ҮШІНШІ ТАРАУ
Кішкентай бөбекті алып қашқан Қаражан атынын басын үйіне қарай
бұрмады. Қоймасындағы колхоздың дүние-мүлкін көп жылдан бері сатып,
жеп, өзі де əбден күнəға батып болған-ды. Жақында еткен колхоз
басқармасының мəжілісінде Қаражанның көп жылдан бергі қолынан өткен
колхоз заттарынан есеп алу жөнінде шара белгіленген. Ал оның жегені аз
емес-ті. «Қашарыңда қашарсың, бірақ босанарыңда сасарсың». Жеуін
жегенмен де Қаражан өзіне ревизия келетінін білгеннен бері мазасы кетіп,
қобалжуда еді. Сөз жоқ ревизия дұрыс жүргізілсе қылмысы ашылады,
қайтадан абақтыға түсері даусыз. Келе жатқан бəледен қалай құтылам деп
басы əңкі-тəңкі болды. Енді колхоздан біржолата қашуға тəуекел етті.
Ішінен буынған шүберек белбеуіне колхоз заттарын сатудан жинаған
ақшаларын қат-қат етіп тігіп алып, сəтті күнді күтіп жүрді. Бүгін, ойда жоқ
жерден Қырмызының мына жас сəбиін ұрлап алысыменен-ақ шешім
өзінен-өзі келген. Қаражан, енді ең алдыменен өзінің алғашқы сотталған
мерзімін өткізген Новосибирскіге қашпақ болды. Бұл қалаға жеткеннен
кейін одан əрі Сібірдің тіпті Қиыр Шығыстың тайгасына кіріп жоқ
болмақшы. Сол себептен ол өз үйіне бұрылмаған. Бірге туған ешкімі жоқ,
ал мұндағы жамағайын туыс, руластарының құны оған бес тиын. Ал
сотталар болса, Қаражан өзіне он жылдан кем бермейтінін біледі. Он жыл!
Одан құтылып келгенше кім бар, кім жоқ. Жəне ол он жыл деген ең жеңіл
жаза ғой. Жиырма жыл! Бұл бір адамның өмірі ғой. Оған қалай шыдайды!
Жоқ, жоқ, қашу керек! Қашу керек!
Қаражан сай-қырқаларды тасалап, ұзақ жүрді. Аттың бөкен желісімен
тербеліп, шырт ұйқыдағы бала ояна қоймады. Ай сүттей жарық. Ел
орнықты-ау деген кезде бөтен бір колхоздың қой фермасына кеп тоқтады.
Қырқалы сайдың жағасында отырған екі-үш үй екен. Бір-екі кемпір-шал
мен бала-шаға. Шалдың бірі Қаражанға таныс болып шықты.
− Түнделетіп қайда бара жатырсың?- деді шал, Қаражанның атының
шылбырын белдеуге байлап жатып.
− Мына бір кішкентайымыз сырқаттанып қалып, соны Ташкент
түбіндегі бір білгір балгерге апара жатырмын,- деді Қаражан жоқ жерден
сылтау тауып.
− Ə...- деді шал, − осы күнгі дəрігерлердің қолынан келмейтін, бақсы-
балгер емдейтін ол қандай кесел?
− Өзіміз де білмейміз. Колхоз дəрігерлері емін таба алмай-ақ қойды.
Балгерді керемет дегеннен кейін апара жатырмын.
− Бишара баланың титтейінен ондай кеселге ұрынғаны қиын болған
екен,- деді шал, сосын əлдене есіне түскендей. − Өзіңнің балаң ба, былтыр
барғанымда мұндай сəбиің жоқ секілді еді ғой...
Қаражан қалжыңдай күлді.
− Бұл заманның биелері қысырында да құлындайтын болыпты ғой.
Бұлар осылай сөйлесе үйге кірді. Ошақ басында, асылған қазаннын
астындағы отты көсеп, бір қартаңдау əйел отыр. Түнделетіп үйге кіріп келе
жатқан балалы жігітті көріп, аузын сылп еткізіп амандасты да, ұшып
тұрып, төрге көрпе салды.
− Жоғары шығыңыз,- деді ол сыпайылық көрсетіп, өзі босаға жаққа
шегінді.
− Əке-шешесі тастап кеткен соң биыл балалар үйінен алып едік,- деді
Қаражан шалға, бұл қалжыңым емес, шыным дегендей инабатты үнменен.
− Өзі ұл ма, қыз ба? - деді шал. − Оянар емес қой.
Алып қашқан баласынын кім екенін Қаражан өзі де білмейтін. Жолай
бетін ашып түріне бірер рет қараған. Оған айнымаған Қырмызы секілді
көрінген. Күнəкар, мүйіз боп қата бастаған жүрегі əлденеге кенет жылып
кеткен. Осы бір ойда жоқтан туған сезім Қаражанның үйіне қайтпай,
баланы алып беті ауған жаққа кете беруінің де бір себебі еді. Алған
əйелінің сүйегі жарылмай, əкелік мейірімнің не екенін білмеген Қаражан,
əйелі нəрестелер үйінен үш жасар баланы əкелгенде де селт етпеген. Ал
бұл жолы... Баланың Қырмызыға ұқсастығынан көңілі жібіді ме, əйтеуір,
ұйықтап жатқан сəбидің бетіне бетін таяп, оның тек нəрестеге ғана тəн
ерекше иісінен бір сəт мастана қалғандай болды. Кенет жанын, тəнін, ақыл,
санасын өзіне жат басқа бір күш билеп кеткендей сезінді. Бұның қандай
күш екенін өзі де білмейді. Шалдың: «Балаң ұл ма, қыз ба?» - деген
сұрағына дəл қазір жауап қайтару бұған өте қиын еді. Демек сəбидің дəл
шешесіне ұқсас кескіні есіне түсіп, қарт шопанға «қыз» демекші боп
ыңғайлана бергенінде, бұл сұрақтан шалдың өзі құтқарды.
− Қатын,- деді кəрі шопан ошақ басына қайта отырған əйеліне қарап, −
мына жігіт «Шеңгелді» колхозыныкі. Баласы сырқаттанып, Ташкент
түбіндегі бір балгер-тəуіпке алып бара жатыр екен. Жол соғып шаршаған да
шығар, піссе қазаныңды тезірек түсір.
− Алда бишара-ай, тумай жатып кеселге қалай ілікті екен,- əйел баланы
аяп, асын түсірмекші болып күйбеңдей қалды. − Қазір, қазір түсірейін, өзі
піскен шығар... Бишара баланың тіпті үні де шықпайды ғой, өзі аман ба?
Сөйткенше болған жоқ, Қаражанның жанында көрпеде ораулы жатқан
бала кенет шар ете қалды.
− Айналайын,- деп Қаражан баланы көрпе-мөрпесімен көтеріп алдына
алып əлдилей бастады.
Сірə, ұйқысы қанып қалған болуы керек, бала көзін ашып, өзіне төніп
əлдилеп отырған кісінің бетіне сəл қарап жатты да, бейтаныс адамды көріп
жатырқап, қолды-аяққа тұрмай бақырып-жылап қоя берді.
− Бишара, шешесін жоқтап жатыр-ау,- деді шал, сөйдеді де қатынына
қарады, − əйелсің ғой, сен алып жұбатып көрші, əкесіне болар емес қой,-
деді.
Əйел баланы алып, көрпесін шешті. Аппақ сазандай қыз бала екен. Іш
етіп қойған екен. Əйел: «Қазір, қазір... сəл шыда... сүт беремін. Қаймақ
беремін»,- деп, күбірлей сөйлеп баланы қайта құндақтап, əкесіне берді.
− Алдыңызға алып əлдилей тұрыңызшы,- деді əйел, − қарны ашқан
шығар, қазір мен сүт əкелейін.
Бала Қаражанның алдына барысымен, қайтадан шырылдап жылап қоя
берді...
− Балаға əке шешедей қайдан болсын,- деді есі шыққан Қаражан.
Шал оған сəл сезіктене қарады.
− Тым жатырқанып жатыр-ау...
Сөйткенше болған жоқ, қолына кешке таман ғана сауған қойдың бір кесе
сүтін алып əйел үйге қайта кірді. Бала жылауын қойып, қасықпен берген
сүтті кəдімгідей іше бастады... Əрі-беріден соң бітіруге айналды. Қарны
ашып қалған екен. Тынышталған баланы енді əйел əкесіне берген жоқ,
жанына қойды.
− Денесінің ыстығы да жоқ, тамағы да cay,- деді əйел. − Сонда бұл
сəбидің қандай ауруы болды екен?
Шал мен əйел екеуі бірдей Қаражанға қарай қалды. Бірақ Қаражан
абыржыған жоқ.
− Оңай ауруы болса өзіміздің колхоздың дəрігері де жазар еді ғой. Ат
үсті қияндағы балгерге неге апара жатыр дейсіз,- деді ол. − Бишаранікі
ұстамалы кесел!
− Япырай, ə!
− Алда бишара-ай!..
Қаражан ас ішіп болған соң суып қалған атына азырақ жем беріп,
жүрмек болды. Кемпір-шалдың сезіктеніп отырғандарын бұ да байқаған
жəне біреу-міреу мені көрген болса, соңымнан қуғыншының да келуі
мүмкін ғой деп қауіптенген. Жібергісі келмеген шал мен əйелге: «Күндіз
тым ыстық, баланы жол соғып тастайды. Атым əлі болдырған жоқ, түннің
салқынымен біраз жерге жетіп қалайын»,- деп болмады.
Ал бұл фермадағы шопандарға əнеугүнгі түндегі салт атты бөтен
адамның баласын алып қашқан екен деген хабар жеткенде, Қаражан
Өзбекстан жеріне кіріп те үлгірген. Аудандық милиция республикалық
милицияға хабарлап, көрші республикалардан қашқынды іздегенше көп
уақыт өтіп кетті. Баланы ұрлаған Қаражан құмға сіңген судай біржолата
жоғалды.
Ал Қаражан бұл кезде аман-есен Ташкентке таяу бір станцияға жеткен.
Сосын «Баламды Ташкентке дəрігерге апара жатыр едім. Күн ыстық,
жолды көтере алатын емеспіз, енді поезға мінсек пе деп тұрмыз»,- деп, сол
станцияның басындағы бір қазаққа астындағы атын арзан бағаға сатып,
Ташкентке қарай ағыл-тегіл жүріп жатқан жүк машинаның біреуіне мінген.
Мұнда келгеннен кейін, енді осы арадан өзі абақтысында болған Сібірге
кетуді ойлады. Поезға мінуге қорықты. Өйтіп-бүйтіп самолетке билет алып,
Рубцовкаға келіп түсті. Енді осы арадан поезбен Новосибирскіге барып,
ретін тауып, одан əрі асып, Сібірдің ұшы-қиыры жоқ тайгасына сіңіп
кетсем бе деп ойлаған. Осылай ол неғұрлым Қазақстан шекарасынан
алыстай берсем, соғұрлым қауіптен де алыстай беремін ғой деп сенген.
Бүйтіп жол шегу оған бəлендей қиынға да түскен жоқ. Қалтасында ақшасы
мол, ал ақшасы мол адамға жол табу да қиын емес. Оның үстіне баласы да
бұрынғыдай жатырқанып жыламайды. Үнемі құшағынан тастамай, əлсін-
əлсін еміздікпен сүт берген кісіге ол бірте-бірте үйренді. Дегенмен бұлай
қашқан Қаражанның көңілі де бұлқан-талқан еді. Қасқыр екеш қасқыр да
аштық қуып, тамақ іздеп өзінің туып-өскен апанынан алыстаған сайын,
ұзақ уақыт ұмытпай, қайта-қайта оған оралғысы келіп тұрады дейді.
Қаражан да, қанша қасқыр мінезді болғанымен де, туып-өскен жерінен
ұзаған сайын, артына қарай берді. Қарай беріп алыстай берді, бірақ артына
қарай-қарай алыстады. Өйткені ол өзінің осы кеткені - туған елден мүлдем
кеткені екенін түсінген. Алдында отырған нəрестесі сондықтан да ұшы-
қиыры жоқ құмайт шөлді, көделі, жусанды кең даласының ескерткішке
алған бір уыс топырағы секілді боп көрініп кетті. Даласын жоғалтқанмен,
төлеуін алып көңілі көншіккендей санады ол өзін. Ал қазақ секілді көшпелі
елдің баласына қонар көлі, ұшар көгі туған жері ғой, Қаражан да сол туған
жерін кейде жаны ауыра қимай, істеген қылмысы үшін қандай жаза болса
да көнбек боп, бір сəт кейін қайтуға да бел буған. Бірақ бұл ойынан ол тез
қайтты. Оған себеп - осы кішкене сəби болды. Əрине, еліне қайта барса,
бұны мына құшағындағы баладан айырады. Жоқ, жоқ, ондай ауыр азапқа
енді Қаражан көне алмайды. Өзі тірі тұрғанда қуыршақтай киіндіріп,
бауырына басқан осы бір жусан аңқыған қуанышын ешкімге де бермейді.
Одан да өлгені артық.
Жоқ, Қаражан кішкентай сəбиді бірден жақсы көріп қалған жоқ. Ондай
сезімнен ол тіпті аулақ еді. Бірақ қасқыр екеш қасқыр да алып қашқан
адамның баласын бірден жей қоймайды. Емізеді, бауырына басады,
тағылық мінезге үйретеді, өзіндей қасқыр етуге тырысады. Кішкентай
балаға деген, əсіресе, қасқыр секілді аңда, ғылым əлі толық дəлелдей
алмаған, ерекше бір осал сезім болады дейді оқымыстылар. Ал Қаражанды
алсақ, бұл да бір, қасқыр да бір еді. Мүмкін, сол қасқырға тəн сезім, мұны
да биледі, əйтеуір сəбиге ол шу дегеннен жан ашырлық мінез көрсетті.
Бірте-бірте сол сезім Қаражанды балаға үйретті. Уақыт өткен сайын,
сəбидің қылығына мəз болуды шығарды. Бұрын біреуді, əсіресе өзін
мүсіркеп көрмеген Қаражан, алдында отырған бала еркелеп көнтерідей
қатып қалған бетін жұп-жұмсақ алақанымен алғаш рет ақырын
сипағанында, өзі өз болғалы босап кетіп, көзіне жас алды. «Айналайын-ай,
құдай үйретті ме саған бұл қылықты, құрбаның болып кетейін, сен не
тілесең, соны істермін, қаласаң өзім түскен жаман жолдан да шығамын!»
Ол өзінің түскен жолының дұрыс емес екенін бірінші рет мойындады, бірақ
толып жатқан себеп болды. Əсіресе жастайынан қанына Қаражан соңынан
бұл уəдесінен шыға алмады. Оған сіңген қайсарлығы, өз дегенін дұрыс
санар бір беткей мінез-құлқы мен сана-сезімінің тайыздығы жібермеді.
Жүрегінде кенет пайда болған сəбиге деген осы бір ыстық махаббат, оның
ойына сіңген жаман қасиетін жеңе алмады. Бұл əлі əкелік махаббат емес
еді. Қаражанның сəбиді қазіргі жақсы көруі, оны кейін қайтудан сақтап
қалғанмен, жарқ еткен жалынды сəуле ме, əлде ұзақ маздап жанар от па,
белгісіз еді...
Самолеттен түскеннен кейін, ол жол-жөнекей бір машинаға отырып,
темір жол станциясына келді. Енді осы арадан жаңа жүре бастаған
«Ташкент - Новосибирск» поезына мінбек болды. Қазақстан тұсында
болмаса, бұл поездан бұларды іздемейтіндерін ол жақсы білетін. Келер күні
қолындағы кішкентай баласын сылтау етіп «Ташкент -Новосибирск»
поезына билет алды. Бірақ үш күн бойы міне алмады. Соғыс біткеніне біраз
жыл өтсе де теміржолда мықты тəртіп бола қоймаған шақ. Ерсілі-қарсылы
жүріп жатқан жұрт. Вагон біткен лық толған. Эвакуациямен келген біреулер
бала-шағасымен еліне қайтып бара жатыр. Əскери қызметтен босанған
адамдар да көп. Уақытша туған азық-түлік, зат қиыншылықтарын
пайдаланып,
қап-түйіншек
арқалаған
алып-сатар,
саудагерлер
де
баршылық. Кейбіреулер командировкамен келе жатырмыз дейді. Əйтеуір,
поезға мініп болмайды. Билетінің барлығына кондукторлар қарамайды.
«Орын жоқ»,- деп, мелшиеді де тұрады. Ал бірен-саран əйел кондукторға
күш көрсетіп, кимелей-жармалай кірем деген біреу болса, кондуктордың ар
жағында шөп ұстағандай боп тұрған жолаушылардың өздері де: «Куда
прешь, сказано же нет места»,- деп, кеудеңнен итермелеп жерге бір-ақ
түсіреді.
Үш күннен бері кішкентай баласымен поезға міне алмай отырған
қазақты сол күні вокзалдағы тəртіпті қарап жүрген «əскери патруль» деген
білектерінде Қызыл шүберектері бар солдаттар көрді. Бұлардың екеуі
Қазақстаннан келгендер еді. Олар жерлестерін танып жəне ыстықта үш
күннен бері жүре алмай отырған кішкентай баланы аяп кетті.
Командирлерімен сөйлесіп, келе жатқан «Ташкент - Новосибирск» поезына
балалы жігітті отырғызбақшы болды. Көп кешікпей гүрсілдей-арсылдай
вагондарының ішіне кісі лық толған поезд да жетті.
− Жерлес ағайын,- деді екі солдаттың қазақша білетіні,- жүр, біз қазір
сені вагонға мінгіземіз.
− Ой, рақмет,- деп, Қаражан қуанып кетті. Кішкентай бөбегін,
қуыршақтай етіп, бір қолымен құшақтап, екінші қолымен ондай-
мұндайларын, баласының киім-кешегін, жаялықтары салынған, жолай
сатып алған шамаданын ұстап, патруль солдаттарға ерді.
Патруль командир! старшина жігіт вагондарды өзі аралап келді де,
біреуіне тоқтады.
− Осы вагонға кіргізіңдер,- деді ол солдаттарға, − өзгелерден мұнда кісі
аз, бір орын табылатын секілді.
Бұл вагонның да есігінің алдында иін тіресіп тұрған жолаушылар.
«Ешкімді де бері қарай өткізбеймін» деген пішін көрсетіп есіктің екі
жағындағы темірінен ұстап үстінде жеңі шолақ майка, кеуде, білектері жүн-
жүн еңгезердей қап-қара біреу тұр, грек екенін, армян екенін айыра
алмайсың, өзгелерден гөрі ашулы.
− Кəне, жол беріңдер! - деді старшина.
Автомат асынған төрт патрульге кім қарсылық істей алсын, вагон
алдындағы жұрт амалсыз сығылысып, араларын аша берді. Дəу қара да
вагон босағасынан қолын алды. Тек:
− Қайда кіргізесіңдер, пысынаған ыстық, кісінің кептігінен дем алуға
болмайды!.-деп ол гүр ете қалды.
− Өзіміз де бөшкеге салған майбалықтаймыз! - деді оның артында
тұрған дəу қара тəрізді денелі, жүнді сары.
− Көрмейсің бе, кішкентай баланы? - деді взвод командирі,- бір орын
табылар, былай тұрыңыз! − Ол дəу қараға бұйыра сөйледі.
− Соғыс кезі емес қой, күштейтін! - деді дəу қара жан-жағындағы
жұртқа, сөйтсе де кейін шегінді.
− Жарайды, жарайды, кірсін,- деді кондуктор өзбек жігіті. Сосын
Қаражанға қарап. − Төртінші купенің астынғы орнында бір-ақ кісі. Соның
жанына отыр,- деді.
− Жарайды, күшпен кіргіздірмексіңдер ғой,- деді енді жүнді сары, −
көрерміз!
Қаражан бұл кісінің ашулы, кекесін үніне мəн берген жоқ. Егер мəн
бергенінде, мүмкін, бұдан былайғы тағдыры өзгеше болар ма еді, қайтер
еді. Ол баласы мен шамаданын көтеріп вагонға кіріп те үлгірді. Осы
уақытта поезд да жүріп кетті.
Вагон іші пысынап тұр. Бірақ орынсыз иін тірескен ешкім де жоқ. Жұрт
əжептəуір кең жайласқан. Жолаушылар вагон ішінде кісі көбейіп кетпесін
деп «орын жоқ» деп ешкімді кіргізбейді екен. Поезд тоқтағанда есік
алдында тұра қалады екен.
Қаражан кондуктор айтқан тұсқа қарай беттеді. Дəл сол сəтте вагонның
екінші қабатындағы орында жатқан біреу, коридормен өтіп бара жатқан
Қаражанның арқасынан қағып, қуана қалды.
− Коля, сен қайдан жүрсің бұл жақта? - деді. − Балалы болыпсың ғой!
Өзі де жерге секіріп түсті. Бұ да Қаражан секілді төртпақ келген, қар
еттері бөлек-бөлек жас жігіт екен!
− Вася! − Қаражан да қуанып жатыр.
Бұл Ваня Берюхин деген жігіт еді. Қаражан абақтыда отырған кезде бұ
да отырған. Кісі тонап түскен екен. Өзі секілді бұзық Қаражанмен достасып
кеткен. Қаражан шыққанда, бұл абақтыда қалған. Содан бері кездесіп
тұрғандары осы. Екеуі бірін-бірі иықтарынан қағып, «Əйтеуір, аман екенсің
ғой?», «Ескі досты көргенге не жетсін» деген секілді жай сөздермен сəл
қуана-күлісіп тұрды да, Василий:
− Бар, бар, орналас, сосын сөйлесерміз,- деді, сосын кенет сыбырлай, −
байқа, төртінші купеде нағыз үрке
1
басшылары отыр,- деді. − Бүкіл вагон
солардың қарамағында, шатысып жүрме, өлтіріп тастаудан қаймықпайды.
− Ұқтым,- деді Қаражан əрі қарай жүре беріп.
Ол өзіне көрсетілген купеге келді. Вагонның терезе алдындағы
кішкентай стол үсті толған майбалық, шошқаның кепкен шұжығы, ақ
бөлке, жуа... Рестораннан əкелінген бөтелкелі сыралар, орталанып ішілген
бір-екі ақ арақ шынысы да көрінеді. Төменгі оң жақ сəкіде жаңағы вагон
есігінің алдында тұрған дəу қара мен жүнді сары отыр. Сол жақ сəкіде,
үстінде матростың ала майкасы бар серейіп біреу жатыр. Жоғарғы қатарда
шылымдарын бұрқыратып терезеге қарап қозғалмай қалған екі жігіттің
тықыр бастары көрінеді.
Қаражан, кондуктордың көрсеткен орны осы болуы керек деп, төменгі
сəкіде серейіп жатқан кісіге:
− Аяғыңызды алсаңыз,- деді, − мына жерге мен отырайын деп едім.
Серейген адам өліп қалғандай, мызғыған жоқ. Оның орнына дəу қара тіл
қатты.
− Шамаданыңда не бар? - деп ол гүр ете қалды.
− Баламның киім-кешегі, жаялықтары.
− Жаңағы солдаттар кіргізген жігіт сенсің ғой?
− Иə, менмін!
− Онда, жан керек болса, бөтен вагонға бар! Сен күшпен кіретін
мықтысың ғой.
− Бөтен вагонға неге барам? Менің билетім мына орынға.
− Мен айтып тұрмын ғой, бар деген соң бар!
Вагон іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Қаражанды кенет ашу
қыса жөнелді. Василийдің ескертуін есінен шығарып алды. Өзінің ежелгі
долы мінезі ұстап кетті.
− Барғың келсе өзің бар!
− Ту, мынаның өзі бір керемет қой!- деп бағанадан бері біреу тілін кесіп
алғандай үндемей серейіп жатқан кісі, аяғын жинап, сəкіге отырды. Өзі де
ұзын екен, басы үстіңгі сəкінің тақтайына тиер-тимес. − Қалай, қалай
сөйлейді?
− Қалай сөйлегенін қазір көреміз! - деді жүнді сары Юрка.
Үстіңгі сəкіден тақыр бастың біреуі секіріп жерге түсті. Вагон іші ыстық
болған соң, көйлексіз жатқан екен, кеудесіндегі пышақтың тыртығының
үстінде «менің өмірім абақтыда» деген инемен шабақтап, көгілдір бояумен
əшекейленген жазуы бар. Бұл амнистия - кешірім берілген жандар еді.
Абақтыдан талай сұмырай, қаныпезерлер шыққан. Басынын тықырланып
алынуына, кеудесіндегі жазуына қарағанда бұ да сол кешірім - амнистияға
іліккеннің бірі тəрізді.
− Юрка,- деді жүнді сары, − көрсетші мынаған бөтен вагонға қалай бару
керек екенін!
Тақыр бас Юрка Қаражанға таяды.
− Кəне, тайып отыр бұл вагоннан! - деді төне.
Жат адамның қатты үнінен шошып кетті ме, кенет Қаражанның
қолындағы баласы шар етіп жылап қоя берді. Купеге қарсы қабырғада
отырған үш əйелдің орта жастағы жүдеу өңді орыс əйелі:
− Баланы қорқытып жібердің ғой, лағынет! - деді тақыр басқа. − Кəне,
келе ғой маған, келе ғой...
Қаражан баласын əйелдің қолына ұстата берді де, тақыр басқа ызалана
қарады.
− Саған не жоқ, отыр орнына! Шестерка
2
!- деді зекіп.
− Мə саған, отыр орныңа! Мə саған, шестерка! - деп тақыр бас
Қаражанды періп-періп жіберді. Қаражан шалқая түсті де, өзіне жақындай
берген тақыр басты қақ маңдайынан салып қалды. Анау шалқалай барып,
дəу қараның алдына сылқ етті.
− Ну, гад, подожди! - деп əлі қозғалмай отырған серейген ұзын тұра,
орнынан ашулана тұра берді де, төбесі үстіндегі сəкіге сарт етіп тиіп,
қайтадан отыра кетті. Бірақ оның орнына, сүзетін бұқадай, басын төмендеу
тұқырта, күжірейе жүнді сары таяды. Қаражан енді қарап тұрмады, анадан
жылдамырақ қимылдады. Жүнді сары балғадай қолын көтере бергенде,
іштен кеп тепті. Жүнді сары шалқалай барып, артындағы терезе алдындағы
столда тұрған бөтелкелерді құлата-мұлата кенет бүк түсіп, ішін ұстап отыра
кетті. Осы уақытта сəкінің үстінде жатқан екінші тақыр бас та жерге
секіріп түсті. Ұзын тұра да есін жинап қалған екен, ортаға о да шықты. Дəу
қара да түрегелді. Алғашқы тақыр бас та маңдайы білеудей боп ісіп,
аналардың қатарына қосылды. Қазір буындырып өлтіретіндей қолдарын
ыңғайлана, саусақтарын жыбырлата төртеуі енді Қаражанға қарсы ақырын
жылжи жүрді. Қаражан сəл шегіне түсті де, екі білегін сыбанып алып,
еңкейе, өзіне қарсы келе жатқандарды күтіп тұра қалды. Қазір көп қасқыр
бір көкжалды ортаға алып, быт-шыт етіп талап, қолын - қол, бетін - бет
етпек. Дəл осы кезде бір ашулы дауыс саңқ етті.
− Тимеңдер! Бұл менің досым! − Василий Берюхин, кенет оның қолында
елім түсті суық қанжар жарқ етті.
Бірақ Василий Берюхин кеш дауыстаған. Дəу қара оның қолындағы
қанжарды қағып түсіріп, төбелес басталып та кеткен. Қаражан мен
Василийге вагонның түкпіріндегі купеден екі жігіт келіп қосылған.
Соңынан барып анықталды. Бұлар Василийдің бір кездегі серіктері екен.
Біріне-бірі болысуға тиісті бұзықтардың «бауырмалдық» дəстүрі бойынша,
өздері жақында ғана абақтыдан шықса да, жолдастары төбелеске шығып
жатқанда бұлар да қарап отыра алмаған. Төбелеске шыққандардың екі жақ
екенін тек алғашқы мезетте ғана аңғаруға болатын еді. Көзді ашып-
жұмғанша қарсы топтар араласып та кетті. Енді вагон іші «Əкеңнің!», «Мə
саған!», «Өлтірем!», «Аяма!», «Ұр бастан!» деген секілді ызалы айқай,
шошынған үндерге толып кетті. Бірін-бірі тепкілеген, қолдарына түскен
бөтелке, бөтендеумен бірін-бірі аямай былш-былш ұрған бұзықтар.
Кейбіреуі жығылып жерде жатыр. Дəу қара секілді орасан мықтылары
жанына таяғанын жағасынан ұстап алып, екі жағынан былш-былш ұрады.
Бірін-бірі буындырған, тепкілеген бұзықтар ыңқ-ыңқ етеді. Заматта
біреулерінің шекесі торсықтай боп ісіп, көзі жұмылып, басқа біреуінің
мұрнынан қан сауылдап ағып, үсті-бастары сойылған қойдай қып-қызыл
қан басып шыға келді. Көйлектері пора-пора. Добалдай боп ісінген көз,
опырылып сынған тістер...
Төбелес басталасымен-ақ жай жолаушылар зəре-құттары қашып, қасқыр
шауып үркіткен қойлардай, бірін-бірі қуған төбелесушілерден ығысып,
вагонның біресе ана бұрышына, біресе мына бұрышына тығылды. Бөтен
вагондарға қашып барайын десе, мұнда да лық толы жұрт. Жəне дүние-
мүліктерін де тастап кете алар емес. Қаражанның баласын алған əйел
сойқан ұрыстың боларын білгендей бірден кондуктордың купесіне келіп
тығылған. Вагон ішінде қырғын айқастың қызып жатқанын көріп, тіпті
шықпай қойған.
Ерлі-байлы өзбек кондукторлар төбелестің алғашқы басталған кезінде-
ақ:
− Уа, əке, қойыңдар, қойсаңдаршы! - деп екеуі қоса бір-екі рет бажылдай
айқайлаған да, ұрыс қыза түскенде, вагондарын тастап қаша жөнелген. Тек
артынан барып белгілі болды, алдағы үлкен станцияға төбелес болып
жатқанын радио арқылы хабарлатқан осылар екен.
Төбелес басталған шақта Василийдің қанжарын қара дəудің қолымен
қағып түсіргенін Қаражан көріп қалған. Қанжар жарқ етіп жолдағы сəкінің
астына ұшып түскен. Өзімен айқаса кеткен жүнді сарыны əзер дегенде
жығып, тізесімен кеудесінен басып тұрып, бір қолымен тамағынан қысып,
екінші қолымен басы, көзі демей мылжа-мылжасын шығарып ұруға
кіріскен. Бір кезде ойына Василийдің қанжары түсті. Жолындағы тақыр
бастың біреуін іштен пəрменінше теуіп, сылқ құлатты да, астында қанжар
жатқан сəкіге қарай ұмтылды. Етпетінен жата қалып, жанталасып, сəкінің
астына қолын созды. Қанжардың суық сабына қолы тиген шақта, бұның
үстіне кеп қона түскен ұзын тұраны басынан асыра еденге лақтырып
жіберіп, ұшып түрегелді. Дəл осы сəтте Василийді тепкілеп-тепкілеп есінен
тандырып тастап, қайдан алғаны белгісіз, қолында кішкентай тапаншасы
бар вагонның екінші жағынан өзіне қарсы келе жатқан дəу қараны көрді.
Кеудесіне кезенген тапаншаның кішкентай аузы Қаражанға зеңбіректің
аузы тəрізденіп үлкейіп көрінді. Көзі қанталап кеткен дəу қара шүріппені
басса болғаны, анау үрейлі ауыздан шыққан оқ бұны быт-шыт етпек.
Қорыққандығы соншалық екі аяғы бірдей қорғасын құйғандай зілдей боп,
басып тұрған еденінен көтере алмады. Жан беру оңай ма, жүрегі аузына
тығылып, өн бойы дір-дір етті.
− Таста қанжарыңды, əйтпесе атамын - деді ақырып қара дəу.
Гүжілдеген дауыс дəл осы сəтте Қаражанға күн күркірегендей боп жетті.
Қара дəудің айқайын жұрттың бəрі естіді. Кенет вагон іші тып-тыныш
бола қалды. Өзге төбелестер де су сепкендей басылды. Жұрт енді вагон
коридорының екі жағында бірі қолына қанжар ұстаған, екіншісі
тапаншасын кезенген екі адамды көріп: «Не болар екен?»- деп, тына
қалған. Біреу-міреуі əлдеқалай қозғала қалса, дəу қара атып жіберетіндей,
не Қаражан қанжарын жүрегіне қадай түсетіндей, зəре-құттары қалмай,
демдерін əзер алып, қалш-қалш етеді. Қанжарынан айрылса анау атып
жіберетіндей, саусағын сырқырата ауыртып оның мүйізді сабын қыса түсіп,
дəу қараға қанды көзін қадай мелшиді де қалды. Дəу қараға қарай аяғын
аттауға да дəрмені жоқ, кенет өн бойы əлсірей түсті. Сонда да қанжарын
тастамады.
− Таста қанжарыңды, əйтпесе атамын! - деді дəу қара тағы да.
«Бұл неге атпай тұр?» Кенет Қаражанның көңілінде бір болмашы сезім
жарқ етті. «Тапаншалы адам қанжардан қорықпаса керек-ті... Неге
атпайды? Неден қорқып тұр?» Қаражан дəу қараның ар жағында етпетінен
жатқан Василийдің сəл қимылдағанын байқап қалды. Ендігі оқиға көзді
ашып-жұмғандай уақыттың ішінде өтті. Адам баласының жаны қандай сірі,
жаңа ғана өліп жатқан Василий кенет атып тұрды.
− Байқа артыңда... - деп, қара дəудің бір серігі айқайлап үлгіргенше,
Василий кеп оның тапанша ұстаған қолына жабыса кетті. Сол уақытта
атылып Қаражан да жетті. Сілтенген қанжар мен атылған тапаншаның
даусы бірдей шықты. Қанжар кеп қадалғанша қара дəу тапаншасының тілін
басып та үлгірген еді. Мылтық оғы тек Василийдің оң жақ аяғының үлкен
саусағына тиді. Ал қанжар қара дəудің оң жақ қарына қадалды. Қара дəудің
тапаншасы жерге түсіп кетті. Осы уақытта поезд да станцияға кеп тоқтады.
Ұрыс-төбелестің арасында жолаушылар станцияға келіп қалғандарын да
білмеген.
− Братва, полундра! - деді тапаншасын жерден алуға үлгірмей, қан-қан
болған оң қарын сол алақанымен басып, өзі бірінші боп есікке қарай
жүгірді. Бірақ «Тікенектен қашып от басты» дегендей бірден вагонды
қоршап алған солдаттардың құшағына барып түсті.
Жарты сағаттан кейін үсті-бастары қызыл жоса қан, киімдерінің пəре-
пəресі шыққан, бірі - ақсаған, екіншісінің - қолы сынған, шекелері
добалдай боп іскен, көзі шыққан, көгала қойдай боп бірінен-бірі таяқ
жеген, төбелескен жеті-сегіз кісіні солдаттар мен милиционерлер қоршап,
қалалық түрмеге алып кетпек болды. Сол уақытта ғана конвойдың
басшысы милиция майорына Қаражан айқай салды.
− Балам, балам қайда? - деді ол.
Поезд əлі жүрген жоқ еді. Вагон жанындағы қаптаған жұрттан бағанағы
əйел суырылып шығып, майордың жанындағы солдатқа көрпеге ораулы
баланы берді.
− Өзі түрмеге бара жатқан адамға баланың керегі не? - деді,- мүмкін
маған қалдырар?
Əйел сөзін естіген Қаражан оған өшіге қарады.
− Жоқ баламды ешкімге де бермеймін,- деді ол.
Үш айдан кейін бұларды темір жол соты соттады.
Дəу қара мен жүнді сары Украинадан қашып келіп, Сібірдің бір құрылыс
тресіне орналасқан, Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларына
көп жəрдем берген полицайлар болып шықты. Бұлар жергілікті совет
адамдарын қырғынға ұшыратқан фашистерге көмектескен екен. Бөтен
есімдермен паспорт алып, іздеген заң орындарына таптырмай қойыпты.
Тергеушілер совхоздың қызметкерлері мұндай төбелес шығармаса керек еді
деп күмəнданып, істерін үңіле қарап, ұзақ тексерген, іздеу салған. Ақыры
кім екендері əшкереленген. Ал қазір Ташкентке барып, құрылысқа
жұмысшылар əкеле жатқан беттері екен. Əрине, бұлар совхозға өздері
тектес, бұрын сотталған, не қашып жүрген ұры-қарыларды жинаған. Ана
тақыр бастармен бірге Василий жəне оның жолдастары да шартқа отырып,
осылардың құрылысына келе жатқан боп шықты.
Сот дəу қара мен жүнді сарыдан өзгесін (оларды бұрынғы қылмыс
істеген жерлеріне аттандырған), əр түрлі мерзімге соттады. Қолдарына кісі
өлтіретін қару ұстап, төбелескендері үшін Қаражан мен Василий
өзгелерден гөрі қаттырақ үкімге ілігіп, үш жылдан абақты алды. Сот үкімі
естіртіліп, бұларды ертең-бүгін жүргізгелі тұрғандарында Қаражан тағы
баласының қайда екенін, абақтыға он күнде бір келіп сөйлесетін прокурор
қызметкерінен сұрады. Ертеңіне прокурор оның қолына қағазбен ресми
түрде жауап берді. Қағазда: «Сіздің бір жарым жасар қыз балаңыз, бұдан
үш ай бұрын, сентябрьдің жиырма бесі күні Жұлдыз Қаражанова деген
атпенен осы қаланың бірінші номерлі жетім нəрестелерді бағатын үйге
алынды»,- делінген.
Қаражан қағазды екі бүктеп, сыртынан қалың мұқабамен қаптап төс
қалтасына салып, жоғалмастай етіп тігіп қойды. «Егер тірі қайтсам іздеп
тауып алармын»,- деді ол, нəрестені көз алдына елестетіп, қамығып кетіп.
Ертеңіне өзін дəу қара атқалы тұрғанда өлімнен құтқарған Василий
Берюхинге алғысын айтып, құшақтасып айрылып, Сібірдің алыстағы бір
жаққа айдалып кетті.
Ал колхоздың мүлкін жеп, Жұлдызды алып қашып кеткен Қаражанға
бүкіл одақтық іздеу жарияланбаған еді. Сондықтан Қаражан колонияда үш
жыл болып, мерзімі біткеннен кейін, өзінің ұсталған қаласына қайтып
келді. Сол жақта жақсы жұмыс істеп, аздаған ақша жинаған Қаражан, екі
балалы бір жесір əйелдің меншікті үйінің бір бөлмесін жалдап алды. Үш
күннен кейін мойнына таққан тұмардай үш жыл бойы сақтап жүрген қатты
мұқабалы баяғы анықтама қағазы бойынша, балалар үйін іздеп тапты.
Жұлдыз əлі сонда екен. Өзіндей кішкентай балалардың, біреуінің шешесі,
біреуінің əкесі іздеп кеп, ал мұны ешкім іздемегенге бойы үйренген төрт
жасар бала, «Əкең келіп тұр»,- деген тəрбиешінің сөзін естігенде, елең ете
қалды. Қазір барады, əкесінің алдына отырады, сосын соңынан кішкентай
серіктеріне: «Менің де папам келді!»- деп мақтан етеді. Бұдан артық
қуаныш болар ма?
− Жүр, папаң күтіп тұр,- деді тəрбиеші əйел. Сөйтті де Жұлдыздың
қолынан ұстап, кісі қабылдайтын бөлмеге қарай жетектей жөнелді.
«Əке? Ол қандай?» Жұлдыз шу дегенде баспалдақтан тымпылдап
жылдам түсті. Бірақ сонау кісі қабылдайтын бөлмеге таяған сайын, жүрісін
бəсеңдете бастатады. Ақырында бөлменің жанына келгенде, ішіне кіруге
батылы бармай тұрып алды. Тəрбиеші əйелдің «Жүр, жүре ғой,
айналайын»,- дегеніне көнер емес, əрі қарай қозғалмады. Неге? Бұрын
көрмеген адамынан қорқып тұр ма? Əлде осы уақытқа дейін мені неге іздеп
келмедің деп өкпелеген түрі ме? Тіпті тəрбиеші əйелдің қолынан
жұлқынып, қашып кеткісі де келгендей. Дəл осы кезде бөлмеден
Қаражанның өзі шықты. Ол Жұлдызды бірден таныды. Қас-қабағы
қиылып, мойылдай көзі ұзын кірпіктерінің астынан жаудырай қалған. Қазір
бейтаныс адамға жатырқай қарап, жылағалы тұр...
− Қалқам, құлыным!- деді Қаражан, кенет оны бір ыстық сезім билеп
кетіп құшағын жайып қарсы жүрді. − Келші, келші, құлыным, бетіңнен
сүйейін!
Тас бауыр Қаражан, аузынан мұндай отты сөздердің қалай шыққанына
өзі де аң-таң. Бірақ Жұлдыз қозғалмады. Тіпті қорқып кеткендей. Кенет
тəрбиеші əйелдің артына тығылды. Қаражан оған қараған жоқ, құшақтай
алып, құшырлана екі бетінен кезек-кезек сүйді. Жат адамның бұл
қылығынан шын қорқып кеткен Жұлдыз енді бақырып жылап қоя берді. Екі
қолын жайып тəрбиеші əйелге қарай ұмтылды.
− Жатырқап тұр ғой,- деді тəрбиеші əйел Жұлдызды құшағына алып,
бетінен орамалымен көзінен аққан жасын сүртіп: «Жылама, жылама,
Жұлдызжан, бұл сенің əкең ғой, көрдің бе, саған əне қаншама ойыншық,
конфет əкеп тұр, енді бұдан былай қарай ылғи келіп тұрады». − Ол
Қаражанға қарады, − рас қой, сіз енді ылғи келесіз ғой?
− Келем, келем,- деді қуанышты үнмен Қаражан. − Ертең де келем.
− Жоқ бізге күнде келуге болмайды ғой, Жұлдызжан? Солай емес пе? −
Əйел Жұлдызды жерге қойды. «Əкеңе айт, біз он күнде бір-ақ қабылдаймыз
де. Онда да əр он күндіктің аяғында ғана де...»
Қаражан мен Жұлдыздың алғашқы жолығулары осымен бітті. Əкесі
қызына колониядағы тұтқын шеберлердің ағаштан, қамыстан, шүберектен
істеген неше түрлі ойыншықтары мен (бұны ол Жұлдызына деп сол жерде
жүргенінде үш жыл бойы жинаған) базардан сатып алған конфеттерін
беріп, үйіне қайтты. Он күннен кейін Қаражан тағы келді. Бала əлі де
жатырқап тұрғанмен əнеугідей жылаған жоқ. Сірə, өткенде алған
ойыншықтары ұнаған болулары керек, тағы да сондай ойыншықтар береді
екен деп ойлаған шығар, бірден қашып кетпеді. Қаражан бұл жолы да
ойыншық пен конфет əкелген. Келесі жолы да сөйтті. Осылай ойыншық,
конфет арқылы бір-біріне үйрене бастады. Жұлдыз енді бетінен əкесінің
сүйгеніне де көнді. Екі-үш айдан кейін тіпті оны өзі есік алдында күтіп
тұратын болды. Бірте-бірте екеуі сөйлесе де бастады. Міне осындай
бірімен-бірі əбден бауырласып алған кезде, бір күні Жұлдыз:
− Көке, менің мамам қайда?- деді.
Күтпеген сұраққа Қаражан жауап бере алмаған.
− Өлген! Өлген!- деген сасқанынан.
Қаражан осы қаладағы трактор жөндейтін шеберханаға қоймашы болып
жұмысқа кірді. «Ауру қалса да əдет қалмайды» дегендей, қолы сұғанақ
Қаражан пайда түсер жерде қарап қалған жоқ. Бірақ Жұлдызыма зияным
тиіп жүрер, тағы ұрлықшы боп сотталсам, өзге балалардың алдында
қорланар деп, суық қолын қазына қорына абайлап сұқты, сақ болуды
ұмытпады. Ортада бес-алты жыл өткеннен кейін, келгеннен бері көңілдес
боп жүрген өзі жатқан үйдің иесі жесір əйелге үйленді. Оның жас өспірім
болып қалған екі баласын кəсіптік-техникалық училищеге берді. Енді
біреуден кем, біреуден артық өмір сүре бастады. Бірақ «Құдай қырына алса,
қырқыңда да таз боласың» дегендей, кенет əйелі дүние салды. Жалғыз
қалған Қаражанның енді бар қызығы Жұлдызы болды. Бұл кезде Жұлдыз
да он алтыға шыққан. Интернатты тастап, əкемді жалғызсыратпайын деп,
оның қасына келген. Енді ол əкесінің асын дайындады, кірін жуды. Бірақ
оқуын да ұмытқан жоқ.
Міне, осы тұста Қаражан өмірінің ен үлкен қырсығына ұрынды. Бір күні
түнде кеп бұның үйінің терезесін Василий Берюхин қақты. Қаражан оны
көрмегелі он жылдан асқан. Қара ниетті адам да өзіне қайырым істеген
кісіні ұмытпаса керек-ті. Кеше өлімнен құтқарған Василий Берюхинді
Қаражан құшағын жайып, аса қуанып қарсы алмағанмен; дұрыс ниет
көрсетіп қабылдады. Василий өзінің неге келгенін жасырған жоқ, −
Қаражаннан айырылғанмен, бұрынғы қылмысты кəсібінен айрылмапты.
Дүкен тонап, ұрлық істеп, өмірді алшысынан басып, бір қаладан екінші бір
қалаға ауысып жүрген беті екен. Түрі де жүдеу емес, бұрын да білектері
балғадай Василий, қырыққа таяған шағында денесі əбден сомдалып,
толығып жетіп болыпты. Кісіні аяуды білмейтін рақымсыз, шыныдай қатып
қалған көгілдір көзінде бұрынғысынан да бетер бір ызғар ойнайды.
«Сақтық кассасын тонаған үш жігіт едік,- деді Василий,- топталып жүруге
болмайтын болды. Ақшаны бөліп алып үшеуіміз үш жаққа қаштық. Кешке
таман сені сыртыңнан көріп, əдейі түн жамылып келіп отырмын. Далада
жүру қиын, үйің оңаша екен. Ескі жолдастығымыз үшін бес күн жасыр.
Сосын өзім де кетемін. Құнын төлеймін». «Жарайды, - деді Қаражан. Бес
күн ғана тығуды өзіне пəлендей күнə көрмеді. Ұстайтын болса менсіз де
ұстар. Бес күн үшін ескі досымды несіне өшіктіремін»,- деп шешті ол.
Сосын қызына «Бұрынғы бір аяулы досым еді, біздің үйде бес күн болады.
Сабақтан келген соң егер дүкеннен бірдеме əкеп бер десе əкеп берерсің
бірақ бұның мұнда екенін ешкімге айтпай-ақ қой»- деді. Əке сөзін
орындағанмен, бейсауат жүрген кісіден сескенген Жұлдыз мектебіне
əкесімен бірге кетіп, əкесі жұмыстан қайтатын кезінде оны көшеде күтіп
алып, үйіне бірге келіп жүрді.
Василийдің кететін күні, əдеттегісінен гөрі Қаражан үйіне сəл кешірек
келген. Келсе, үйдің есігін Василий тастай етіп бекітіп алыпты.
Тарсылдатып көріп еді, ешкім есікті ашпады. Терезеге барып тыңдап көріп
еді, біреудің шыңғырған даусы құлағына еміс-еміс естілді. Бір сұмдықтың
болғанын біліп, Қаражан терезенің ағашы мен шынысын бірге быт-шыт
етіп, үйге кірді. Зорламақ болған Василийден қашып, бұрышта көзі
шарадай боп шырылдап тұрған Жұлдызды көрді. Көзі қарауытып кеткен
Қаражан қасында тұрған ауыр орындықты алып, Василийдің, дəл басынан
кеп ұрды. Василийдің бас сүйегі бірден быт-шыт боп, қаны шапшып, бүкіл
еденді алып кетті. Төртпақ келген сом дене бір секундтай сəл теңселіп
тұрды да, омақаса құлады. Сол сəтте-ақ тіл қатпай Василий жан тапсырды.
Əрине, Василийдің өлігін ешкімге көрсетпей Қаражан өзі жоқ етсе, бұдан
қашқынның өлімін ешкім де көрмес еді, көре де алмас еді. Бірақ Қаражан
өйтпеді, милицияға өзі барып, кісі өлтіргенін айтты. Бір айдан кейін
Қаражанды соттады. Кісі өлтіргені үшін, үйіне аса қауіпті қаныпезер
қарақшыны жасырғаны үшін оған он жыл абақты кесті.
Бір айдан кейін Қаражанды алыстағы бір колонияға жүргізбекші болды.
Прокурор Жұлдызға əкесімен жолығып қалуға рұқсат берді. Сонда ғана
Қаражан қызына шынын айтты.
− Жамандықпен бастап едім өмірімді, жамандықпен аяқтадым. Енді сені
тірі көруім екіталай. Сондықтан шынымды айтқым келіп тұр. Дүниедегі
жалғыз қызығым өзің болдың. Бірақ сен менің туған қызым емес едің.
Сенің əкең де, шешең де бөтен кісілер. Шешең - Қырмызы атты əйел. Олар
Алматыда тұрады. Өшпенділікпен бір жасыңда алып қашып едім. Менің
бір күнəмді кешіре алсаң, кешір. Кешіре алмасаң, өзің біл. Ал өмірің
қиынға айналып бара жатса, туған əке-шешеңді тауып ал...
Қаражан Жұлдызға бекер бақылдаспаған екен, түрмеде бір бұзықтармен
жанжалдасып, ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Ал Жұлдыз сол жылы алтын медальмен он жылдықты бітіріп,
Алматыдағы политехникалық институттың архитектуралық факультетіне
келіп түскен. Сол жылғы сентябрьдің бір самалды салқын кешінде сұңғақ
бойлы, əдеміше келген Еркебұланмен танысқан.
|