Гугунмұражайы – ортағасырлық қытай сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. 1420 жылы Пекин қаласындағы Тянаньмэнь алаңының солтүстік жағына салынған Мин және Цин әулеті императорларының сарайы болды. Аумағы 723600 метр квадрат. Айналасы биіктігі 10 метр дуалмен қоршалған. 1912 жылы Қытайда патшалық билік жойылып, республика жарияланған соң сарайдың бір бөлігінде ескі мәдени жәдігерлер көрмеге қойыла бастады, 1918 жылы мемлекеттік мұражай осында көшірілді. 1925 жылы Қытай үкіметі оны Гугун мұражайы етіп қайта құрып, көпшіліктің көруіне рұқсат берді. Экспонаттардың жалпы саны 1 миллион 100 мың. Мұражайда сирек кездесетін тарихи, әдеби, діни қолжазбалар мен ксилографиялық кітаптардың 500 мыңнан астам данасы сақтаулы. Олардың ішінде қытайшадан басқа шүршіт (маньчжур), моңғол, тибет, ұйғыр, түрік-шағатай жазуындағы кітап, қолжазбалар да мол. 1948 жылы Гоминьдан үкіметі Гугун мұражайынан әр түрлі мұралар мен сирек кездесетін қолжазба кітаптардың 230 мыңнан астам данасын Тайваньға алып кетті. 1965 жылы Тайвань – Гугун мұражайы ашылды.