Инклюзивті білім берудің негізгі ұғымдары және инклюзивті білім беру моделі. Инклюзивті білім беру принциптері. Инклюзивті білім беру деген не?
Инклюзияның тұжырымдамалық анықтамасы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан (БҰҰ, 1948) бастау алады. Декларацияда барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді деп айтылған. Кейіннен инклюзивті білім беру тұжырымдамасын ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк және т.б. сияқты беделді халықаралық ұйымдар кеңейтіп, семантикалық мағынамен толықтырды
Инклюзивті білім беру – барлық балалардың сапалы білім алуға тең қолжетімділіктің болмауының жаһандық проблемаға айналуына байланысты әлемдегі негізгі трендтердің бірі болып отыр. Мысалы, ЮНЕСКО деректері бойынша барлық мүмкіндігі шектеулі балалардың 10% - ы ғана мектепке барады, тек 5% - ы ғана бастауыш білім алады.
Инклюзивті білім беру – барлық кемсітуішілік формасына тосқауыл қоятын, оқушының білім алудағы әртүрлі қажеттіліктері мен алуан түрлілігін есепке ала отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған, жалпы білім беруді дамытудың үздіксіз процесі.
Инклюзивтік білім беруді құру мемлекетке барлық балалардың жалпы білім алуын жақсартудың маңыздылығына сүйене отырып, аса дарынды балалардан бастап ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға дейін қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) және жеке дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс. Инклюзивті мәдениет инклюзивті білім берудің негізгі үш аспектісінің - инклюзивті саясатты әзірлеу, инклюзивті мәдениетті дамыту, инклюзивті практиканы жүзеге асырудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады
Инклюзивті саясат
Инклюзивті мәдениет
Инклюзивті практика
ИНКЛЮЗИВТІ МӘДЕНИЕТ инклюзивті білім берудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және әртүрлілікті құрметтеу және айырмашылықтарға төзімділік құндылықтарын қабылдауды қамтиды. Инклюзивтік мәдениетті ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтендіру факторы ретінде ғана емес, сондай-ақ тұтас алғанда бүкіл қоғамның өзгеру негізі ретінде де қарау керек.
Білім беру ұйымдарындағы әрбір адамның өзіндік ерекшелігін, әртүрлілігін құрметтеу, білім берудің кез келген субъектісіне қолайлы, жағымды мектеп қоғамдастығын құру, инклюзивті құндылықтарды қабылдау инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың негізін құрайды.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз білім беру ортасын, білім алушылардың оң психо-эмоционалдық көңіл-күйін, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аудару қажет.
Ерекше білім беру қажеттіліктері – әрбір оқушының білім алуында табысқа жету үшін психологиялық-педагогикалық әдістермен жүзеге асырылатын оқу-тәрбие процесіндегі көмек пен қызметке деген қажеттіліктер.
Бұл тұста инклюзияны жекелей емес, бүкіл білім беру жүйесінің принципі ретінде қарастыру қажет.
Инклюзивтілік принципіне негізделген жалпы білім беруді дамыту білім берудегі құндылық бағдарлардың өзгеруін меңзейді. Инклюзивті білім беру құндылықтары келесі ұстанымдарға сүйенеді: білім беру процесінің барлық қатысушылары: 1)мүмкіндіктердің әртүрлілігін кедергілер мен проблемалар ретінде емес, ресурстар ретінде қарастырады Қоғамда толерантты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, мұғалімнің педагогикалық шеберлігін арттыруға және жоғары сапалы білім алуды қамтамасыз етуге арналған ресурстар. Бір оқушының қиындықтарын еңсеруге бағытталған жұмыс, әдетте, басқа балаларға да пайдалы болады;
2) оқу-тәрбие процесін оқуда жоғары жетістіктері бар оқушыларға ғана емес, сыныптағы барлық оқушыларға назар аудара отырып құрады;
3) ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға тек мамандар емес (логопед, арнайы педагог, психолог, жеке көмекші) білім беру процесінің барлық қатысушылары, соның ішінде пән мұғалімі тарапынан қолдау көрсетеді;
4) білім беру процесінде оқушыларға көмек көрсету мәселелерін шешуде командалық тәсілді қолданады;
5) оқушыларға қолдау көрсету және ұйымдастыру барысында оларды «бөлектеуден» бас тартады. Көмек «инклюзивті», «ерекше», «өмірлік қиын жағдайға тап болған» балаларға емес, оқушылар қауымдастығының толық мүшесі ретінде көрсетіледі. «Бөлектеу» кемсітушіліктің көрінісі болып табылады.