Исраил сапарбай "Қара ала көз Хабиба " Руханият 9 0 жас! Шар еткен шақалақтың бесіктен белін



Pdf көрінісі
Дата19.01.2017
өлшемі63,03 Kb.
#2228

Исраил САПАРБАЙ 

"Қара ала көз Хабиба..." 

Руханият 

9 0 жас! 

Шар еткен шақалақтың бесіктен белін 

ш е ш к е н н е н бергі айы  м е н күнін  с а ғ а т 

тілімен санап шығыңыз. Жетіге жеткен-

ше жерден таяқ жейтін періште кейпін көз 

алдыңызға келтіріңіз. Тұлымды тұстан 

бұрымды қызға дейінгі аралықты бұйым 

ғұрлы көрмейтін көк көйлекті көбелек 

көрікті көктем маусымын көзіңіз тұна еске 

алыңыз. «Қыз он беске келгенде мау бо-

лады. Әке менен  ш е ш е г е жау болады» 

д е п , Шал ақын шашына шашбау тағатын 

шәркез де кербез бойжеткеннің бойдақ 

бозым алдында бал сезімге бой алдыра-

тын болмысын бажайлаңыз. Жанары жан 

біткенге жаутаң қағып жамалы нұрлана 

ж а қ с ы  і ш і н е н  ж а р  і з д е й т і н тұсы  м е н 

тұспалы да осы кезден басталмақ. Одан 

арғысы - өмір ағысы, тағдыр тоғысы. Сол 

ағыс, сол тоғыс толас таппаған күйінде 

небір бұрылыс-бұралаңнан өтіп, асықпай-

аптықпай аман-есен бүгінге жетсе, адам-

да не арман, не жалған?! 

Басқаны қайдам, қазақы ұғымда «тәу-

бе», «шүкір», «қанағат» дейтін ибалы да 

иманды, қастерлі де қадірлі сөз балама-

лары бар. Жақсы адамның жанына серік, 

көрік, жағдаятына демеу, медеу болатын 

да осы сөздер. «Көзіне қара бояу жаққан-

дарға, Көрінер қара түн боп ақ таңдар да» 

демекші, жаман-жәутікте кім өзін жаман-

мын десін десек те осы үшеудің тым бол-

маса, біреуі табылып жатса, Тәңірге тәу-

бе айтар ек-ау!.. Осыдан келіп мынадай 

ой туады: тегінде, кез келген адам бала-

сының аз жасадым, көп жасадым демегені 

дұрыс-ау! Өйткені, шүкірлікке қарама-

қайшы күпірлік, қанағатқа қарама-қарсы 

жаманат бар. Қарама-қайшылық қашан да 

қақтығыс туғызады. Құдайдың жазған 

құлы бұл екеудің қайсысына бой алдыр-

са, соның жетегіне жегіліп, жемсауында 

жұтылып кете барады. Пайғамбарымыз-

дың хадисінде айтылғандай, Алла тағала 

өзінің сүйікті пендесіне аз-көп емес, 150 

жасты еншілеп береді екен. Күнделікті 

күйдім-жандым күйкі тірлік, бәсеке-

бақастық, алыс-жұлыс, айтыс-тартыс, та-

ғысын тағылар, каладың-қаламадың, әлгі 

«еншіңнің» едәуір бөлігін алып кетеді екен. 

Қазекеңнің «Жақсыдан - шарапат, жаман-

нан - кесепат» дейтіні осыдан. Сабырды 

сары алтынға балайтын салмақты, салау-

атты тектілік мұның бәрін сана сарабына, 

тәлім таразысына салып отырады. Мүд-

десін дүние-мүлікпен өлшемейтін, арма-

нын әсіре бояумен әшекейлемейтін, қия-

лын қиянға қаңғытып жібермейтін алтын-

нан да ардақты, күмістен де салмақты 

Ақыл дейтін Ауыл және бар. Ал ақыл, әдет-

те, азғанға - арман, озғанға - олжа. Тоқ-

санға келген апамыздың торқалы тойын-

да мен осы ойға толайым тоқтадым. Бол-

мысы нық, бойы тік апаның әлі күнге дейін 

сөзі қуатты, көзі шуақты. Бұл жаста кәрі 

жілік түгілі асық жіліктің де нәрі мен майы 

таусылуға айналушы еді, «Апырай, мұның 

сыры неде екен?» деген сауалға да сал-

мақ салып көрдік. Осы сауал сабақты 

жіптей ақыр соңында бізді апамыздың 

өзіне алып келді. Бар ғұмырын (70 жыл!) 

Әкем театрға арнаған аяулы да ардақты 

анамыз, сөйтсек, «бұрын жазу-сызумен 

әжептәуір-ақ айналыса беруші едім, енді 

қолы құрғырдың безгек ұстағандай 

дірілдеп-қалтырап икемге көнбей отыр-

ғаны мынау...» деп алақанына көзін алар-

тып отыр! Сенесіз бе, сенбейсіз бе?! Бұл 

аз болғандай, «...ал әзірге аяғым театрға 

мені алып барып, алып келіп жүр, 

әйтеуір»-деп бір тоқтады. Апамыздың, 

Жүсекеңдей (Жүсіпбек Елебеков) қазақ-

тың марқасқасына жүрегі мен тілегін 

ұсынып қана қоймай, ол кісі жайында үш 

бірдей естелік-кітап жазғанын бұдан 

бұрын да шамалап білуші едік. Иықты 

азамат, сүйікті жарға деген зейнеткер 

зейін, бейнеткер бейіл осындай-ақ болар, 

сірә!.. Бәрінен де бұрын көнбей тұрған 

қолдың ар жағындағы сөнбей тұрған 

көлпар көңілді айтсаңызшы?! Ал театр... 

Қарашаңырақтағы ыстықауметі, қадір-

қауметі айтып жеткісіз қаншама күндер, 

айлар, жылдар... Сонау 1935 жылдан бас-

тап, Жүсекеңмен жүздескелі бері... Айт-

пақшы, Жүсекең мұны бұрын да бір рет 

көрген екен-ау - бұрымды емес, тұлымды 

шағында. Айта берсек, «Ағаш аяқтың» өзі 

аңызға бергісіз бір әңгіме... 

«Ағаш аяқты» алғаш шырқағандардың 

бірі, әрине, Жүсекең. Сонау отызыншы 

жылдары. Бұл тағдыр дегенге таңқалсаң 

болады; Ұзатылған әпкесі Дәлилаға ере 

барғанда Хабиба апамыздың жасы әлі 

бес-алтыда екен. 

«Ағаш аяқты» бастамас бұрын далада 

ойнап жүрген сіңлісін әпкесі үйге шақыр-

тып алады. Үй ішіндегі қашаннан қалып-

тасқан, әке салған үрдіс солай. 

Тоқсанға келген апамыздың екі сөзінің 

бірінде «Дәлила әпкем» деп отырғаны 

әуелгіде бізге бір түрлі көрінген. Сөйтсек, 

бұл кісінің өмір тағдырында да, өнер жо-

лында да Дәлила салған өрнек пен өнеге 

өзгеше екен. Оны біз кейін, апаның әлгі 

«Үні кетпес құлақтан», «Ән-аманат», «Қай-

ран, Жүсекем!» кітаптарын оқу барысында 

байқадық. Сүмбіл шашты, сұлу көрікті, 

сұңғыла өнерлі Дәлиланың қысқа болса 

да нұсқалы өмір тағдыры қолдан-қолға 

тұрмайтын ғибратты бір кітап болуға 

әбден лайықты. Апаның арман аралас бір 

өкініші осы ма деп қалдық... Әсте естелік-

ерінуді білмейтін елгезек жандардың 

еншісі. Адамы табылса, бәлкім, бұл арман 

орындалып та қалар, өкініш жөні бір бас-

қа. Әзірге Алла апамызға қуат берсін делік. 

Тағдыр дегеннен шығады, уақыт-

мезгілдің ендігі бір айналып келгенінде 

Жүсекең баяғы сол қаршадай Хабибаны 

қайыңдай қалпында қайта көрді. Қайың-

дай қыздың қайта оралып келгенше бұның 

жолына екі көзі төрт болып қарайлап 

тұрмасын іші сезді. Әп-сәтте әлекке түспе-

се де, жүрегі құрғыр әлем-жәлем күй 

кешті. «Қыз қылтиғанша» деген, сөйтсе, 

қылтиған қыздың бұлтиған бүршіктей 

бұла қалпын «алдында жүрсе айғайшы, 

қасында жүрсе қамқоршы» ағасы Қалле-

ки (Қалибек Қуанышбаев) бұдан бұрын 

байқап қойған екен. Оның үстіне Дәлила-

ның туған сіңлісі екенін білген соң жедел 

қимылдап «жеңгетайлық» рөлін жетеқа-

был ойнап шықты. 

Егер Апа: «Менің өмірім, өнерге келуім 

Жүсекеңе байланысты» десе, оның ар жа-

ғында талай-талай сыр жатса керек. Әке-

ден де, шешеден де, әпкеден де ерте айы-

рылып жеке-жалғыз жетім көзденіп қалған 

бұла қыздың бұдан былайғы өндіршең 

өмірін, талғажау тағдырын көз алдыңызға 

келтіре беріңіз. Жаратқан ием жан бала-

сына деген жақсылығынан қашан аянып 

көріп еді, өзіміз пенделікке салынып, сез-

бей налып, байқамай қалып жүрмесек... 

Жетімнің жасын не жел, не ел құрғатады. 

Ел ішінде қадірі бөлек Қаллеки, жүрегі 

жұмсақ Жүсекең жүр екен. Екеуіне еріп 

Алматыға келді, үлкен өмірге енді, Мұқаң, 

Сәбең, Ғабең, Ғабиден, Шәкең сынды ұлы 

да ұлағатты жандардың өмірлік мектебін 

көрді. Тумысы тектіні кім сыртқа тебуші 

еді?! «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын 

бар». Әсіресе, жүректен орын алғанның 

өмірлік олжасы аз болмаса керек-ті. Әрі 

көпті көрген, әрі көп жасаған артистің мы-

нау жарық дүниедегі бір бақыты осы. 

Екінші бақыты - театрдағы тұтастай бір 

ғұмырға бергісіз жетпіс жылы! Жетпіс 

жылда - жүз шақты рөл. Айтыңызшы, бұл 

аз ба, көп пе? Жетпіс жылды бір ғұмыр 

деп алдық, ал жүз рөл, жүз адам, жүз об-

раз, тұлға, пенде, кейіпкер, персонаж... 

Айта көрмеңіз, қайсысына қанша уақыт, 

қанша мерзім, қанша мезгіл кетті?.. 

Аумалы-төкпелі, төзім тауысар, жүйке 

жұқартар небір сәттерді былай қойған-

да!.. Қойылымдағы үлкен рөл, кіші рөл не-

месе негізгі рөл, қосалқы рөл дегендеріңіз 

жай әншейін шартты ұғым ғана. Бұған 

біреу келісер, біреу келіспес. Рөл тағды-

ры - сахнадағы ойында. Кім қалай ойнай-

ды - әлгі негізгі, қосалқыларыңыз соған 

телінеді. Актер шеберлігі барша сахнагер-

ге сын, ал феномен жөні бір басқа. Біз 

Хабиба ападан: «Осы ойнаған рөлдеріңіз-

дің қайсысы өзіңізге көбірек ұнап, қай-

сысы ерекше есте қалды?»-деп сұраға-

нымызбен, ол сауалымыздың әбестігін 

кейін аңғардық. Мұныңыз кез келген ата-

анадан: «Қай перзентіңізді басқаларынан 

бөле-жара жақсы көресіз?» дегенімізбен 

бірдей екен. Қай заманнан бергі әрі ак-

сиома, әрі ақиқат - бала өмірі ата-ана-

ның мойынында, рөл тағдыры актердің 

ойынында. Бұл орайда біз әлгі жүз рөлдің 

қадау-қадау бірнешеуін ғана ауызға ала 

кетейік. Олар: «Қобыландыдағы» (М.Әуе-

зов) Күнікей, «Абайдағы» (М.Әуезов) 

Қаныкей, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» 

(Ғ.Мүсірепов) Мақпал, «Марабай» мен 

«Амангелдідегі» (Ш.Құсайынов) Марияш 

пен Ақжан, «Бернарда Альбаның үйіндегі» 

(Г.Лорка) Понсия, «Найзағай», «Таланттар 

мен табынушылардағы» (Н.Островский) 

Кезбе әйел мен Д.Андреевна, «Ревизор-

дағы» (Гоголь) Пошлепкина, «Досымның 

үйленуіндегі» (Қ.Аманжолов) Айғаным, 

«Жетінші палатадағы» (А.Сүлейменов) 

Кемпір, «Соқырлардағы» (Метерлинк) 

Соқыр әйел, «Кебенек киген арулардағы» 

(А.Тасымбеков) Тұтқын, т.б. Бұған біздің 

кейіпкеріміздің әр жылдарда «Жартас-

тағы шынар», «Біздің әрқайсымыз», 

«Шаян» фильмдеріндегі сомдаған рөл-

дерін қосыңыз. 

Өнер адамының қыры мен сыры, 

кескін-келбетін толықтай танып-білдім деп 

былайғы біз тұрмақ, күнделікті жанында 

жүрген оның әріптесі де кестім-піштім 

айта алмайды. Әсіресе, бұл сахна өнері 

өкілдеріне әбден қатысты. Рас, ойнай 

жүріп, образға ене жүріп қойылым кейіп-

керіне әр сахнагер өзінің оған ұқсас мінез-

құлқын, өмірге, өнерге деген көзқарасын, 

ішкі әлемнің қайсыбір қимас та қымбат 

сәттерін сыйлауы бек мүмкін. Онсыз рөл 

шықпайды, шықпаған рөлді көрермен 

ұқпайды. Өзіңді ұмыту арқылы өзгені ұна-

тасың, сүйесің... Хас өнердің табиғаты да, 

тағдыры да, қала берді, сыры да, сиқыры 

да осында. Тоқсанға келіп тобаға ұйып 

отырған Хабиба апаның бізге, көрермен 

мен оқырманға, Қарашаңырақтан бастап 

жер-жердегі, тұс-тұстағы өнерлі де өрелі 

ұл-қыздарына айтар әңгімесі, шертер 

сыры, ақжарма ақтілеуі, ғибратты өнегесі 

көп-ақ. Сырсандықты бірінші болып аш-

қан біз емес. Ашқан күнде де тоқсанға кел-

ген адамның қазына-байлығы аз болмай-

ды. Апада әлі әл-күш көп. Алла жазса, 

жүздің де ауылы алыс емеске ұқсайды. 

Әуелі тоқсанды тойлап алайықшы!.. 

Р.S.: Айтпақшы, Қаллеки Жүсе-

к е ң д е й інісінің үйіне Хабибаның 

қолынан шай ішпекке соға кеткен-

де бір суретін сыйлап, оның сыр-

тына: 

«Қара ала көз Хабиба, 

Қияңқы сары тағы  д а . 

Салпы мұрын сары көшім, 

Подарить еттім бәріңе» - деп 

төрт жол өлең жазған екен. 

«Қазақ әдебиеті» газетінен. 

Орталық Қазақстан.- 2006.- 2 ақпан.- 12 б. 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет