Мінез - адамның өмірлік бет алысын білдіретін, оның бір сыдырғы тұрақты және тұрлаулы жеке дара қасиеті.
Мінез бітістері - өмір барысында біртіндеп қалыптасатын мінез ерешеліктері. Адамның айналасына, басқаларға қатынасын білдіретін: адамгершілік, қайырымдылық, адалдық, қатыгездік, зымияндық, сотқарлық және тағы басқа жағымды және жағымсыз мінез бітістері кездеседі.
Мінез-құлық - адамның генетикалық ерешеліктеріне байланысты болып, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын тұрақты психикалық ерекшеліктердің жиынтығы.
Мінезтану– адам мінезін зерттейтін психология ғылымының бір саласы. Оның негізін салушы ежелгі грек оқымыстысы Феофраст.
Нақты топ - бір-бірімен өзара қарым-қатынас және байланыс жасай отырып, алдарына қойған мақсат, міндеттерін орындауға жұмыла кіріскен адамдардың өмір сүріп тұрған бірлестігі. Нақты топ қысқа және ұзақ мерзімді болуы, сонымен қатар оған кіретін адамдардың саны аз не болмаса көп болуы мүмкін.
Негативизм - субъектінің басқа индивидтердің немесе әлеуметтік топтардың талаптары мен күтулеріне әдейі қарама-қарсы іс-әрекеттерінен көрінетін мотивацияланбаған мінез-құлық.
Нышан - қабілеттіліктің қалыптасуының алғы шарты болып табылатын организмнің анатомиялық-физиологиялық және негізінен орталық жүйке жүйесінің ерекшеліктері. Баланың ата-анасына ұқсап туылуы анатомиялық нышан, ал жүйке жүйесінің ерекшеліктері физиологиялық нышан деп аталады. Нышан көп мәнді қасиет, яғни сол нышанға негізделіп, адам өмірінің мазмұндылығына қарай түрлі қабілеттіліктер қалыптасады.
Ой қорытындысы - бірнеше пікірлерден жаңа бір пікір шығарудағы
ойлау формасы. Оның түрлері: дедукция, индукция, аналогия.
Ойлау - сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.
Олигофренопсихология - миының жетілмегендігі ауыр нысандағы адамдардың психикалық дамуын және оны түзеу мүмкіндіктерін зерттейтін арнаулы психологияның тарауы. Олигофренопсихология - адамдардың психикалық ақыл-ой мешеулігінің себептерін (жүйке жүйесінің туа біткен кемістігін, аурудың не жарақаттанудың салдарын) анықтайды, психологиялық ерекшеліктерін, кемістіктің білінуінің нысандары мен дәрежесін зерттейді.