Жобалап оқыту технологиясы – кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазақ тілін үйренуге қазіргі заман тұрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық ақтай алатын оқыту жүйесі. Яғни, жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын студенттің өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер.
Ш.Д.Абдиева: "жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады" – десе, ғалым А.А.Сатбекова: "жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы"– деп тұжырымдаған [5, 49].
Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру жəне сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта əр түрлі жағдаяттарда, əр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу.
Демек, жобалап оқыту технологиясын қолданып, проблемалық тақырыптың мазмұнын ашу, пікірталасқа түсу, өзіндік ойларын ғылыми дәлелдеудегі мұндай оқу ынтымақтастығын тудыратын топтық жұмыстардың мүмкіндіктері мен тиімділігі мол. Ә.Қисымова, Т.Увалиева ғалымдардың зерттеп, зерделеулерінің нәтижесінже жаңа кезеңде жобалай оқыту технологиясын қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқыту жүйесі ретінде таңдап алудың бірнеше себептері жүйеленді.
Біріншіден, бұл технология – кредиттік оқу жүйесін жүзеге асыруға мүмкіндігі мол технология. Кредиттік оқу жүйесінде студенттің өз бетімен орындайтын жұмысына басымдылық беріледі. Ол оқытушының басшылығымен және өз бетімен орындайтын жұмыс деп бөлінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, жобалай оқыту технологиясы мен кредиттік оқу жүйесінің өзара бірлігі айқын байқалады.
Екіншіден, жобалай оқыту технологиясының философиялық, гуманистік, психологиялық мүмкіндіктері студенттің жеке тұлғасын дамытуға бағытталады. Өз бетімен қазақ тілі бойынша берілетін түрлі жобаларды қазақ тілінде орындау барысында студент «білім іздеудің өзіндік сүрлеуін» қалыптастырады және ол сүрлеу студенттің өмір бойғы білім алуы дағдыларын дамытады.
Үшіншіден, бұл технологияның артықшылығы–жоба жұмысын орындау арқылы студент өздігінен шешім жасауға үйренеді, жобаның орындау логикасын анықтайды. Cтудент тілді меңгеру үдерісінде қазақ тілін оқып-білудің негізгі әрі белсенді субъектісіне айналады.
Төртіншіден, бұл технология студенттің білім деңгейін дамытуға көмектеседі, себебі ол өз бетінше әрекетке түсіп, ізденеді.
Бесіншіден, бұл технология бойынша студент тақырыпты өзі таңдауына мүмкіндік алады.
Алтыншыдан,жобалау технологиясы оқытушыға да, студентке де жұмысына, ғылыми дәлелдемелеріне қанағаттану сезімін, яғни «эгофакторлық» сенім ұялатады