2 Өзіндік зерттеу Курстық жұмысты орындау барысында жұқпалы ауруларды балаудың ерекшеліктері зерттелді. Жұқпалы ауруды балау, немесе диагноз қою, аурудың кез келген түріне (ішкі жұқпайтын, оташылық, т.б.) қатысты ортақ заңдылықтарына негізделген. Әйтсе де жұқпалы ауруларды балаудың өзіндік үш түрлі ерекшеліктері бар.
Жұқпалы аурудың әрқайсысының өзіне тән телімді тірі қоздырушысы болатындықтан, сол қоздырушыны ауырған жануардың денесінен тауып, оны анықтау диагноз қоюға толық негіз болады. Жұқпалы ауру кезінде денеде ауру қоздырушыға қарсы өзіне тән иммундік жауап реакциялары болатындықтан, осы өзгерістерді аллергиялық немесе серологиялық тәсілдермен анықтау - ауруды балаудың аса бір тиімді әдістері болып табылады.
Жұқпалы ауруға індет процесі тән болғандықтан, індеттену ерекшеліктерін ескеру арқылы балау жұмыстарына тиісті бір бағдар беруге болады.
Жұқпалы ауруларды балау кешенді түрде жүргізіледі де, бұл кешен мынандай құрама бөліктерден тұрады:
Індеттанулық әдіс.
Клиникалық әдіс.
Патологиялық-анатомиялық әдіс.
4. Микробиологиялық (бактериологиялық, микологиялық, вирусологиялық) әдіс.
5.Серологиялықәдіс.
6. Аллергиялы эдіс.
Жұқпалы ауруды балау кезінде диагноздың екі түрін ажыратқан жөн. Олар - нозологиялық және індеттанулық диагноз. Нозологиялық балау аурудың түрін (мысалы: бруцеллез, топалаң, сіреспе) анықтауға саяды. Індеттанулық балау толық індеттік жағдайды анықтауға бағытталған. Індеттанулық балау негізінде індеттің буындары (инфекция қоздырушысының бастауы, оның берілу тетіктері мен ауруға бейім жануарлар) және індет ошағының ерекшеліктері мен шекарасы анықталады. Тек егжей-тегжейлі іңдеттанулық балау негізінде ғана індетке қарсы нәтижелі жұмыс жүргізуге болады.
Індеттанулық балау әдісі. Індеттанулық балау әдістері індеттің шығуы мен таралуына қатысты төмендегідей мәліметтерді талдау арқылы жүргізіледі.
Індеттік жағдай.
Індет бұғауының буындары.
Аурудың індеттік ерекшеліктері.
Індеттік жағдайдың негізгі көрсеткіші - күдік тудырған аурудың сол өңірде бар немесе жоқ екендігі. Басқаша айтқанда, тиісті індет ошағының немесе табиғи ошақтың болу болмауы. Егер ондай ошақ бұл аймақта болмаса, осы аурудың басқа жердегі ошағына ауырған малдың қандай қатысы болуы мүмкін екендігін анықтау. Бұл жағдай індет бұғауының нысандарын талдауға тікелей
қатысты. Індет бұғауының буындарын талдау жануардың ауруға бейімділігінен басталады. Ауруға бейім жануар індет бұғауының соңғы буыны болса да, жануардың ауруға бейімділігі балау жұмыстарында бірінші кезекте ескеріледі. Оған мынандай мысал келтіруге болады, сиыр маңқаға шалдықпайтындықтан малдың бұл түлігінде аталған ауруға балау жүргізу орынсыз әрекет екені даусыз. Ауруға бейімділік жануардың түр, жыныс және жас ерекшеліктеріне негізделіп қарастырылады.
Індет бұғауының буындарын талдағанда екінші кезекте күдік тудырған ауру қоздырушысының бастауы болып табылатын ауру немесе микроб алып жүруші жануардың бар немесе жоқ екені анықталады. Егер инфекция қоздырушысының бастауы табылса, оның берілу тетіктері іздестіріледі. Ауруға бейім жануар инфекция қоздырушысымен тікелей жанаспаған жағдайда жұғу факторлары мен тасымалдаушылардың аурудың тарауына қатысы анықталады. Сонымен қатар инфекцияның қарастырылып отырған жағдайдағы мүмкін болатын берілу жолдары және олардың осы аурудың ерекшеліктерімен үйлесімділігі.
Аурудың індеттік ерекшеліктеріне тоқталғанда, оның қарқыны (спорадия, эпизоотия, панзоотия), жұғымталдығы, шығын және өлім көрсеткіштері, т.б. ескеріледі. Сонымен қатар аурудың маусымдық және кезеңдік ерекшеліктері оны балау үшін құнды деректер болып табылады.
Індеттанулық балау әдісі түпкілікті нозологиялық диагноз қоюға толық мүмкіндік бермегенмен, басқа дәлдігі жоғары арнаулы әдістерді пайдалануға бағдар береді.