар айтарым, мен қалам ұстаудан гөрі мылтық ұстауға көбірек
машықтанған жанмын, сондықтан қол бос кездерде өзім де қызыға
оқитын романдардағыдай көтеріңкі кітаби əуен, əсіре қызыл тіл мұнда
жоқ.
Əрине, жұртқа ұнау үшін аспандата,
шалқыта жазу қажет-ақ, бірақ не
қайран, біздің қолдан келмес өнер.
Менің ойымша, қалың қауымға түсінікті, қарапайым тілмен жазылған
шығармалар жүрекке оңай жетеді, көңілге тез қонады. Дегенмен дəл
бұл тарапта сөз қозғау – автор үшін онша ұнамды қылық болмауға
керек. «Өткір найзаны егеген – нəмарт» дейді кукуан мақалы. Сол
ретпен мен қандай ғажайып оқиғаға құрылмасын, анық шынайы
əңгімені жалтырақ сөзбен жөргемдеу орынсыз деп білем.
Аллан Куатермэн