И. А. Крылов шығармаларынан аударма деп саналып жүр. Алайда осы өлеңдерді талдап, бағалағанда бір жайды толық ескерту қажет. Олар толық мағынасында аударма емес, көбіне белгілі бір сюжет еркін баяндалады



Дата07.09.2023
өлшемі21,01 Kb.
#106369
Байланысты:
Мысал


Мысал. Абайдың мысал өлеңдері И. А. Крылов шығармаларынан аударма деп саналып жүр. Алайда осы өлеңдерді талдап, бағалағанда бір жайды толық ескерту қажет. Олар толық мағынасында аударма емес, көбіне белгілі бір сюжет еркін баяндалады. Абай орысша мысалдың тексін дәлме-дәл тәржімалауды мақсат етпеген, негізінен оқиға желісін сақтай отырып, мысалдағы жай-жағдайларды қазақ өміріне, ұғым-түсінігіне, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне жанастырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған. Сондықтан Абайдың мысал өлеңдерін орысша текске сәйкестігі тұрғысынан қарап, ана жері дәл түскен, мына жері дәл емес, кем түскендеудің ешбір қисыны жоқ. Дәл шыққан тұсын артықшылығы, басқаша келтірілген жерін кемшілігі деп қараудың мүлде орынсыз екеніне әсіресе назар аударамыз. Кейде қазақша баяндау, бейнелеу орысша текстегі сөздердің айтылу қалпына ұқсас шыққанда ұтымды болса, ал кейде қазақша сөйлеу, ойлау ерекшелігіне орай басқаша берілгенде келісті, оралымды болатыны - кім де болсын санаспай тұра алмайтын бұлтартпас шындық. Мүның өзі ақынның қолын байлайтын, шеберлігіне шек қоятын жағдай емес, көрісінше, ойдың, сөздің оралымын өзінше келтіріп, тың-жаңа өрнек табуына мүмкіндік беретін жағдай деп тұсінген жөн. Абайдың Мысал өлеңдерінің ішінде кейбір аудармаларға жатқызуға болатыны да көздессе, дені еркін тәржімаланғандықтан, белгілі сюжеттің сарынымен жазылған деуге лайық болып келеді. Айталық, «Жарлы бай» атты мысал өлеңінде Абай оқиға желісін еркін баяндап, соңында:
Алтын қайда, сөз қайда?
Қу нәпсіден не пайда? -
дегенді өз жанынан қосады. Сондай-ақ «Шегіртке мен құмырсқа» атты өлеңіндегі:
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?. -
деген сөздер, сондай-ақ, шегірткенің құмырсқаға барған қалпын:
Селкіддеп келіп жығылды
Аяғына бас ұра... -
дегендей суреттеме орысша нұсқада жоқ. Абай құмырсқаның еңбекқорлығын, шегірткенің қамсыздығын көзге айқын елестетерліктей белгілермен үстемелей түскен. Осы өлеңдегі: «Қайтсін, қолы тимепті», «Өлеңші, әншіесілер!..»-деген Абайдың өзі қосарлап келтірген сөздері де нағыз қазақша сөйлеу нақышындағы әдемі кекесіннің үлгісі деп санауға лайық. Әдейі аяныш сезімін, жаны ашығанды білдіргендей етіп, көрісінше айтылған нағыз ирония, келемеждеудің келісті, өткір түрі. Кейде Мысалда баяндауы, айтуы ұқсас болса да, содан қорытынды шығарып, түйіндеу әрқалай келеді. Айталық, «Қарға мен бүркіт» атты мысалда Крылов үлкен ұры құтылып, кіші ұры тұтылады, қолға түседі деген түйін жасайды. Бүркітті ұры деу ұғымға үйлесе қоймайды. Сондықтан болар, Абай ол жағын сөз қылмай, тек қарғаның әліне қарамай қайрат етуге ұмтылғанын әжуалап:
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл! -
деп тұжырымдайды. Тағы бір көңіл аударарлық нәрсе - Мысал дегеннің өзі жанрлық түрі жағынан шарттылығы басым қалыптасқан, өзгермейтін, ескі сюжетке негізделетін, ойды аң-құстың, жануар-жәндіктің іс-әрекеті арқылы тұспалдап қана білдіретін, белгілі бір шындықты уағыздап айтуға бейім тұратын шығарма деп қарау жиі кездеседі. Осындай түсінік өлеңнің өзгешелігін, поэзиялық қасиетін жете түсінбеуге әкеліп соғады. Ал шынында Мысалдағы шарттылық, тұспалдап айту тәсілін, белгілі сюжетті, әртүрлі тұспал бейнөлерді қолдану - мұның бәрі тек сыртқы сипат-белгілер. Мысалдың артықшылығы алдымен олардың поэзиялық қуат-күшінен, тұспал бейнелер арқылы сан алуан адамдардың мінез-құлқын; іс-әрекетін аңдатып, айқын көзге елестетіп, солар арқылы қоғамдық өмірдің шындығын, қайшылықтарын терең ашып бере алатын мол мүмкіндігінен іздесек керек. Көркем шығармада мәселе не айтылғандығында ғана емес, сонымен бірге қалай айтылғандығында, қандай әсер ететіндігінде десек, осыны әсіресе Мысал өлеңге, яғни өмірлік шындық пен көркемдік шарттылықты шебер сабақтастырып, ұштастырып келтіретін жанрға байланыстыра айтуымыз керек. Мысалдағы ойды тура, ашық айтпай, ақтара салмай, тұспалдап, алыстан орап, орағытпайтудың өз артықшылығы бар екені сөзсіз. Оқушы бүкпелеп айтылған жайды, астарлы мағынаны өз ойымен бағдарлап, өзінше аңғарып, ұғып-түсінуге мәжбүр болады. Бұл одан тапқырлықты, сөздің астарына үңіле білудің, айтылып отырған нәрсені де, ишарат етіп, тұспалмен аңғартылған нәрсені де айқын елестете білуге қабілеттілікті талап етеді, ойына түрткі болып, сезіміне әсер береді. Сонымен қатар Мысалда сан алуан жан-жануар, аң-құстарды, жәндіктерді іс-әрекет үстінде бейнелеу, тілдестіру, айтылған жайдан ғибратты түйін түю және осы орайда жасанды, жаттанды ақылгөйлікке әуестенбей, терең мағыналы қоғамдық ой қорыту үлкен ақындық шеберлікті, талғампаздықты танытады. Абайдың мысал өлеңдерінен осындай қасиеттердің, әсіресе ақынның әзілдеуге, мысқалдап келемеждеуге, сықақ етуге шеберлігін айқын байқаймыз. Кейде Мысалда тілге тиек болатын шынында да әлдеқандай бір ғажайып жай кездеседі. «Жарлы бай» атты өлеңдегі түбінен қанша алсаң да, ділдә бірінен кейін бірі шыға беретін дорбаның кедейдің қолына келіп түсуі - бұл, әрине, арғы түбі ескі ертек, аңыздармен жалғасатын сюжет. Ал кейде Мысалдағы оқиғаның өзі мейлінше қарапайым, күнделікті өмірде көздесетін жай боп шығады. Айталық, «Қазаға ұрынған қара шекпен» дейтін өлеңдегі қораға ұры түскенін айту ешкім таң қалатындай нәрсе емес. Өлеңнің түйіні басқада, барынан бір сәтте айрылып жұрдай болып қалған адамға ағайындары келіп әр түрлі ақыл-кеңес беріп, желдей есіп «бейшара», «байғүс» деп жарылқаған болады. «Бақа мен өгіз» атты мысалда өгіздей бола аламын деп ісініп, көбініп іші жарылған бақаның ессіз мақтаншақтықтың құрбаны болғаны баяндалады. Мұндай шартты түрде әдейі әсірелеп айтушылық Мысал жанрында жиі көздесетін үйреншікті жай, сондықтан оны табиғи құбылыс деп санап, осы оқиғаға қандай мағына беріліп айтылғанына көбірек көңіл қою орынды секілді. Крылов осы мысалдың сюжетінен әр түрлі қоғамдық топтардың өкілдері бірдей бола алмайды деген нақтылы тұжырым жасап, қатардағы жай адам атақты адамдай, ақ сүйектей бола алмайды деп түйіндеген. Ал Абай алған тақырыбына жалпы моральдық тұрғыдан келіп, іштарлықты, басқа біреуді кере алмай, күндеуді, қалайда соған жетем дейтін мінезді сынауды жен көрген. Осыған орай ол мысалды: «Таласпа, жаным-ай, Қолыңнан келмесе. Боларсың бақадай, Көп түссең егеске», - деген ғибрат сөзбен аяқтайды. Және Крыловша бірден оқиғаны баяңдаудан бастамай, кіріспе ретінде жанынан сөз қосарлап, былай дейді: «Қарасаң, дым-ақ көп, Кере алмас іші тар. Несі артық бізден деп, Салыспақ жұртта бар...» «Есек пен бұлбұл» атты мысал өлеңін Абай есекті сипаттаудан бастаған: «Тойған есек шөпті оттап маңайдағы, Соныркап шатқа кетті қай-кайдағы. Қаңғырып өлкені өрлеп келе жатып, Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы...» Орысша тексте мұндай кіріспе жоқ, есек бұлбұлды көздестірді делінеді де, бірден оған айтқан есектің сөзі келтіріледі. Абайдың өлеңді бастауынан есектің қарны тойып, көңілденіп, ерігіп келе жатқандықтан, тоғайдағы бұлбұлды көріп, соған ән салғызып, өзінше сынап көрмекші болғанын аңғарамыз. Есектің бұлбұлмен ұшырасуы кездейсоқтық болса да, оған тіл қатып, бір ән салып жіберші деп тілек айтуы көңіл-күйіне үйлес сезіледі. Ал есектің сыншыл болып шыға келуі, бұлбұлға (Абай «ақын бұлбұл» дейді) сын айтуы әбден қисынды. Бұл топас, ақымақ, өнерден мақұрұм адамның басқаны сынағыш болатынын аңғарту жағынан ұтымды. Ал бұлбұлдың аңыратып, шырқап ән салғанын суреттеғен тұста Абай Крыловтан айтарлықтай алшақтамайды. Есектің бұлбұл әнін тыңдап алып, «сен біраз әтеш әнін, үйрен!» деп, өзінше білгішсіп ақыл бергенсігендей болғаны орысша текстегідей әсерлі, тартымды көрсетілген. Өлеңнің аяғын Крылов: «Избави, бог, и нас от таких судей», - деп қысқа кайырса, Абай осы тұжырымды тірек ете отырып, істің мәнісін түсінбейтін, шынайы өнерді бағалай алмайтын топас сыншысымақты келемеждеп:
Демеймін мені мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын -
деп, ойын нақыл сөз үлгісінде өрбітіп, мысалды бір шумақ өлеңмен қорытындылай түйіндейді. Абай Мысалдары - оның ақындық әлеміндегі ерекше бір бағалы сала.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет