КЕДІР-БҰДЫР. АДЫР-БҰДЫР. Бұлар – бір не екі сыңары да бейтаныс қос сөздер. Бұдыр компоненті түсінікті, жеке қолданыла береді, мағынасы: «1) тегіс емес, бұжыр-бұжыр (бұдыр тастар, бұдыр қабырға); 2) жазық, тегіс жердегі ой-қыр, кедір-бұдыр (жолдың бұдыры)». «Түсіндірме сөздік» бұл сөздің үшінші мағынасы да бар деп тіркеген, ол – «бұта, тас, төбе т.б. осы сияқты көз сүрінер, көңіл тоқтатар зат, тұлдыр» деп көрсетеді (айнала алты көш жер, көз сүрінер бұдыр жоқ). Ал адыр сөзі жер бедеріне қатысты адыр дегенді білдіруі нағайбілдеу, өйткені ол – бұдыр сөзіне өте жақын мағыналас сөз емес тәрізді. «Түсіндірме сөздік» кедір тұлғасы «тегіс емес» деген мағынада жеке де қолданылады деп көрсетеді, бірақ мысалдары, кедір жол деген бір ғана тіркеспен берілген (ҚТТС, т. ІV. 1979. 545), сондықтан «тегіс емес» деген мағынада кедір қабырға, кедір таяқ, кедір еңбек деп айтылмайды. Соған қарағанда, бұл сөз де бір кездерде, тіпті ертеде бұдыр сөзімен мағыналас тұлға ретінде қолданыла келіп, біртебірте жеке қолданыстан ығысып, қос сөз құрамында сақталып қалған деп топшылаймыз. Мұндағы көнерген сөздердің біріккен сөздер, қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер сияқты құрылымдарда да «цементтеліп» сақталып қалуы жиі кездеседі. Бұл екі қос сөздің де мағыналық жүгін арқалап тұрған – бұдыр сөзі. Сөздіктерге зер салсақ, бұдыр түбірінен бұдырау, бұдыраю, бұдырлану, бұдырлы, бұдырмақ, бұдырмақтану, бұдырсыз сияқты ондаған туынды түбір жасалған болса, адыр («тегіс емес» деген мағынадағы) мен кедір сөздерінен жасалған мұндай туынды тұлғалар тіркелмеген.
КЕЗ. Оққа (жебеге) қатысты сөздердің бірі – кез. Бұл сөз – сай кез оқ деген тіркес пен кезену, кезеу сияқты етістік түбірлерінде сақталған, түпмағынасы бұл күнде ұмыт болған көне сөз. Кез деп көне түркі ескерткіштерінде жақ оғының түп жағын, яғни адырнаға тірейтін жерін атаған. Кез сөзі ертеде оқ кезі тіркесі түрінде де айтылған (ДС, 305). Бұл сөзден кезгір-, кезле- етістіктері жасалып қолданылған. Екеуінің де мағынасы – «оқты адырнаға тіреу», яғни «атуға ыңғайлану». Қазақ тіліндегі кезену, кезеу етістіктері – көне кезгер-, кезле- сөздерінің морфологиялық варианттары, бұлардың да негізгі мағынасы «оқты адырнаға тіреп атуға оқтану».