Атқарған қызметтері: 1909 жылы 29 қарашада №51 бұйрықпен 2-ші Түркістан атқыштар батальонының кіші дәрігері қызметіне бекітілді. Бұл бөлімде 1910 жылдың сәуіріне дейін әскери қызметін атқарды. 1910 жылдың 18 сәуірінен 1913 жылдың 5 наурызы аралығында Орал қазақ әскерінің 2-ші әскери бөлімі орналасқан Ілбішін, Калмыков қамалдарында кіші дәрігер, кейін аға дәрігер лауазымында әскери міндетті қызметін өтеп, азаматтық жұмысы бабына босатылды. 1913-1907 жылдардағы бірінші буржуазиялық орыс революциясының әскерімен Орал қаласында өткен бес облыстың 1905 жылғы делегаттық съезінде қазақ тарихында тұңғыш құрылған саяси ұғым – «Қазақ конституциялық демократиялық партиясының» Орталық комитетінің мүшелігіне сайланды. 1917 жылы 19 сәуірде Орал қаласында өткен қазақтардың облыстық съезінде құрылған Орал облыстық қазақ (қырғыз) комитетінің төрағасы болып сайланды: 1917 жылы 21 -28 шілдеде, 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпы қырғыз (қазақ) съездеріне қатысып, соңғы съезде құрылған «Алаш-Орда» үкіметінің Халықтың-Республикалық Советінде кеңес өкіметі орнағанға дейін Земстволық бастығы болды: 1918 жылы мамыр-көкек айларында Ленин мен Сталиннің қабылдауында Жанша Досмұхамедұлы екеуі болып, Қазақстан автономиясын құруға рұқсат және ақшалай 12 миллион сом қаржы алды:
1918 жылы мамыр айында, дербес «Ойыл уақытша үкіметін» құрды. 1918 жылы 11 қыркүйекте «Ойыл уалаятының уақытша үкіметі» таратылып, оның орнына «Батыс Алашорда бөлімшесі» құрылып, оны басқару Жанша және Халел Досмұхамедовтерге жүктеледі. 1920 жылдың басынан бастап «Алаш-Орда» үкіметі ресми түрде өзінің өмір сүруін тоқтатады. Осы кезден бастап Халел жаңа үкіметтің жұмысына таратылады. 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болып және Орта Азия Университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін қатар атқарады. 1921 жылы Түркістан республикасы Ғылыми комиссиясының төрағасы, 1922 жылдан бастап Денсаулық сақтау Халық комиссариатының коллегия мүшесі, 1924 жылдың 20 қарашасынан бастап Денсаулық сақтау Халық Комиссариатының Емдеу-Санитарлық бөлімінің меңгерушісі, осы жылдың 18 сәуірінен бакстап оба індетіне қарсы күресу Орталық Комиссиясының төрағасы жұмыстарын атқарды. 1923 жылы «Талап» қауымының мүшесі және «Сана» журналының бас редакторы, 1925 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік Баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып істейді. 1926 жылы Қазақ педагогикалық институты ректорының орынбасары, 1927-1928 жылдары Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, 1929 жылғы 1 қазанға дейін Университеттің проректоры болып жұмыс істеді.
«Қызыл террордың» салдарынан 1930 жылы 14 қыркүйекте Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы 15 қыркүйекте жазасын өтеп болғаннан кейін сол Воронеж қаласында 1938 жылдың 28-шілдесіне дейін Воронеж қаласындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасында сабақ беріп,қалалық поликлиниканың клиникалық лабороториясының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1937 жылдың зұлматы Халелді 1938 жылы 28 шілдеде Воронеж қаласында тұтқындап, 1939 жылы 23 көкекте Алматы қаласында ату жазасына үкім шығарады. Белгілі ғалым, академик–жазушы Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, шын мәнінде халқымыздың ояну дәуірі туғызған алыптардың қатарында жарық жұлдыздар шоғыры секілді Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев есімдерімен қатар Халел Досмұхамедов есімінің аталуы бұл өмірге сирек келетін дарын иесі, әмбебап ғалым Халел бабамызға берілген әділ баға болып табылады. Халқымыздың ғылымын дамытуға, тілін сақтауға, тарихын зерттеуге, өнері мен әдебиетін өркендетуге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқан, аласапыран жылдарда қазақ елінің болашағын ойлап, өз өмірін құрбан еткен алыптарымыздың қатарында ғұлама ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедовтың алатын орны ерекше.
Назарларыңызға рахмет!