Індетке қарсы шаралар


Жұқпалы ауруларды балаудың арнайы әдістері



бет10/12
Дата14.02.2023
өлшемі58,85 Kb.
#67835
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Жұқпалы ауруларды балаудың арнайы әдістері. Індеттанулық, клиникалық және патологоанатомиялық әдістердің көмегімен кейбір жекелеген жұқпалы ауруларға ғана диагноз қою мүмкін. Көбінде бұл зерттеулердің нәтижесінде белгілі бір ауруға күдіктенуге болады. Бұл арнаулы әдістер аурудын өзіне тән қоздырушысын немесе оған қарсы жануар денесіндегі
өзгеше иммунологиялық құбылыстарды айқындауға негізделген. Мұндай арнаулы әдістерге микробиологиялық (бактериологиялық, вирусологиялық), серологиялық және аллергиялық зерттеулер жатады.
Бактериологиялық зерттеу. Бактериологиялық балау әдісі жұқпалы ауруларға шалдыққан жануардың денесінен ауру қоздырушы зардапты микробты табуға негізделген. Микробты табу "индикация" оның қай түрге жататындығын айқындау "идентификация" деп аталады. Бактериологиялық зерттеу үш түрлі буыннан тұрады. Олар: микроскоппен көру яғни микроскопия (микроскоптау), бактерияны қоректік ортада өсіріп өсін алу және лабораториялық жануарларға жұқтырып биосынама қою.
Бактериологиялық зерттеу оң нәтиже берген жағдайда іс жүзінде тұжырымды диагноз қоюға болады. Тек кейбір шартты түрдегі зардапты микробтар (сальмонеллалар, пастереллалар, эшерихиялар) табылған кезде басқа балау әдістерінің көмегімен ауру немесе микроб алып жүру екенін ажыратуға тура келеді. Енді бір жағдайда табылған микробтың індеттік штамм немесе вакциналық штамм екенін айқындау қажет болады. Қазіргі замандағы әдістер бұл қиындықтарды жеңуге толық мүмкіндік береді.
Вирусологиялық зерттеу. Вирусологиялық әдістің бактериологиялық зерттеулерден біршама өзгешеліктері бар. Вирус жасуша ішінде тіршілік ететіндіктен вирионды босатып алу үшін ең әуелі патматериалды мұқият ұнтақтап, суспензия дайындайды. Вирусты бөліп алу үшін суспензияны тауық эмбрионына немесе ұлпа өсініне енгізеді, болмаса лабораториялық немесе табиғи бейім жануарларға жұқтырады. Жұқтырудың нәтижесі оң болған жағдайда өсіп-өнген вирусты айқындау үшін әр түрлі серологиялық реакциялар пайдаланылады.
Аллергиялық зерттеу. Жүқпалы ауруларды аллергиялық әдістермен балау баяу типті сезімталдыққа негізделген. Бұндай зерттеулер ауру қоздырушы микробтардың антигендерінен даярланатын аллергендердің көмегімен іске асырылады. Аллергиялық балау туберкулез, паратуберкулез, бруцеллез, маңқа, топалаңның созылмалы түрі (шошқада) сияқты аурулар кезінде пайдаланылады.
Аллергенді негізінен орны .шектелген реакция үшін тері ішіне, қабақ астына, көздің конъюнктивасына жібереді.
Орны шектелген реакция аллерген енгізген жердің қабынуы арқылы білінеді. Соның нәтижесінде тері қыртысы қалыңдайды, қабақ асты бүлтияды, ал көздің қасаң қабығы қабынып, ірің аралас жас ағады.
Кей жағдайда, орны шектелген реакцияның нәтижесі дүдәмал болса немесе бұндай зерттеуді жүргізу мүмкін болмаса, организмнің жалпы реакциясын анықтайтын зерттеулер жүргізеді. Бұндай жағдайда аллергенді вена ішіне немесе тері астына жібереді Орны шектелген реакциядан гөрі жалпы реакцияны анықтау мейлінше дәлірек мәлімет береді.
Серологиялық зерттеу. Жұқпалы ауруларды балауға серологиялық реакциялар кеңінен пайдаланылады. Серологиялық реакциялар антиген мен антиденелердің организмнен тыс іn vіtго өзара әрекеттесуінің нәтижесінен туындайды. Антиген
мен антидененің қатысуынсыз ешбір серологиялық реакция жүрмейді. Сондықтан оларды серологиялық реакциялардың негізгі факторлары деп атайды. Көптеген серологиялық реакцияларда антиген мен антиденеден басқа қосымша факторлар деп аталған комплемент, конглютинин, антиглобулин, т.б. пайдаланылады. Серологиялық реакциялардың компоненттері өзгермеген (табиғи қалпындағы), алып жүруші негізге (эритроцит, латекс, декстран, т.б.) жабыстырылған және радиоактивті изотоп, люминисцентті бояу немесе тағы басқалармен таңбаланған болуы мүмкін. Антиген мен антидене қосылғанда белгілі бір құбылыс байқалады. Мысалы, антигендер жабысып іріміктенеді (агглютинация, преципитация) немесе ериді (лизис). Осы құбылыстарды тікелей бақылаумен қатар, бір тектес қос компонентті жарыстырып, бірінің әсерін екіншісі тежеуі арқылы да серологиялық реакцияның нәтижесін бақылауға болады. Мұндай реакциялардың бірінші түрі тікелей жүретін реакциялар да, екінші түрі - тежелінген реакциялар. Сонымен біздің пайымдауымызша (Т.Сайдулдин, 1982) серологиялық реакциялар негізгі екі жікке бөлінеді: қосымша факторлары жоқ реакциялар және қосымша факторлары бар реакциялар. Бұлардың әрқайсысы компонентерінің ерекшеліктеріне байланысты компоненттері өзгермеген, компоненттері жабыстырылған және компоненттері таңбаланған деп аталатын үш топқа бөлінеді.
Серологиялық реакцияларда антигенді, не болмаса антиденені айқындауға болады. Антигенді айқындау үшін алдын ала белгілі, құрамында сол антигенге қарсы антиденелер бар қан сарысу немесе иммунологлобулиндес пайдаланылады. Керісінше антиденелерді айқындау үшін алдын ала белгілі стандартты антиген қажет.
Антигенді айқындау мақсатымен серологиялық зерттеу үшін қоздырушы микроб немесе оның антигені бар-ау деген патматериалды пайдаланады. Мысалы, бұл мақсатпен құтырыққа ауырған жануардың миын, топалаңға малдың терісін тексереді. Патматериалда антигеннің табылуы диагностикалық маңызы жағынан сол аурудың қоздырушысының табылуымен пара-пар болып есептеледі.
Серологиялық реакциялардың көмегімен бөлініп алынған ауру қоздырушысын да тексеріп, оның түрін, тіпті серологиялық вариант (серовар) деп аталатын қоздырушының айрықша жекелеген топтарын айқындауға болады. Сондықтан серологиялық реакциялар бактериологиялық және вирусологиялық зерттеулердің басым көпшілігінің құрама бөлігі болып табылады.
Серологиялық әдіспен ауру қоздырушысына қарсы антиденелерді айқындау үшін негізінен қан сарысуы тексеріледі. Бұл жолмен жұқпалы ауруларға диагноз қойғанда мынандай жайттарды ескеру қажет. Антидене жануарлардың қанында ауру нәтижесінде ғана емес вакцинамен иммундеу себепті болуы да мүмкін. Денесінде әр түрлі микробтардың ортақ антигендері болуы нәтижесінде ауырмаған және вакцинамен егілмеген организмде қалыпты (нормадағы) мөлшерде антиденелер кездеседі. Сондықтан антиденелердің
диагностикалық титрі деген үғым қалыптасқан. Мысалы, сиырдың қан сарысуында бруцеллезге қарсы антидененің агглютинация реакциясындағы титрі 1:100-ден жоғары болғанда зерттеудің нәтижесі оң, яғни мал ауру деп есептеледі. Титрі 1:50 болса, зерттеудің нәтижесі дүдәмал, ал 1:25 және одан төмен болса реакцияның нәтижесі теріс, яғни мал сау деп есептеледі.
Антиденелерді айқындау арқылы жұқпалы ауруларға серологиялық диагноз қойғанда кей жағдайда жұп сарысу әдісі қолданылады. Бұл әдісті қолдану үшін тексеретін малдан арасына екі аптадай үзіліс салып екі мәрте қан алады. Егер соңғы зерттеу кезіңде алдыңғысымен салыстырғанда, антидененің титрі 4 есе немесе одан да жоғары артса, диагноз қойылды деп есептелінеді. Егер титрі бұрынғы мөлшерде сақталса немесе 2 есе ғана артса, зерттеудің нәтижесі дүдәмал болып есептеледі. Ал титрдің төмендеуі оның бұрынғы аурудан, әлде вакцина егуден немесе айқыш иммунитеттен қалған анемнездік жадылық реакция ретінде бағаланады. Бұл айтылғандар көпшілік жағдайға ортақ жалпы заңдылық, ал кейбір жануарларда зерттеу нәтижесі бұл ережемен сәйкеспеуі мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет