БАНК САЛАСЫНДАҒЫ МАРКЕТИНГТІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН БАҒЫТТАРЫ
Б.Т. ЖҮНІСОВА,
экономика магистрі,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Банктік сферасындағы маркетинг ерекшелігі ең алдымен банк өнімі спецификасына шартталады.
Біздің әдебиеттер мен тәжірибеде «банк өнімі» деген термин нарықтың экономикаға көшкеннен кейін
пайда болды. Банк өнімі – бұл банк іске асырған кез келген қызмет пен операция.
Банк сферасындағы маркетинг ерекшелігі ең алдымен банк өніміне байланысты. Ол банк жасаған
кез-келген қызмет не операция банк әкімшілігі мен оның барлық қызметтерінің саясатының мақсаты –
клиенттерді тарту, өз қызметтерін тарату сферасын кеңейту, нарықты жаулап алу, алынатын түсімді
көбейту болып табылады. Осыдан келіп мәні мен мақсаты қаржы нарықтарында бәсекелестігі күшейіп
бара жатқан банк маркетинг жұмысының тиімділігі келіп шығады. Маркетинг – үлкен дайындықты,
терең және жан-жақты талдауды қажет ететін, банк бөлімшелерінің басшысынан төменгі бөліміне
дейін белсенді жұмыс істеуді қажет ететін банк философиясы мен стратегиясы. Маркетингтік бағыт
банктің өз өніміне емес, алдымен клиент сұранысына икемделуін талап етеді. Сондықтан нарықты
жете зерттеп, өзгеретін талғамдарды талдау, банк қызметтерін тұтынушылар сұранысын білу аса қа-
жет [1, 179 б.].
Банктік маркетингті клиенттер сұранысына сай банктің ең түсімді банк өнімдерін іздеуі және
қолдануы ретінде көрсетуге болады. Бұл банктің мақсаттарын анықтап нақты жету жолдары мен
тәсілдерін және арнайы шараларды ұйымдастыруға септігін тигізеді.
Маркетингтік әрекет аясында жаңа өнімдерді қолданысқа енгізу барысында банк жоғалтатын шығын
көлемін білу де маңызды. Банк бағалы ресурстарды қолданатындықтан, оларды нарықтың ең түсімді
сегменттерінде қолданған жөн.
Банк әрекетінің коммерциялық мінездемесін маркетингті кеңінен қолдануды талап етеді. Банктегі
маркетинг ерекшелігі ақша қорларын тиімді пайдаланып қоюды ғана емес, ақша айналымы ерекшелігінде
де көрінеді. Сондықтан банктік маркетинг қолма-қол емес шаруашылық қаржысы есебіне ақша айна-
лымы жеделдетуге бағытталуы керек. Маркетинг банк клиенттері сұраныстарын қанағаттандыруға,
есептерді тез әрі дұрыс жүргізуге, шикізат және материал жеткізушілер, дайын өнімді сатып алушылар,
жұмысшылар мен қызметкерлермен қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
Банктік маркетинг банк клиенттерінің шаруашылық жағдайын максималды түрде есепке алатын,
оларға одақтастар табу ерекшелігі бар есептеудің жаңа түрімен байланыстырылады.
Банкте салымшылар санын көбейтіп қоймай, оларға қызмет ету сапасын жақсартатын инте-
грацияланған маркетинг кең қолданысқа енуде. Банк сферасындағы маркетинг ерекшелігі – мұндағы
коммерциялық банктер салымдарды тартуға ғана емес, әр түрлі ұйымдар, өндірістерді, несиелеу
арқылы тартылған ақшаны дұрыс қолдануға да қызығушылық танытуда. Бұл коммерциялық банктердің
клиенттерімен қатынас сферасы сол секілді несиелік салымдар сферасындағы маркетингтің кешенді
дамытылуы керектігін көрсетеді.
Сөйтіп, банктік маркетинг бір мақсатты орындауға бағытталады: шаруашылықтағы уақытша босаған
ақша құралдары мен кірісті дұрыс пайдалану.
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫ
73
Банктерде маркетинг аясында келесі принципті жүзеге асыруы керек:
– нақты нарықтың мақсатқа жету үшін барлық қызметкерлердің қосыла жұмыс істеуі;
– маркетинг әрекетінің кешенділігі (жоспарлау, талдау, жүйелеу, бақылау);
– маркетингтің преспективті және ағымдағы жоспарлауының біртұтастығы;
– қабылданып жатқан маркетингтік шешімдерді бақылауға алу;
– банктегі әр қызметкер жұмысының жан-жақты әрі белсенді болуына қолдау көрсету;
– қызметкерлердің үнемі өз санатын көтеруге қызығушылық танытуын қамтамасыз ету;
– банк коллективінде жайлы психологиялық климат құру.
Маркетинг – банк әрекетін басқарудың нарықтық концепциясы, ол экономикалық коньюнктура
нарығы, клиенттер сұранысын зерттеу мен банк қызметтерін соған сәйкес икемдеуге бағытталған.
Маркетинг мақсаты – сұранысты құрылымдау мен дамыту. Банк жұмысы жоспары мен қабылданатын
шешімдердің нақтылығын қамтамасыз ету, банк қызметтері, нарықтық үлес пен пайданың өсуін
қадағалау.
Клиентке өзге нәрсе емес, жүзеге асырылып жатқанды ұсыну – банктік маркетинг бағытының негізі.
Банктегі маркетингтің негізгі міндеттері:
– үнемі өзгеріп тұратын қаржы нарығы шарттарында банк жұмыс рентабельділігін қамтамасыз ету;
– банктің қоғамдық имиджін сақтау;
– клиенттер ұсынысын максималды қанағаттандыру. Бұл – іскерлік қатынастардың тұрақтануының
кепілі;
– банк коллективінің коммерциялық ұйымдастырушылық және әлеуметтік мәселелерін кешенді
шешу;
– банктің маркетинг әрекетінің ерекшелігі үнемі өзгерісіне ұшырап тұратын әралуан факторларды
қалыпты ұстап отыруында жатыр.
Банктік маркетингтің негізгі тәсілдері– клиентпен сөйлесу, акционерлік дивиденттер келуін қадаға-
лау, өзге несиелік және банктік емес мекемелермен салыстырғанда осы банк қызметтер ерекшелігін
клиентке ұғынықты жеткізу, қызметтерді сатуға қызметкерлердің материалды қызығушылығын
туғы зу [2, 360-б.].
Пассивті маркетинг – БАҚ-қа клиентке тиімді болатын банк қызметтері туралы жариялау.
Қазіргі кезде тікелей маркетингке көп назар аударылуда. Өйткені ол клиентті қызметтермен таныс
етіп қана қоймай, оны бірден әрекет етуге итермелейді.
Банк сферасындағы маркетинг мәні банк қызмет сферасында әрекет ететіндігімен анықталады. Шын
мәнінде, банк өнімі – банк қызметтерінің актив және пассив операциялар бойынша кешенді жиынтығы.
Маркетинг стратегиясын құрылымдау кезінде банк қызметтерінің де бірқатар ерекшеліктерін есеп-
ке алу керек:
– қызметтердің абстрактілі мінездемесі;
– қызметтер сапасының тұрақсыздығы;
– қызметтерді сақтамау.
Алғашқы сөздің мағынасы – аталған қызметтерді тұтынушы қолданбайынша материалды түрде
қолданып бағалай алмайды дегенді білдіреді. Сондықтан тұтынушы банкке келген кездегі кілттік сөз –
болашақ пайда. Аталған пайданы шын мәнінде түсініп, бағалау үшін бәсекелестеріңді, олардың қызмет
түрлері мен жарнама беру әдісін білген жөн. Банк қызменттерін ұғынудың негізгі жолдары:
– тұтынушылармен қарым қарым-қатынаста потенциалды пайдаға ерекше назар аудару;
– жарнамаға беделді ұйымдарды тарту.
Сапа мен қызмет көрсету, мамандарды оқытуға ерекше талап қояды. Банк жұмысшылары өз істерінің
техникасын ғана емес, адамдармен қарым-қатынас психологиясын да білуі керек. Банк қызметінің
қосымша сапасы қоршаған ортамен толығады. Қызметтердің сақталмауы сұраныс пен ұсынысты
деңгейлестірудің ерекше механизмі болу керек деген сөз. Сондықтан сұраныс көбейгенде кезек бол-
мау үшін банк бірқатар әрекеттерді жүзеге асыру керек: өзге бөлімдерден жұмысшылар шақырту,
клиенттерді банкке өзге уақытта келуге көндіру және т.б.
ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
74
Жоғарыда аталып өткен қызметтерден өзге банк өнімінің өз ерекшеліктері де бар:
Біріншіден, банк ақшамен байланысты қызметтерді әр түлі формада көрсетеді (қолма-қол, қолма-
қолсыз есеп айырысу).
Екіншіден, материалды емес қызметтер мүліктік келісімшарттар негізінде мәнге ие болады.
Үшіншіден, банк қызметтерінің көпшілігі бір қатар мерзімді қажет етеді: келісімшарт әдетте бір
актімен бітпейді, тұтынушы мен банк арасында байланыстар қалыптасады.
Банк өнімінің осындай қасиеттері тұтынушылардан белгілі бір дәрежеде мәдениетті талап етеді, ол
қызмет мазмұнын ұғынып, сенім қалыптастыруы шарт.
Банк қызметтері ассортиментінің құрылымы туралы шешім оны алғаш құрып, банк әмбебап әлде
арнайы бола ма деген шақта қабылданады. Банктің негізгі қызметтері екеуінде де бірдей, сондықтан
тұтынушылар назарын аудару үшін ағымдағы ассортименттің аса үлкен маңызы болады [3, 325-б.].
Ағымдағы ассортимент банк дамуы барысында жаңа қызметтерді өндіру, модификация немесе
бұрыннан бар қызметтерді алмастыру нәтижесінде жүзеге асады. Міне осы жерде тұтынушы тілегі мен
нарықтағы жағдайды зерттеп, мүмкіндіктерді бағалайтын, жаңа қызметтерді дамытатын маркетинг аса
қажет болады.
Дамыған елдерде банктер өз тұтынушыларына үш жүзден астам қызмет түрін ұсынады. Қызметтер
ассортименті толығымен қалыптасқан деп есептелінеді, сондықтан нарыққа жаңа өнім шығару көп
шығын қажет етеді және ол нарықтағы әсерін бәсекелестердің жылдам қарекеті есебінен төмендейді.
Қазіргі таңда қазақстандық банктердің қызметтер ассортименті мұнша кең емес, бірақ күнделікті
өсуде.
Банктік өнімді өткізу мәселесі өте спецификалы олар өнеркәсіптегідей, банктік маркетингте көп
орын алмайды.
Коммерциялық банктер үшін өткізу каналдарын табу қиындықтары болмайды, өйткені банктік
өнімді өндіру және өткізу уақыт бойынша сәйкес келеді және банк ғимараты не оның бөлімшелерінде
орналасуы мүмкін. Сондықтан банктің өткізу саясатында екі аспектіні бөліп көрсетеді: кеңістіктік (ор-
наласуы мен каналдарын табу), уақыттық (банк жұмысы уақыты мен қызмет көрсету жылдамдығы).
Сонымен, банктік маркетингтің ерекшелігі – бұл клиенттерді тарту және көрсететін өз қызметтері
көлемінің аясын кеңейту болып саналады.
Банк саласында маркетингтік зерттеулер жүргізу маңызды болып саналады. Маркетингтік зерттеу-
лері кешенін жүргізу қажеттілігі банк алдында тұрған нақты маркетингтік жағдайымен анықталады.
Осы орайда, белгілі бір мәселе жөнінде қажетті ақпарат алу үшін маркетингтік зерттеулер жүйесі жа-
салады. Мұндай жүйе әдетте бірнеше кезеңдерді қарастырады:
– проблемаларды анықтау және зерттеу мақсаттарын тұжырымдау;
– ақпарат көздерін іріктеу;
– ақпараттарды жинақтау;
– жинақталған ақпараттарды талдау;
– зерттеу нәтижелерін ұсыну.
Маркетингтік зерттеулер жүйесін құру көптеген шағын банктерге қол жетімсіз болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда олар мамандандырылған ұйымдарға оларды ойландыратын мәселе бойынша зерттеу
жүргізу туралы өтініш жасауына болады. Және де бұл оларға арнайы маркетингтік зерттеулер бөлімін
ұстауға қарағанда арзанырақ түседі. Ірі банктер, керісінше, өздерінің меншігінде осындай бөлімдерді
құруға мүдделі болып келеді.
Әдебиеттер:
1. Искакова З.Д. Банк ісі: оқу құралы. – Қарағанды, 2006. – 179-189-бб.
2. Маркетинг в отраслях и сферах деятельности / Под ред. В.А. Алексунина – Москва, 2007. –
С. 360-420.
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫ
75
3. Деятельность коммерческих банков / Под ред. проф., д.э.н. А.В. Калтырина. – Ростов-на-Дону:
Феникс, 2004. – С. 325-335.
Резюме
В статье рассмотрены основные принципы и методы банковского маркетинга. Показано, что отличи-
тельной особенностью маркетинга в банковской сфере является его связь с банковскими продуктами.
Исходя из реальных маркетинговых позиций банка, дано обоснование необходимости комплексных
маркетинговых исследований.
Summаry
The article is about the basic principles and methods of bank marketing. There is the distinguishing feature
of the marketing in the banking sphere is its relationship with the bank products. Based on the actual market
position of the bank, there has been grounded the necessity of complex marketing research.
ӘОЖ 332.012.24 (574. 54)
АРАЛ ӨҢІРІ АЙМАҒЫН ДАМЫТУДЫҢ
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
А. КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
техника ғылымдарының кандидаты,
Қызылорда облысының табиғи ресурстар және
табиғат пайдалануды реттеу басқармасы
Соңғы жылдары Арал теңізі мен оның төңірегіндегі халық тағдыры Республика Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың назарынан тыс қалған емес. Сонау жылдары Арал теңізінің тартылуы күн санап
асқынған кезінде одан туындаған экологиялық апат барған сайын ушыға түсті. Арал өңірінің апат-
ты жағдайына әлемдік қауымдастықтардың назары түсіп, мәселені шешу жолында Елбасы ерекше
жігер мен табандылық танытып, жұмыла қимылдады. Осы мәселеге байланысты Арал теңізі мен Арал
өңірінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз
ету жөнінде бірлескен іс-әрекеттер жасау туралы келісімге қол жеткізді. Елбасы өңірдің әлеуметтік-
экономикалық мәселелерін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін біршама зерттеу жұмыстарына
қолдау танытып келеді. Елбасының қажырлы қолдауының арқасында күні кеше ғана Арал аймағының
тұрғындары үшін қол жеткізбес арман болып келген мәселелер оң шешімін тауып, ел игілігіне пайдалы
ақиқатқа айналып келеді.
Солардың бірі ретінде экологиялық тоқыраудың ауыр зардабын көріп, өзінің табиғи шаруашылық
маңызын азайтқан Арал теңізін бөлектеп сақтау арқылы өңірдің табиғатын онан ары бұзылуын бол-
дырмау мақсатындғы іс-шараларды атауға болады. Қазіргі уақытта САРАТС жобасының 1-кезеңі бой-
ынша Солтүстік Арал теңізінің су тоспасы (Көкарал су тоспасы), Айтек құрылыстар кешені, Сырдария
өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынып, Қазалы және Қызылорда су тораптарында және Шардара мен
Арнасай су тоспаларында қыруар құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде Солтүстік Арал
теңізі суының минералдығы 23-тен 17 г/л дейін төмендеді, су көлемі 15 текше шақырымнан 27 текше
ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
76
шақырымға дейін жетті, Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін
көтерілді, сонымен қатар, Қараөзек арнасының су өткізу қабілеті 60 тан 400 м
3
/с ке дейін жоғарылады.
Сырдария өзеніне және Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген
биологиялық түрлер қалпына келіп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды.
Солтүстік Арал теңізін бөлектеуге қол жеткізген соң қалыптасқан негізгі көрсеткіштері жыл соңына
дейін күткендей болды. Атап айтқанда, теңіз беті деңгейінің белгісі (Балтық жүйесі бойынша – БЖ)
+4,0 метрге көтеріліп, су айдынының аумағы +874,0 км
2
-ге үлкейді. Сондай-ақ бұрын Арал қаласынан
75,0 км-ге шегініп кеткен теңіз қалаға 12,0 км-ге жақындады. Біткен істің нәтижесі тек экологиялық
емес экономикалық жағынан да пайдалы болып, солтүстік теңізден 2006 жылы 2,3 мың тонна балық ау-
ланды. Бұл алдыңғы жылғыдан он есе көп еді. Кейбір бұрын тастанды болған теңіз жағалауындағы елді
мекендерге тұрғындар қайта қоныстанып, балық аулау мен мал өсіру кәсіптерін жандандыра бастады.
Теңіздің жағасында мал жайылатын, шөп оратын телімдер пайда болды, мал-жанға жайлы микрокли-
мат қалыптасты, атмосфералық ауада тұзды шаңның таралуы саябырлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2005 жылы САРАТС жобасының
1-кезеңіндегі нысандарды келіп көрген кезінде жобаның табиғи ортаны және өңірдің әлеуметтік-
экономикалық жағдайын жақсартудағы маңыздылығын жоғары бағалап, жоба бойынша жұмыстарды
жалғастыруды тапсырды. Осы жоба негізінде жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Сырдария
өзеніне және Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық
түрлер қалпына келіп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсартылды. Бұл өз кезегінде
көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының
дамуына, теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрінің қайта көрініс табуына мүмкіндік беріп
отыр. Бұл игілікті істің нәтижесі арқылы қолмен бұзған табиғатты қайтадан қалпына келтіріп, оны
басқаруға, жаңа экологиялық жағдайға бейімдеуге қол жеткізуге болатындығы анықталды. Яғни,
экологиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы кез келген аймақта табиғи апаттың бетін қайтаруға бо-
латынын дәлелдейтіндей тәжірибе болып шықты. САРАТС жобасының екінші кезеңінің дайындығы
сол жылы Қазақстанда жүзеге асырылатын басым жобалардың қатарына енгізілді.
Сонымен қатар, Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту және қоршаған ортадан ұшқан тұз бен
құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір жолы, теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты
галофитті өсімдіктерді егу жұмыстары болып табылады.
Осы бағытта өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап атқарылған жұмыстардың нәтижелілігі
ескеріліп, халықаралық ұйымдардың қаржылары есебінен жалғасын табуда. Солардың бірі Дүниежүзі-
лік даму банкі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен «Орманды сақтау және Республика
аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы әзірленіп қолға алынды, жалпы құны – 10,8 млн. АҚШ
доллары.
Жобаның негізгі стратегиялық бағыты – Арал теңізінің құрғаған ұлтанына орман орналастыру мен
тозған жайылымдық жерлерді қалпына келтіру. Осы жоба Қызылорда облысында екі компонент
бо й ын ша атқарылады: кіші компонент 2А – «Арал теңізінің құрғаған табанында орман мелиоративтік
жұмыстар жасау» және кіші компонент 2В – «Жайылымдарды пайдалануды басқаруды жетілдіру».
Жоба бойынша 79000 га жерге сексеуіл отырғызу жоспарланса, бүгінгі күнге барлығы 27344 гектар
жерге сексеуіл егілді. Дегенмен, жоспарланған 79000 мың гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары меже-
ленгенмен, бүгінгі күні 41844 гектарға ғана орындалып отыр (Сурет 1).
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫ
77
Сурет 1. 2008-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік даму
банкі арасындағы бірлескен «Ормандарды қорғау және республика аумағындағы орманды жерлерді
көбейту» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары
Себебі жоба бойынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егілетін сексеуіл көшеттерін өсіретін
тұқымбақтың құрылысы кеш басталып, егуге қажетті сексеуіл көшеттері болмауына байланысты
жоспарланған көлемдер кейінгі жылдарға жылжытылды. 2012 жылы 14500 гектар жерге сексеуіл, са-
рысазан, жыңғыл көшеттерін егу жоспарлануда.
Осы жобаның негізінде орман шаруашылығын дамытудың озық технологияларын іске асыру
мақсатында Қазалы ауданында 30 га жерге тамшылатып суару әдісімен сексеуіл және түрлі ағаш
көшет терін өсіретін тұқымбақ ұйымдастырылды. Оның 17 гектарына сексеуіл көшеттерін өсіру, қалған
13 гектарына түрлі ағаштардың көшетін өсіру қаралған, қазіргі замануи технологиямен жабдықталған
ғылыми зерттеу зертханасы мен тамшылатып суаруға қажетті барлық қондырғылар салынды (Сурет 2).
Қазіргі уақытта осы тұқымбақта қажетті мамандармен жасақталған 32 адам жұмыс жасайды және
62 млн. теңгеге қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алынды (Сурет 3).
Сурет 2. Қазалы ауданындағы 30 га жерге тамшылатып суғару әдісімен
сексеуіл және түрлі ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақ
ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
78
Сурет 3. Жоба шеңберінде алынған арнайы техникалар
Аталған тұқымбақ облыста барлық талаптарға сай келетін бірегей тұқымбақ болып саналады. Осы
технологияны тиімді пайдалану нәтижесінде тұқымбақта жыл сайын барлығы – түрлі ағаш көшеттері
оның ішінде, сексеуіл, қылқан жапырақты туя, арша, мамыргүл, жеміс ағашының көшеттері және сыр
талы мен терек сияқты саялы бұталар қаламшалары өсіріліп, облысқа қажетті барлық көшет түрлерімен
сұранысқа сәйкес қамтамасыз етілетін болады.
Облыс көлемінде су тапшылығы сезіліп тұрған сәтте тамшылатып суғару әдісімен барлық ор-
ман мекемелерінде тұқымбақтар ұйымдастыру және аудан орталықтарындағы жасыл белдеулердің
көлемдерін үш есеге арттырып, бұл жұмыстарды суды үнемдеу технологияларымен жүргізуді іске асы-
ру керек.
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫ
79
Жобаның «Жайылымдарды пайдалануды басқаруды жетілдіру» компонентінде жайылымдық жер-
лерді пайдалануды басқарудың озық тәсілдерін көрсету тәжірибесі қарастырылған. Жоба аясында об-
лысымызда мал шаруашылығын дамыту және орман қорының ормандануына үлкен көмегін тигізетін
тозған жайылымдық жерлерді қалпына келтіру бағытында барлық аудан аумақтарында 200 гектар-
дан жалпы көлемі 6000 га құрайтын 30 демонстрациялық телім құру жұмыстары жүргізілуде, оның
ішінде 2011 жылы 12 телім, 2012 жылы 8 телім. Бұл жұмыстарды атқару барысында әрбір бөлікке
құдық (шахтный колодец) қазылып, ондағы суларды сыртқа шығаруға күн батареясы, хонда моторы
мен табиғи желді (ветровик) пайдалану арқылы электр энергиясын шығарады. Құдықтың айна-
ласына 0,34 га ықтырмалы ағаштар, 0,45 га жерге ағаштар, 200 гектар жерге жайылымдық шөптер
егілетін болады (пайызға шаққанда – 80% күйреуік, 10% изень, 10 % теріскен). Осы жұмыстар арқылы
жайылымдық жерлердің өнімділігін 30%-ға арттыруға қол жеткізіледі. Сонымен қатар, осы жоба толық
іске асқан жағдайда қой санының көлемін 600 бастан 2000 басқа көбейтуге мүмкіншілік болады, яғни
6000 га жердегі тәжірибелік жайылымдарда 60 мың бас мал өсіріп, мал шаруашылығын және орман
көлемдерін көбейтуге жағдай жасалады.
Қазіргі уақытта тозған мал жайылымдығын қалпына келтіру үшін аталған жұмыстарды тек
мемлекеттік орман қоры жерлеріне ғана емес, басқа да жерлерге құдық (шахтный колодец) орнатып,
жайылымдық жерлерді көбейту жолдарын қарастыру қажет деп есептейміз.
Қазіргі таңда аудандар мен елді мекендерде жасыл белдеулер жасау үшін бірнеше шақырым канал-
дар қазу, оның сағасына өздігінен су бармауына байланысты насос қондырғыларын орнату, оған қажетті
жанар-жағар май, электр қуатын пайдалануға көп шығындар жұмсалуда және ол жерлерге судың шама-
дан тыс баруына, тиісті минералдық, органикалық тыңайтқыштардың берілмеуіне байланысты егілген
жасыл белдеулердің шығымдылығы 20-25%-дан аспауда.
Сондықтан бұл жерлерге егілетін жасыл белдеулер үшін жерді тегістеуге, канал қазу, насос ор-
натуды қажет етпейтін тамшылатып суаруға тиісті құдық қазып, күннің, желдің және қажет болған
жағдайда аз мөлшерде жанар-жағар май көмегімен суды қамтамасыз ететін қондырғыларды орнату
арқылы көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді өндіріске енгізу қажет. Есептеулер көрсетіп отырғандай,
5 гектар жасыл белдеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі 7,7 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде
құдық қазу, қажетті құрал жабдықтары мен орнатуға 6,5 млн. теңге, жасыл белдеуді сумен қамтамасыз
ететін тамшылатып суаратын қондырғысына 1,2 млн. теңге қарастырылған.
Қорыта келгенде, «Сырдария өзенінің арнасын және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС-2)
жобасының екінші кезеңін іске асыру және «Орманды сақтау және республика аумағының орманды
жерлерін көбейту» жобасының орындалуы Қызылорда облысының экологиялық ахуалын және Арал
теңізі аймағы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешудегі тиімді жолдардың
қатарына енгізіліп, алдағы уақытта жалғасын табады деп сенім білдіреміз.
Резюме
В статье рассмотрены проблемы социально-экономического развития Аральского региона и пути их
решения. Подробно проанализированы достигнутые результаты и эффективность проекта «Регулиро-
вание русла реки Сырдарьи и сохранение северной части Аральского моря» (РРССАМ-1) по решению
глобальной экологической проблемы Приаралья. Предложены рекомендации по внедрению в произ-
водство передовых технологий развития лесного хозяйства в Кызылординской области.
Summary
The article deals with the problems of socio-economic development of the Aral Sea region and ways of
their solution. There were analyzed the achieved results in detail and efficiency of the project «Regulation of
the Syrdarya riverbed and preservation of the Northern Aral Sea» for solving the global environmental issue
of the Pre-Aral sea region. There were offered recommendations for introduction of advanced technologies in
forestry development of Kyzylorda region.
ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
80
УДК 339.138:338.48 (574)
Достарыңызбен бөлісу: |