Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


-дәріс ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ПРОНОМИНАЛДАНҒАН ЕСІМДІКТЕР



бет11/14
Дата30.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111921
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
Ж. Т. Сарбалаев конверсия м селелері д рістер топтамасы

11-дәріс


ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ПРОНОМИНАЛДАНҒАН ЕСІМДІКТЕР

Жалпы тіл білімінде сөз таптарының бір-біріне ауысуы конверсия, трансформация, транспозиция, субститутция, декорреляция т.б. атаулармен аталады. Бірақ бұлардың ішінде лингвистикада ең жиі қолданылатыны - конверсия термині. Конверсия - ағылшын тілінен алынған термин (айналу). Ол тіл білімінде сөзжасамның бір жолы ретінде танылады. "Проблема перехода частей речи в другую, - дейді академик В.В. Виноградов, -тесно связана с проблемами выделения частей речи в языкознании. Она также имеет отношение к словообразованию, так как конверсия представляет собой один из способов словообразования" (1.17).


Сөздер тілдің даму барысында түрлі өзгерістерді басынан өткізеді. Олар тілдің даму процесінде кейде өзінің семантикалық мәні мен синтаксистік қызметінен қол үзіп, көмекші сөздерге не болмаса грамматикалық форманттарға айналып отырады, енді бірде сөздер өздерінің категориялық мағынасы мен парадигмінен жекешеленіп, өзге бір грамматикалық топтардың қатарына ауысып, тілдегі лексикалық-грамматикалық омонимдердің түзілуіне себепші болады. Сондықтан да профессор А. Пешковский: "Процесс этот вечен в языке" (2.142) дейді. Тарихи тұрғыдан қарағанда тілдегі синкретикалық жұптар немесе етістік - есім омонимдер (дүрысы: тарихи омонимдер) болып саналатын, ал тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан лексика-грамматикалық омонимдер ретінде қарастырылатын ақ, қара, той, жөн, күй, т.б. сықылды сөздерді, біздіңше, конверсиялық процесс аясында қарастыру жөн сияқты. Өйткені, етістік-омоним сөздердің тарихи қалыптасуын белгілі бір дәрежеде конверсиялық процестің негізінде түсіндіруге болады. Бұл жерде, біріншіден, конверсиялық процестердің сөз таптарына жіктелу дәуірінен бастау алатынын ескеру керек, екіншіден, оның Э.В. Севортян айтқандай, өлу үстіндегі процесс емес, қайта ағылшын және басқа да тілдердегідей даму, жетілу күйіндегі құбылыс екенін есте ұстау қажет.
Прономинализация конверсияның ең өнімді процестерінің бірі болып табылады. Прономинализация өзге сөз таптарының есімдіктер тобына ауысуын білдіреді. Есімдіктердің сөз табы ретінде пайда болуы, қалыптасуы тілдегі үнем заңымен тікелей байланысты. Есімдіктер о баста адам баласының көптеген ұғымдарды тез әрі қысқа түрде жеткізу әрекеті барысында, сөздерді үнемдеп пайдалану және оларды сөйлеу процесінде ыкшамдап қолдану ниетінен келіп пайда болған сөздер. Бұл жөнінде орыстың ғалымы М.В. Ломоносов "Множество понятий и поощрение к скорому и краткому их сообщению привело человека нечувствительно к способам, как бы слово свое сократить и выключить скучные повторения одного речения" деген болатын. Мәні қазіргі қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің, қос сөздердің құрамынан байқалады. Мысалы: өзің өз болғалы, өзінен өзі (сөйледі), өз-өзімен, өз-өзіңмен. Бұлардан "өз" сөзінің о бастағы түлғалық қалпын да, алғашқы мәнін де көруге болады. "Өз" сөзі мысалға келтірілген сөз орамдарында есімдіктен гөрі зат есім мағынасына жуық. Бұл фактілер "өз" есімдігінің әуел баста прономинализация нәтижесінде зат есімдер тобынан ауысқандығын дәлелдейді.
Прономинализация процесі сұрау есімдіктерінің жеке топ болып орнығуында да шешуші рөл атқарған. Себебі, сұрау есімдіктеріне негіз болған не, қай (қан), кім түбірлері о баста есім мәнін берген. Ондай жорамалға "әлгі түбірлердің кейіннен, тілдің даму барысында, есім ұялас сөздер жасауы ғана емес, түбір қалпында қолданысы да дәлел бола алады" (6. 217).
"Қай" есімдігі о баста сұрау мәнін емес, қатыстық мән (қатыстық сын есім) бергендігіне оның қолданысы куә: қай адам, қай нәрсе, қай бір. Сол сықылды, не, кім сұрау есімдіктері де бір кезде қатыстық мағынада жұмсалғандығына көне түркі ескерткіштерінің тілі, сонымен бірге, олардың қазіргі тілдегі қолданысы нақты дәлел: не нәрсе, не іс, не зат, кім де кім және т.б.
Неше, немене, неме сұрау есімдіктеріне негіз болған не сөзі о баста зат есім мәнінде қолданылғанын зерттеушілердің барлығы да атап көрсетеді. Н.К. Дмитриев өзінің "Башқұрт тілінің грамматикасы" атты еңбегінде "Исторически было, по-видимому, существительными в значений, "предмет, вещь" и потом уже превратилось в вопросительное местоимение" деп жазады (7.107). Бұл пікірді қазақ тіл білімінде А. Ибатов та қостайды. Не сөзінің о баста зат есім мәнінде жұмсалғандығына оның қазіргі күндегі кейбір қолданыстары айғақ. Не нәрсе, не зат, не іс тәрізді тіркестердің құрамындағы не сөзі тек қана зат есім мәнін береді. Бұл есімдіктің әуелгі кезде зат есім сөз болғандығына тағы бір дәлел - оның септелуі: не, ненің, неге, нені, неден, немен. Не сөзінің бастапқы заттық мағынасын ажыратып, сұраулық мәнде қалыптаса бастауы Орхон-Енисей дәуірінен бұрын болып өткен процесс. Себебі, Орхон және Енисей бойынан табылған тас жазулардың тілінде не есімдігі нәң, нең түрінде келіп, "зат, нәрсе, бұйым" деген заттық мәнде қолданылған. Негү біз икегү түп өтүнелім. (Біз екеуміз қалай өштестік), неге қорқұрбыз (неге қорқамыз), неде өйрү йок (не үшін жоқ).
"Не" сөзінің прономиналдық мәні орта ғасырларда жазылған ескерткіштер тілінде көріне бастайды. ХІҮ ғасырда жазылған (еңбек иесі белгісіз) "Китаб аттух фат уз-закийа фил-л лұғат ит-туркийа" ("Түркі тілдерінің асыл маржанын сыйлайтын кітап") атты жазба ескерткіште аталған есімдіктің әрі заттық мәні де, әрі есімдік мәні де қатар көзге түседі. Аталған сөз түркі тілдерінің көпшілігінде толық прономиналданып, біржола есімдікке айналып кетсе, кейбір түркі тілдерінде бұл есімдік күні бүгінге дейін әрі сұраулық мәнінде, сонымен бірге белгісіздік ұғымындағы зат есім мағынасында да қолданылады. Түркі тілдерінің бір бұтағы салар тіліндегі "не" есімдігінің қазіргі кездегі қолданысы – сөзіміздің айғағы.
"Қай" түбірінің атрибуттық ыңғайда қолданылуы түбірдің есім екендігін және қатыстық мәнде жұмсалғандығын көрсетеді. Белгілі түрколог ғалымдар түркі тілдеріндегі қай есімдігін және одан әр түрлі аффикстердің жалғануы арқылы өрбіген есімдіктерді (қалай, қайсы, қайтіп, қашан, қані) өзінше бөлшектейді.
Қай сөзінің о баста сөз болғандығын айқындайтын тағы бір факті - оның септелуі, қайдан және қайда сұрау есімдіктері түбір мен жатыс, шығыс жалғауларының бірігіп барып прономиналданғаны айқын. Ал, қайсы сұрау есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғауының III жағының бірігуінен қалыптасқандығы, содан кейін ғана тұтас негіздің есімдікке айналғандығы айқын. Қазіргі қазақ тілінде қалай, қайтіп тәрізді сұрау прономиналдану арқылы есімдіктер қатарына ауысқан. Қалай сұрау есімдігінің о баста көсемше тұлғасы болғандығын, оның кейіннен есімдік болып қалыптасқанын Ф.Г. Исхаков оны (қалай сөзін) мынадай бөліктерге бөліп көрсету арқылы дәлелдейді: (қа(й)-ла-й. Ф.Г. Исхаков мұндағы -ла жұрнағы етістік тудыратын қосымша, -й-ді көсемше формасы деп түсіндіреді (8. 223). Бұдан қалай сұрау есімдігінің тілдің өте көне кезеңінде әуелі есім сөз, одан туынды етістік болғанын, одан көсемше тұлғасын иеленгендігін, ақырында тұтас негіздің прономиналданғаны айқын көрінеді. Қайтіп сұрау есімдігінде дәл осы жолмен кұрама бөліктерге ажыратуға болады: қай-ет-іп. Мұндағы қай-түбір есім сөз, ет-көмекші етістік, -іп-көсемшелік қосымша. Бұл есімдіктің де прономиналдану жолымен калыптасқандығы анық. Мұның үстіне көсемше тұлғаларының сұраулық мәнде қалыптасуы түркі тілдері үшін жат құбылыс емес екені мәлім.
Басқа сөз таптарының прономиналдануы, әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы жүзеге асады. Академик А.Н. Кононов өзге сөз таптарының есімдікке айналуының екі түрлі жолы бар деп көрсетеді: а) лексикалық тәсіл; ә) морфологиялық тәсіл (9.185). Біз бұл пікірді толық қолдаймыз. Лексикалық жолмен прономиналданған есімдік түлғаларына негізгі түр-тұрпатын сақтай отырып, семантикалық жақтан дами отырып есімдіктер қатарына ауысқан лексикалық единицаларды жатқызуға болады: не, кім, бір, бар және т.б. Ал, морфологиялық-синтаксистік жолмен қалыптасқан прономиналданған есімдіктерге түбірге түрлі аффикстердің жалғануы арқылы, сөздердің бір-бірімен тіркесіп келуі негізінде есімдікке айналған сөз тұлғалары жатады. Оған мысал ретінде мынадай сөз түрлерін келтіруге болады: бір-біріне, бірін-бірі, бірінен-бірі, бұл жақ, барша, сонша, қанша және т.б.
Прономинализация процесінің нәтижесінде есімдіктер өз алдына бөлек, жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасқан. Прономинализация процесінің лексика-грамматикалық табиғатын, бір мақала аясында толық талдап көрсету мүмкін емес. Бұл - өте күрделі процесс. Біз соның кейбір қырларын ғана еңбегімізге арқау еттік.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет