Қыз бен ер бала тәрбиесінің ерекшеліктері



Дата02.12.2023
өлшемі32,37 Kb.
#131865
Байланысты:
Қыз бен ер бала тәрбиесінің ерекшеліктері-emirsaba.org


Қыз бен ер бала тәрбиесінің ерекшеліктері

Қыз бен ер бала тәрбиесінің ерекшеліктері


Қазақ ұғымында отбасы – өмірдің тұтқасы, оттың маңайына таратқан жан балқытар жылуына жиналған жақындары. Отбасының амандығы, ошақтағы оттың маздап тұруы – әрбір қазақ үшін маңызды. Сондықтан қазақ отының басын тіршілігінің тұтқасы санап аялайды. Отбасы құндылығы – біздің мемлекетіміз ұстанып отырған басты саясат. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылда халыққа арнайтын Жолдауында да отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесін дәріптеу, ата-аналардың балаларын шынайы қамқорлыққа алу мәселелері тұрақты сөз болып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында (27-бап) «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауындаболады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың етене құқығы әрі міндеті»,-делінген. Бұл жолдар әр баланың білім алуына мемлекеттің басты назар аударатынын және ол отбасының парызы екенін айғақтай түседі. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп бағаланғандықтан. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі болып табылады. Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Бұл қазаққа тән жақсы қасиеттер мен ұлттық сананы ұрпаққа қалыптастыру, ұлтымыздың дүниетанымдық тәжірибесін жалғастыру дегеніміз. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол – әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты. Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін» деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болды. Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын – тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Отбасының ең негізгі қызметі ұрпақ жалғастыру болса, екінші кезекте сол ұрпағына дұрыс тәрбие беру қызметі тұрады. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасындағы ата-ана - баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған. Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды. Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды.
Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс – әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады.
Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді. Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.
Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін балдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын еді халқымыз. Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Ж.Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен. Ата-анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Отбасындағы ер баланың өз орны бар. Мысалы, тұңғыш ұл – кейінгі іні-қарындастарының қамқоршысы, ата-анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйенген. Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Халықтың дәстүрлі тәрбиесінде осы баға – «жігіт сыны» деп аталады. Қазақ халқының менің ұлым деп көкірек қағып, мақтаныш тұтар ұлының қандай болу керектігі туралы халықтың талғамына сай бейнеленеді: а) кескін-келбеті: «Еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, қыр мұрынды, кең маңдайлы, кең иықты, жуан білекті, темірдей саусақты». ә) қадір-қасиеті: «Қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, жау жүректі, жылқыдай мінезді, бұландай алып, сауысқандай сақ». б) қабілет-икемі: «Көсем жігіт» – ел басқаратын жігіт, «Шешен жігіт» – дау шешетін тұлға, «Батыр жігіт» – еліне қамқор, жауына алаберен жігіт, «Сері жігіт» – аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ертіп, қыранның қырағысын баптап, ат құлағына ойнап, ер қаруы – бес қаруды сайлап, мың құбылтып ән салып, күмбірлете күй тартатын өнерлі жігіт. «Жомарт жігіт» – дастарқаны берекелі, пейілі кең, өзі жайдары, «Палуан жігіт» – мойыны жуан, жауырыны қақпақтай, бұлшық еті темірдей, қимылы шапшаң, иненің көзінен өтердей епті, алып күш иесі. Осы аталған қадір-қасиеттерді бүгінгі ұландар бойына бойына дарыта білсек, онда зерделі де зейінді, өнерлі де талантты, жігерлі де қайратты, адал да парасатты елі-халқы сыйлайтын ер жігіттің келешегі жарқын, жолы ашық. Осы орайда ойға оларға берілетін тәрбиенің артықшылығы неде деген сұрақ оралады. Өйткені оларды бесік жырына құлағын қандырудан бастап, ауыз-әдебиеті мен ата-баба тарихына сусындатудан бірізділікпен ер балаларға негізделген тәрбиенің әдістемесінің жасалуы ер бала тәрбие маңыздылығын сезіндіріп қана қоймайды. Сондай-ақ, нәтиже де берері анық. Ал, керісінше, жалқаулықты серік етіп, жанын өтірікпен бағып, біреуді алдап, біреуді арбап, шыққан тегін білмейтін, отбасы түгілі өз басын да асырай алмай жүрген ерлерімізден қандай ұрпақ жалғастығын күтуге болады? Осындай керағар тәрбиеленген ұрпақ өкілдерінің тәрбиесіне кімді кінәлаймыз? Қоғамды ма, әлде ата-ананы ма? «Атадан тағылым алмаған ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман», «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп түйіндей отырып, ер бала тәрбиесінің отбасында және мектепте қыздармен қатар берілуіне ерекше мән беріп, арнайы тәрбие бағдарламалары жасалуға тиіс. Өйткені, ер баланың дұрыс тағылым-тәрбие алуы, дүниенің сырын танып білуі отбасындағы ата-аналардың ақыл-кеңесі мен үлгі өнеге көрсетумен байланысты. Ұлттық тәрбиенің бұрынғы әдістерін бүгінгі күн талабымен жаңаша қарастырған жөн. Ата-бабамыз жасап, сомдап кеткен жігіттің моделін одан әрі, бүгінгі күннің талабына сай жетілдіріп өсіп келе жатқан өскелең ұрпағымыздың бойына дарыту, тағдырдың қандай тәлкегін көрсе де, қайсарлығы мен тектілігін жоғалтпаған дана халықтың ұрпағы екендігін ұғындыру, олардың бойына мақтаныш сезімін туғызу ата-ананың бірден бір міндеті. Кейінгі жылдары ұлдар арасында тым жұмсақ мінезділер де кездеседі. Мамандар мұны ер-азаматтардың ұрпақ тәрбиесінен мүлде сырт қалуының салдары дейді. Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде ұлды тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі таза ауадай қажет. Ата-бабамыз қан тазалығына, тектілікке қатаң қараған. Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп барлық саналы қазақ азаматтарына айтылған. Жеті атаға дейін өз руының қыздарына үйленбеуге тырысқан. Қазақтар ұлдарын он үш жасында отау иесі деп дайындаған. Бала дүниеге келгенде кіндігін кім кеседі, бесікке кім бөлейді сол адамға тартады деп те ырымдаған. Адамгершілік, қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттер үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді дана халықымыз. Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас деген қазақ халқында нақыл сөзі бар. Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? Бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсаңыз, бала сізге адал дос, қолдаушы болады. Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой деп мақтайды. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді. Қазақта ұлдар әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі дей отырып, баласын оқытып, жақсы көріп, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру – қазақ отбасының басты міндеттерінің бірі. Қандай ата-ана болсын баласының дұрыс адам болғанын, өзінен артық болғанын қалайды. Бұл – ниет қана. Тәрбие беру барысында қателіктерді болдырмау, жетістікті нәтиже алуда тәрбиенің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануы қажеттігін ата-ана ұғынуы тиіс.
«Қыз өссе-елдің көркі» - дегендей Ел, сәні, елдің көркі қыздардың шырайланатыны шындық. Халқымыздың қыз балаға деген құрметі ежелден ерекше болған. «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін халық қыздарын бақыт құсына балап, әлпештеп, аялаған. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын. Қыздарымыздың асыл қасиеті-жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа қызықпағанымен жыр-дастандардан білеміз. Қыз баланың әдептілігі сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, әр түрлі жағдайда өзін-өзі ұстай білуінен, жолдас-жораларымен және жай былайша адамдармен арақатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көріп тұрады. Қыз баланы әдепсіздігі оның бақытты болуына, өсіп өнуіне үлкен нұсқан келтіреді. Қыз баланың шашын қырқуы, кісінің бетіне тік қарау, ер адамның алдын бұландап кесіп өтуі, қыдырымпаз, сауықшыл болуы үлкен мін болып саналады. Сондықтан «қызға қырық үйден тыйым» деп, қыздарға қырағы қарайды. Қызды жанының нәзік сезімталдығы, үй тірлігіне жақындығы, ертеңгі ана болу ерекшелігі тәрбиеде ұл балаға қарағанда біраз өзгеше қарым-қатынасты қажет ететіні анық. Сондықтан, қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлдем болмайды. Қыз баланың тым әлем-жәлем киініп, к зге түсуге тырысуы, орынсыз боянып-сылануы ерсі. Сонымен қатар, өзінің сырт пішініне, киім сәніне немқұрайлы, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің жетімсіздігі, төмендігі.
Қыз бала аттап өтуге болмайтын әдеп – инабаттылық талаптары жайында жақсы хабардар болуға тиіс. Әсіресе қыз анасы, апа – жеңгелері үй шаруасына икемділік, ісмерлік, жүріс – тұрыс сыпайылығы мен ширақтығы, әсімдігі, жинақылық пен тазалық, өз бойын күту мен ашық қабақтылыққа үйретуі керек. Үлкендерге ізеттілік, құрбыларымен татулық, сыйластық, кішілеріне апалық мейір – ықылас тәрізді қыз бала инабаттылығының нәзік иірімдері туралы айтып қана қоймай оларды білдіруге, меңгертуге күш салулары қажет. Ол үшін қыз баланың бойына кішкентайынан сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер дарыған болуға тиіс.

Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы - әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде сол әдетін сақтайды.


Қорыта келе әр азамат ұрпақ тәрбиесін үлкен жауапкершіліке алуымыз керек. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу - қазіргі отбасына үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүрлер. Өз ұлтының намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақты баулыту, тәрбиелеу.
http://emirsaba.org

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет