Әр шашта тері үстіне шығып тұрған шаш талшығын және дермада жатқан шаш түбірін ажыратуға болады. Шаштың өсуіне жағдай жасайтын шаш түбірі, ең тереңдегі шаштың түбірінің кеңейген жері шаш буылтығы деп аталады. Шаш түбірі мен буылтығы дермадағы эпителиальды қалтамен қоршалған ерекше дәнекер тканьді дорбада жатады, ол шаш қапшығы деп аталады. Шаш қапшығының түбінде шаш буылтығын қоректендіретін құрамында қан тамырлары бар шаш бүртігі жатады. Шаш қапшығы цилиндр тәріздес, тері бетінде өзгеше кеңейіп барып ашылады, оны-шаш талшығының шұңқыры дейді. Осы шаш қапшығы шұңқырының ортасынан шаш талшығы шығып тұрады. Шаш қапшығының орта шенінде май бездерінің өзегі ашылады.