Тақырып 8. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқық негіздері. Жоспар 1. Қылмыстың ұғымы, қылмыстың белгілері, құрамының элементтері.
2. Қылмыстық әрекеттерді болдырмайтын, жауапкершілікті ауырлататын, жауапкершілікті жеңілдететін мән- жайлар.
3.Қылмыс жасау сатылары. Қылмыстық жаза: түсінігі, белгілері мен мақсаты.
Қылмыстың ұғымы, қылмыстың белгілері, құрамының элементтері. Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде адамды, оның құқыктары мен бостандақтарын, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді. Мұндай реттеу үш түрлі жолмен жүзеге асырылады.
Біріншіден, қылмыстық құқық нормасы арқылы қоғамдық қатынастарды реттеу функциясы болып табылады. Бұл қатынас қылмыстың істелуіне байланысты қылмыс жасаған адам мен мемлекет арасында пайда болады.
Екіншіден, қылмыстық құқық нормасы арқылы жазамен қорқытып, тыйым салынған іс-әрекеттерді істеуге байланысты коғамдық қатынастар реттеледі.
Үшіншіден, қылмыстық құқық қылмыстық құқықтың нормасы арқылы азаматтарға кылмыстық жолмен қиянат келтіргенде, олардың одан қорғануына байланысты қатынастарын ретке келтіреді. Мысалы: Қажетті қорғану, мәжбүрлі қажеттілік немесе қылмыскерді ұстауда әрбір азамат заңда белгіленген тәртіппен қорғануға құқылы. Бұл мәселе тек қылмыстық құқықтық норма арқылы реттеледі.
Қылмыстық құқық заң шығарушы органдар қабылдаған қылмыс пен жаза, қылмыстық жауаптылық негізі, жаза жүйелерін, жазаны тағайындаудың тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды белгілейтін заңдылық нормалардың жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық құқық Жалпы және Ерекше бөлімнен тұрады.
Қылмыс пен жаза туралы ұғым, қылмыстық заңның түсінігі, міндеттері, қылмыстық жауаптылықтың негізі және одан босату, қылмыс құрамының түсінігі, қылмыстық заңның кеңістіктегі және мезгілдегі күші, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін жоятын мән-жайлар туралы түсініктер, сондай-ақ қылмыс істеу сатылары туралы ұғыммен, қылмысқа бірге қатысу, жазаның мақсаты және жүйелері, жаза тағайындаудың немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың мәселелері осы Жалпы бөлімде зерттеледі.
Ерекше бөлімде нақты қылмыс құрамдары және оларды істегені үшін белгіленген жаза түрлері көрсетіледі.
Басқа құқық салалары сияқты қылмыстық құқықтың да негізгі заңдылық базасы - Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Қылмыстық құқықтың ережелері мен институттарының мазмұны қолданылып жүрген қылмыстық құқықтың нормаларында, атап айтқанда Жоғарғы Соттың нормативті қаулыларында, 1997 жылғы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодексте және т. б. нормативтік кесімдерде анық көрсетілген.