Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі.