Халық тілі – ерекше феномен. Оның ұшан-теңіз байлығын ешкім еш уақытта тұтастай қалыпқа салып, стандарттай алмайды. Өйткені халық тілі еркін, болмысы табиғи, сөйлеу формасында өмір сүреді.
Халық тілінің өзіндік басты бір ерекшелігі – оның құрамында сол тілді тұтынушылардың баршасына тән, ортақ жалпыхалықтық лексика – грамматикалық бірліктер қабатының болуы. Мысалы, дала, тау, әке, шеше, ата-ана, бала, мал, егін; т.б. лексемалар; грамматикалық мағынаны білдіретін бірліктер; синтаксистік қатынастың амал-тәсілдері мен синтаксистік модельдері жалпыхалықтық қабатқа жатады.
Қазіргі ұлттық әдеби тілдің бастауы, қайнар көзіне ең алдымен халық тілінің құрамындағы осы аталған о р т а қ қ а б а т негіз болды. Әдеби тіл, сөйтіп, халық тілінің негізгі бір арнасы болып қалыптасты.
Тағы бір атап айтатын жайт – халық тілінің тілдік бірліктері (дыбыстық, лексика – семантикалық, грамматикалық бірліктері) әралуан. Онда аймақтық тіл (диалектілік) ерекшеліктері молынан ұшырасады. Жергілікті тіл ерекшеліктерінен де әдеби тілге сөз талғап алудың жөн-жосығын Ж.Аймауытов сол кездің өзінде-ақ айқындап берген болатын.
Халық тілі сөйлеу, ауызша сөз арқылы жүзеге асады. Мысалы, сөйлеу тілінде эмоционалды мағынада айтылатын айналайын, тәңірім-ау, япырмау тәрізді т.б. сөздер; тұрмыстық деңгейде қолданылатын қарапайым сөз бірліктері, мазмұны тым төмен бейәдеби сөздер жиі ұшырасады.
Халық тілі – қазіргі ұлттық әдеби тілдің бастау көзімен молығып-толығып отыратын бұлағы. Қазіргі әдеби тілдің тағы бір көзі ХХ ғасырдың басына дейінгі қазақ қоғамында ауызша әдеби тілмен (Р.Сыздықтың концепциясы)[2]жарыса қызмет еткен тек ескіше оқығандар қолданған қазақтың ескі жазба тілі болды (Б.Әбілқасымов)[3]. Бұл тілден халық тіліне көптеген араб, парсы, ескі түрікше сөздер мен сөз тұлғалары дендеп енді. Осымен байланысты ескі жазба тілден енген халық тіліндегі лексика-грамматикалық бірліктер қазақ тілінің лексикалық қорын байытты, сонымен қатар көпварианттылық құбылысының пайда болуына өз ықпалын тигізді.
Халық тілі – жанды құбылыс, өміршең тіл. Оның қойнауында қоғам тіршілігіндегі құбылыстармен байланысты мәдени, экономикалық, саяси, ғылыми саламен байланысты көптеген жаңа атаулар өмірге келіп жатады, ал олардың қайсыбірі көпвариантты болып келеді. Мысалы: жаһандану // ғаламдану; рынок // нарық // базар; космодром // ғарышайлақ; аэропорт // әуежай; музей // мұражай; архив // мұрағат; архивариус // мұрағатшы т.б. Бұлар экстралингвистикалық факторлардың тіл иелерінің қоғамдық санасына тигізген әсері. Бұндай жаңартпалар алдымен сөйлеу тілінің «зертханасында» пайда болып варианттар қатарын түзейді.
Қазақ тілі қай кезде, қай ғасырда болмасын томаға – тұйық күйде қалып, өз қазанында өзі қайнап жатқан тіл емес. Мәдени, экономикалық, саяси, діни жағдаяттарымен байланысты іргелес елдер тілінен, яғни контактілі зонадан ауыс-түйіс қолданыстар керегінше еніп, тілдің сөздік қорынан орын алғаны мәлім.