І дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы Түйін сөздер


Dautbekova M.K., Kozgambayeva G.B



бет2/3
Дата25.11.2023
өлшемі129,79 Kb.
#126257
1   2   3
Dautbekova M.K., Kozgambayeva G.B.


Social-economic development of Kazakhstan during the years of World War І


Keywords: Kazakhstan, social-economic, land, tax, war.
The article deals with negative consequences of the First World War for Kazakhstan. With Russia's entry into the war, it faced military-industrial and socio-economic problems. Primarily food products and raw materials were sent to satisfy the needs of the front. Having to provide for the war with raw materials has led to a crisis in the economy of Kazakhstan. Engaging men in rear works resulted in the shortage of labor in the sector traditional for the Kazakhs. “Nomad tent tax” rose. The mass seizure of Kazakh lands had begun. As a result of acts of the tsarist authorities cattle rearing economy went into decline, transforming into foreign elements of farming, such as pig breeding, melon growing, etc.

1914 жылдың 19 шілдесінде (1– тамыз) басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс ауыртпалығы Қазақстанды да айналып өтпеді. Соғысқа әскери – өнеркәсіптік жағдайы тұрғысынан да, әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан да даярлықсыз енген Ресей мемлекеті соғыстың ауыр жүгін Қазақстан тарапына артқаны тарихи деректерден белгілі. Соғыстың алғашқы жылдары-ақ елдің өнеркәсіптік жағдайы 30% -ға төмендеді. Қазақстанның негізгі шаруашылық түрі малшаруашылығы болуына орай, елден майданға негізінен азық-түлік пен шикізат жіберіліп отырылды. А.Н. Куропаткиннің мәліметтеріне сүйенсек, 1915 жылы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінен ғана соғыс қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында, миллион бас қой «қайырымдылық» ретінде жіберілген екен [1, 48 б.]. Бұл әрине Қазақстан халқы тарапынан өз еркімен жүргізілген қайырымдылық емес екендігі белгілі. Себебі, орталықтан «қайырымдылық» шараларын жүргізу талап етілгендіктен, мәжбүрлі түрде берілген «қайырымдылық» екендігінде айтпай кетуге болмайды. Онсызда экономикалық тұрғыдан әлсіз далалық өлке үшін мұндай «қайырымдылықтар» оңайға түспеді. Бұған дейінде отаршыл империя тарапынан өзгеріске ұшыраған малшаруашылығы, жұмыс күшінің яғни еркектердің жаппай майданға шақыртылуына байланысты дағдарысқа ұшырады. Дәстүрлі шаруашылық тоқырауға ұшырап, есесіне елде бақша дақылдарының егіс көлемі өсіп, шошқа шаруашылығы жедел дами бастады. Бұдан шығатын қорытынды дәстүрлі шаруашылықтың дамуына үлкен нұқсан келгендігінде. 1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық алқаптың жылқы - ірі қара жайылатын 190 жайылымы алынып, жалға алуға даярланды. Басты байлығы жер саналатын қазақ халқының Жетісу өлкесінен 1914 жылға қарай 2703226 десятина, 1917 жылға қарай Семей, Орал, Торғай, Ақмола облыстарынан , Бөкей ордасынан 40638 миллион десятина жер алынды. Жайылымдық жерінен айырылған қазақ елі, дәстүрлі мал шаруашылығынан өзге өнеркәсіп орындарына, кеніштерге күн көрістік жұмыстар іздеп, кулактар мен байларға батырақ бола бастаған-ды. Мұның ауыр салдары ретінде ата мекенді тастап кеткен 17 мың қазақ батырағы тіркелгендігі тарихи ақиқат.


Әскери ведомоство тарапынан жергілікті халықтан мал «сатып алдық» дегенмен желеумен арзан бағаға ірі қара, мал сатып алынған. Бір ғана дәлел – жылқы малының нарықтағы бағасы 150-200 сомға бағаланып тұрған тұста, 3 – 5 есе арзан бағаға 30-50 сом көлемінде «сатып алған» [2, 75 б.]. Әскер мен көлік қажеттілігі үшін алынып жатқан жылқы малына деген сұраныс, елдегі аталмыш мал түрінің күрт кемуіне әкелді [3, 140-141 бб.]. Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды [4]. Ақмола облысының төрт уездінен екі миллионға жуық мал алынған. Жетісу өлкесінен соғыс басталған жылдың өзінде 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері майданға жіберілген [5]. Бұл қазақтың негізігі күнкөрісі саналатындығын ескерсек жергілікті халық үшін қаншалықты ауыр болғандығын бағамдау қиын емес екендігі белгілі. Соғыс кезінде қымбатшылық орнап, ұнның бағасы Верныйда 218%-ға, ет – 225%-ға қымбаттаған [6, 32 б.]. Бұл халықтың кедей және орташа топтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын өте төмен дәрежеге түсірді. Мұнан өзге – шаңырақ салығы артты. Ерікті қаржы жинау, әскери салық сияқты салықтың 10-ға жуық ауыр түрлері енгізілді. Мысалы, 1914 жылы қазақтардан 600 мың сом шаңырақ салығы жиналса, 1917 жылға қарай 1 миллион 200 сом жиналған яғни салық көлемі екі есеге артқан.
Сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ауырлай түсуіне патша Николай ІІ-нің 1916 жылы 25 маусымдағы “Бұратана” халықтардың өкілдерін тылдағы жұмысқа алу жөніндегі жарлығының да әсері аса ерекше екендігі сөзсіз. Жарлық бойынша әскери экономиканың мобилизациялануы үшін 400 (кейбір деректер бойынша 500) мың адам қажет болса, оның 240 мың адамын қазақ ауылы қамтамсыз етуі қажет болды. Бұл дегеніміз әр отбасынан бір адам алынады дегенді білдіреді. Осы жерде еркеше айта кететін жағдай, қазақ халқы өзгелер сияқты соғыс майданында күресуге қарсы болған жоқ, тек қара жұмысқа алынатындықтарына наразы болды. Онсызда ауыр әлеуметтік-экономикалық ахуалды бастан кешіп отырған қазақ даласы үшін бұл үлкен соққы болды. Ер азаматтарды жаппай майданға алу
селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашарлауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, Орынбор, Ташкент және Транссібір теміржолдары жұмысшылары арасында бас көтерулермен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады. Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарында қамтыды. Мәселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат әйелдерінің тобыры көпестер-Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. Нәтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына зор ықпал жасады. Сондай-ақ бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдаларды, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, дворян және құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты. Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пайда болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды. Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде байлар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты. Жетісуда (басшылары: Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда (басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды. Әрине, соғыс болған соң адам шығыны болатындығы айтпаса да түсінікті жәйт. Осыған орай, елдегі бұл көтеріліске деген пікірде екіге жарылды. Дегенмен, «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да олар қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп санады. Бұдан сырт қалуға болмайды, - деп есептеді. Екіншіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман болуын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тыл жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз еместігін дәлелдеді. Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Қазақ жеріндегі қақтығыс кезінде өлгендерді есептемегенде 1917 жылдың ақпан айына дейін Түркістан өлкесінде 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмелерге ұзақ мерзімге жабылған. Сондай-ақ бейбіт халық, әсіресе қарт адамдар, әйелдер мен балалар да мерт болды. Мұндай ауыртпалыққа шыдамаған қазақтардың біршама бөлігі Ресей, Қытай, Ауғанстан, Түркия жерлеріне қашып, жан сақтаған. 1916 жылы Жетісу жерінен 150 мың адам қоныс аударған. Бұл қазақ халқының санының артуына кері әсер етті. Мысалы, 1897 жылғы санақ мәліметтерін 1917 жылға санақпен салыстыратын болсақ қазақ халқының саны бар болғаны 6,5 %-ға артқан. Елде өлім-жітім көбейді. Әсіресе бір жасқа дейінгі балалар өлімі 60%-ға дейін өскен.
Жалпы Бірінші дүниежүзілік соғыс өлкенің демографиялық ахуалына да айтарлықтай әсер етті.
Соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металлдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе, Риддер және Сокольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен “Спасскмысрудалары” акционерлік қоғамымен “Атбасармыскендері” акционерлік қоғамы өндірді. Бірақта, мыскенін өндіружылдан-жылғакемиберді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасскмыскені” акционерлік қоғамының Успен кен ішіндегі барлық бай кенді (құрамындағымыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол төңкеріске дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді. Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмір мен жабдықтап отырды. Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл ауылшаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды. Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы күндік жұмыс үшін – 1 сом 04 тиын, 1915 жылы – 94 тиын төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты.
Осындай ауыр кезеңді бастан кешіп отырған қазақ халқы өзінің кеңпейілдік қасиетінен, иманынан ада қалған жоқ. Бұған дәлел ретінде, майданға деп әрдайым қаржылай, азық-түлік көмектерін аяп қалмады. Майданға аттанатын солдаттарды темір жол бекеттеріне жеткізіп салу үшін артельдер ұйымдастырылып, мешіттерде молдалар соғысқа кеткен солдаттарға сәттілік тілеп, құран сүрелерінен дұға қылып отырған. Соғыс қажеттілігіне жиналған тегін нанды тасымалдау ісіне ат салысып, азаматы майданға аттанған шаруа отбасының алқаптық жұмыстарына тегін көмектерінде аямаған. Жергілікті қызыл Крест қоғамдарына өз еркімен жарна төлеп тұрғандардың да саны аз болмаған. Олар киіз үйлер, мал терілерін өткізіп отырған. Мысалы; Омск уездінен - 54, Атбасар уездінен – 23, Петропавл уездінен – 49, Көкшетау уездінен – 14 , Ақмола уездінен -25 киіз үй өткізілген [7, 5 б.].
Қорыта келегенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы аса ауыр кезеңдерді бастан кешті. Азаматтары тылдағы жұмысқа алынып, дәстүрлі шаруашылықтың дамуына орасан зор нұқсан келді. Елдегі ауыртпалыққа қарсы ұлт-азаттық соғыс өрті орын алды. Демографиялық ахуал төмендеді. Дегенмен, ауыр тұрмыста өмір сүрсе де, елде жалпыұлттық бірігу мен ұлттық тәуелсіздік идеясының өмірге келгендігін де мойындауымыз керек. Қаншалықты ауыр кезеңді бастан кешсе де қазақ халқы өзінің адами қасиеттерінен айырылған жоқ. Адамгершілікті, дінді басты адамзаттық құндылық ретінде ұстана білді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет