«Құтадғу біліг» («Құтты білік») Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн - түркі халықтары тарихындағы қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мәшһүр болған данышпан-ойшыл, атақты ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Жүсіп Баласағұн есімі кезінде Шығыс пен Батыс елдеріне орта ғасырдың атақты ғалымы, дәлірек айтсак, файласуфи (философия), риезиет (математика), тибби (медицина), фэлэкият (астрономия), нужум (острология), тарих, оперганз, тіл білімі, әдебиеттану, т. б. Ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама ретінде жақсы мәлім болған.
Әйтсе де Жүсіп Баласағұнның есімін әлемге танытып, әдебиет тарихына мәңгілік өшпестей жазып қалдырған бірден-бір әдеби туындысы - «Құтты білік» дастаны.
Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның «Құтты білік» дастанының бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі - Вена нұсқасы, оны Герат нұсқасы деп те атайды. Бұл қолжазба қазір Венаның Корольдік кітапханасында сақтаулы тұр. Сол үшін оны Вена нұсқасы дейді. Ал дәл осы қолжазбаны Герат нұсқасы деуінің себебі, бұлқолжазба 1439 жылы Герат шаһарында көшірілген екен. Оны ұйғыр әрпімен көшірген адамның есімі- Хасан Қара Сейіл.
Екіншісі - Каир нұсқасы. Бұл қолжазба араб әрпімен көшірілген. Оны Каирдағы бір кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан 1896 жылы неміс ғалымы Б. Мориц тапқан. Белгілі орыс ғалымы B. В. Радлов ПетербургҒылым академиясының Азия Музейі үшін Каир нұсқасының бір данасын көшіртіп алады. Қазір бұл қолжазба Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде сақтаулы тұр.
Үшіншісі - Наманган нұсқасы. Оны 1913 жылы А. Валитова Өзбекстанның Наманган шаһарынан тапқан еді. «Құтты білік» дастанының араб әрпімен көшірілген, ең толық саналатын осы нұсқасы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтында сақталып келеді. Өзбек ғалымы Каюм Каримов Наманган нұсқасы бойынша ұза жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, 1971 жылы дастанды өзбек әрпі негізінде транскрипция жасап, оны ғылыми сипаттамасымен бірге жеке кітап етіп басып шығарды. Әрине, жоғарыда аталған үш қолжазбаның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, яғни әрбір қолжазбаның өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Сондықтан ғалымдар үш нұсқаны да өзара салыстыра зерттеп, «Құтты біліктің» ғылымға негізделген толық мәтінін жасап шығу үшін көп еңбек сіңірді. «Құтты білік» дастаны жөнінде тұңғыш рет баспасөз бетінде хабар беріп, оның нұсқасының бір бөлігін 1823 жылы «Азия» журналында бастырып шығарған француз ғалымы Жауберт Амадес болды. Бұлісті кейінірек венгер ғалымы Герман Вамбери қолға алды. Ол дастанның бірнеше тарауын транскрипциялап, неміс тіліне аударды, оған түсінік беретіндей сөздік жасады. Соның бәрін қосып, 1870 жылы «Құтты білікті» жеке кітап етіп шығарды. Әйтсе де мұның бәрі алдағы үлкен жұмыстардың бастамасы ғана еді. «Құтты білікті» кең көлемде зерттеу, оны басқа тілдерге аударма жасау саласында келелі істер тындырған академик В. В. Радлов болды. В. В. Радлов бұл шығарманы зерттеу, аудару, баспаға әзірлеу істерімен жиырма жыл бойы (1890-1910) айналысты. Дастанның бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, баспасөзде шетінен жариялай бастады. Алайда осы кезде «Құтты біліктің» бұрын белгісіз болып келген Каир қолжазбасының табылуына байланысты, В. В. Радлов шығарманы неміс тіліне аудару және кітап етіп шығару жұмыстарын уақытша тоқтатып қойды. Өйткені алдымен Каир нұсқасының ерекшеліктерін зерттеп, біліп алу қажет еді. «Құтты білік» дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С. Е. Малов, Е. Э. Бертельс, А. Валитова, К. Каримов, С. Муталлибов сияқты көрнекті ғалымдардың мол үлес қосқаны белгілі.