Байланысты: I химияны оқыту әдістемесінің жалпы мәселелері-emirsaba.org (1)
Роджер Бэкон (1214-1294) алхимия мен астрология және оптикамен белсенді түрде айналысқан, алхимияға ғылым элементтерін енгізуге талпынған. Алхимияны теориялық және практикалық салаларға жіктеді. Теориялық сала металдар мен минералдардың шығу тегін ал практикалық алхимия металдарды тазалау мен алу жолы жайлы сұрақтарды, бояуларды алуды т.б. қарастырады деп пайымдаған. Парацельс идеяларының кейбір жақтарына сүйеніп, алхимия медицина дамуына үлкен пайда әкеледі деп есептеді. Р.Бэкон қара бытыра жайлы пікір білдіргендердің бірі болғандықтан көп уақытқа дейін оны ойлап табушы болды деп есептеген. 1260 жылы ол жабық ыдыстағы жану ауа болмағандықтан жануын тоқтатады деген байламға келді.
Василий Валентин (лат. Basilius Valentinus) XIV немесе XV ғасырлардың бірінде өмір сүрген — алхимик, оның еңбектері XVII ғасырда танымал болған.
Парацельс (лат. Paracelsus) (дұрыс есімі Филипп Ауреол Теофраст Бомбаст фон Гогенхайм) 1493-1541 жылдары өмір сүрген, атақты алхимик, дәрігер әрі оккультист. Цинк деген атты Парацельс берген деген сөз бар.
Либавий (Libavius) Андреас 1550 жылдар шамасында өмір сүрген неміс химигі әрі дәрігері. «Алхимия» деген кітапта химиялық мәліметтерді беріп, күкірт қышқылын селитра қатысында күкіртті жағу арқылы алу жолын, қалайыны алмаспен қосып жағып хлорлы қалайы алуды сипаттап жазған. Парацельстің ізін басушылардың бірі болды, дегенмен оның кейбір көзқарастарын жақтамады. Өз заманындағы толық оқулықтардың бірі Либавийдің «Алхимия» оқулығы болды. Курс екі үлкен бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде химиялық ыдыстар мен аспаптар, химиялық операциялар жайлы сипатталды. Идеал химиялық зертхана жобасы сызылып, көрсетілді. Либавийдің пікірі бойынша химиялық зертхана жеке химиялық жұмыстарға бейімделген ғимаратта орналасуы керек. Жобада лаборанттарға арналған кең бөлмелер, жұмыс жетекшілеріне арналған кабинеттер, пештер мен қыздырғыш аспаптарға арналған арнайы орындар, дистилляция кабинеттері және т.б. жобаланған. Кітаптың екінші бөлімі «Химия» деп аталып, әр түрлі заттар, олардың алу жолдары сипатталады. Кітап соңында әр түрлі дәрілік заттарды химиялық жолмен әзірлеу әдістері берілген.
Технохимиктер Ванноччо Бирингуччо(1480-1539); Георгий (Бауэр) Агрикола (1494-1555)), оқулықтары химия саласына тікелей байланысты болмаса да, химиялық көп мәліметтерге бай болғандықтан металлург, дәрігер, сол заман химиктері үшін аса маңызды болды.
Химияның ғылым ретінде қалыптасуына ағылшын химигі әрі физигі Роберт Бойл (1627-1691) үлкен үлес қосты. Ол химиялық элементке алғаш рет ғылыми анықтама беріп, химияға эксперименттік әдісті енгізді, химиялық талдаудың негізін салды. Р. Бойл «Химик скептик» деген кітабымен танымал.
Химия мен оның оқыту әдістемесінің дамуына елеулі үлес қосқандардың қатарына Антуан Лоран Лавуазье (1743-1794); Клод Луи Бертолле (1748-1822); Джон Дальтон (1766-1844); Амедео Авогадро (1776-1836); Йенс Якоб Берцелиус (1779-1848) сынды ғалымдарды да жатқызуға болады.
Антуан Лавуазье химияға осыған дейін математика, механика, физика тәрізді ғылымдарда жемісті болған нақты ғылыми әдісті енгізумен танылды.
Басқа да өзінің қатарластары сияқты Клод Луи Бертолле өзінің ғылыми еңбегін флагистон теориясына сүйеніп бастаған, тек 1785 жылдан кейін оттектік теорияға көшті. ОЛ 1786—1787 жылдары А.Л.Лавуазье сынды ғалымдармен бірге жаңа химиялық номенклатура мен заттарды жіктеуді енгізіп, «Annales de chimie» (1789) атты журналдың негізін қалады.
1814 жылы Йенс Якоб Берцелиус 41 жай заттың атомдық массаларының кестесін ұсынды, масса бірлігі ретінде оттектің массасын 100-ге тең деп алды.
Ресейде химияны оқыту әдістемесі ғылым ретінде ХVШ ғасырда дамыды. Оның негізін салушы Михаил Васильевич Ломоносов болды.
Химияны оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы М.В.Ломоносов, Д.И.Менделеев, А.М.Бутлеров сынды химиктердің еңбегімен тікелей байланысты.
М. В. Ломоносов (1711-1765). Бұл ХVIII ғасырдың ортасында Ресейде химиядан алғашқы профессор болды. 1748 жылы бірінші ғылыми зертханасын құрды. Ал 1752 жылы мұнда алғашқы «Физикалық химияға кіріспе» атты лекциясын оқыды. Химияны оқып үйренуде эксперименттің мәнін жоғары бағалады және химияның қоғамдағы маңызы мен пайдасын насихаттады. Химиялық құбылыстарды түсіндіру үшін корпускулярлық (бөлшектік) түсінікті пайдалану керектігін ең алғаш ұсынды.
М.В.Ломоносовтың ғылымға енгізген еңбегі химияны заттардың құрамы, қасиеті және өзара айналулары ретінде қарастыруға негізделген. Атомистикалық ілімге сүйеніп «Физикалық химияға кіріспе»деген курсты құрды. Ломоносов химия тарихында белгілі жаңашылдардың бірі болды. Химияның басқа ғылымдар арасындағы маңызы мен рөлін ескере отырып алғаш рет химияны ғылым ретінде атады. Ломоносов 1745 жылдың өзінде химия зертханасының нақты жоспарын құрып, химиялық зерттеулерді жүргізудегі маңызын көрсеткен.
М.В.Ломоносовтың педагогтың әрекетінде бірнеше кезеңді бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең (1742—1745 жж.) ғалымның оқытушылық жұмысымен тікелей байланысты, ол ғылым Академиясының барлық мүшелері педагогикалық әрекетпен айналысу керек деген пікір айтқан. М.В.Ломоносов сол кезде көпшілікке арналған дәрістерді құрды, ол дәрістер 1742 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқыла бастады. Сонымен қатар оқу құралдарын жазумен айналысты.
Екінші кезең негізінен (1745-1749 жж.) ғылымның әдістемелік еңбегімен тығыз байланысты. 1745 жылы Ломоносов профессор атағын алды.
М.В.Ломоносовтың педагогикалық әрекетінің үшінші кезеңі (1750- 1755 жж.) ғалымның орта және жоғары мектеп жайлы құжаттармен жұмыс істеген кезеңіне сәйкес келді. Кейіннен оны Ресейдегі білім беруді ұйымдастырудың Ломоносовтық бағдарламасы деп атаған. Бұл М.В.Ломоносовтың кемеліне келіп, өзінің уақытының көпшілік бөлігін жас мамандарды дайындауға жұмсап, Москва университетін ашу жайлы идея ұсынған кезі болатын. Ломоносовтың педагогикалық әрекетінің төртінші кезеңі (1756-1765 жж.) Ресейде орта және жоғары мектеп бағдарламасын құру жұмысын аяқтау кезеңіне сәйкес келді. Мұнда жоғары білім беру бағдарламасына көп көңіл бөлінді. Ғалымның пікірі бойынша университеттер ғылым мен білімнің дамуына әсер ететін оқу-ғылыми орталықтар болуы керек.
ХІХ ғасырдың ортасында химияны оқыту әдістемесінде көптеген алдыңғы қатарлы педагогикалық ұсыныстар енгізген Д. И. Менделеев болатын (1834-1907). Ол кезең алғаш химиядан дәріс оқи бастағанда-ақ химиялық элементтер және қосылыстар туралы жеке фактілерді біріктіріп белгілі бір жүйеге келтіруге тырысты. Міне осыдан барып периодтық заң және периодтық жүйе ашылды.
Д.И.Менделеев жастарға химиялық білім берудің қажеттігін, мақсаттарын, мазмұнын талдаған еңбегі мен оқулықтар жазды. Химияның өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында қолданылуын көрсету арқылы оқушыларды еңбекке дайындау керек деген пікірлер айтты. Химиялық экспериментті кеңінен пайдалану керектігін уағыздады.
Д.И.Менделеевтің «Химия негізі» деген оқулығы (1869ж) мәні осы күнге дейін жойылған жоқ. Менделеев химияны оқыту процесінде төмендегі қажетті шараларды атап өтті: 1) химия ілімінің негізгі фактілері мен тұжырымдарымен таныстыру; 2) химияның негізгі тұжырымдарын заттар мен процестер табиғатын түсіндіруде қолдану; 3) химияның халық шаруашылығындағы және өндірістегі рөлін ашу; 4) химия теорияларын философиялық талдау негізінде көзқарасты қалыптастыру; 5) химиялық экспериментті тиімді қолдана білу икемділігі; 6) химиялық білімді еңбекте қолдану.
А.М. Бутлеров (1828-1886) Қазан университетін бітіре салысымен оқытушылық қызмет атқарды. Методикалық көзқарастары «Химиялық негізігі ұғымдар» атты кітабында енгізілді. Ол кісі химияны оқытуды оқушылардың білетін қосылыстарды, заттарды оқытудан бастау керек (Мысалы, кант, сірке қышқылы) және заттың құрылысын оқудан бастау керек дейді. Оның құрылыс теориясы алғашқы еңбектерінде жарияланып, жақсы оқулықтары жарық көрді.
С.И. Сазонов (1866-1931) химияны орта мектептерде пән ретінде кіргізу үшін көптеген еңбек сіңірді. Ол Менделеевтің оқушысы болатын, сондай-ақ заттарды және химиялық құбылыстарды оқыған кезде химиялық экспериментті кеңінен қолдану керек деп, алғаш химиялық зертханалар ашты. Мектепте сарамандық сабақтар өткізуге себепші болды. Тенишев училищесінде В.Н.Верховскиймен бірігіп алғашқы оқу зертханасын ұйымдастырды. 1911ж С.И.Сазонов пен В.Н.Верховский ұсынған «Химияның элементарлы курсы» - ең жақсы оқу құралы болды.
1930 жылдан химияны оқыту әдістемесі - дамуының жаңа кезеңі.
С. Г. Крапивин (1863-1926) «Химияны оқыту әдістемесі бойынша жазбалар» бұл алғаш рет мұғалімдерге арналған химияны оқыту әдісі туралы жазылған үлкен еңбек болды. Онда мектепте химиялық экспериментті қою, химиялық тіл туралы пікірлер берілді.
В.И. Верховский химия оқулығының мазмұны мен құрылымын құрды. Мемлекеттік бағдарлама, мектеп оқулығын, мұғалімдерге арналған кітаптар жазды. Ең маңызды еңбегі «Орта мектептегі химиялық эксперимент техникасы мен әдістемесі».
Л.М. Сморогонский, С.Г. Шаповаленко, Я.Л. Гольдфарб,
Л.А. Цветков, Ю.В. Ходаков сияқты ғалымдар химия курсының мазмұны мен құрылымын ғылыми негіздеді.
Д.И. Кирюшкин, Н.Е. Кузнецова, Д.А. Эпштейн мектептегі химияны оқытудың мәселелерін жан-жақты зерттеген ғалымдар. Сондай-ақ Чертков И.Н., Глориозов П.А., Цветков Л.А., Иванова Р.Г., Зуева М.Д., Смирнова Т.В. т.б.
1940 жылдардан бастап Қазақстанда химияны оқыту әдістемесін құру және жетілдіру басталды.
Химияны оқыту әдістемесінен зерттеу жұмыстары 50-ші жылдары қазақтың Абай атындағы педагогика институттарының химия кафедрасы, республикалық Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институты жанынан аспирантура ұйымдастырылғаннан кейін жандана түсті.
Л.П. Калашникова химияны оқытудың жер туралы ғылымдармен байланысы, Л.З. Дюсюпова – органикалық химияны оқытудың физикамен байланысы, К.А. Сарманова химияны оқытуда оқушылардың ІV-VI кластарда жаратылыстану, метематикадан алған білімін пайдалану мәселелерін зерттеді.
С.Мұсабеков химияны оқытудың биология мен ауылшаруашылық өндірісімен байланысын зерттеді.
И.Нұғманов «Химияны оқыту методикасы», «оқыту әдістемелері» - деген кітаптарды орысшадан аударды.