ІІ «Сауат ашу» пәні мазмұны және оқу мақсаттарының жүйесі
1 «Сауат ашу» пәні мазмұны
«Сауат ашу» пәні – лексикалық тақырыптар негізінде оқушыларды оқу мен жазуға үйрете отырып, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған пән. «Сауат ашу» пәні бағдарламасының мазмұны кіріктіріле (интегративті) құрастырылды.
«Сауат ашу» пәні үш кезеңнен тұрады: әліппеге дейінгі кезең, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең.
Мұғалім сағат санын үш кезең бойынша сыныптағы оқушылардың оқу мақсаттарын меңгеруіне, әр кезеңнің міндеттерін жүзеге асыруына орай еркін жоспарлай алады.
Әліппеге дейінгі кезеңнің міндеттері:
- оқу әрекетіне деген қызығушылығын қалыптастыру;
- фонематикалық есту-тыңдауын дамыту;
- дыбыс, буын, сөз, сөйлем туралы алғашқы ұғымдары мен түсініктерін қалыптастыру;
- сызба-модельдерді қолдана отырып, сөзге дыбыстық талдау жасау, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату, сөздерді буынға бөлу дағдыларын қалыптастыру;
- қолдың ұсақ бұлшық еттерін дамыту (бояу, сурет салу, түрлі бағытта сызықтар жүргізу, сұлбасын салу, элементтерді жазу);
- ойлау, есте сақтау, елестету, қабылдау қабілеттерін және тұрақты зейінін дамыту;
- ауызша, жазбаша тілін дамыту.
Әліппе кезеңінің міндеттері:
- оқу әрекетіне деген қызығушылығын дамыту;
- фонематикалық есту-тыңдауын дамыту;
- дыбыстық талдау-жинақтау дағдыларын жетілдіру;
- әліпби әріптерін меңгерту, әріптердің баспа және жазба түрлерін, бас әріп және кіші әріпті ажыратуға үйрету;
- тіл бірліктері (дыбыс, буын, сөз, сөйлем) туралы ұғымдары мен түсініктерін кеңейту;
- біртіндеп сөзді тұтас, дұрыс, түсініп оқуға дағдыландыру;
- әріптерді, буындарды, сөздерді, сөйлемдерді жазуда каллиграфиялық дағдыларын қалыптастыру;
- ауызша және жазбаша тілін дамыту арқылы сөйлеу әрекеттерін жетілдіру.
Әліппеден кейінгі кезеңнің міндеттері:
мәтіндерді дұрыс, ырғақты оқуға дағдыландыру, «іштей оқу», түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқу дағдыларын қалыптастыру;
тыңдау-түсіну, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын жетілдіру;
байланыстырып сөйлеуін дамыту;
каллиграфия нормаларын сақтай және сауатты, қатесіз жазу дағдыларын қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |