Тырысқақ ауруы кезіндегі медбикелік үрдіс. Тырысқақ (грек. Cholera chole өт + rheo ағу деген сөздерінен шыққан) асқазан ішек жолдарының зақымдалуымен, су-тұз алмасуының бұзылысымен және ағзаның сусыздануымен жүретін карантинді, жедел жұқпалы ауру.
Этиологиясы.Қоздырғышы – холера вибрионы – грам теріс үтір тәрізді таяқша.
Эпидемиологиясы. Инфекция көзі – ауру адам және тасымалдаушы.
Берілу механизмі – фекальді-оральді.
Берілу жолдары: сулы, тағамды, тұрмыстық-қатынастық.
Патогенезі.Холера вибриондары ағзаға су немесе тағам арқылы түскенде жіңішке ішекте көбейіп, экзотоксин бөледі, ол энтероциттердің бұзылысына әкеледі. Сонымен қоса көп мөлшерде су мен электролиттердің (натрий, калий, бикарбонат, хлор) ішектің қуысына өтіп, нәжіспен және құсықпен шығуына әкеліп, ағзаның изотоникалық сусыздануын тудырады.
Клиникасы: инкубациялық кезең – 1-5 күн, жиі 1-2 күн. Ауру жедел басталады, продромальді көрінісі ретінде әлсіздік, кейде температураның 37-38о дейін көтерілуі мүмкін. Негізгі көріністері:
-сулы іш өту, лайлы-ақ түсті, күріш қайнатпасы тәрізді;
-құсу кенеттен іш өтуден кейін жүрек айнусыз болады;
-құсығы да күріш қайнатпасы тәрізді;
-іш өту де құсу да іште ауырсынусыз өтеді;
-әлсіздігі күшее түседі;
-бұлшықеттерде, әсіресе балтырда діріл мен ауырсынулар.
Сусызданудың дәрежелері:
I дәреже: сұйықтықты жоғалту дене салмағының 3% жоғалтқанда болады; нәжіс ботқа тәрізді, құсу болмауы мүмкін, сусыздану гемодинамикалық бұзылыстар белгілері байқалмайды немесе әлсіз білінеді.
II дәреже: сұйықтықты жоғалту дене салмағының 4-6% жоғалтқанда болады; іш өту сулы нәжіспен және құсу пайда болады. Тері және шырышты қабаты құрғақ, дауысы әлсіз, саусақтарда тері тургоры төмен; тахикардия, шамалы артериялық гипотензия, олигурия байқалады.
III дәреже: сұйықтықты жоғалту дене салмағының 7-9 % жоғалтқанда болады; іш өту және құсу көп ретті. Шөлдеу, діріл, адинамия, дауыстың қырылдауы, беті үшкірленген, қабағы түскен, аяқарына тері тургоры төмен, дене температурасы төмендеген, тахикардия, артериялық гипотензия, олигурия немесе анурия айқын.
IV дәреже: сұйықтықты жоғалту дене салмағының 10 % және одан жоғары жоғалтқанда (декомпенсирленген сусыздану). Афония, тері тургоры бірден төмендеген, суық, жабысқақ, көгерген; тоникалық дірілдер, дене темературасының 35-34о дейін түсуі (сол себепті алгидті, яғни суық деп атайды) шок, анурия дамиды.
Асқынуы.
Нефротикалық нефроз, уремиямен жүретін тез үдейтін гломерулонефрит, пневмония, абсцессы, флегмона, тілме, сепсис. Өлім сусызданудан, комадан, интоксикациядан туады. Ағзаға массивті натрий хоридті, бикарбонатты көп бергенде өлім 50%-дан 1%- ға дейін төмендеді.
Диагноз келесіге қарап қойылады:
-Клиникасына;
-Эпидемиологиялық анамнезіне қарап (алдыңғы 5 күн ішінде тырсқақ ошағында болуы; науқаспен қатынас; залалсызданбаған суды ішу);
-Құсықты немесе нәжісті бактериологиялық әдіске алу. (Стандарт - 2)