бәрін жек көретін өлермен өзімшілдік, мақтаншақтық,
қатыгездік, мейірімсіздік пен іштарлық патология (ессіздік,
бейсаналылық) емес пе? - деп жазады. Мұның бәрі қоғамдағы
босаңсудан пайда болған түпсанадағы ессіздік, кеселдік дерті.
Жаңа нарықтық демократияшыл қоғамның күреспей, тиісті
моральдық қалқан жасамай жауыздықты беталды жіберіп
алудың салдары. Күнделік иесі “Сұм өмір абақты ғой саналыға”,
– деп ақын Мағжанша толғанады.
Күнделік иесі жындыханаға түседі. Алайда сырқатының
түрі есі ауысқандыққа жатпайды. Ол туралы дәрігер: “Шынайы
тазалық бұл өмірде құлағалы тұрғандай көрінеді. Бәлкім, оны
44
құлатпай ұстап тұрған сіз секілді санаулы адамдар шығар...”
дейді.
Күнделік иесінің қасіретті дерті – қай күні таңертең басқа
адам болып оянатындығында. Ол басқа адам, яғни қосалқы
тұлғасы бұған қарама-қарсы пиғылдағы жан. Біріншісі ізгілікке
сенсе, екіншісі зұлымдыққа жақтас болады. Оның пікірінше
ізгілікке де, зұлымдыққа да сену керек. Зұлымдықтың да пайдасы
бар. Зұлымдықтың бір өкілі-ажал. Егер ажал болмаса, жер
бетінде қандай тіршілік болар еді? Ауру өлмесе, кәрі өлмесе,
қарақшы өлмесе не болар еді? Тозақ қана болар еді. Бойымызда
кісі өлтіре алатын қатыгездік болмаса, қанішерлерден өзімізді
қалай қорғар едік?”-дейді. Күнделік иесі дәрігердің “таңертең
басқа адам болып оянасыз” дегенінен шошынады. “Жоқ,
ешқашанда!” деп өзіне ант бергендей болады. “Парасат майданы”
хикаятының көркемдік идеясы айқын. Ол – өз өміріңді құрбан
етсең де, жамандыққа жол берме”. Повесть ақын Мұқағали
Мақатаевтың:
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем, -
деген өлеңімен түйінделеді. Күнделік иесінің ой саптауына қарап
отырып, біз оның негізінен жүрегі ізгі жан екенін байқаймыз.
Жақсы адам бола тұра, бір басында қайшылығы, ой-сезім
арпалысы мол жан. Екінші тұлғасы - Бейтаныс құрбы - оның жан
жарасы. Повесть Сократ, Ницше, Фрейд, Абай сияқты ірі
ойшылдарға сүйене отырып, “бостандық адамның өзінің ішінде,
санасында, қоқыстан арыламын десең, өзіңді өзің жеңу керек”, –
деген қорытындыға келеді. Повесть көбіне ағартушылық
арнасында өрбиді. Өмір сүріп отырған қоғамымыз нарықтың
жетегінде кетіп, руханият саласын жүдетіп алды. “Парасат
майданы” шығармасы адамзат тарихында қол жеткізген рухани
құндылықтарды сақтауға үндейді.
Белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай»
повесі – осы кезеңдегі қазақ прозасының үлкен табыстарының
бірі. Повесте ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы заман
дүрбелеңі суреттеледі. Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер
трагедиясы» романында Жайық қазақтары басынан кешкен
азапты өмір, Төлен Әбдіковтың «Өліара», Смағұл Елубаевтің
45
«Мінәжат» романдарындағы кеңестендіру саясаты тұсындағы
қазақ ауылдарының тағдыры Cәкен Жүнісовтың бұл повесінің
арқауына айналған. Уақыт шындығы әр қаламгердің суреткерлік
қиялында өзгеше қалыптармен көріктеліп, айналып келгенде сол
шындық жеткізіледі. Сәкеннің «Заманай мен Аманай» туындысы
романға арқау боларлық жүкті арқалаған.
Повеске заман дүрбелеңіне тап келген қазақ ауылының
тағдыры оқиға етіп алынған. Оқиға ұжымдастыру кезінде жат
жерге қоныс аударған қазақ ауылының жүдеу тіршілігінен бастау
алып, шегіністер арқылы суреттеледі. Бір ауылдың арқа тұтар
азаматы Сәлімгерей сол ауылын бастап арғы бетке өтпек
болғанда оққа ұшады. Бөтен адам емес, өзінің қызы Балзияның
сүйген жігіті Атымтай әскерінің қолынан. Ауылға ақылшы болған,
өктемдікке өш, өжет те қайсар әкенің орнына енді ауыл көшін
Балзия бастамақ. Әке өліміне кектенген қайсар қыз сүйгенінен
бас тартып, Атымтай орнатыспақ болып жүрген кесапатты
заманнан түңіліп, қиын да қысылтаяң жағдайда елді бастап
кетпек болады. Сәукеле тауды аса көшкен елді күтіп тұрған
жақсылық жоқ еді. Шығарма оқиғасындағы басты тартыстың
ширыға түсуіне Балзия мен Атымтай арасындағы қарым-қатынас,
оларды осындай күйге тап қылған заман дүрбелеңі негіз. Азапты
сапарға азаттық үшін бас тіккен ауыл адамдарының көрген
қиыншылықтары, заманның ащы шындығы диалог пен пейзаж,
психологиялық
терең
иірімдермен
берілген.
Жазушы
кейіпкерлер характерін даралауда диалогті шебер пайдаланса,
туған жерін қия алмай, амалсыз бұлдыр жолға бет алған
халықтың талайлы тағдырын бет қаратпай тұрған боранмен
егіздей суреттейді. Осындай аласапыран шақта мұз жарығына
түсіп кеткен Меруерттей сәбидің қайғылы халі де азап кешкен
халық тағдырын көрсетеді. Повестегі орталық тұлға Балзия –
әкенің арқасында таршылық көрмей ерке өскен, оқып, білім
алған қыз. Сүйгенімен бірге жаңа заманнның өкілі боламыз деген
арманы орындалмай, әке өліміне ашынып, намысы мен
бірбеткейлігін алға ұстаған ол қаншама жылдар өтіп қартайғанда
өзінің осы істегеніне опынғандай болады. Өзі елді бастап арғы
46
бетке асқанда құрсақта келген жалғызы Заманай да жат мекенде
қаза тапқан. Өлер шағында қаршадай немересі Аманайды ата
жұртына жеткізуді басты парызы санап, аруақтардан кешірім
өтінгендей болады. Бар өмірін қиыншылықпен өткізген Балзияны
өлмелі шағында кері қайтып, елге жетуге жетелеген, бойына күш-
қуат берген – туған жерге деген махаббат сезімі. Аманайды
жетелеп елге бет алған жолда да көргені аз емес. Ауру меңдеген
кемпір өң мен түстің арасындағы бір халде әлдеқашан қаза
болған Атымтаймен тілдеседі. Екеуінің тілдесуі арқылы қызылдар
орнатқан қоғамның трагедиясы, ащы шындығы көрсетілген.
Жаңа заман үшін белсене күрескен, осы жолда жанындай сүйген
жарынан еріксіз айырылған Атымтай да опа таппаған екен.
Колхоз құрамын деп жүргенде ел ашығып, бір зобалаңға тап
келсе, онымен де тоқталмай, жала жабылып, зұлмат уақыттың
құрбаны болады.
Жазушының жетістігі ретінде повесть оқиғасының желісіне
енгізілген Сәукеле тау туралы аңыз. Аңыз оқиғасын алға тарта
отырып, жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктін
бітіспес тартысын бейнелейді. Бүгінгі заманға ишара жасайды.
Аңыздағы қылышынан қан тамған озбыр ханның әрекеті арқылы
қызыл империя белсенділері тұспалданғандай. Ғизат пен Гүлсана
сияқты кейіпкерлер арқылы зұлмат заманның қиындығын
кешкен қазақ халқының тағдыры көрсетіледі. Сол Сәукеле
таудың бауырында Балзия мен Атымтайдың бір-ақ сәттік жастық,
жайдары ғұмырлары жалт етіп өте шыққан. Сол Сәукеле тау
Аманайдай сәби үшін жарқын болашақтың қақпасы тәрізді. Әже
әңгімесінен туған жер, ата жұрт туралы көп еститін бала сол
мекенді алдағы өмірінің бар қызығын сыйлайтын орын деп
түйсінген. Ата мен бала, немере тағдырына ықпалын тигізген
аласапыран заман олардың бойындағы рухты өлтіре алмайды.
Жазушы күллі қазақ халқының туған жер, ата мекенді айрықша
қастер тұтқан болмысын осы тағдырлар арқылы бейнелеп
жеткізеді. Ата мекеннен бар бақытын таппақ болып күрескен
Атымтай, жат жерде дүниеге келіп, әкеге деген сағынышымен аз
ғана ғұмыр кешіп, уақыт тұзағына тұтылған Заманай, әженің
47
жетегінде сол ата мекенге бет алған Аманай бейнелері арқылы
көп нәрсені аңдауға болады. Жазушы бұл үш кейіпкерінің бойына
бір кезеңдегі күллі қазақ тағдырын сыйдырса, Балзия арқылы
жанкештілікпен жақсылыққа қарай ұмтылған қайсар рухты
көрсетеді. Туған жерден амалсыз айрылған қасіретті ғұмырының
соңғы нүктесін сол ата мекенге қарай қадам басып барып қояды.
Халық тағдырын тарихи кезең шындығы арқылы бейнелеген
суреткер өзінің көркемдік әлемінде өзіндік көркемдікпен
қорытып, өзіндік идеямен өрбітеді. Замана шындығы мен халық
тағдыры терең психологиялық талдаумен әрі ширыққан
тартыспен танытылған.
Достарыңызбен бөлісу: |