Issn 1607-2782 Республикалық ғылыми-әдістемелік



Pdf көрінісі
бет1/15
Дата14.02.2017
өлшемі6,42 Mb.
#4107
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ISSN 1607-2782
Республикалық 
ғылыми-әдістемелік 
журнал
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттiк университетiнiң
________________________________________
1999 жылғы наурыздан бастап 
жылына екi рет шығады
№ 2 (34) 2012
______________________________________________________________________________________
ХАБАРШЫСЫ
Бас редактор
– БИСЕНОВ Қ.А.
техника ғылымдарының докторы
профессор
Бас редактордың 
орынбасары
– ШАЛБОЛОВА Ү.Ж.
 экономика ғылымдарының докторы,  
 профессор
Жауапты редактор
– ОМАРОВ Қ.Ә.
 география ғылымдарының кандидаты,  
 профессор
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Аруова Л.Б.
Баканов Ғ.Б.
Досжанов М.Ж.
Ибадуллаева С.Ж. 
Кәрібозұлы Б.
Қарлыханов Т.Қ.
Қожақұлы Ө.
Қошқаров С.И.
Майгелдиева Ш.М.
Нұрахметов Е.Н.
Сәдуақасұлы Ж.
Сәтбай Т.Я.
Сейсенов Б.
Тоқтамысов Ә.М.
Үдербаев С.С.
Шомантаев А.Ә.
Кеншінбай Т.Ы. 
– техника ғылымдарының докторы, профессор 
– физика-математика ғылымдарының докторы, профессор 
– техника ғылымдарының докторы, профессор 
– биология ғылымдарының докторы, профессор
филология ғылымдарының докторы, профессор
– техника ғылымдарының докторы, профессор
– тарих ғылымдарының докторы, профессор
– техника ғылымдарының докторы, профессор
– педагогика ғылымдарының докторы, профессор
– филология ғылымдарының докторы, профессор 
– филология ғылымдарының докторы, профессор
– тарих ғылымдарының докторы, доцент
– философия ғылымдарының докторы, профессор
– ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, доцент
– техника ғылымдарының докторы, профессор
– ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор
– филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Республиканский 
научно-методический
журнал

3
ӘОЖ 331.108:37.08:658.386 
«БІЛІМ – ҒЫЛЫМ – ИННОВАЦИЯ» ПОСТИНДУСТРИАЛДЫ
ҮШТІГІ  АЯСЫНДА  ИНЖЕНЕРЛІК  КАДРЛАР ДАЯРЛАУДЫҢ  
ӨЗЕКТІ  МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қ.А. БИСЕНОВ, 
техника ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, 
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Инновацияларды экономиканың барлық салаларына ендіру, оны заман талабына сай индустриялан-
дыруды жүзеге асырудағы рөлін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да Қазақстан білім мен 
ғылымды және инновациялық өндірісті ықпалдастыру бағытында түбегейлі реформаларды жүзеге асы-
рып келеді. Бұл қатарда «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау 
туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының, елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға 
арналған мемлекеттік бағдарламасының [1-4] және тағы да басқа стратегиялық құжаттардың маңызы 
зор. Ойдағыдай орындалып келе жатқан Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік 
бағдарламасы елімізді бәсекеге қабілеттіліктің жаңа белестеріне шығармақ. 
Қазақстанда инновациялық даму мәселесі ең алғаш рет 1997 жылғы Елбасының «Қазақстан – 2030» 
Даму стратегиясында айқындалған болатын. Содан бергі уақытта индустрияландыру мен инновация-
лар елдің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Нәтижесінде Қазақстан дәстүрлі эко-
номика салаларында серпінді қадамдар жасап қана қоймай, жаңа сапалы даму бағыттарын да игере 
бастады. Іске қосылып жатқан өндіріс орындарының жаңа технологиялармен жабдықталуы осының 
жарқын көрінісі. Мұндай өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін маманның ерекше білікті, білімді 
болуы қажет екені де белгілі. Сондықтан ұлттық экономиканың одан әрі  дамуын қамтамасыз ететін 
инженер мамандар  даярлаудың өзектілігі жоғары.    
Жоғары оқу орындары экономиканың барлық салаларында инновациялық шешімдердің нәтижелерін 
іс жүзінде қолдану үдерісіне белсене атсалысуда. Бұл орайда жоғарғы мектептің басымдықтары ретінде 
ғылым, білім, өндірісті ықпалдастыру мәселесі алға шығуы заңдылық. Бұл еліміздің интеллектуалдық 
капиталының  дамуын,  жаңа  білім  мен  жаңалықтардың  жинақталып,  қорытылуын  және  олардың 
жаңа өнімге, қызметке, технологияға айналып,  капиталдануын қамтамасыз етеді [5-7]. Осы мақсатта 
инновациялық  экономика  үшін  инженер  мамандарды  даярлау  сапасын  жетілдіру,  нақты  айтқанда, 
инновациялық типтегі инженерлер даярлауды жолға қою  күн тәртібіндегі мәселе.
Айтылғандар мына міндеттердің шешілуін қажет етеді:
Бірінші, әлемдік тәжірибеге сәйкес инженерлік мамандықтарға арналған жаңа мазмұндағы  білім 
беру бағдарламаларын жасау және ендіру; 
Екінші, ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жаңа технологияларды енгізу;
Үшінші,  тәжірибе  алмасу  және  халықаралық  деңгейде  одан  әрі  ықпалдасу  мақсатында  шетелдік 
жетекші университеттермен бірігіп, халықаралық білім беру бағдарламаларын жасау мен оны жүзеге 
асыру;
Төртінші,  ұлттық  және  халықаралық  аккредиттеуден  өту  арқылы  білім  беру  бағдарламаларының 
қоғамдық-кәсіптік тұрғыда танылуын қамтамасыз ету;

4
Бесінші, жоғары оқу орнының қызметін түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші арқылы бағалау – 
таяу болашақтың ісі. Осыған байланысты жұмыс берушілермен ортақ іс-әрекеттің жаңа әдіс-тәсілдерін  
дамытудың  маңыздылығы арта түспек;
Алтыншы, отандық жоғары оқу орындары оқытудың жаңа қағидаларына сүйене отырып, өнеркәсіп 
индустриясына мамандар даярлау және қайта даярлау бойынша  білім беру қызметін көрсетумен үнемі 
айналысып отыруы керек; 
Жетінші,  Назарбаев  Университетін  үлгіге  ала  отырып,  интеллектуалдық-инновациялық  кластер 
құру арқылы инженер мамандарды даярлайтын материалдық-техникалық базаны, белгіленген ғылыми 
басымдықтар бойынша оқу-ғылыми зертханаларын одан әрі дамыту
Сегізінші, түлектердің кәсіби шеберлігі мен дағдыларын қалыптастыру бағытында әлемдегі жетекші 
технологиялық университеттердің тәжірибелерін зерделеу;
Тоғызыншы, ғылыми әзірлемелерді алға жылжыту және коммерцияландыруға арналған, сондай-ақ 
жоғары оқу орындарының қатысуымен әр түрлі инновациялық белсенді компанияларды құру; 
Және,  соңғысы,  елімізде  инженерлік  білім  беруді  дамыту  тұжырымдамасын  әзірлеу  қажет.  Онда 
аталған міндеттерді жүзеге асыру стратегиясы анықталып, инженерлік мамандықтардың мәртебесін 
көтеру, сондай-ақ осы мамандықтарға мемлекеттік білім беру грантын теңгермелі  бөлу, т. б. мәселелер 
қамтылған арнайы шаралар көрсетілуі тиіс.
Соңғы уақытта отандық инженерлік білім беру құрылымында инновациялық экономика талаптары-
на сай көптеген өзгерістер болды.
Атап айтқанда:
– оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді; 
–  білім  алушыларды  арнайы  дайындығы  мен  қабілет  деңгейіне  қарай  жеке  сараланған  бағалау 
қамтамасыз етілді, бұл үшін жоғары кәсіптік, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейлерінің оқу 
бағдарламалары мен  жоспарлары үйлестірілді; 
–  жұмыс  берушінің  талаптарына  және  болашақ  мамандықтың  жеке  сипатына    сай  оқытуды  дер-
бестендіру  және  мамандандыру  жүзеге  асырылып  келеді.  Бұл  үшін    жоғары  оқу  орындарының, 
оқытушы-профессорлардың  барынша  академиялық  еркіндігі,  сондай-ақ  қазіргі  заман  талабына  сай 
оқу-зертханалық база, оқу үдерісіне әдістемелік ілеспенің  үнемі жаңартылып отырылуы  талап етіледі. 
– оқу үдерісін ұйымдастыру мен  оқытудың инновациялық технологиялары енгізілуде, бұл қатарда 
мультимедиалық дәрісханалар мен виртуалды зертханаларды айтсақ та жеткілікті. 
Жақында  жарияланған  Бүкіләлемдік  экономикалық  форумның  бүкіләлемдік  рейтингінде  Қа зақ-
станның 51 орынға көтерілгені үлкен жетістік.  Рейтинг бойынша Қазақстан биыл тұңғыш рет экономи-
касы тиімді даму кезеңінен инновациялық даму кезеңіне өткелі тұрған елдер қатарынан көрініп отыр [8]. 
Әрине, бұл соңғы жылдарда шикізаттық экономикадан білімге негізделген инновациялық экономикаға 
бет бұруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Биік межеден тұрақты орын алу және одан 
әрі көтерілу тек білім, ғылым мен инновацияны тиімді ынтымақтастыру арқылы ғана мүмкін болмақ. 
Университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі Елба-
сы тапсырмасы аясында ашылған Назарбаев Университеті негізінде нарық сұранысына бағдарланған 
жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда [9]. Қазақстанның жетекші жоғары оқу 
орындары осы оқу ордасының озық тәжірибесінен үлгі алып, білім – ғылым – бизнесті ықпалдастыру 
жолындағы алғашқы қадамдарын бастап кетті.
Аталған үдерістен Арал аймағындағы жетекші білім және ғылым ордасы саналатын Қорқыт Ата 
атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университеті  де  тыс  қалмақ  емес.  Соңғы  жылдарда  жүргізілген 
жос парлы  жұмыстар  заман  талабына  сай  материалдық-техникалық  базаны  жасақтауға,  жоғары 
білікті ғылыми-педагогикалық әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Университеттің даму стра-
тегиясы қалыптастырылып, құрылымдық өзгерістер жүргізілді, келешегінен үміт күттіретін жас ма-
мандарымыз  шетелдерде  оқытылуда,  шетелдік  әріптес  оқу  орындары  мен  ғылыми  орталықтарынан 
шақырылған  белгілі  ғалымдар  біздің  базамызда  ғылыми  зерттеулер  орындап  қана  қоймай,  білім 

5
алушыларға дәрістер оқуда. Соңғы жылдардың көлемінде университет профессор-оқытушыларының 
біліктілігін арттыру, ғылым магистрлері мен докторларын даярлау және қос дипломды бағдарлама бой-
ынша білім алуды жүзеге асыру мақсатында бірнеше шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс 
орнатты. Бұл жұмыстар инженер мамандарын даярлау бағытын да қамтиды. 2011-2012 оқу жылында 
Ресейдің жоғары оқу орындарының магистратурасына сол елдің білім тапсырысы бойынша универ-
ситетте бакалавриаттың мұнай-газ ісі, технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандықтарын 
бітірген 17 түлек, Қытайдың мұнай-газ университетінің магистратурасына  6 түлек қабылданды. Соны-
мен қатар, университетте ғылым, білім, өндірістің келелі мәселелерін шеше алатын жаңа  мазмұндағы 
ғылыми-педагогикалық  кадрлар  даярлау  жүйесі  құрылды.  Мамандар  даярлау  сапасын  аттыру  үшін  
университет басқару жүйесін жетілдіріп, бірыңғай ғылыми-инновациялық цикл құруға ықпал етуде. 
 Бүгінгі күні оқу орнында 9 мыңға жуық студент, 300-ден аса магистрант білім алуда.  6D081000 – 
«Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», 6D073000 – «Құрылыс материалдары, бұйымдарын және 
құрастырылымдарын  өндіру»,  6D072900  –  «Құрылыс»,    т.б.  докторантура  мамандықтары  бойынша 
білім беру қызметі жүргізілуде. 
Университет  Австрияның  Вена  қаласында  Еуразия  –  Тынықмұхит  университеттері  желісіне 
ену  туралы  Декларацияға  (UNITET)  қол  қойды.  Сонымен  қатар  Жоғары  оқу  орындары  Еуропалық 
Ассоциациясының (EVRASHE), Университеттердің Ұлы Хартиясының, Университеттердің Еуразиялық 
ассоциациясының толыққанды мүшесі.
Болон үдерісінің негізгі ұстанымдарының бірі жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлықты 
қамтамасыз ету болып табылады. Бұл – білім алушының бір оқу жылына немесе бір семестрге басқа 
жоғары оқу орнының базасында білім алып келуіне, сол сияқты профессор-оқытушының сол мерзімге 
басқа  жоғары  оқу  орнында  дәріс  жүргізуіне  жағдай  туғызу  деген  сөз.  Академиялық  ұтқырлықты 
дамытуға еліміздің қаржылық қолдау жасауы әлемнің ешбір елінің тәжірибесінде кездеспеген. Біздің 
бүгінгі  алдымызда  тұрған  міндеттердің  бірі  білім    алушылардың  ішкі  және  сыртқы  академиялық 
ұтқырлығын жүзеге асыру болып табылады. Академиялық ұтқырлықты, әсіресе, инженерлік бағыттағы 
мамандықтарда жүзеге асырудың маңызы зор.
Қазақстан  Республикасында  білім  беруді  дамытудың  2011-2020  жылдарға  арналған  мемлекеттік 
бағдарламасында  университеттерде  мамандар  даярлауды  өндіріспен  байланыстыра  отырып  жүзеге 
асыруға  ерекше  мән  берілген.  Осыған  байланысты  жоғары  кәсіби  білім  беру  бағдарламаларының 
мазмұнын  жұмыс  берушілермен  бірлесе  отырып  даярлау  қолға  алынуда.  Бұл  болашақ  маманның 
ертеңгі күні өндіріс орындарының талабына сай келетін, бәсекеге қабілетті  маман болып шығуына зор 
ықпал етеді. Университет осы мақсатта элективті пәндер каталогын даярлауды аймақтағы 50-ден астам 
жұмыс  беруші  мекемелермен,  өндіріс  орындарымен  бірлесе  отырып  жүзеге  асыруда.  Инженерлік-
техникалық мамандықтар студенттерін аймақтағы  ірі өндірістік және мұнай компаниялары базасында  
іс-тәжірибеден өткізу  де жолға қойылған. 
Инновациялық типтегі инженерлерді сапалы даярлау үшін жоғары оқу орнының ғылыми құраушысы 
да  ықпал  етеді.  Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Ә.  Назарбаевтың  тапсырмасымен  біздің 
елімізде  алдыңғы  қатарлы  жаңалықтар  мен    инновациялар  үшін  өзіндік  ғылыми  база  құрылғаны 
белгілі. Ұжымдық қолданыстағы 5 ұлттық зертхананың  және 15 инженерлік бейіндегі университеттік 
зертхананың  құрылуы  мен  жабдықталуы  заманауи  зерттеулердің  белсенділігін  арттыруға  мүмкіндік 
беруде.  Университет базасында ашылған осындай инженерлік бейіндегі   «Физика-химиялық  талдау 
әдістері» зертханасында мұнай химиясы саласында жүргізілетін зерттеулердің ауқымы кең. 
  Қызылорда  облысында  ауыл  шаруашылығы,  құрылыс  индустриясы,  жол-көлік  инфрақұрылымы 
қарқынды даму үстінде. Ғылыми болжамдардың нәтижесіне сәйкес аймақта алтын, күміс, мыс, мы-
рыш,  қорғасын,  ванадий,  уран,  темірдің  айтарлықтай  мол  кеніші  бар.  Арал  ауданында  мұнай  мен 
газдың, кварц құмы мен тұздың қорлары жеткілікті. Осы табиғи байлықтар кезең-кезеңімен игеріліп, ел 
игілігіне айналуда. Университет тек аймақ экономикасына қажетті мамандарды даярлап қана қоймай, 
жоғарыда аталған салалар үшін зерттеулер жүргізіп,  инновациялық технологияларды әзірлеуге де бел-

6
сене  қатысады.  Техникалық,  ақпараттық,  аграрлық  салалардағы  зерттеулерді  дамыту  үшін  ашылған 
агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер ғылыми орталығының, халықаралық энергоресурстар 
және    ақпараттық-сараптама    орталықтарының    жұмыстарына  тартылған  білім  алушылар  қатарын 
көбейтуге де ерекше назар аударылып келеді. 
Соңғы екі оқу жылында ізденістер нәтижесі бойынша 17 патент алынып, 11 монография және 40-
тан астам жаңа жоба енгізілген инновациялық жұмыстар каталогы баспадан шықты. Шетелдік импакт-
факторлы басылымдарда 30-дан астам ғылыми мақала жарық көрді. 
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: 
Жалпыға Ортақ  Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында [10] көрсетілген мәселелердің шешілуі 
үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының ойдағыдай орындалуына тікелей  тәуелді. 
Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының үдемелі индустриалды-инновациялық дамуын қамтамасыз ету-
ге бағытталған ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру ісінде Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік 
академиясы белсенді қызмет етіп келеді. Академия – еліміздегі жоғары инженерлік білімді жетілдіруге 
септігін тигізетін аса маңызды қолданбалы ғылыми  зерттеулердің  де ұйытқысы. 1998 жылдан бас-
тап академияны  оның қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан белгілі ғалым-математик, мемлекет, 
саяси және қоғам қайраткері, отандық білім мен ғылым саласының ірі ұйымдастырушысы – Бақытжан 
Тұрсынұлы Жұмағұлов басқаруда.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қызылорда облысында тау-кен 
металлургия саласын, мұнай-газ секторын, аграрлық индустрия мен химиялық өнеркәсіпті дамытуға 
арналған  жобалар  жүзеге  асырылуда.  Қазақстан  Республикасы  Ұлттық  инженерлік  академиясы 
Қызылорда филиалының көптеген мүшелері осы жобалардың орындалуына атсалысуда.  Қорқыт Ата 
атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында 1992 жылы ашылған Қызылорда  филиа-
лына  Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының және «Ақмешіт» 
гуманитарлық-техникалық институтының ғалымдары  ұжымдық мүше құқына ие.
  Өткен  ғасырдың  90-шы  жылдарының  басында  Қорқыт  Ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік 
университетінде аймақта енді негізі қалана бастаған мұнай және газ өндірісіне қажет жоғары кәсіптік 
білімі бар инженер-мамандар даярлау қолға алынды. Осы кезеңде Инженерлік академия мүшелері –
академиктер Абдуллин Айтжан Абдуллаұлы, Надиров Надир Каримұлы және тағы басқа да көрнекті 
ғалымдар университетке жан-жақты ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, жаңа мамандықтарды игеру 
ісіне елеулі үлес қосты.
Ғылым  мен  білімді  дамыта  отыра  инновациялық  зерттеулер  нәтижелерін  өндіріске  енгізу 
Қазақстанның   экономикасы барынша өркендеген мемлекеттер қатарынан көрінуіне мүмкіндік беретін 
шешуші факторлар санатында. Осынау келелі жұмыс бағыттарын және инженерлік мамандар даярлау-
ды жаңа мазмұнда жүзеге асыру жоғары оқу орындарының алдындағы жауапты міндет болмақ. 
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы»  Заңы // «Егемен Қазақстан». – 2011. 25 ақпан.
2.  Қазақстан  Республикасының  «Білім  туралы»  Заңы  (24.10.2011.  берілген    өзгерістер  мен  то-
лықтыруларымен). 
3. Қазақстан Республикасының «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау тура-
лы» Заңы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 534-IV Жарлығымен 
бекітілген.
4. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  
бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің  2010 жылғы  7  желтоқсандағы  №1118  Жар-
лығымен бекітілген.
5. Жумагулов Б.Т. Ключевые проблемы развития науки и инженерной деятельности // Вестник НИА 
РК. – 2012.  – № 2. – С. 5-10.

7
6. Костюк С.Г. Актуальные проблемы подготовки инженерных кадров в вузе для инновационной 
экономики /science-bsea.narod.ru|2011|econom_2011_1/kostuk_akt.htm.
7. Сарсенбаева Г.М. Перспективы развития инженерного образования для индустриально-иннова-
ционного развития Казахстана // Инженерное образование. – 2012. – № 6. – С.102-106.
8. Пугасов М. Динамика созидания и прогресса // Казахстанская правда. – 2012. – 18 сентября.
9. Жумагулов Б.Т. Траекторией инновационного развития // Казахстанская правда. – 2012. – 26 сен-
тября.
10. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 
20 қадам // Егемен Қазақстан. – 2012. 10 шілде.
Резюме
В статье рассмотрены современные пути развития системы подготовки инженерных кадров в Рес-
публике Казахстан. Проведен анализ проделанных работ по изменению содержания инженерного об-
разования, согласованию учебных планов и программ дисциплин колледжей и вузов, использованию 
инновационных методов  и информационных технологий в обучении. Отмечены роль и место Наци-
ональной инженерной академии Республики Казахстан в совершенствовании высшего инженерного 
образования и реализации научных  исследований, обеспечивающих форсированное индустриально-
инновационное развитие экономики Казахстана. Изложены основные направления деятельности КГУ 
имени  Коркыт  Ата  по  организации  и  повышению  качества  подготовки  инженеров  инновационного 
типа.
Summary
The article describes modern ways of development for  training engineers in the Republic of Kazakhstan. 
There has been done the analysis of the work for  modifying the content of engineering education, matching 
the  curricula  with  discipline  programs  of  colleges  and  higher  institutions,  using  innovative  methods  and 
information technologies in education. It is noted the role and place of the National Engineering Academy 
of  the  Republic  of  Kazakhstan  for  improving  higher  engineering  education  and  implementing  scientific 
researches  to  ensure  accelerated  industrial-innovative  development  of  Kazakhstan’s  economy. There  were 
formulated main directions of Korkyt Ata KSU activities in organizing  and increasing the quality of training 
of innovative type engineers.

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
8
ӘОЖ 321.01:342.1:342.2
БҰҚАРБАЙ БАТЫР ЖӘНЕ XVIII Ғ. II ЖАРТЫСЫ МЕН
XIX Ғ. I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ МӘСЕЛЕСІ
Б.Б. КӘРІБАЕВ
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
Тарихта  белгілі  бір  тарихи  тұлғаның  өміріне,  оның  қоғамдық  қызметіне,  еліне  сіңірген  еңбегіне 
қатысты зерттеулер жүргізіп, қалам сілтегенде, әрине зерттеуші үшін ең алдымен назар аударарлық 
нәрсе, ол – сол тұлғаға қатысты деректер. Ал одан кейінгі нәрсеге сол тұлға өмір сүрген заман неме-
се дәуір, оның сипаты мен ерекшелігі, сол замандағы қоғам мен мемлекет, сондай-ақ елдің жағдайы 
және тағы басқа осындай маңызды мәселелер жатады. Тарихи тұлғалардың қарапайым тұлғалардан 
ерекшелігі сонда – олар өздері өмір сүрген дәуірдің ағымдарына белсене араласып, ел атынан, халық 
атынан өзіндік үндерін қосып отырады. Мұндай тұлғалар қай дәуірде болмасын ел тарихында жетерлік. 
Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бергі өткен 20 жылдан астам уақыт ішінде қаншама тұлғаларымыз 
тарихымыздың төрінен орын алды, алып та жатыр. Міне, сондай тұлғаларымыздың қатарында есімі 
мен  ерлік  істері,  батырлығы  мен  шешендігі  ел  арасында  кең  тараған  Бұқарбай  батыр  Естекбайұлы 
(1812-1898 жж.) да бар. 
Ат жалын тартып мінген кезінен бастап ар мен намысты, дін мен иманды ту етіп ел мен жер үшін 
күресіп өткен Бұқарбай батырдың заманы, сол кезеңдегі қазақтың қай бір тұлғаларын алып қарасақ та, 
маңдайларынан сипай қоятын заман емес болатын. Ел мен жердің тұтастығын сақтайтын, бостандығын 
қамтамасыз  ететін,  қоғамдық-қатынастарын  реттеп  отыратын  саяси  құрылым  мемлекет  екендігі 
баршаға мәлім. Ал Бұқарбай батыр заманында Қазақ мемлекеті мен мемлекеттілігі қандай күйде болған 
еді деген мәселеге біз осы жерде ерекше назар аудармақшымыз. Біз осы мәселеге қысқаша болса да жа-
уап табу арқылы қарастырып отырған Бұқарбай батырдың тұлғалық бейнесінің ел тарихында алатын 
орнын бағамдауға мүмкіндік ала аламыз.
Қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуы бірнеше мыңжылдықтарға созылып, XV ғасыр 
ортасында ұлттық сипатқа ие болған Қазақ хандығын дүниеге әкелгенін бәріміз білеміз. Осы кезден ба-
стап төл тарихымызда Қазақ хандығы өмір сүрген дәуірді тарихшыларымыз хандық дәуір деп атайды. 
Керей мен Жәнібек хандар билік құрған кезден Тәуке хан қайтыс болған кезеңге дейінгі үш ғасырға 
жуық тарихи уақыт осы хандық дәуірдің алғашқы кезеңі немесе бір орталықтан басқарылатын хандық 
кезең  болып  саналады.  Ал  одан  кейінгі  кезеңнің  саяси  және  мемлекеттік  тұрғыдан  алып  қарағанда 
бытыраңқылық кезең екені белгілі. Жүздердегі хандық биліктер мен Ресейдің оларды өзіне бағындыра 
бастауы мен біржолата жойып жіберуі XVIII ғасырдың 30-шы жылдарынан басталып, XIX ғасырдың 
20-шы жылдары аралығында өтеді. Бұқарбай батыр дүниеге келген жылы әлі де болса әр жүзде хан 
лауазымы қолданылып тұрса, ол 20-дан асқан шағында Ресей империясы арнайы заңдарымен алды-
мен Орта жүзде (1822 ж.), кейіннен Кіші жүзде (1824 ж.) хандық басқару жүйесін біржолата жойып, 
қазақ  елінде  империялық  басқару  жүйесін  енгізе  бастайды.  Осылайша  Ресейдің  бір  ғасырға  жуық 
қазақ жерінде жүргізген саясаты қазақ мемлекеттілігін құлатумен аяқталады. Кейіннен XIX ғасырдың 
30-40 жылдары Бұқарбай батырдың Кенесары ханды қолдап, оның қазақ мемлекетін қайта қалпына 
келтіру жолындағы күресіне белсене араласуы оның сол кездің өзінде мемлекеттіктің маңызын жете 
түсінгендіктен деп білеміз. 
Ал бұрынғы төл мемлекетіміз бір ғасырға жуық уақыт ішінде қалай құлады деген мәселеге Кіші 
жүздегі хандық билікке қатысты материалдарды талдау арқылы шеше аламыз. Орта жүз аумағында да 
хандық билік дәл Кіші жүздегідей жолмен жойылады.

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
9
Бір елдің екінші бір елді отарлауы ең алдымен сол елдегі мемлекеттілік жүйені әлсіретуден және 
оны біржолата жоюға бағытталған қадамдардан, мемлекеттегі басқарушы немесе билеуші топты өзіне 
бағындырудан, өзіне тәуелді етуден басталады. Ал оны жүзеге асырудың тарихта бірнеше ондаған әдіс-
тәсілдері мен жолдары бар екені белгілі. Қазақ тарихында XVIII ғасырдың орта тұсынан бастап Ресей 
Кіші  жүз  бен  Орта  жүз  аумақтарында  осы  әдіс-тәсілдерді  өте  шебер  және  жымысқы  түрде  жүргізе 
бастайды. Патшалы Ресей мен Кеңестік кезеңдердегі орыс тарихшыларының зерттеулерінде Ресейдің 
Қазақстанда жүргізген саясаты мәселелері империялық тұрғыда қарастырылып, негізінен прогрессивті 
маңызы бар тарихи процес ретінде тұжырымдалса, қазіргі кезеңдегі еліміздің тарихшылары бұл та-
рихи  жағдайларды  ұлттық  мүдде  тұрғысынан  қарастырып  отыр.  Міне,  соған  байланысты  соңғы 
20  жыл  көлемінде  жарық  көрген  тарихшыларымыз  бен  қоғамтанушы  ғалымдарымыздың  ғылыми 
жұмыстарында  Ресейдің  осы  кезеңдегі  Қазақстан  аумағында  жүргізген  саясаты  ашық  түрде  жаулап 
алуға, бағындыруға, отарлауға бағытталған саясат деп түсіндірілуде. Біз соңғы жылдары елімізде жарық 
көрген құжаттар жинағы мен зерттеу жұмыстарының материалдарына сүйене отыра, XVIII ғасырдың 
ортасынан  бастап  Ресейдің  қазақ  жерінде  жүргізген  саясатына,  оның  ішінде  қазақ  мемлекеттілігін 
жоюға  және  қазақ  билеуші  тобын  өзіне  бағындыруға,  тәуелді  етуге  бағытталған  саясаты  мәселесін 
қарастырамыз.
Жалпы, Ресейдің Қазақстанды бағындыруға бағытталған саясаты мен осы мақсатта қолданған әдіс-
тәсілдері  бұған  дейін  оның  басқа  елдерді  бағындыру  барысында  тәжірибеден  өтіп,  әбден  сыналған 
болатын. XVI-XVII ғасырларда Қазан, Астрахан, Сібір хандықтарын, Ноғай ордаларын бағындыруда 
Ресейдің ең бір тиімді қолданған әдістерінің бірі осы елдердегі билеуші топтардың ықпалын әлсірету, 
олардың өкілдерін әр түрлі жолдармен өз жағына тарту, олардың арасына іріткі салу, билеуші топ пен 
ру-тайпа көсемдері арасына от салу және тағы басқа осындай сипаттағы тәсілдер болатын. Бұл әдіс өз 
кезегінде сол елдердегі мемлекеттіліктің әлсіреп, ақырында күйреуіне әкеп соқтыратын. Ал мемлекеттік 
жүйе жойылып, басқарушы топ тәуелді болғаннан кейін қарапайым халықты бағыныштылықта ұстау, 
олардың жерін тартып алу жаулап алушылар үшін онша көп қиын іс болмайтын. XVIII ғасырдың орта 
тұсынан бастап Ресей әкімшілігі Қазақстан дәл осындай әдістерді жүзеге асыруды қолға ала бастайды. 
Біз бұл жерде Ресейдің қазақ еліндегі отарлау саясатының бір ғана аспектісіне – қазақ мемлекеттілігін 
жоюға бағытталған саясаты мен сол бағыттағы қолданған әдіс-тәсілдеріне назар аударамыз.
XVIII ғасырдың 30-шы жылдарының басындағы Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүздің бір топ 
билеушілерінің  Ресейге  адалдығы  жөнінде  ант  беруінен  1822-1824  жылдардағы  хандық  билікті 
жою  туралы  Жарғыға  дейінгі  90  жылдық  аралықта  қазақ  мемлекеттігін  тарих  көшінен  тайды-
ру үшін патша өкіметі арнайы мақсаттағы саясатын жүргізеді. Оны саралап көрсету арқылы біз 
тарихымыздағы  сүрінген  кездерді  және  ащы  сабақтарды  тек  біліп  қана  қоймай,  болашақта  оны 
қайталамауға үйренеміз.
Ресейдің  Қазақстандағы  бір  ғасырға  жуық  мемлекеттікті  жоюға  бағытталған  саясатына  көз 
жүгіртсек, оның кезең-кезеңмен жүргізілген мынадай қадамдарын байқаймыз. Бірінші қадам – билеуші 
топ өкілдерінен ант алу мен аманат алу, екінші қадам – халық өкілдері сайлаған ханды бекіту құқығын 
иелену, үшінші қадам – хан тағына үміткерді өзі таңдап, тағайындау, төртінші қадам – хандық билікті 
бөлшектеу  және  соңғы  қадам  хандық  билікті  жою  болды.  Төменде  осы  қадамдардың  қалай  іске 
асырылғанына қысқаша болса да тоқталып өтейік. 
Қазақ мемлекеттігін жою барысындағы Ресейдің алғашқы жасаған қадамына билеуші топ өкілдері-
нен орыс патшасына адалдығы жөнінде ант алу мен олардың бір ұлын аманат ретінде ұстап отыру 
жатты. Бұл қадамды Кіші жүзде Орынбор әкімшілігі өте шебер жүргізе алды. 
Қазақ  мемлекеті  Тәуке  ханнан  кейін  ішкі  және  сыртқы  факторлардың  ықпалымен  үш  жеке 
хандықтарға бөлініп кеткен еді. I Петр тұсында-ақ Қазақстанды бағындыруды алдына мақсат еткен 
Ресей үшін қазақ елінің саяси бытыраңқылығы өте қолайлы болып саналды. Сол тұстағы қазақ елінің 
ауыр жағдайын біліп отырған Ресей жағы Кіші жүзді бағындыруды ант қабылдау мен аманатқа адам 
алудан бастайды. Кіші жүз ханы Әбілқайырдан ант алу мен аманат алу Тевкелев жазбаларында жақсы 
баяндалғандықтан, біз оған терең тоқталмаймыз. Бұл қадамды Кіші жүзде нәтижелі жүргізген Орын-
бор әкімшілігі Орта жүзге келгенде жартылай ғана іске асыра алды. Сол тұстардағы Орта жүз ханы 
Әбілмәмбет Ресейге ант берсе де, аманатқа өз ұлын беруден бас тартып отырады.  

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
10
Кіші жүз ханы Әбілқайырдың тұсында-ақ, Орынбор әкімшілігінің алғашқы басшысы И.И. Неплюев 
империяның отарлау саясатын Қазақстанның солтүстік-батыс аймақтарында белсенді түрде жүргізуге 
кіріскен болатын. Тек 1740-1743 жылдардың өзінде осы өңірдегі әскери бекіністердің саны едәуір ар-
тады. Сонымен қатар осы аймақтағы қазақтардың ықпалын әлсірету мақсатында Орынбор әкімшілігі 
башқұрттар  мен  Еділ  қалмақтарын  жергілікті  қазақтарға  қарсы  айдап  салып,  халықтар  арасында 
бітпейтін жанжалдарды туғызып отырды. Соның бір дәлеліне оның 1744 жылдың сәуір айында қалмақ 
ханы Дондук-Дашеге қазақтарға қарсы жорық жасауды және олжаға түскен бар мал-мүлікті өздерінде 
қалдыруды  тапсыруы  жатады  [1].  Әбілқайыр  ханның  ықпалын  әлсірету  үшін  осындай  әдістермен 
қарақалпақтар мен башқұрттарды да Кіші жүз қазақтарына айдап салады.
И.И.  Неплюевтің  Орынбор  әкімшілігін  басқарып  отырған  кезеңдегі  жұмысының  басты  бағыты 
Ресейдің Кіші жүздегі билігін барынша күшейту болғандықтан, ол ең алдыменен, Әбілқайыр ханның 
билігіне шек қойып, оның саяси беделін төмендетуді көздейді. Бұл кезде Әбілқайыр ханның тек Кіші 
жүз тайпалары арасында ғана емес, бүкіл қазақ елі арасындағы беделі шынында да өте зор болатын. 
Өз кезегінде  Әбілқайыр хан Орынбор басшысының мұндай саясатына барынша қарсылықтар жасап 
бағады.  Мұндай  жағдайдың  Ресейдің  Кіші  жүз  аумағында  отарлау  саясатын  ойдағыдай  жүргізуіне 
мүмкіндік бермейтінін И.И. Неплюев өте жақсы түсінеді. Соның нәтижесінде екі басшы арасындағы 
қарым-қатынастарда салқындық пайда болады. И.И. Неплюевтің өмірі мен қызметі туралы еңбек жазған 
В.Н. Витебский «...Осы кезден бастап И.И. Неплюев пен Әбілқайыр хан арасында араздықтар баста-
лады» деп жазады [2]. И.И. Неплюев Әбілқайырға қарсы тұра алатын саяси күшті қазақтың өз ішінен 
іздестіріп табады. Ол Әбілқайыр ханға қарсы оның саяси бақталасы Барақ сұлтанды қолданады. Төре 
тұқымдары арасындағы алауыздықты өршітіп, Кіші жүз ханына қарсы Барақ сұлтанды айдап салады. 
Ақыры И.И. Неплюевтің жымысқы жоспары жүзеге асады да, 1748 жылы тамызда Әбілқайыр хан қаза 
табады. Әбілқайыр ханның өлімінен кейін Ресей Кіші жүздегі отарлау саясатын аса қарқынды түрде 
жүргізуге  мүмкіндіктер  алады  және  қазақ  мемлекеттігін  жою  барысында  алғашқы  қадамын  аяқтап, 
келесі қадамды жүзеге асыруға кіріседі.
Алдыменен осы бағытта Ресей тарапы Кіші жүзде Әбілқайырдың орнына жаңа хан сайлау мәселесі 
бойынша негізгі мәселелердің бірі – сайланған жаңа ханды бекітуді өз қолына алады. Кіші жүздің 
белгілі ру-тайпа басшылары Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтанды хан етіп сайласа да, Ресей 
жағы  оны  патшаның  бекітуі  қажет  деп  талап  қояды.  Соған  байланысты  И.И.  Неплюевтың  арала-
суымен Нұралы орыс патшасына өтініш білдіріп, өзін хан етіп бекітуді сұрайды. Осылайша Ресей 
Нұралыны хан етіп бекітуі арқылы өзінің саяси отарлауын бір қадам болса да алға жылжытады. Бұл 
Ресейдің қазақ жерлерін саяси отарлау мен қазақ мемлекеттігін жоюдағы кезекті жеңістерінің бірі 
болып саналды.
Нұралы хан әкесінің тағына ие болғанымен, оның билік ету кеңістігі әкесінің билігіндей бола алма-
ды. Нұралымен бір мезгілде 1748 жылы 2 қазанда Арал маңы мен Сырдың төменгі ағысы бойындағы 
әлімнің шекті, шөмекей, төртқара тайпалары Батыр сұлтанды өздеріне хан етіп сайлап алады. Нұралы 
хан болса Кіші жүздегі билігін нығайту мақсатымен әр түрлі қадамдар жасап бағады. Хиуа мен Бұхар 
хандарынан қолдау сұрағанымен, олардан ешқандай көмек ала алмайды. Ал Ресей жағы болса оның 
жеке-дара билігінің күшеюін құптамады. Тіпті Кіші жүз аумағындағы ру-тайпалар оның билігін толық 
мойындамай отырған болатын. Сол себепті де ол амалсыздан Ресейдің қолтығына терең енуге мәжбүр 
болады. Ресейдің алдын-ала дайындап отырған саясаты да осы болатын.
Нұралы  ханның  билігі  тұсында  (1749-1786)  Ресейдің  Кіші  жүздегі  отаршыл  саясаты  барлық 
бағыттарда кең түрде жүргізіледі. Оның ішінде саяси жағынан отарлау, яғни хан билігін мейілінше 
әлсірете түсу мен хан ролін төмендетуге бағытталған саясат үздіксіз, әрі табанды және өте абай  түрде 
жүргізіледі. Саяси отарлаудың түпкі мақсаты Кіші жүз аумағында хандық билікті түпкілікті түрде жою 
болатын. Мемлекеттілік жүйе жойылғаннан кейін отарлау саясаты басқа бағыттарда еш қиындықсыз 
жүретінін Ресей бұған дейінгі отарлау тәжірибесінен жақсы білетін.
Кіші жүздегі саяси отарлауды одан әрі тереңдетудегі Ресейдің келесі қадамына халықтың хан сай-
лауын өзгертіп, оның орнына ханды патшаның өзі тағайындау принципін енгізуді қолға алуы жата-
ды. Ресейдің қазақ жеріндегі отарлау саясатын жүргізуде көзге түсіп, белсенділік танытқан генерал-
майор А.Тевкелев пен мемлекеттік кеңесші П.И. Рычков өздерінің ұзақ жылдар бойы қазақ қоғамы, 
ондағы хандық билік, оның құрылымы мен ерекшеліктері жөніндегі тұжырымдарын түйіндей 

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
11
келе, 1759 жылы қаңтарда Сыртқы істер коллегиясына қазақтарда ханды халық сайламай патшаның 
жарлығымен тағайын даудың тиімді екендігін дәлелдеп ұсыныс білдірген болатын. Сондай-ақ олар Ресей 
қазақ халқындағы басқарудың саяси жүйесін бұза отырып, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың хан 
сайлау дәстүріне әсер ете алмай отыр деп жазады [3]. Ж. Қасымбаевтың пікірінше, Ресей шенеуніктері 
бұл  ұсыныстарға  XVIII  ғасырдың  60-шы  жылдарының  соңында  ерекше  назар  аударып,  көңіл  қоя 
бастаған  [4].  Бірақ  та  1773-75  жылдардағы  Е.  Пугачев  бастаған  шаруалар  көтерілісіне  байланы-
сты  Ресей  бұл  мәселені  іске  асыруды  кейінге  шегеруге  мәжбүр  болады.  Ал  одан  кейінгі  С.  Датұлы 
бастаған Кіші жүз қазақтары қозғалысының алғашқы жылдарынан бастап бұл іске шындап кіріседі. 
Бұл кезде Кіші жүз аумағындағы саяси-әлеуметтік жағдай қатты өзгеріске түскен болатын. Хан мен 
оның туыстарының Ресейге тәуелділігі күшейіп, олар Орынбор әкімшілігінен әр түрлі формада сый-
сияпаттар, қаржылар алып отырды. Өз кезегінде Ресей жағы Кіші жүздің билеуші тобын толықтай өзіне 
қаратып алғаннан кейін жергілікті халықтың жерлерін күшпен тартып алуды қиындықсыз жүзеге асы-
рып отырды. Осының салдарынан жергілікті халық пен хандық билік арасы алшақтайды да, биліктің 
міндетін дәстүрлі әлеуметтік институттың өкілдері – билер мен батырлар атқара бастайды. Міне, осын-
дай жағдайда тарихтың мінберіне Кіші жүздегі байбақты руының әрі биі, әрі батыры Сырым Датұлы 
көтеріледі. С.Датұлы бастаған Кіші жүз халқының көтерілісі хан әулетінің озбырлығына, орыс-казак-
тары мен Ресей әкімшілігінің отарлауына қарсы бағытталды. Бұған қатысты тарихнамада зерттеулер 
жеткілікті болғандықтан, біз бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз [5]. Орынбор әкімшілігі өз кезегінде 
Сырым  батырдың  Нұралы  ханға  наразылығын  өз  пайдасына  пайдаланып  қалуға  тырысады.  Тарихи 
құжаттарда  жергілікті  ру-тайпа  басшыларының  Әбілқайыр  ханның  ұрпақтарына,  Нұралы  ханның 
озбырлықтарына қарсы наразылықтары мен ханды биліктен шеттету туралы мәліметтер кездеседі [6]. 
Өз кезегінде Орынбор губернаторы барон О.А. Игельстромның II Екатеринаға жазған хабарламалары-
нан Орынбор әкімшілігінің Кіші жүзде болып жатқан оқиғаларды бақылап отырғанын, жергілікті халық 
пен Нұралы хан арасындағы қайшылықтардың себептерін біліп отырғандығын байқауға болады [7]. 
Міне, осындай жағдайда Ресей жағы өзінің түпкі мақсаттарының бірі – хандық билікті түпкілікті жою 
үшін күрестің белгілі бір кезеңінде билер мен старшындарды, оның ішінде Сырым батырды қолдап, хан 
билігін одан әрі әлсірете түседі. Ақыры барон О.А. Игельстром 1785 жылы Кіші жүз ақсақалдарының 
қолымен Нұралыны биліктен алу жөніндегі шешімге қол жеткізеді. Ал 1786 жылы 3 маусымда II Екате-
рина Нұралыны хан билігінен алу туралы жарлық шығарады. Сөйтіп Кіші жүзде 40 жылдай хан болған 
Нұралы Орынборға шақыртылады да, ол жақтан Уфаға жіберіледі. Ал Кіші жүз аумағында жергілікті 
басқарудың жаңа түрлері – шекаралық сот, расправа енгізіле бастайды.
Жалпы алғанда, Ресейдің Нұралы ханды биліктен алуын,  біріншіден, Ресейдің Қазақстанды саяси 
отарлау мен мемлекеттікті жою бағытындағы кезекті жеңістердің бірі, яғни Ресейдің халық сайлаған 
ханды  бекіту  құқығынан,  ханды  орнынан  алып  тастауға  дейінгі  құқықты  иеленгенін  көрсетеді, 
екіншіден, қазақ халқының өз мемлекеттілігінен айырылуындағы кезекті бір жеңілісі деуге болады.
Дегенмен де Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы Ресей күткендегідей нәтиже бермеді. Ішкі сая-
си жағдай одан әрі ушыға түсті, жергілікті халықтың орыс-казактарымен қайшылықтары арта түсті, 
жаңадан құрыла бастаған шекаралық сот пен расправа жұмыс істеуге дәрменсіз болды, Кіші жүзде хан 
сайлауды талап еткен күштер өсе түседі. Орта жүздің сұлтандары, түркімендердің ханы Нұралының 
ұлы Пірәлі хан да осыны талап ете бастайды. Дәл осы жылдары Францияда басталған буржуазиялық 
революцияның монархиялық жүйеге бағытталғандығынан қорыққан Ресейлік шенеуніктер өзгерістердің 
бәрінен бас тарта бастайды. Осыған байланысты Кіші жүзде хандық билікті жоюдың әлі де болса ерте 
екендігіне көз жеткізіледі. Сөйтіп жаңа ханның қажеттігін Ресей аңғарады.
Қазақ жерінде саяси отарлау мен мемлекеттікті жою бағытында Ресей жаңа қадамға аяқ басады, 
ол билікке үміткерді өзі таңдауы болатын. Осындай мақсатпен 1791 жылы Нұралы ханның туған інісі 
Ералы хан ешбір сайлаусыз-ақ хан болып тағайындалады. Осылайша Әбілқайыр ұрпақтары арасынан 
кімнің хан болуы енді тікелей Ресейдің құзіретінде қалдырылады да, бұл құзіреттілік кейінгі жылдары 
одан әрі кеңейтіле түседі. Мысалы, 1794 жылы Ералы хан қайтыс болып, Нұралының тұңғыш ұлы Есім 
таққа отырғызылады. Ж. Қасымбаевтың пікірінше, Есімнің таққа келуіне Орынбордың жаңа басшысы 
Вязьмитинов көп күш салады, өйткені Есім Әбілқайыр ханның көп ұрпақтары арасындағы әлсіздеу, 
көзге түспеген, ешқандай айрықша белгілерімен байқала қоймаған тұлға болатын[8]. Бұл жерде Ресей 
жағы жаңа ханды тағайындауда онша көп қиындықтарға тап бола қойған жоқ.

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
12
1797 жылы Сырым Датұлы көтерілісшілерінің Есім ханды өлтіруі бүкіл даланы дүр сілкіндірген 
оқиғалардың бірі болды. Бұл әрекет, біріншіден, Ресейдің жоспарына кірмесе де, ханды қарапайым ха-
лық өкілдерінің өлтіруі Ресейдің түпкі мақсаттарына сай келетін. Екіншіден, бұл оқиға хандық биліктің 
өте әлсіз екендігін және хан беделінің қарапайым халық арасында өте төмен екендігін көрсетеді. Міне, 
осындай оқиғалардан кейін Кіші жүздің солтүстік-батыс аумағында жаңа хан тағайындау мәселесінде 
барлық құқықты Ресей жағы өз қолына алады. Жаңа хан сайлау мәселесінде Нұралы ханның ұлдары 
хан тағын өз әулеттерінде қалдыруға үміттеніп, өздерінің арасынан хан болуға лайықты адамын алға 
шығарады. Ол Нұралы ханның Есім ханнан кейінгі екінші ұлы – Қаратай сұлтан болатын. Л. Мейердің 
жазуы бойынша, қазақтардың басым бөлігі өздерінің билеушісі ретінде жігерлі де, қайратты Қаратай 
сұлтанды қалаған [9]. Бірақ та Қаратай сұлтанның кандидатурасы Орынбор әкімшілігіне ұнамайды. 
Өйткені оның жігерлілігі мен қайраттылығы, дербестігі мен еркіншілдігі Ресейдің ұзақ жылдар бойы 
Кіші жүз аумағында жүргізген саясатын жоққа шығаратын. Сол себепті де Қаратай сұлтанның кандида-
турасынан Орынбор әкімшілігі бас тарта отырып, себебін қазақ халқының хандық билікті мұралану жо-
лымен байланыстырады. Олардың негіздеуі бойынша Қаратай сұлтан 1771 жылы қолға түскен қалмақ 
қызынан туған. Ресей жағының бұл негіздеуін Айшуақ сұлтан басқарып отырған Хан кеңесі амалсыз-
дан мақұлдауға мәжбүр болады. Ал Орынбор әкімшілігі қазақтың салты бойынша билікке Әбілқайыр 
хан әулетіндегі ең жасы үлкен адамды ұсынады. Бір жағынан Айшуақтың кандидатурасы қазақтың хан 
таңдау дәстүріне сай келсе де, оның жасының келуі мен денсаулығының нашарлығы қазақтар арасы-
нан оған қарсы топтың пайда болуына алып келді. Соған қарамастан, Ресей өз талабын Хан кеңесіне 
мойындатқызып, аймақта толық қожайынның кім екендігін дәлелдеп береді. Ал Хан кеңесі болса амал-
сыздан бұны қабылдауға мәжбүр болады. Осылайша, 1797 жылы 78 жастағы Әбілқайыр ханның ұлы 
Айшуақ сұлтан таққа отырғызылады. Жас кезінде атақ-абыройы асқақтап, даңқы шартарапқа тараған 
Айшуақ сұлтан хан тағына отырған кезде «құлағы естімейтін, көзі өте нашар көретін, әбден қартайған» 
адам  еді  [10].  Сөйтіп,  Айшуақты  хан  тағына  отырғызу  арқылы  Ресей  Кіші  жүз  тағына  хан  әулеті 
ішінен өзі таңдаған, өзі қалаған адамды отырғыза алатындығын тағы да дәлелдеп берді. Айшуақты хан 
тағына отырғызу салтанаты Орынборда өткізіліп, Орынбор әкімшілігі оған қатты дайындалады. 
Ж. Қасымбаевтың монографиясында бұл мәселе жан-жақты баяндалғандықтан біз оған тоқталып жат-
паймыз [11]. Біздің айтарымыз мынау ғана: Орынборда болған салтанатты түрдегі хан тағына отырғызу 
рәсімдері ежелгі және орта ғасырлардағы Қытай императорларының көшпелі елдердің елшіліктерін 
қабылдау рәсімдерін амалсыздан еске түсіртеді. Оның бір ғана мақсаты болушы еді, ол – көшпелілерді 
өз байлығына қызықтыру және Қытайдың күш-қуатын көрсету болатын. Орынборға салтанатты жиынға 
жиналған Кіші жүздің ең беделді ақсақалдары алдында Ресей жағы осындай мақсатты көздейді.
Айшуақ ханның билігі 8 жылға созылып, Кіші жүздің Жетіру бірлестігінде 1805 жылға дейін со-
зылады. Әбден жасы келіп, хандық міндетін атқаруға шамасы келмегеннен кейін ол патша үкіметінің 
келісімімен тақты үлкен ұлы Жантөреге береді. 1809 жылы Жантөре ханды саяси қарсыласы сұлтан 
Қаратай Нұралыұлы өлтіргені белгілі. Ал Айшуақ болса 1810 жылы 91 жасында қайтыс болады. 
Кіші жүздегі мемлекеттікті жою бағытындағы соңғы қадамдардың бірі оны бөлшектеу болды. Әлі 
де болса Ресейге бағына қоймаған Арал маңы мен Сыр бойындағы қазақ ру-тайпаларын есептемегенде, 
Жетіру мен Байұлы бірлестіктері саяси жағынан алғанда бірнеше бөліктерге бөлініп кеткен еді. 1801 
жылдан бастап Бөкей сұлтан өз қарамағындағылармен Ішкі Ордада, ешкімге бағынбаған Қаратай сұлтан 
далалы өңірлерде, Айшуақ ханның мұрагері, болашақ Кіші жүздің соңғы ханы – Шерғазы Орынбор 
маңында болатын. 1812 жылы, яғни Бұқарбай батыр дүниеге келген жылы Ресей бөлшектеуді заңды 
түрде жүзеге асырады. Осы жылы I Александр патшаның жарлығымен Бөкей сұлтан – Ішкі Ордада, 
Шерғазы сұлтан – Жантөренің орнына хан болып бекітіледі. Шерғазы Кіші жүз ханы болып саналса 
да, оның билігін Қаратай сұлтан да, Бөкей хан да, Сыр бойындағы Арынғазы хан да мойындамады. Дәл 
осындай жағдай осы жылдары Орта жүзде де қалыптасады.
Енді Ресей үшін қазақ мемлекеттігін жою үшін соңғы қадамды жасау ғана қалады. Ол арнайы заңмен 
хандық билікті басқа әкімшілік-басқару жүйесімен ауыстыру болатын. Орта жүзде 1819-1821 жыл дары 
Бөкей мен Уәли хандар қайтыс болғаннан кейін жаңа хандар сайланбай, хандық билік жойылса, Кіші 
жүзде Шерғазы ханның өлуін күтпей-ақ Ресей 1824 жылы оны хандық биліктен алып, басқа қызметке 
отырғызады  да,  мұндағы  хандық  билікті  тоқтатады.  Сөйтіп,  Ресейдің  қазақ  мемлекеттілігін  жоюға 
бағытталған саясаты ұзақ мерзімге созылса да, ол үшін нәтижелі аяқталады. Қазақ мемлекеттігін толық 

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
13
жойғаннан кейін Ресей Қазақстанда отарлаудың басқа түрлерін еркін және жаппай жүргізуге мүмкіндік 
алады.
Ресеймен  қатарлас  XIX  ғасырдың  10-20  жылдары  Сыр  бойы  мен  Арал  маңындағы  жергілікті 
халыққа  Хиуа,  Бұхар  және  Қоқан  хандықтары  тырнағын  батыра  бастайды.  Біртұтас  және  бір 
орталықтан басқарылатын мемлекеттік басқару әкімшілігі жоқ болғандықтан жергілікті тұрғындардың 
мүдделері аяққа тапталады. Ортаазиялық хандықтардың озбырлықтары әбден күшейген кезеңде елді 
қорғау міндеті жергілікті батырлардың мойнына түседі. Сыр бойында Бұқарбай батыр осындай сын-
дарлы жылдары тарих мінберіне шығып, бір жағынан елін қорғаса, екінші жағынан Кенесары ханның 
серіктерінің бірі ретінде қазақ мемлекеттігін қайта көтеруге белсене араласады. 
Біз,  XXI  ғасыр  басындағы  қазақ  елінің  азаматтары  мемлекеттігіміздің  тарихындағы  осындай 
қайғылы кезеңдерді біле отыра, оларды ескере отыра, болашақта ел тарихында ондай беттердің болма-
уы үшін әрдайым тарихымызға және Бұқарбай батыр секілді тарихи тұлғаларымыздың өміріне әлсін-
әлсін қайта оралып отыруымыз қажет. 
Әдебиеттер: 
1. Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк // Известия Оренбургского отделения 
ИРГО, Вып. XV. – Оренбург, 1900. – С. 55.
2. Витебский В.Н. И.И. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г. – Казань, 
1891. – Т. 3. – С. 681.
3. Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств XVIII – первой половины XIX вв. – 
Алматы: Жеті Жарғы, 2001. – С. 15.
4. Сонда, 15-16 б.
5. Вяткин М.П. Батыр Срым. М.-Л., 1947; Вяткин М.П. Политический кризис и хозяйственный упа-
док в Малой Орде в конце XVIII – нач. XIX в. // Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). 
т. І-IV. – М.-Л., 1940. – С. 3-38.; Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – 
Алматы: Атамұра, 2002. – 220-234 бб.
6. Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т. IV. – М.-Л.,1940. – № 4, 6 құжаттар.
7. Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т. IV. – М.-Л.,1940. – № 4, 9 құжаттар.
8. Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств XVIII – первой половины XIX в. – 
Алматы: Жеті Жарғы, 2001. – С. 125.
9. Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства // Материалы для географии и статистики 
России. – СПб., 1865. – С. 36.
10. Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства // Материалы для географии и статистики 
России. – СПб., 1865. – С. 23.
11. Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств XVIII – первой половины XIX вв. – 
Алматы: Жеті Жарғы, 2001. – С. 131-145.
 
Резюме
В статье рассматриваются вопросы казахской государственности в ХVIII-XIX вв., политики России, 
направленной на ее ликвидацию, в том числе путем подчинения правящей элиты казахского народа. 
На основе анализа изданного в последние годы сборника документов и материалов исследователь-
ских  работ  доказывается  политика  Российской  империи  по  окончательному  искоренению  ханского 
правления в Казахстане путем поэтапного внедрения системы колониального правления.
Обращает на себя внимание ратный подвиг исторических личностей, боровшихся за национальную не-
зависимость, в ряду которых особое место занимает Бухарбай батыр, прославленный в народе своим геро-
измом.

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
14
Summary
The article describes the issues of the Kazakh state in XVIII-XIX centuries, the Russian’s policy aimed for 
the elimination of the state, including the subordinating of the ruling elite of the Kazakh people.
Based on the analysis of the recent years published collection of documents and research materials it is 
proved that the policy of the Russian Empire was forwarded to completely eradicate the Khan’s government in 
Kazakhstan through a phased implementation of the colonial ruling system.
Great attention is paid to the military deeds of historical figures that fought for the national independence. 
The name of Bukharbay batyr takes a special place among them who was famous for his heroism among the 
people.
ӘОЖ 321.01:342.1:342.2(574. «18») 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет