2. Т.Сәукетаев. «Айқараңғысы» – Желтоқсан оқиғасы туралы роман
3. М.Шаханов. Желтоқсан эпопеясы. – Алматы, 2011 ж.
АБЫЛАЙ ХАН - ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ БИЛЕУШІСІ
Дүйсенова У.Н., Ахмет М. (Қазақстан) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми жетекшісі: Нусупбаева С.А.
Тарихи тұлғаларды оқығанда, олардың сол тұлға деңгейіне жеткенге дейінгі өмірін әркім - ақ білігісі келіп тұратыны заңды. Тегі кім екен, көсемдік биік тұғырға қалай шықты деген екен деп ой толғайды олар. Сондай тұлғалардың бірі - бірі Абылай хан.
Абылай хан (1711-1781) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қонтайшысы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады. Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды. 1738-41 ж. Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор губернаторы И.Ш.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Толе би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Бұл жөнінде Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірген. Абылай билігінің күшейге түсуінің жаңа кезеңі 1744ж. Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды. Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған казақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр»,- деп көрсетті. Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өз бйынша), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. 1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы – жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771ж. Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті. Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды. Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 ж. Абылай қолының қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында « шаңды жорық » деген атпен белгілі. Бұл 1771ж. Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып–жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.Абылай соғыс жағдайынасай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды. 1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды. Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы. Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.