КЕРДЕҢ МОЙЫН. Тілімізде кердең мойын кесілсе деген тіркес бар. Мұндағы кердең – гардан деген парсы сөзі, мағынасы – «мойын». Сонда екі тілдік мойын деген сөз қатар/ айтылып, плеоназм деп аталатын сөз түрін жасағаны байқалады. Екі тілге жататын бір 97 мағынадағы сөздердің қатар келіп, плеонастық құбылыс жасауы – қазақ тілінде кеңінен көрінетін факт. Мысалы, некен-саяқ, қызқырқын, көр соқыр сияқты сөздердің бір сыңары екіншісінің толық баламасы (эквиваленті) екендігі оқулықтар мен жеке еңбектерде кеңінен айтылып жүр.
КӨКТЕП ТІГУ. Бұл күрделі етістіктің негізгі сөзі − көкте-нің көсемше түрі. Ол парсы тілінің көк «әр жерден бір іліп, сирек түскен тігіс» деген сөзінен алынған. Көктеу немесе көктеп тігу қазақ тілінде осы мағынада қолданылады. Бұл сөздің түсті білдіретін көк пен өсімдікті атайтын көк сөздеріне қатысы жоқ.
КҮДІРЕ. Жоғарыда талданған күдері сөзімен сыртқы тұлғасы ұқсас күдіре сөзі және бар. Бұл да сирек қолданылады, бұл да күдіре бел, күдіре жылқы деген тәрізді тұрақты тіркестерде келеді. Бұл жердегі күдіре сөзінің жоғарыдағы «жұмсақ иленген тері бау» мағынасындағы күдері сөзіне қатысы жоқ. Жырларда кездесетін: Күдіре бел, күпшек сан Бедеу атқа мінгер жер, – дегенде қолданылған күдіре сөзі «мықты, төзімді» деген мәнде жұмсалған. Бұл, сірә, ауыспалы мағына болу керек. Қазақ тілінде күдірею етістігі бар, мағынасы – «бір нәрсенің көтеріліп, күжірейіп, қоржиып шығуы». Мысалы, желкесі күдірейген өгіз. Кейбір диалектологтер күдері мен күдіре сөздерін бір деп табады да күдері «берік, мықты» деген ескі сөз және ол Шығыс Қазақстан өлкесіне тән диалектизм деп санайды, оған күдері қайыс (берік қайыс), күдері жылқы (мықты жылқы) деген мысалдар келтіріледі.