Химияны оқыту әдістемесі ғылым және оқу пәні ретінде
Химияны оқыту әдістемесі - мектептегі химия курсының мазмұны мен оны оқушылардың меңгеру заңдылығын зерттейтін педагогикалық ілім. Химияны оқыту әдістемесінің мәні химияны оқыту процесінің заңдылықтарын анықтауда жатыр. Бұл процестің негізгі құраушылары: оқыту мақсаты, мазмұны, әдістері, формасы мен құралдары, оқытушы мен оқушы әрекеті. Химияны оқыту әдістемесінің зерттеу нысаны – осы пәнді оқыту әрекеті. Оқыту педагогика, дидактика және әдістеме тұрғысынан түсінуге болатын күрделі әрекет болып табылады. Химияны оқыту әдістемесінің негізгі функциясы оқушылардың негізгі факті, түсінік, заңдылық пен теорияны мектептегі химия курсында меңгеріп, химиялық терминологияның ерекшелігіне сай қабылдауы үшін қолайлы жолдарды анықтау.
Нұғыманов И.Н оқулығында: «Химияны оқыту әдістемесі – химиядан білім берудің мазмұнын және химияны оқыту барысының заңдылықтарын зерттейтін педагогика ғылымының дербес бір саласы» -деген анықтама берілген.
Г.М.Чернобельская оқулығында берілген анықтама: «Химияны орта мектепте оқыту –химияны оқыту процесінде оқушыларға білім беру, тәрбиелеу және дамыту туралы педагогикалық ілім».
Яғни химияны оқыту әдістемесі төрт жүйенің қиылысуынан түзіледі, олар: білім беру, тәрбие, дамыту және химия ғылымы. Осы түсініктердің әр қайсысын зерттейтін салалары білім беру – дидактика, тәрбие мәселесін - тәрбие теориясы, дамыту – психология және түсініктердің күрделі жүйесі ретінде химия есептеледі. Осы жүйелердің әсерлесуі өте терең болғандықтан өзара интеграцияланып жаңа білім жүйесі түзіледі. Ол төрт жүйенің түсініктерін біраз өзгерген түрде қолданады. Осы жүйе химияны оқыту әдістемесі деп аталады.
Химияны оқыту әдістемесі психологиялық – педагогикалық, химиялық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық, географиялық, физико-математикалық ілімдер қиылысында орналасқан. Аталған ғылымдар өзара пән арарлық байланыс арқылы қабысады.
Егер барлық оқу пәндерін кешенді түрде қарастырсақ ол кең жүйе құрайды, ал химияны оқыту әдістемесі жүйенің бір элементі болып табылады. Химияны оқыту әдістемесі пәнінде философия, әлеуметтану, қоғамтану, диалектика түсініктері кең қолданылып, педагогика-психологияда қалыптасқан түсініктер де орны тебеді. Оқыту процесі мен меңгеру психологиясының заңдылықтарын, материалистік диалектикалық ілім негізін білмей көзқарасты қалыптастырып, тәрбие жұмысын жүргізу мүмкін емес.
Дидактикадан өзгешелігі химияны оқыту әдістемесінің химия ғылымы құрылымы мен мазмұны арқылы айқындалатын, оқу пәнінің ерекшелігіне орай және химияны мектепте оқыту мен таным процесінің ерекшелігіне сай, өзіне тән ерекше арнайы заңдылықтары бар. Осындай заңдылықтардың бірі негізгі химиялық теориялық білім негізін оқушылардың ғылыми ақпараттарды тез қабылдап, талдап, өңдеу қабілетінің жоғары болуына байланысты төменгі сыныптарда қалау болып табылады.
Оқыту әрекетін дидактика зерттейтіні бізге мәлім, ал химияны оқыту әдістемесі оқыту әрекетін әдістемелік деңгейде зерттейді.
Химияны оқыту әдістемесі орта мектепте, гимназия, лицейлер мен колледждерде химияның мақсаты мен міндеттерін анықтап, химия курсының мазмұнын таңдайды. Химия курсының мазмұны бағдарлама, оқулық, оқу құралдарында баяндалады.
Егеменді еліміздің қоғамды қайта құру саясатына орай мектеп реформасы, оқыту тұжырымдамасы халыққа білім беру саласын кеңінен қамтып отыр. Осыған байланысты химия пәнінің мазмұны қайта қаралып, жетілдірілді. Химиядан базалық білім беретін, тереңдетіп білім беретін мектептер, орта білім беретін мектептер, оларға арналған бағдарламалар жарық көрді. Орта мектепте химияны оқытуда экологиялық, ізгілік, ұлттық, аймақтық сипат беру, оқу мазмұнын түрлендіру, демократияландыру қазіргі кезде жалғасын тауып отыр. Осы мәселенің бәрін жіктеп, талдап, саралау химияны оқыту әдістемесінің үлесіне тиеді.
Химиялық пәндер мектептегі химия пәнін құруға базалық қондырғы болады. Химиядан қауіпсіздік техникасы, қоршаған ортаны қорғау мәселелерінің болашақ химия мұғалімдері үшін үлкен тәрбиелік мазмұны бар.
Достарыңызбен бөлісу: |