I тарау. Ежелгі қазақстан § Қазақстан тас дәуірінде


§ 62.Қазақстанда 20-30 жылдардағы білім мен мәдениеттің дамуы



бет70/94
Дата18.11.2023
өлшемі7,69 Mb.
#124603
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   94
Байланысты:
Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар жиынтығы 2023-2024 оқу жылы-1

§ 62.Қазақстанда 20-30 жылдардағы білім мен мәдениеттің дамуы

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін, ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды. Ең алдымен ересектер арасында «Сауатсыздықты жою» көзделінді. Халық арасында сауатсыздықты жою үшін арнайы мемлекет тарапынан қаражат бөлінді. Мектептер оқу құралдары және ұстаздармен қамтамасыз етілді. 1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы құрылды. Оның мүшелері жер-жерлерді аралап, халықтың арасында сауатсыздықты жоюға зор үлес қосты.


1921-1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда арнаулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды. Білім беру ісіне тек Қазақстанда 1921-1927 жылдары бір адамға шаққанда 68,9 тиын жұмсалды.
1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28% сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10 пайыз ғана болды. Мұнда айта кететін мәселе, араб тілінде жазып, оқи білетін қазақтар бұл тізімге ілікпеді. 1930-1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет жан-жақты қолдау көрсете бастады. 1931 жылы Қазақстанда 15-50 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді. Мысалы, 1928 жылы ағарту ісіне 12 млн сом жұмсалса, 1940 жылы бұл көрсеткіш 682 млн сомға дейін жетті.
Сауатсыздықты жою ісі бойынша Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Бұның себебі әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. 1936 жылы жер-жерде ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500 мыңнан астам адам оқыды.
Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретінде көмегін тигізді. 1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40% жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Орал, Лениногорск және тағы басқа қалалар сауатты қалаға айналды.
Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А.Байтұрсынов суретті әліппе, Ж.Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды.
Қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов көп еңбек сіңірді. Мысалы, Қ.И.Сәтбаев орта мектепке арнап алгебра оқулығын, Ә.Бөкейханов география оқулығын жазды. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады.
Соғыстың алдында республика мектептерінде 44 мың мұғалім жұмыс істеді. С.Ақышев, С.Көбеев, А.Ақатов, Ш.Сарыбаев, Л.И.Довранская, Н.В.Волков тағы басқа білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды. Сауатсыздықты жою, жалпыға бірдей оқу міндетінің енгізілуі индустрия мен аграрлық салаға қажетті мамандардың көбеюіне ықпал етті.
1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды. Ал 1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институт ашылды. 1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды. 1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды. Сондай-ақ, 1934 жылы Қазақстандағы тұңғыш университет С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Осы жылы Алматыда Қазақ кен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-техник кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды.
1931-1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақстанда ағарту, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларында ұлттық зиялылар қалыптасты. Сонымен қатар, Қазақ КСР-де жоғары оқу орындары саны 20-ға, арнаулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды.
Кәсіптік білім беретін оқу орындарының көбеюі Қазақстан зиялыларының қалыптасуына үлкен ықпал етті. Жаңадан ашылған жоғары оқу орындарында М.Әуезов, О.Жандосов, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Т.Жүргенов, С.Аспандияров тағы басқа қазақтың зиялы қауымдарының өкілдері қызмет атқарды.
ХХ ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ.Жұбанов, С.Аспандияров, Ж.Аймауытов, А.В.Затаевич, А.Байтұрсынов, Ә.Диваев, А.П.Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М.Е.Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.
1935 жылы профессор С.Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бері тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Дулатов, М.Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.
С.Сейфуллин - «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «тар жол тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды. М.Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» дастандарын жазды.
С.Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды. І.Жансүгіров «Құлагер», Б.Майлин «Азамат Азаматыч», И.Байзақов «Құралай сұлу», Ғ.Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж.Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды.
Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», Ж.Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б.Майлиннің «Жалбыр», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді. А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж.), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 ж.) деген еңбектерін жазып, қазақ музыкасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А.В.Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді. Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.
1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры актер, режиссер Жұмат Шанин болды. 1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды. 1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды. 1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. 1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Дәл осы жылы А.Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Сондай-ақ, Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды. 1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. 1936 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. 1937 жылы Қызылорда қаласында корей театры ашылды. 1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті. Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   94




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет