Стилистика, лингвостилистика – тіл білімінің, тілдің көркемдегіш амал-тәсілдерін, қолданылу аясын, қатысымдық әрекет-қызметін зерттейтін саласы.
Стилистика тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін реттейді, сөйлеу процесінде тілді пайдаланудың заңдылықтарын қарастырады, сондай-ақ тілдік амал-тәсілдер мен стилистикалық мүмкіндіктер арқылы коммуникативті-прагматикалық, эстетикалық қызмет үйретеді. Ол стилистикалық мүмкіндіктердің барлық базасын қамтуды көздейді, ұлттық әдеби тілдің нормасын сақтай отырып, стилистикалық норманы қалыптастырады. Стилистика ғылыми стилистикалық ұғымдар мен белгілердің межесін тірек ете отырып, теориялық мәселелерді қарастырады.
Қазіргі қазақ тіл ғылымында стилистиканың екі бағыты бар:
Орталық бағыты, яғни функционалдық стилистика Функционалдық стилистика тілдің қолданысқа түсу заңдылықтары мен сөздің базалық, экстралингвистикалық және стиль құраушы факторлары ықпалынан пайда болған, ол қолданыс тілі стилистикасы деп те аталады.
Ресурстар стилистикасы, бұл тіл стилистикасы деп те аталады, сөздердің мәтіннен тысқары күйіндегі қызметін айқындайды. Қолданыс тіліндегі стиль мәселесін стилистиканың жаңа бағыты прагмастилистика анықтайды.
Стилистиканың зерттейтін саласы — стиль. Біріншіден, стиль - тарихи категория. Тарихы көне дәуірден бастау алған, өз қоғамына қызмет етіп отырған мемлекеттік мәртебесін алған тілдің тарихын тану, функционалды стильдердің әр дәуірде біреуінің ерте, біреуінің кеш даму сатысын бастан кешіргенін жүйелеу стильдің тарихи категория екенін толық дәлелдейді. Екіншіден, стиль әдеби тілдің бір түрі болғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму сатысымен қатарласа сөз болып жүр. Әдеби тілдің басты белгісі нормаланған, сұрыпталған тіл болу шартын көрсетсе ол стильдің негізгі ұстанымы болып табылады. Ауызша және жазбаша әдеби тілдің ортақ тілдік белгілерінің нәтижесінен де стильдің салалары бөлініп шықты. Үшіншіден, стиль қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады, стильдерді жіктегенде осы қызметі толық анықталуы қажет.