Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ



Pdf көрінісі
бет22/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   65
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ 
 
Тәжіғұлова Ж.С. 
Форт-Шевченко мектеп-инернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі 
Форт-Шевченко қ., Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу тілі мен жазбаша тіл 
мәдениетін дамыту жолдары, лингвоэкология аспектісіне жататын мәселелер саралаланып, 
оқушы оқу әрекеттерінің нақты түрлері (таныстыру, баяндама, аңдатпа, абстракт, түйіндеме) 
сипатталады.
Түйін сөздер:
тіл мәдениеті, сөйлеу әдебі, норма, әдеби тіл, орфоэпия қағидалары, 
сауаттылық, тіл тазалығы, ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, рөлдік 
ойындар, пікірталас. 
Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс 
құрастыру 
(синтаксистік), 
дұрыс 
қиюластыру 
(морфологиялық), 
сауатты 
жазу 
(орфографиялық), дыбыстарды сауатты дыбыстау (орфоэпия) тілді әсерлі етіп жұмсау 
(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру [1, 24]. «Тіл мәдениеті» 
негізінен «сөз мәдениеті», «сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді, өйткені тіл 
мәдениетінің негізгі зерттейтін нысаны – сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс 
қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екіұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. 
Соған орай тіл мәдениеті ғылымын ауызша сөйлеу мәдениеті және жазбаша тіл мәдениеті 
деген үлкен екі салаға бөлуге болады. Сондықтан сөйлеумәдениетіне байланысты өтілетін 
практикалық сабақтарда ауызша сөйлеу тілінің ерекшеліктеріне көп көңіл бөлініп, қателерді 
тіл деректері негізінде талдап, сырын ашып көрсетудің пайдасы зор. Әсерлі сөйлеу, ойлау, 
тыңдау мәдениетімен бірге, жазу мәдениетін меңгеру – негізгі шарттың бірі. Ол стильдік 
элементтерді ажыратып қолдану керектігін, сөздердің, сөйлем мүшелерінің орналасу 


73 
заңдылығын сақтауды, орфографиялық, синтаксистік норманы білуді, қазақ тілінің табиғи 
қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша жазуды т.б. заңдылықтарды тиянақты меңгеруді 
талап етеді.
Оқушыларды ауызша сөйлеуге дағдыландыру, соған орай тіліміздің бағзы заманнан 
бері қалыптасқан сөйлеу нормасынан мағлұмат беру, одан ауытқулардың сырын ашу, себебін 
түсіндіру; оқушыларден сауатты жазуды талап ету, емле ережелеріндегі өзгерістер мен 
толықтыруларға тоқталу, екіұдайы жазуға жол бермеу; ауызша және жазбаша жұмыстарды 
орындау үстінде оқушылардың тіл тазалығын, анықтығын, дәлдігін сақтап, әр сөз, сөйлемді 
өз орнымен жұмсап, тіл мәдениетін дамыту; сөйлеу, тіл мәдениеті машықтарын меңгерген, 
коммуникативтік біліктілігі артқан, логикалық ойлауы өз деңгейіне сәйкес дамыған, 
мәдениетті сөйлеуге бейімделген оқушыны тәрбиелеу және олардың ақпараттық, қарым-
қатынас құзыретін дамытып, тіл мәдениетін сапалы меңгерген тұлға қалыптастыру мұғалім 
міндеттерінің бірі болып табылады. Өз ойын дұрыс жеткізе білу тек сөйлем құрай салу ғана 
емес, онда айтайын деген ойдың екінші адамға түсінікті, әсерлі, дәлелді болуына мән 
беріледі. Ондай нәтижеге жету үшін, біріншіден, тілдің қалыптасқан жүйесін, соған 
негізделген өзіне тән заңдылықтарын, яғни әдеби тілдің мәдениетін сақтауға тура келсе, 
екіншіден, сөйлеушінің айтайын деген ойының қарым-қатынасының мақсатына сай тілдік 
құралдарды, амал-тәсілдерді орынды, талғап қолдану мәдениеті болуы, жетілуі керек. Бұдан 
тіл мәдениеті ғылымы әдеби тілдің мәдениеті мен тілдік тұлғаның сөз қолдану мәдениетін 
бірлікте қарастыруы тиіс деген тұжырым жасалады. Үйде де, көшеде де, қоғамдық 
орындарда да бірқатар жастарымыздың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанда, 
әңгімелескенінде қалай болса, солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні 
байқалады. Әркім өзінің басындағы ойларын басқаға айтып түсіндіру үшін оған лайықты сөз 
таба білуге тиісті. Егер ондай сөз таба алмаса, ол ой иесіне де шала, түсініксіз болып қалады, 
яғни ойыңды жеткізе білу сөз байлығымен өте тығыз байланысты.
Тіл мәдениеті міндеттерінің ішінде кезек күттірмес маңызды шаруа орфоэпияға, яғни 
сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс дыбыстай білуге қатысты. Бұл күнде орфоэпия 
нормаларының жазудың құлдығына ұшырау қаупі бар. Дәлірек айтқанда, бір жағынан, 
орфоэпия ережелерінің нормалану үдерісінің әлсіздігінен, екінші жағынан, жазу дәстүрінің 
күшті дамуы салдарынан сөздер қалай жазылса, солай оқу салты етек алып бара жатқаны да, 
сөз басындағы о, е дыбыстарын айтуда орыс тілінің әсері байқалатындығы да тіл 
мәдениетіне назар аударушыларды алаңдатады. Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде 
орфоэпия қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен тығыз байланысты, яғни сөздер қалай 
дыбысталса, сөйлеген кезде де әрбір сөздің дұрыс айтылуына мән берілу керек. Осы ретте 
сабақ барысында өлең жаттатудың маңызы зор, себебі жаттаған өлеңін мәнерлеп оқу 
барысында оқушыларды сөздерді орфоэпиялық нормамен айтуға үйрете аламыз. Сөздерді 
жазылуынша айту, әсіресе, жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын 
аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл – 
күнделікті өмір сүріп жүрген ортаның тілге мән бермеуінен және мектептегі оқытуда 
жіберіліп жатқан кемшіліктер. Соның салдарынан адам баласының бір-біріне деген қарым-
қатынасы, түсініспеушілігі басталады, бір-бірінің ойын, ішкі жан-дүниесін түсінбейді немесе 
әр сөзін селқос, енжарлықпен тыңдап, босаңдық танытады. Кейде ауызекі сөйлеу стилінде 
сөйлем мүшелерін қысқартып айту, сөйлемді аяқтамай бітіру, сөйлем мүшелерінің орын 
тәртібін өзгертіп айту, сөзді талғамай қолдану жиі кездеседі. Бұл кезде сөз немесе сөйлем 
ажарсыз, әсерсіз болмас үшін әр сөзді дұрыс қолданып, өз орнымен келтіріп отырса, сөйлем 
түсініксіз болмайды. ХІ ғасырдағы әйгілі шығарма «Кабуснамада»: «Адамзаттың ең абзал 
қасиетінің бірі – сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен, 
сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың», – деген өсиет айтылған. Тіл мәдениетіне барар 
жолдың бастауы – сөйлей білу. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін 
қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Тілдік қатынас – адамның 
ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсінісу, айту, пікірлесу т.б. әрекетіне тікелей қатысты 
құбылыс. Сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, 


74 
қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі 
болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды [2, 17]. Адамның мәдени тұлға 
ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар адамның мәдениеттілігі мен адамның қасиетін 
түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, тәрбиеленген ортасында алған тәлімтәрбиесі негіз 
болатындығын айтады. Адам – қоғам өкілі, белгілі бір ортаның саналы тұлғасы. Қоғамдық 
қарым-қатынастың ішінде адамның түрлі субъекті не объектімен қарым-қатынасында тілдің 
орны әрдайым басты рөлде болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылық, 
кішіпейілділік пен адамгершілік қасиеттер тіл арқылы көрініс табады. Сөйлеуші жақтың 
тыңдаушыға деген құрмет-қадірінің қаншалықты дәрежеде екені де сөз жұмсалым арқылы 
беріледі [3, 7]. Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. 
Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік 
элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз 
қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу. 
Өзге тілден еніп, «заңды түрде» орныққан «остановкаға барамын», «екі морожный ала 
келерсің», «ужас», «звонит ету керек» немесе «звондау керек», «лестницадан көтерілгенде», 
«қой, завтрак жасайық», «переживайттама» т.б. сөздер оқушының да, үлкеннің де тілдік 
дағдысына кеңінен енген. Дағдының да дағдысы бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде 
орныққан, дағдыға енген шетелдік сөздің орны бөлек. Ал ондаймен санаспай, бөгде 
«элементтерді» оңды-солды жұмсау сөйлеушінің сөзге ұқыпсыздығын көрсетеді. Бұл – 
мәдениеттілік емес, қайта ана тілімізді шұбарлау, туған тілімізге қинаят жасау деген сөз. Тіл 
тазалығы дегеніміздің айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік 
элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді, жаргондарды араластырмай сөйлеп, 
халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық, әдеби тілде сөйлеу 
екендігін оқушы жастарымызға ұғындыру керекпіз. Сөз құрамы – ғасырлар бойы жасалып, 
қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан бай қазына, қасиетті мұра. Әр ұрпақ оны 
қадірлеуге, ілгері дамытуға міндетті. Қазіргі уақытта қазақ тілінің экологиясына жаргон 
сөздер мен сленгтер жағымсыз әсер етіп отыр. Жастардың тілдік нормадан ауытқып сөйлеуі 
кеңінен орын алып бара жатыр. Жастарымыздың жаргон сөздерге құмар болуына өздерін 
ғана кінәлау дұрыс емес, оған араласатын отбасының, қоршаған ортасының да кінәсі бар. 
Мектептерде ұстаздары жақсылыққа баулып, қанша тәлім-тәрбие берді деп есептегенімен, 
былай шыға бере араласатын достары бөгде сөздерге үйір болса, оған отбасынан тыйым 
болмаса, бала осы сөзді қолданғаным дұрыс екен деген оймен жүре береді. Екіншіден, 
жастардың кітап оқуға деген құлықтарының төмендеуі, өйткені кітаптың орнын, әлемді 
жаулаған компьютер толықтырып отыр. Қазақтың мол мұрасының бірі әдебиет әлемінен 
алшақтап, арзанқол сөздермен көмкерілген ғаламтор ішіне еніп кеткен. Соның салдарынан 
кейбіреулері айтар ойын жеткізе алмай «ия, жоқ» деген сөздермен шектелетін болды. Қазіргі 
оқушылардың арасында өздерінің қолданатын арнайы жаргон сөздері бар. Айталық, оқушы 
мектепте оқушы жаргонына тән сөздерді қолданады. Мысалы, «Кеше маяк тастап едім, неге 
звондамадың?» – қоңырау соғып едім, қайта телефон шалмадың; «Тормозы ұстап қалды, 
зависать етіп қалды» – бір жағдайдан шығатын шешім таба алмай қалды; «Типаж болу, 
блатной болу» – менменсу; «Жылауық» – қызғаншақтық; «Ауру» – басқа адамдардың 
мазасын алу; «Қуғынбай» – бос сөзді көп сөйлеу; «Крышасы бар» – тірегі бар; «Миды 
шіріту» – бос сөзді көп айту, «Жынды киініп алыпсың» – әдемі киініп алыпсың, т.б. Осы 
мәселеде оқушылар тілдерін дұрыстауға, түзетуге тырыспайды, сондықтан мектептегі 
күнделікті қарым-қатынаста осы жаргон сөздермен сөйлейді. Әрине, бұл жаңа жаргон 
сөздердің кең таралуына әкеп соғады. Бұның өзі біздің еліміздегі тіл мәдениетінің төмендігін 
білдіреді. Көптеген жастар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық
бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша, ағылшынша 
сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, сленгтермен сөйлегенді сән көреді. 
Сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталады. 
Кейде оқушылар мен мұғалімдердің тілінде ешбір қажетсіз қыстырма сөздер (жаңағы, 
сонымен, сөйтіп, ал, иә, қалай, нетіп, не қылып, анау, не, әлгі т.б.) көп кездеседі. Көптеген 


75 
оқушылар ойын жеткізе алмай қысылғанда «аузыма сөз түспей тұр, тілімнің ұшында тұр, 
көкірегімде бәрі сайрап тұр, айтуға тілім жетпей тұр» деп мүсәпірлікке ұрынады. Сондықтан 
да сөйлеу әдебін қалыптастыратын сөйлеу сапаларын әрдайым ескеру қажет. Сөйлеудің 
сапаларына кіретіндер: мінсіздігі, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қисындылығы, мәнерлілігі, 
бейнелілігі, әсерлілігі, орындылығы, түсініктілігі. Оқушы тілінде болатын кемшіліктердің 
себептері: 1. Ортаның әсері: а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер 
етеді; ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл). 2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (мектептің 
тіл дамытуға немқұрайлы қарауы). 3.Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (кекештік, 
сақаулық т.б.). Сөйлей білу – өнер. Бұл өнерді қажымай-талмай, үздіксіз, жан-жақты ізденіп, 
өзін-өзі баптап, машықтану арқылы игеруге болады. Сонымен тіл мәдениеті дегенде, ең 
алдымен, әдеби тілді қалай меңгергеніне көңіл бөлеміз. Сөйлеуші өзіне тән тілдік 
ерекшеліктерімен қатар жалпыға ортақ әдеби тілдің нормасынан хабардар болуға міндетті. 
Ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін көтеру күнделікті дайындықты талап етеді. Дұрыс, 
анық, дәл, түсінікті, таза және бейнелі, эмоционалды сөйлеуге жаттығу қажет. 
Қорыта айтқанда, тіл мәдениетіне қатысты бүгінгі күнгі көкейтесті мәселенің не екені 
баршамызға аян, сондықтан жастардың тіл мәдениетін, сөз әдебін қалыптастыру үшін 
жұмыла еңбек ету керек. Ана тілін жақсы біліп, өз орнымен сөйлеу – әркімнің азаматтық 
борышы. Әрбір тұлға сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл 
тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болуына тырысуы қажет. 
Осы жолда бәріміз аянбай еңбектенуіміз керек. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1 Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. –Астана: Елорда, 2001. - 230 б.
2 Ашимбетова Р.Д. Журналистің тіл мәдениеті. Оқу құралы. –Павлодар, 2010. -96 б.
3 Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филол. ғылымдар. докт. 
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссер. авторефераты. –Алматы, 2007. - 58 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет