Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция



Pdf көрінісі
бет30/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   65
ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙДЫҢ ӨЛМЕС МҰРАСЫ 
Ибрагимова М.Б. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 2-курс магистранты 
Ғылыми жетекші: 
Қамарова Н.С. 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 
профессоры, ф.ғ.к. 
Ақтау, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада татар әдебиетіндегі Ғабдолла Тоқайдың орны сөз болып,
Ғабдолла Тоқай үшін қазақ даласы мен халқы бала жасынан етене болғандығы, жастайынан 
жетімдік пен жоқшылықтың, аурудың ащы зардабын тартқан Ғабдолла Тоқай ғұмырының 
жартысына жуығы қазақ жерінде өткендігі, жырларының қуаттылығы, аз ғұмыр жасаса да 
артына өлмес мұра қалдырғаны айтылады. 
Түйін сөздер:
татар әдебиеті,Ғабдолла Тоқай, әдеби байланыстар, өлмес мұра. 


101 
Әр халықтың әдебиеті мен мәдениеті дамуына айрықша ықпал еткен тұлғалар болады 
және сол халықтың ақыл-ой биігі, әдебиеті сондай талантты жандардың есімімен 
байланысты болатыны бар. Мысалы, қазақ әдебиетіндегі Абайдың, орыс әдебиетіндегі 
Пушкиннің, венгер әдебиетінде Петефидің орны қандай болса, татар әдебиетіндегі Ғабдолла 
Тоқайдың орны да дәл сондай. Осы ойды қатысты академик Рақманқұл Бердібайдың 
мынадай пікірімен дәйектеп өту ләзім: «Әрбір халықтың көркемдік даналығын, рухын 
неғұрлым толық таныта алатын ақындар болады. Мәселен, өзбектер Науаи, түрікмендер 
Мақтымқұлы, қазақтар Абай, қарақалпақтар Бердақ, қырғыздар Тоқтағұл есімі мен еңбегін 
ерекше қастерлеп, ардақ тұтатыны белгілі. Ал туысқан татар халқы өзінің сан ғасырлық 
әдебиет тарихындағы әйгілі ақын-жазушыларының ішінен біріншілік тәжін Ғабдолла 
Тоқайға береді. Өмірден қиыншылық қыспағын көріп, небәрі жиырма жеті-ақ жыл жасаған 
ақынның мұншама биік мәртебеге ие болуы – сирек құбылыс» [1, 35] 
Расымен де сан ғасырлық ауызша, жазбаша бай тарихы бар, еуропа, орыс әдебиеті 
дәстүрлерінен де молынан хабардар татар әдеби қауымы арасында оқ бойы озып шығып, 
анық бас ақын деңгейінде талассыз мойындалу бақыты – Ғабдолла Тоқайға тиесілі болуы 
ғажап. Мойындалып қана қоймай, өзге түркі халықтарынан туып шығып келе жатқан 
таланттар үшін үлгі-өнеге аларлық ұстаз деңгейіне көтеріледі. Татар әдебиетін мазмұндық 
және формалық тұрғыда тың сатыға көтеру арқылы Ғабдолла Тоқайдың жазу мәнері, барша 
түркі халықтары қаламгерлеріне, соның ішінде осы тұста қолына қалам ұстап талаптанып 
жүрген қазақ ақын-жазушыларына үлкен әсер еткені сондай, «Тоқайша жазу», «Тоқайша 
жырлау» деген үлгі, еліктеу сол дәуірдің ақындары арасында дәстүр болады. Олардың 
алдыңғы сапында Сәбит Дөнентаев, Әкрам Ғалымов, Бернияз Күлеев, Тайыр Жомартбаев, 
Сұлтанмахмұт Торайғыров қатарлы қазақ ақындары болады. Тоқайдың ақындық мектебінен 
үлгі алған жастардың бірі болған, кейіннен қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері атанған 
академик жазушы Сәбит Мұқанов былай деп жазады: «Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан 
Ибраһимов, Мәжит Ғафури, Ғалиасқар Камал, Фатиз Әмірхан, Ғафур Құлахметов сияқты 
үлкен жазушылар идея және көркемдік шеберлік жағынан қазақ ақын-жазушыларының бүкіл 
бір буынына әсерін тигізді.» Жоғарыда есімдері аталған қаламгерлердің қай-қайсысы да 
татар әдебиетінің көрнекті өкілдері қатарынан берік орын алған тұлғалар. Бірақ Ғабдолла 
Тоқайдың бәрінен де десі басым. 
Ғабдолла Тоқайды қазақ оқырмандары ерте таныды. Оның да өзіндік себебі бар еді. 
Жастайынан жетімдік пен жоқшылықтың, аурудың ащы зардабын тартқан Ғабдолла Тоқай 
ғұмырының жартысына жуығы қазақ жерінде өтті. Осыған қатысты ақынның өмір жолынан 
аздаған дерек бере кетелік. Ғабдолла Тоқай 1886 жылы 26 сәуірде Ресей патшалығы Қазан 
губерниясы, Қазан уезі, Ұлы Меңгер болыстығының Құшлауыш аулында, ауыл имамы 
Мұхаммедғариф Мүтәлимов пен пен Мәмуда Зинетуллақызының отбасында дүниеге келеді. 
Бес айлығында әкесі Мұхамедғариф өмірден өткен соң анасы тұрмысқа шығып, әжесінің 
тәрбиесінде қалдырады. Кейіннен өз қолына алады. Төрт жасында анасынан айрылған 
Ғабдолланың бұдан кейінгі балалық шағының біраз бөлігі нағашы атасы Зинетулланың 
қолында өтеді. Көп балалы отбасында жадау-жүдеу өскен Ғабдолла ақыры тоғыз жасында 
әкесінің Оралда тұратын қарындасы Ғазизаның қолына келеді. Қазақ даласының батысында 
жатқан бұл қалада татар қауымы көптеп мекендейтін еді. Осындағы «Мүтиғия» медресесіне 
оқуға түседі. Медресе жанындағы орыс мектебінде дүниауи пәндер негізін оқып, орыс және 
әлем әдебиеті жауһарларымен сусындауы арқасында ақындық таланты таныла бастайды. 
Сондықтан да Ғабдолла Тоқай үшін қазақ даласы мен халқы бала жасынан етене 
болды. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының орталығы, тарихы бай Орал қаласында өмір 
сүрген Ғабдолла Тоқайдың азамат ретіндегі, ақын ретіндегі қалыптасуы туралы өзінің 
«Ғабдолла Тоқай» атты мақаласында әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұхаметханов былай деп 
атап көрсетеді: «Ғабдолла Тоқай тоғыз жасынан бастап, 22 жасқа аяқ басқанша Қазақстанда 
өмір сүрді. Оның азаматтық саналы өмірінің жартысынан көбі Қазақстанда өтті. Ұлы ақын 
тұңғыш ақындық қадамын да қазақ даласында бастады. Тоқай қазақ елін, қазақ жерін жан-
тәнімен шексіз сүйген ақын. Ол қазақтың ұшан-теңіз бай ауыз әдебиетін жоғары бағалады. 


102 
Қазақстан – Тоқайдың екінші Отаны» [2, ]. Осы себептен де Жайық бойы, Орал қаласы – 
Ғабдолла Тоқайдың екінші отаны аталуы заңдылық. Қазақ даласында балалық шағының 
базарлы жылдарын, бозбалалық дәуренін өткізіп, барша татар жұртының кіндік қаласы, туып 
өскен Қазанға оралған Ғабдолла Тоқай мұндағы әдебиет майданының қайнаған өміріне 
бірден араласып кетеді.
Ғылым бағын аралайық, қыр көрсетіп мыңдарға, 
Мына бізге қарап қалсын, періште де, жындар да! 
Татар даңқы көтерілсін алты қабат аспанға, 
Құдай өзі бақыт берсін ол ілгері басқанда! 
Қалғудай-ақ қалғыдық біз қарап кейін, керіге, 
Енді бізге шығу керек өркениет өріне! [2, 143] - 
деп туған халқын оятуға үндеген Ғабдолла Тоқайдың бұл сарыны осы дәуірдегі қазақ 
ақындарында да жиі ұшырасады. Әсіресе, Міржақып Дулаттың «Оян, қазағы», 
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың елдік сарындағы өлеңдерінен Ғабдолла Тоқай жырларындағы 
елшілдік сарын анық аңғарылады. Бұл – қазақ ақындары Ғабдолла Тоқай үлгісі бойынша 
жазды дегендік емес. Дегенмен, сол дәуірдегі көптеген қаламгерлер өздерінің Тоқайға 
еліктегенін анық жазады. 
Ғабдолла Тоқай өлеңдерін қазақ тіліне аудару да тым ерте басталғанын көреміз. 
Олардың алғашқы легінде Міржақып Дулатұлы, Жақан Сыздықұлы, Сәкен Сейфуллин
Сәбит Мұқановтар тұр. Бұдан соң Төкен Әбдірахманов, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза 
Әлі т.б. көптеген қазақ қаламгерлері әр дәуірде Ғабдолла Тоқайды қазақша сөйлеткен екен. 
Барлығы де туыстас тілдің өкілі Ғабдолла Тоқай өлеңдерін өз талант талғамы деңгейінде 
тамаша аударғанын көреміз. Дегенмен, осы бір шоғыр арасынан Жақан Сыздықұлы 
аудармалары біршама сәтті екенін атап өткен жөн.
Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдолла Тоқай шығармашылығына ден қоя отырып, 
«Тоқайша жазуды» өзінің ақындық белесінде мақсұт тұтты және Тоқайдың «Екі тышқан» 
т.б. туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Мазмұн мен формадағы, идеядағы мұндай 
ұқсастықтарды Сұлтанмахмұт Торайғыровтан өзге де көптеген қазақ ақындары 
шығармашылығынан 
табуға 
болады. 
Мұның 
барлығы 
да 
Ғабдолла 
Тоқай 
шығармашылығының туыстас халық әдебиетіне жасаған игі ықпалы болып саналады. 
Ғабдолла Тоқай орнықтырған туған ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік, оның тағдырына 
деген алаңдаушылық сарыны қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтарына зор әсер еткені анық. 
Жасынан жетімдіктің тауқыметін талай тартқан Ғабдолла Батыс Қазақстанның Орал 
қаласындағы әпке-жездесіне келіп паналағанда оның жасы небәрі тоғызда болыпты. Оралда 
жүріп біліммен сусындап, медресе көріп, шығыс пен батыс әдебиетін таниды, қазақ 
жырларын да жаттап өседі. Ол Оралдағы Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» 
медресесінде оқиды. Осында жүріп орыс мектебінен дүниәуи ғылымдарды, орыс тілін 
үйренеді. Тоқайтанушылар осы және басқа да дерек пен дәйекті келтіре отырып, ақынның 
поэтикалық отаны Орал еді деп айтады. Өйткені Ғабдолла осы қалада ашылған алғашқы 
баспаханада еңбек етіпті, газет-журнал, кітаптар басып шығару әліппесімен ең алғаш рет осы 
жерде танысыпты. Шығармашылық талантымен қоса саяси сауат көзін ашып, ерте кезден-ақ 
ұлт ісіне араласа бастапты. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») 
қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. Баспасөзде жүріп 
қалам ұштап, қоғам ісіне белсене ден қоя бастайды. 
Ғабдолла Тоқай жиырма жасынан асқанда туған өлкесі – Қазан қаласына қайта 
оралады. Отанына оралғаннан бастап тұлғаның ақындығы мен күрескерлігі шарықтап, даңқы 
елге жайылады. Ақынның шығармашылығымен қоса ұлт жолындағы үлкен күрескерлік 
қасиеті де өзінің өсіп-жетілген қазақ халқының арасындағы оқымыстыларына да ықпалын 
тигізеді. Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров Тоқай шығармасын өздері танысып 
қана қоймай, қазақша қотаруға да ат салысады. 
Тоқай өлеңдерін қазақ тіліне алғаш М.Дулатов, С. Торайғыров, Е.Бүйрин, 
Ж.Сыздықов, Т.Әбдірахманов және тағы басқалары аударды. Ғабдолла Тоқай 


103 
шығармашылығын М.Әуезов, С.Мұқанов, Т.Нұртазин, С.Талжанов, Ж.Сыздықов, Б. Ысқақов 
және өзгелер зерттеп, мақалалар жазды. Соның ішінде Мұхтар Әуезов Тоқай 
шығармашылығын жоғары бағалай келіп, оның Абай поэзиясымен рухани жақындығын атап 
көрсеткен екен. Ғабдолла Тоқай небәрі 27 жасында біразға созылған ауыр дерттің 
салдарынан 1913 жылы сәуір айында дүниеден өтті. Оның соңынан қалдырған рухани-әдеби 
мол мұрасы тек татар халқының ғана емес, түгел түркі жұртының қазынасы болып саналады. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
Берібаев Р. Достық кемесінде. Алматы, 1976. -232 б. 
2.
Тоқай Ғабдулла. Таңдамалы / Ғ. Тоқай ; Аударған Қадыр Мырзалиев. – Астана : 
Аударма, 2007. – 320 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет