ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Жұлдыздың қайда кеткенін білмеген Еркебұлан абақтыдан босанғаннан
кейін есеңгіреп қалған адамдай, мең-зең боп біраз күн жүрді. Демек,
Жұлдызбен екеуінің арасында болған байланыс күнəсіз байланыс екенін
білгеннен бері, ол өте қуанышты еді. Жəне сүйген адамына деген үміт
«Бүгін болмаса ертең Жұлдызыңмен кездесесің»,- деп, бойын күні бұрын
билеп алған-ды. Жұлдызды көретініне, онымен қайта қосылатынына
Еркебұлан шек келтірмеген. Сондықтан ол əрбір атар таңын, шығар күнді
ынтыға күткен. Осы бір ұйқылы түн өтіп, ертеңгі таң атса, сол таңмен бірге
Жұлдызынан хабар алатындай көрінетін де тұратын оған. Əттең, ол дəл
осы бір тұста Жұлдызға сүттей таза Əбілқасым деген жігіттің кездесетінін
білмеген. Ал Еркебұлан бұны білген болса, үміт те, алдағы күткен
қуанышты күн де қараң қалар еді. Əрине, түсінгеніңше қараң қалар еді.
Сөйтіп жүрек түбіндегі жарық сəулесі сенбеген Еркебұлан, өзіне-өзі
сабырлық айтып, қайтадан жұмысына кірісті. Кіріспеске амалы да жоқ еді,
біріншіден, ол шын жақсы көретін сəулет өнерінен көптен бері қол үзіп
кетіп, кəдімгідей сағынып қалған. Қайтадан сонау ұйқысыз түндерде
сызған сызықтарына өзінің қиял серпіндері шешкен, тек өзі ғана арман
еткен сырларын ақыл таразысына салып, шабыттана ой тұңғиығына сүңгіп
кету – Еркебұланның дүниедегі ең бір тілейтін, жақсы көретін сағаттары
еді. Екіншіден, дəл осы тұста институт басшылары бұның бөліміне тығыз
жұмыс тапсырды. Бұларға Алматының жаңа бір құрылыс ауданының
мəдени қоғамдық орталығының жобасын жасауды міндеттеді. Еркебұлан
бұл іске дереу кірісуді өзінің азаматтық борышы санады.
Бұған тапсырылған жаңа ауданның мəдени-қоғамдық орталығына осы
күнге дейін бос жатқан кең алаңда жаңа парк, оның шығыс тұсында
мəдениет сарайы, батысында кинотеатр, ал күнгейінде пионерлер үйі,
теріскейінде спорт сарайы салынуға тиісті еді. Ең алдымен Еркебұлан
өзінің қарамағындағы он шақты жас архитектор, құрылысшы, мүсіншімен
парктың қандай болуын белгіледі. Кең аллеялар, гүл алаңдары, бірнеше
фонтандар. Əр аллеяның бойында екі жағын бойлай өзіне тəн қайың, емен,
шырша өскен. Екі аллеяның, мысалы қайың мен қарағай аллеясының
ортасына емен, шырша, сирень ағаштары отырғызылған. Бұл парктың өзге
парктардан, тіпті басқа қалалардан ерекше айырмасы - мұнда Лениннің
жұртқа белгілі Октябрь революциясы кезіндегі көп тараған мүсіні емес,
гимназияны бітіріп, революция ісіне алғаш араласа бастаған жас кезіндегі
мүсіні қойылмақшы. Қолында кітабы, қалың ойда тұр. Жас қалаға бұл жас
бейне де бір түрлі символикалық шешім беретіндей.
Еркебұлан мен жас серіктері жұмыс істейтін үш кең бөлменің үшеуінің
ортасында да қара қағазбен көмкерілген үлкен үстелдер тұр. Үстел
үстіндегі қара қағаздарға болашақ орталық алаңның бейнесі, жерінің ой-
қыры, жолы, парктың аллеялары ақ тушьпен сызылған. Ал болашақ
мəдениет, пионерлер сарайларының, кинотеатр, спорт сарайы тұратын
тұстарына ақ гипстен олардың кішірейтілген үлгілері - макеттері қойылған.
Көгілдір өрнекті парталды, сарғылт күмбезді сарайлар, ақ мəрмəр тастан
қаланған, басына қызыл жалау, не бес бұрышты жұлдыз орнатылған сұңғақ
мұнаралы зəулім үйлер тұрғызылған осы бір болашақ қаланың мəдени-
қоғамдық орталығы - мына бір кішірейтілген макет түрінде де ғажап,
ертедегі бір тамаша шаһар тəрізді. Жоқ, бұл жас сəулетшілердің қиялы
тудырған жаңа заман ертегісінің болашақ қаласы еді.
Егер осы макеттегі көрсетілгеннің бəрі орындалса, жаңа қала орталығы
керемет əдемі болатыны даусыз. Еркебұлан жəне оның серіктері мəдениет
орталығының сұлу-сымбатты болуын ғана ойлап қойған жоқ, бұл
құбылыстардың арзан түсуін де, үкімет қаржысының орынсыз жұмсалуын
да естерінен шығармады. Сол себептен осы орталық салынатын тұстың
жер ерекшелігін де молынан пайдаланды. Осындай ойдан, сол үлкен
аланның теріскейдегі спорт сарайының ағашты күнгей тұсында су үстінде
тұрғызылған эстрада театры пайда болды. Ал бұл театр мынандай
жағдайда туған. Жаңа алаңның теріскей жағында, бір кезде кірпіш
күйдіруге топырақ алған кішігірім қарасудың көлеміндей, тереңдігі
жиырма метрден астам, үңгір-ойпат бар-ды. Жаңа алаңды тегістеу үшін
қайтадан бұл араға елу миллион текше метр тонна топырақ түсіру керек
еді. Оған қаншама қаражат, машина, қаншама уақыт кетпек. Жас
архитекторлар басқа шешім алды. Осы үңгір-ойпаттың астында он метрдей
тереңдікте жатқан жер астының суын артезиан құдығын қазып, бірнеше
жіңішке құбырлар арқылы жоғары аттырды. Осылай үңгір-ойпаттың
орнына қолдан кішкентай көл жасалды. Көлдің жан-жағынан тас қаланған
бірнеше арықтар жүргізіп, парк бау-бақшасы суарылатын етілді. Осы көл
арқылы парк ішінде толып жатқан фонтандар тұрғызылды. Еркебұлан
осындай өзіне міндеттелген үлкен жұмысқа беріле түсті.
Ал жұмысқа берілген сайын жəне қадамы сəтті бола бастаған сайын өз
жобасын өзі жан-тəнімен жақсы көріп, жөндей түсуден, соны ойлаудан
бөтен іске тіпті уақыт та таба алмады!
Творчествоның ұлы шабыты уақытша болса да Еркебұланға махаббат
азабын ұмыттырды!
Жұлдыз бен Əбілқасымның танысуы ойламаған жерден, кенеттен
басталды.
«Еркебұлан кісі өлтіріп сотталып кетті»,- деп айтқан Қайназардың жүріп
кеткеніне он бес күндей өткен мезгіл еді. Көшеде келе жатқан Жұлдыз
жанында тоқтаған троллейбустан өте бергенде əлдекімнің арт жағынан:
− Қап!- деп өкіне айқайлап қалғанын естіген.
Құлағына жылы тиген қазақ сөзі шыдатпай, Жұлдыз жалт бұрылған.
Троллейбус жүріп бара жатыр екен. Қас-қабағы қиылып, өзіне қарап
Еркебұлан тұр. Жұлдыз не істерін білмей абыржып қалған. Қайназардың
«сотталып кетті» дегені есінде, бір сəт «мені іздеп, абақтыдан қашып
шықты ма екен»,- деп ойлаған. Сөйтті де:
− Еркебұлан, қайдан келдің?- деген, не айтарын білмей Жұлдыз сасып.
− Мен Еркебұлан емеспін,- деді жігіт.
Соңынан барып бұл Еркебұлан емес, бөтен жігіт екенін Жұлдыз
түсінген. Еркебұланға тек қиылған қас-қабағы мен бойы ғана ұқсайды екен.
Бірақ сағынып жүрген жүрек тосыннан-тосын кездескенде оны
Еркебұланға ұқсатқан.
Сүйген адамдары емес екендерін білгеннен кейін, қыз бен жігіт бір-
біріне қарап үндей алмай қалған. Бийскінің педагогикалық институтының
үшінші курсының студенті Əбілқасым мен Жұлдыз алғашқы рет осылай
кездескен. Содан кейін барып екеуі жөн сұрасқан, туған жерден жырақта
ұшырасқан қыз бен жігіт бірден шүйіркелесе кеткен. Екеуінің де баратын
жерлері бір жақта болғандықтан қатарласа жүрген. Енді бұдан кейін бір-
бірімен жолығып тұруға уəделескен. Ал мұндай жиі кездесудің, жолығудың
аяғы кейде үлкен махаббатқа апарып соғатын əдеті де бар ғой, Жұлдыз бен
Əбілқасым да бұл дəстүрден алыс кете алмады. Сөйте-сөйте жүріп, бір-
біріне сырын ашты. Жұлдыз өз күйігін жасырмаған. Осылай алыс жерде
кездескен екі жас енді ағалы-қарындастай болып, достасып кеткен. Ал бұл
достық махаббатқа барып жалғаса ма, бұны Əбілқасым əлі білмейтін...
Көңілінде бір қуаныш сезім оянғандай еді... Ал Жұлдыз болса, мейлі
сотталсын, кісі өлтірсін, Еркебұлан тірі тұрғанда оған деген махаббат отын
сөндірем деп ойлаған емес. Ең болмаса Еркебұланмен бір кездеспей, бір
сөйлеспей дүниеде басқа бар деген ой көңіліне кіріп те шықпаған.
Міне, осындай шешімдегі Жұлдыз бір қыдырып келе жатқанда ойын
айтқан.
− Түсінем арманыңа,- деген Əбілқасым. − Бірақ қазақта «Өлгеннің
артынан өлу жоқ» деген сөз бар ғой.
− Жоқ менің Еркебұланым өлген жоқ - деген Жұлдыз,- мен осындағы бір
қорғаушыдан барып сұрадым. Егер əдейілеп өлтірмесе, он жылдан артық
бермейді екен. Ал маған он жыл деген не? Əрі кеткенде жиырма сегізге
келеді екенмін. Тіпті он жыл емес, қартайғанша күтуге бармын, тек аман-
есен көрсем екен... Жəне Еркебұланым қастандықпен біреуді өлтірді
дегенге сенбеймін. Ол мүмкін емес. Өзіне қастандық еткен шығар. Не
абайсызда өлтірген болар. Əлде, əлде... Менің қайғымнан көбірек ішіп жүр
деп еді... Содан өзі емес, ана бейбақты арақ өлтірткен болар... Қайназар
бұны маған айтпай кетті. «Сенімен сөйлесу үшін... Ертең телефон соғам»,-
деп еді. Телефон соқпады. Жүріп кеткен болар. Мен анығын білмей
қалдым. Бірақ «Анығын біліп, маған хабарла»,- деп, Алматыдағы
жатақханада бірге жатқан бір таныс қызыма хат жаздым. Одан да əлі хабар
жоқ.
Əбілқасым Жұлдыздың жігітін қандай жақсы көретінін енді ұққан.
Əбілқасым да біреудің қайғысын өз қайғысындай көретін, адамды
аяғыш, ақ көңіл жігіт еді. Ол енді Жұлдызға қандай жəрдем бере аламын
деп ойға кетті. Бірақ қанша ойласа да, қолынан ештеңе келмейтінін білді.
− Еркебұланыңды сондай жақсы көретін болсаң, қалай бұл жақта
жүрсің?- деді ол қызға бір кездескенінде. − Хат жазып əуре болғанша,
Алматыға қайтпайсың ба? Басына іс түскен қапалы жігітке сенің «күтемін»
деген сөзің үлкен сүйеніш қой! Тіпті шын қуаныш емес пе? Егер ол жігіт,
сені шын жақсы көретін болса, оған он жыл абақты емес, сенен мүлдем
айрылу жанына батып жүрген шығар.
Жұлдыз қатты күрсінген.
− Өзім де солай ойлағанмын. Бір сəтте, сол күні-ақ жүрмек болғам...
Бірақ... бірақ... мен екі қабатпын ғой. Бұл қалпымда Алматыдағы əке-
шешемнің көзіне қалай көрінемін? Қанша барғым келсе де, өзімді-өзім əзер
бастым. Жəне мен барғанмен, қолымнан не келеді? Оған жолығу да оңай
түспес. Құр күйініп, ішімдегі бөбегімді шала туғызып аламын ба деп
қорықтым. Одан да осы жақта аман-есен туса, баламды уақытша
нəрестелер үйіне тастап, сосын барсам ба деймін. Оны қайда жіберсе де
соңынан іздеп кетуге бармын. Ал мені жанындай жақсы көретініне еш
күмəнім жоқ. − Жəне оны еш уақытта да тастап кетпейтініме о да сенеді.
«Мəңгілікпін»,- деп берген сертім бар.
Жігіт енді Жұлдыздың табандылығына риза болды. Қолынан келген
жəрдемін беруге аянбайтынын білдірді.
− Бұның да дұрыс екен,- деді Əбілқасым аздан кейін. − Ал менің
қолымнан келер жəрдемім болса, өзіңдей көр, жұмсай бер, бəрін де
орындаймын.
Жұлдыз көзіне жас алды. Алыс жерде Əбілқасым тəрізді ішінде булығып
жатқан сырыңды айтатын, қысылсаң ақыл сұрайтын адамыңның болғаны
қандай жақсылық! Қамығып жүрген Жұлдыз өзіне бір тірек тапқандай.
Аяғы ауырлай түсіп, іші кəдімгідей біліне бастаған сайын Жұлдыз
Əбілқасымды көбірек іздейтін күйге жетті. Жұлдыз Əбілқасыммен бірге
консультацияға барып, перзентхананың қайда екенін білді.
Міне осындай, Жұлдыз Əбілқасымды қолтықтан келе жатқанында осы
кезде өз шаруасымен Бийскіге келген Қайназар бұларды сыртынан көрді.
Жастарына бармады.
Қыз бен жігіттің арасында махаббатқа бергісіз достық болады деген
ұғым оның ойына кіріп те шықпаса керек-ті. «Расында да Алматыдан мына
жігітке еріп кеткен екен. Еркебұланның да араққа күрт берілуі де осыдан
болды». Қайназар бұл сəтте Еркебұланның соншалық бұзылуына өзінің де
себепкер екенін ойламады. Жəне бір ғажабы, бұл жолы Жұлдызды бір
кездегідей Еркебұланнан қызғанып жүрегі удай ашыған жоқ. Тіпті бір
мезет қыздың жолдасына емес, бейтаныс жігітке бұйырғанынан жаны жай
тапқандай. Тек Еркебұлан мен өзін мазақтап іштей кекете күлгендей болды.
«Айдаладағы қызылға екі төбет таласып...» Сосын ол тағы күлді.
«Жарайсың, Жұлдыз, менікін қойшы, жолдасым тойға барады екен деп құр
желігу болып шықты. Ал Еркебұлан естігенде, бұған не айтар екен? Оны да
көрерміз...»
Абақтыдан босанып, жұмысына жан-тəнімен кірісіп кеткен Еркебұланға
бұл хабарды тез жеткізгісі келгендей, ол күрт бұрылып, мейманханасына
қарай асыға жөнелген.
Ал өмір шіркін өтіп жатты. Дəл осы кезде Жұлдыз Алматыдан, дос
қызынан, Еркебұланның біреудің өлуіне себепкер болып алған екі жылы
шартты түрде болып, қазір оның бұрынғы жерінде істеп жүргенін айтып
жазған хатын алды. Жұлдыз төбесі көкке жетердей боп қуанды. Ол дəл осы
сағатта Əбілқасымға телефон соқты. Бір жағынан оған өзінің қуанышын
айтпақ болды. Екінші жағынан ақыл сұрауды да дұрыс санады.
Əбілқасым Жұлдыздың телефон соққанына қуанып қалды. Не болса да
бүгін Жұлдыздың өзіне деген көңілін білмек болған. Сол себептен де ол
Жұлдыз екеуі əрі-бері жүргеннен кейін:
− Бүгін мені бір қыз киноға шақырып еді,- деді сөз арасында бір
ыңғайлы кезін тауып.
Жұлдыз жұлып алғандай:
− Ол кім?- деді жігітке жалт бұрылып.
Əбілқасымның көңілі жылып кетті. «Бəсе, солай болуы керек еді ғой.
Жұлдызға мен жай жолдас қана емес екенмін»,- əлденеге сеніп қалған
Əбілқасым енді батылдау сөйледі.
− Білмейсің бе, ол қыздың кім екенін?- деді қуана күліп. − Əлде мені
киноға шақырғың келмей ме?
Жұлдыз күрсіне сөйледі.
− Неге шақырғым келмесін... Сені шақырмағанда киноға кімді
шақырамын? Бірақ жас жігітке кино аз ғой. Жаңа өзің айтқанда, сен рас бір
қызды тауып алған екен деп шын қуанып қалып едім.
Жаңа ғана Əбілқасымның жылып кеткен жүрегі енді кенет суыды.
− Мен де қуанып қалып едім,- деді о да енді күрсініп.
− Сен ренжіме,- деді Жұлдыз. − Біз жақсы жолдас болдық, сол жолдас
қалпымызда қалайық. Бұл да қолға оңай түспейтін қасиет қой. Ал мені шын
дос, жолдас санайтын болсаң, сен де мендей қуанатын бір хабар айтайын.
− Айт! Айт!- деді əлі өзіне келмеген Əбілқасым.
− Айтсам... Бүгін менің өлгенім қайтадан тіріліп, өшкенім қайтадан
жанған күн. − Бұдан кейін Жұлдыз оған, толқып кеткен жүрегін əзер басып,
бүгінгі хаттың мазмұнын айтып берді.
− Шын жақсы хабар екен!- деді ақ көңіл Əбілқасым. − Құттықтаймын!
Бірақ ол: «Хат жазасын ба, жазбайсың ба өзің біл»,- деді. Жəне осы
күннен бастап бұрынғыдай емес, Жұлдызбен сирек кездесуге тырысты.
Сірə, бұрынғыдай кездесе берсе, сөндірмек болған махаббатын қайтадан
өршітіп алам ба деп қорыққан болуы керек, Жұлдыз да оны бұрынғыдай
мазалай берген жоқ. Тек, толғағының басталарын сезген күні ғана оған
телефон соқты. Əбілқасым такси алып, дереу жетті. Босанатын үйге өзі
апарып салды. Жəне Жұлдыз толғатып жатқанда, кезекшіден əр үш сағатта
телефон соғып, оның халін сұрап тұрды. Ертеңіне, Жұлдыздың аман-есен
босанып ұл тапқанын естігенде, мазасызданып тағаты таусылған ол
перзентханаға қарай құстай ұшты.
Əрине, Қайназар Еркебұланға екіқабат Жұлдызды Бийскіде бір жас
жігітпен көргенін айтқан. Айтпай қалатын Қайназар ма еді жəне айтқанда
қандай, Еркебұланның бір қиын жағдайында естірткен. Қайназар баяғы
дəрежелі нағашысы арқылы жақында осы институттың директорының
бірінші орынбасары болып көтерілген.
Бұл жоғарылауды құттықтай келгендер де болды, іштей ұнатпағандар да
табылды, тікелей өз пікірін ашық айтқандар да кездесті. Əсіресе, мұндайда,
бетің бар демей тікелей қойып қалатын Жақан:
− Ал жаңа орның құтты болсын, бастық - деді Қайназардың дағарадай
кабинетіне кіргеннен кейін, қарсы алдында тұрған жұмсақ креслоға
отырмай, сол түрегеліп тұрған қалпында, − Енді бұл орынды сен өзің
алдың дейміз бе, əлде нағашың əперді дейміз бе?
− Қайтесің сондай ілмешекті?- деді ренжіп қалған Қайназар қабағын
шытып. − Осы қыршаңқы тіліңнен ғой тауып жүргенің, əйтпесе қатардағы
инженерден көтерілетін уақытың баяғыда болды емес пе...
− Маған осы орын да жетеді. Мен өз өремді білем. − Жақан өзінің шарт
етпе мінезіне басты. − Ал сен...
Қайназар оның сөзін бөліп жіберді.
− Иə, мен! Мен! Мен, екенімді өзім де білемін. Оны қайт дейсің?
Немене, ұрысқалы келдің бе?
− Иə, ұрысқалы келдім.
− Неге?
− Əркім өзінің ұжданына қарай қызмет орнына отыру керек. Бұл сенікі
емес.
− Сонда кімдікі?
− Білмейсің бе кімдікі екенін? Бұл орын Еркебұланға лайық.
− Сөзіне қарағанда, сен маған арыз беріп кет дейсің ғой? Бірақ бұл
орынға Еркебұланды емес, партия, үкімет мені қойды.
− Жоқ, сені партия да, үкімет те қойған жоқ нағашың қойды. Бұлай
көтеріліп жатқан жалғыз сен емес, ағасы інісін, інісі ағасын көтеру қазір
əдетке айналып барады. Біз ондай қол жалғаушылықпен күресуіміз керек.
− Сонда сол күресті менен бастамақсың ба? Мен бұл орынға лайық емес
дегенді немен дəлелдейсің? Еркебұлан алған дипломды мен де алдым.
− Бірақ сен ондай қызыл мұқабалы диплом алған жоқсың ғой. Егер
ұжданына қарай дұрыс орынға қоймаса, онда оған қызыл мұқабалы
дипломды неге берді? Қысқасы бұл орын сенікі емес. Солай деп жоғарғы
директивтік орындарға жазам. Менің сөзіме сенбесе, екеуіңді салыстырып
көрсін. Керек десе емтихан алсын. Одан да өз еркіңмен орныңды
Еркебұланға бер.
Жақанның арыз да жазатынын, жиналыста да сөйлейтінін білетін, оның
мінезіне қанық Қайназар не дерін білмей сасып қалды. Сөйтсе де:
− Еркебұлан! Еркебұлан! Соншама оған неге жаның аши қалды?- деді
бөтен сөз таба алмай.
− Еркебұланға жаным ашығаннан айтып тұрған жоқпын! Ол маған брат
та, сват та емес. Одан үйренуге болады. Сен Еркебұланның жаңа ауданның
мəдени-қоғамдық орталығын қалай жоспарлағанын көр! Ал сенен не
үйренуге болады? Өзімдей ғана мамансың! Тек менен гөрі өсуге келгенде
қулығың, сұмдығың артық! Жəне сенің қолтығыңнан көтерер адамдарың
бар! Жұрттан бар артықшылығың осы! Ал ондай артықшылық менің
рухани уставыма қарсы дүние! Сондықтан өзімнің арым, ұятым таза
болсын деп замандас екенімді есіме алып, өзіңе айтып тұрмын. Егер менің
ақылымды алмасаң, өзіңнен көр!
Жақан одан артық сөзге келген жоқ шығып кетті. Сырт қарағанда
бастығына мынандай сөз айтып тұрған кісіні ақылды адам деуге
болмайтын еді. Өзгесін қойғанда, өз басының қамын ойламағаны тіпті
орынсыз тəрізді болатын. Аты-жөні жоқ бастыққа «Орныңды босат» деуі
өзінің орнынан тез босанып қалудың тікелей себебі ғой. Ал шынына
келсек, Жақанның былай тіке сөйлеуі ешбір ақымақтыққа да, сотқарлыққа
да жатпайтын. Əркім-ақ осындай шыншыл, қаймықпай айтатын
болсыншы!
Жақаннан əлгідей сөкет сөз естіген ызалы Қайназар не істерін, не
айтарын білмей ұзақ отырып қалды. Бір сəт оны сылтау тауып қызметтен
шығармақ та болды. Бірақ қалай шығарасың? Өзіне міндеттелген жұмысты
жақсы орындайды, əкесі кеше Отан соғысында ерлік көрсетіп майданда
қайтыс болған əйгілі адам. Ол кісі туралы осы шаққа дейін Жеңіс
күндерінде газеттер жазып жатады. Ал өз басына келсең, əлгіндей өзіне
ұнамаған жайды тікелей бетіне айтатын қылықтары демесең өте таза,
əділетті маман. Сылтау етер арақ та ішпейді, жұмысына да ұқыпты. Бір
тамашасы - отырған осы орнын өзіне дəл көреді. Қызмет бабында ептілік
істеп, өсуді ойламайды. Жоқ Жақанға тиісуге болмайды деп шешкен
Қайназар. Ол тағы ойға қалған. Жаңағы сотқар «орныңды Еркебұланға
бер» деді ғой, қайда барсам алдымнан ылғи осы Еркебұлан шығады!
Əрине, Жақанның əділетті екенін Қайназар түсінбейді емес, түсінеді,
Еркебұланның ұждан жағынан да, адамгершілік жағынан да, тіпті қабілет
жағынан да өзінен жоғары тұратынын да біледі. Неғұрлым бұны білген
сайын, солғұрлым Еркебұланға деген бала жастан келе жатқан жат сезім
оны билей түсті. «Орныңды Еркебұланға бер, ол сенен артық»,- дейді
Жақан. Менен артық екен деп қай адам өз орнын бөтенге бергені бар? Сөз
болғанына болайын! «Бұған менің көзімді жеткізу үшін оның жаңа ауданға
деген мəдени-қоғамдық орталығының жобасын көр»,- дейді Жақан. Иə, ол
жобаны Еркебұлан жоқта əлдеқалай көргені бар. Қарсы ештеңе айта
алмайсың!
Ескі
шығыс
архитектурасын
бүгінгі
күннің
тілегіне
сəйкестендірген. Маған да ұнаған. Кенет Қайназар орнынан тұрып кетті.
«Расыменен сол ескі медресе, керуен-сарайлар үлгісі жаңа заман тілегіне
дəл келе ме? Келуі мүмкін бе? Ал келмейді десек, қалай келеді деп
дəлелдей алады?»
Ұждансыз адамның бір қасиеті бар, ол - өзгенің қатесін көргіш келеді.
Ал ондай адамның ар жағында қастандық жатса, түйедей етіп көрсете
алады. Қайназар да Еркебұланды қай жағынан мұқату керек екенін өзінше
дəл тапты. Қайткенмен де оны мұқату керек, əйтпесе Қайназарға қиын
тиеді. Жақан, əрине, «бұл орын сенікі емес, Еркебұландікі» деп
білмегеннен айтып тұрған жоқ. Шынында солай. Егер Еркебұлан
мұқатылса, өзгелердің бұның көзіне сүйел етер ешкімі жоқ. Бірақ қалай
мұқатады? Біздің социалистік жаңа қалаға ескінің əлдеқашан шіріп қалған
үлгісін, сол үлгімен бірге оның біздің заманымызға қарсы феодалдық
хандық идеясын əкелгелі тұрсын деп ана жаңа аудан мəдени-қоғамдық
орталығына арналған жобасына тікелей өзіме қарсы шығуға болмайды.
Қарсы шықсам жұрт. Еркебұлан сенің жолдасың емес пе еді, осы уақытқа
дейін қайда қалдың. Іштей оған деген жұдырығын түюлі екен ғой, бүгінгі
күнге дейін үндемесең, қызмет бабыңның өсуін күтіп жүр екенсің десе
олар, шындықтан алыс кетпейтіндері хақ. Оның үстіне мұндай айыптау
менің аузымнан шықса, маған сауатсыз екенсің деулері де дұрыс.
Құрылыстың социалистік маңызын сыртқы түрі емес, ішкі мазмұны
көрсететінін сəулетшілердің қайсы білмейді? Монархқа қарсы көтерілген
француздар, сырты сондай көрікті болған Бастилия абақтысының бірде-бір
қышын, тасын қалдырмай өз қолдарымен быт-шытын шығарған. Ал сол
Бастилияның үлгісімен салынған Луврдың жанындағы басқа сарайға олар
тимеген.
Жанындағы
жандармдар
басқармасы
тұрған
сарайды
қиратқанмен, ана сарайды аман сақтап қалған. «Бұның ешкімге зияны жоқ,
өзі əдемі екен!» - дескен. Сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны деген міне осы.
Бірақ бұдан қазіргі социалистік қаланың үйлерін, сарайларын шіркеуге,
мешітке, медреселерге ұқсатып салуға болмайды ғой. Бұл діннің,
феодалдық идеологияларынан туған ойлар, сырт формасымен де олар бізге
жат идеологияның перзенттері. Еркебұланның болашақ сарайларына осы
айыпты тағуға болады. Бірақ бұны мен емес, директордың өзі тағуы керек.
Ал ол мұндай айыпқа бара ала ма? Бара алады. Сөзсіз бара алады. Жасы
болса келген. Мені өзіне орынбасар өткеннен бері, өзін пенсияға шығарып,
орнын маған алып бере ме деп зəре-құты жоқ. Расында да институт
директоры бір кезде министрліктен төмендеп, осы орынға келген кісі еді.
Егер оған «Еркебұланның жобасында ескінің үлгісін кіргізуімен сол ескінің
идеологиясын дəріптеу бар»,- десең болғаны. Əрине қарсы шығады. Ал
директордың қарсы шығуы -жобаны қабылдамау деген сөз. Бұдан артық
Еркебұланның абыройын төмен түсіру бар ма? Əрине, таза сезімді,
мұқалғыш Еркебұланға осының өзі жетіп жатыр.
Қайназар өз ойына өзі күлді. Кенет əкесінің баяғыда айтқан бір өсиеті
есіне түсті. Онда бұл институтта оқып жүрген кезі. Əкесі екеуі əңгімелесіп
отырған. Əкесінің бұл өсиеті неден туғаны қазір есінде жоқ, бірақ оның
сондағы айтқаны сөзі осы күнге дейін ұмытылмаған.
− Егер біреуге қастық ойлайтын болсаң не оған жағынғың келсе, ең
алдымен сол кісінің осал жерін таба біл,- деген əкесі.
− Адамның осал жерін білу оңай ма, мен мұндаймын деп маңдайына
жазулы тұрмайды ғой?- деген баласы.
− Қандай адамды алсаң да, іші менен сырты бірдей емес. Егер кісі
сырттай ақ жарқын, өз пайдасын өзі білмейтін ақ көңіл көрінсе, ондай
адамның ең алдыменен өз пайдасын ойлағыш кісі екеніне шек келтірме.
Сондай-ақ ісіне тым берілген адамның ішінде өсу арманы жатыр дей бер. .
Адамның сыртындағы адалдығына қарама, ішіндегі арамдығын ұға біл.
Қандай кісі болмасын, сыртқы пішінімен, іс-əрекетімен берік көрінгенмен,
оның ішінде жатқан осалдығын тануға болады. Өйткені бір адам əрқашанда
екі адамнан тұрады. Жалпы, өзіңнен бөтен ешкімге сенбе, адам баласы өте
алдамшы, екі жүзді,- деген əкесі.
Əкесінің бар айтқаны өзі туралы екенін Қайназар соңынан барып білген.
Бірақ сол кезде оның: «Ешкімге сенбе, адамның сырты мен іші екі түрлі»,-
деген сөзін есіне, мойнына таққан тұмардай сақтап қалған. Өзі де сол
əкенің айтқанына еліктеп, əрқашан да іштегі ойын сыртына шығармай
келген.
Сол себептен директордың осал жерін пайдаланбақ болған. Күлгені де,
сондағы əке ақылының қазіргі директорына қалай дəл келгеніне таң
қалғаннан туған əжуа еді.
|