Зерттелуі Оны «Даналық кітабы» деп те атайды. Ақын өз кітабын Орта Азия мен Қыпшақ даласының түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған құран мен түрлі хадис, тефсирлерді жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдаланып жазылған дидактикалық-этикалық туынды болып табылады.
«Диуани хикмет» түркі тілдес халықтардың XII ғасырдан сақталған әдеби жәдігерліктерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Өйткені Йассауи хикметтерінің тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті ғалым A. К. Боровковтың пікірі бойынша, «Ақыл кітабы» - оғыз-қыпша тілінде өмірге келген әдеби туынды. Кезінде ол өлеңдер өте қарапайым, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Ақын Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының бәріне де түсінікті болатындай ауызекі сөйлеу тілінде жырлағаны дау тудырмайды. Бірақ бертін келе жинақты көшірушілер өз тарапынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген сияқты. Бұлөлеңдер жинағының алғашқы түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. «Ақыл кітабы» Қазан (1887 және 1901 ж.), Стамбул (1901 ж.), Ташкент (1902 және 1911 жж.) баспаларынан бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады. Ахмет Йассауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмет берілген. Соның 109 хикметі Йассауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек. Түркия ғалымы Ф. Көпрүлузаде Ахмет Йассауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағдарын тұңғыш рет әдебиеттануғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Ғалым 1928 жылы Ахмет Йассауи поэзиясын ғылыми негізде жүйелеп, Стамбул баспаларының бірінен жеке кітап етіп шығарды. Қазіргі зерттеушілердің барлығы дерлік Ахмет Йассауи жырларының осы басылымын негізге алып жүр.
Белгілі орыс ғалымдары А. Н. Самойлович, Е. Э. Бертельс, A. К. Боровков, Г. Ф. Благова, т. б. Ахмет Йассауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады, әрі ақынның өзінен кейінгі сөз зергерлеріне тигізген әсері зор болғанын ерекше атап көрсетті. Ахмет Йассауи поэзиясын зерттеу ісіне Э. Р. Рустамов, H. М. Малаев, В. И. Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты. «Диуани хикметті» қазақтіліне аударма жасағандар - М. Жармұхамедұлы, М. Шафиғи, Е. Дүйсенбайұлы, С. Дәуітұлы.Қожа Ахмет Йассауидің «Ақыл кітабын» ғылыми тұрғыдан жан- жақты зерттеп, оған тарихи, әдеби, тілдік тұрғыдан түсінік берген қазақтың белгілі йассауитанушы ғалымы М. Жармұхамедұлы болды.