Шығармашыл мұғалім – азаматтық белсенді тұлға. Ол айналасында (ауылында, қаласында, елінде) болып жатқан жағдайларға бей жай қарамайды, ол жағдайларға үнемі өзінің қатысын білдіріп отырады. Қоғамдық өмірдегі өзінің азаматтық рөлін дұрыс түсінетін, саяси сауаттылығы жоғары маман. Оқушыларын да өмірдегі өзгерістерге сын көзбен қарап, объективті бағасын беруге, кемшіліктерге төзімсіз болып, түзету үшін үлестерін қосуға тәрбиелейді.
Шығармашыл мұғалім – бәсекеге төтеп беретін тұлға. Жаңа заманға сәйкес педагогикалық қызмет көрсету аясы кеңейген уақытта шығармашыл мұғалім өзінің шеберлігін үнемі арттырып отырады, өзінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы өзіндік бағасы бар. Әлсіз тұстарын жетілдіру үшін озық тәжірибені шығармашылықпен қолдану, педагогикалық жаңалықтар кешенінен қалмауды басты назарда ұстайды. Жаңа технологияларды меңгеру, қолдану арқылы өз ісінің нәтижелі болуына талпынады.