Оқыту мен дамытудың ара қатынасы
Бұл сұрақты шешуде әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, олардың бірі бойынша, оқыту дегеніміз дамытудың өзі (У. Джемс, Э. Торндайк, Дж. Уотсон, К. Коффка), алайда, оқыту табиғатын (оқу, үйрету) барлығы өздерінше түсінеді. Басқаларға сәйкес, оқыту – бұл тек қана жетілудің, дамудың сыртқы шарттары. «Даму мүмкіндік туғызады – оқыту оны жүзеге асырады», немесе басқа сөзбен айтқанда, «оқыту дамытудың ең аяғында келе жатыр» [47, 225-226 б.]. Ж. Пиажеге сәйкес, «баланың ойы белгілі фазалар мен кезеңдерден қажеттілік болғандықтан өтеді, ол баланың оқытылуы, оқытылмауынан тәуелсіз» `[47, 227 б. цит.бойынша].
Отандық психологияда Л.С. Выготскийдің тұжырымдаған және зерттеушілердің көпшілігі құптайтын көзқарасты ұстанады. Бұл көзқарасқа сәйкес, оқыту мен тәрбиелеу баланың психикалық дамуында жетекші рөл ойнайды. «Оқыту дамуда тек қана жуық арада болатын салдар ғана емес, алыс болашақта болатын салдарға ие болады, оқыту тек қана дамудың соңынан ғана, онымен қатарласа жүріп отыра алады, ол дамудың алдына түсіп, оны ары қарай итермелеп, онда жаңа қасиеттер туғызып жүре алады» [47, 231 б.]. Бұл ереже тек қана отандық психологияда ғана үлкен бетбұрыс емес, сонымен бірге оны АҚШ-та қабылдаған Дж. Брунердің когнитивтік психологиясы үшін үлкен бетбұрыс болды. Брунер атап өткендей, «...ғылым негіздерін оқытуда, ең қарапайым деңгейдің өзінде, баланың танымдық дамуының табиғи ағымына көзсіз еріп отыруына болмайды. Оқыту осы дамытудың жетекші факторы бола алады, ол оқушыға қызықты және әлбетте жүзеге асырылатын мүмкіндіктерді пайдаланып. өз дамуын қарқынды түрде жүргізу мүмкіндігін ұсынады» [34, 364 б.]. Л.С. Выготскийдің тезисі бойынша, оқыту мен дамыту- біртұтас, және де оқыту дамытуды озып өтіп, оны стимулдайды, және дәл сол уақытта оның өзі актуалды дамуға сүйенеді. Осыдан барып, оқыту «кешегі күнге емес, бүгінгі күнге бағыттануы» тиіс [47, 251 б.]. Бұл ереже оқытуды ұйымдастырудың барлығына, жалпы педагогика үшін маңызды.
Дамудың қарастырылған проблемалары бірқатар сұрақтардың жауабы болып отыр: тұлғаның психикалық дамуының жалпы бағыттары қандай, оның қозғалтушы күші не, дамудың әлеуметтік жағдаяты қандай, ол қандай негізгі бағыттар бойынша жүреді. Кез-келген тип бойынша жүзеге асырылатын оқыту, егер ол басқарылатын және өзінің негізгі мақсаты – оқушы тұлғасын дамытуға, оның психикалық дамуына қол жеткізгісі келсе, осы сәттердің барлығын ескере алмауы мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |