Америго Веспуччи 1501 жылы Португалия королінің келісімімен «жаңа жерге» екінші рет барды. Веспуччи Пинсон, одан кейін Кобрал кашқан Бразилия жағалауын зерттеп қайтады. 1503 жылы Веспуччи үшінші рет «жаңа жерге» саяхатқа шығады. Ол енді Бразилия жағалауымен Үндістанға өтпек болады да, 20° оңтүстік ендікке дейін жүзіп барып Колумб ашқан, одан кейін көптеген Испания саяхатшылары зерттеген «жаңа жер», «бұл Азия аралдарының тізбегі емес, осы күнге дейін белгісіз материк» деген дұрыс қорытындыға келеді. 1507 жылы лотарингиялың картограф М. Вальдземюллер жержүзін Еуропа, Азия, Африка материктеріне бөліп, жаңадан Америго ашқан жерді оның басқа материктермен ұқсастығына қарай «Америка деп атау керек» дейді. Ол кезде Американы «Тоты құстар жері» дейтін. Сөйтіп, жаңа құрлықтың жартысы Америго Веспуччи есімімен аталып кетті.
Осыдан кейін еуропалықтар Американың жаңа материк екеніне сенді. Енді отаршылар Америка байлығын иемденуге жанталасып, жергілікті халықты қырғынға ұшыратты, бірсыпырасын Еуропаға апарып құлдыққа сатты. Аралдардың кейбір байырғы халықтарын еуропалықтар осылайша құртып жіберді. 1500 жылы португалдық теңізші Педру Кабрал Бразилияны ашты. Бұдан кейін еуропалықтар Мексиканы, Перуді, Оңтүстік және Солтүстік Американың басқа жерлерін өздеріне қаратып, бейбіт халықтарын тонап, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетін, салт-сана, әдет-ғұрпын аяққа басты. Сөйтіп, Колумб, Васко да Гама, тағы басқалардың белгісіз жерлерді ашуы география ғылымы үшін үлкен жаңалық болса, ал еуропалықтардың одан кейінгі саяхаты басып-жаншуды, отарлау саясатын көздеді.
Географиялық ашылудың нәтижелері Географиялық ашылулар сауданың бұрын болып көрмеген дәрежеде ұлғаюына себепкер болды. Жеке материктер арасында байланыс орнап, дүниежүзілік сауда өріс алды. Еуропа елдері Америка құрлығын отарлай бастады. Отар елдерден еуропалықтар көптеген өнеркәсіп тауарын, қару-жарақ, мата және басқа да бұйымдар алып тұрды. Еуропаға енді Америкадан темекі мен какао, Азиядан шай мен кофе жеткізіле бастады. Отарлардан Еуропаға көптеген алтын мен күміс әкелінді. Осы бағалы заттардың көбі Испания мен Португалия корольдері мен феодалдарына тиді, Бірақ бұл елдер мешеу болатын, олардың өз өнеркәсібі жоқтың қасы еді. Сондықтан алтын феодалдардың басқа елдерден сатып алған бұйымдарының төлеміне жұмсалып жатты. Отарлардан тоналып алынған бағалы заттар көпестердің, банкирлердің, аса дамыған Еуропа елдерінің ірі кәсіпорын иелерінің қалталарына түсті. Географиялық ашылулар және отарлық басқыншылық Еуропада тауар өндіруді жеделдетуге біршама ықпал етті. Алайда Американың, Азия мен Африканың халықтары үшін бұл отарлық езгіге түсудің бастамасы еді.