Жаңа буын оқулықтарын талдап, рецензия жазу. Жаңашыл-әдіскерлердің ұсынған әдістемесінің ерекшеліктерін ашып көрсету, талдау. Дәстүрден тыс сабақтардың өзіндік ерекшелігі мен мәнін айқындау
1-тапсырма.Жаңа буын оқулықтарын талдап, рецензия жазу.Жаңашыл-әдіскерлердің ұсынған әдістемесінің ерекшеліктерін ашып көрсету, талдау.Дәстүрден тыс сабақтардың өзіндік ерекшелігі мен мәнін айқындау. Дебат технологиясы бойынша өткізілетін сабақ үлгісін жасау.Сөз таптарын оқытуда қолданылатынтірек-кестелер дайындау.
Жалпы білім беретін мектеп реформасының қайсысы болмасын, оның мүлтіксіз жүзеге асырылуы сапалы оқулыққа тікелей байланысты. Себебі, мектеп оқулығы барлық оқу үрдісінің өзіндік озық үлгісі болып табылады. Ол оқытудың мазмұнын ғана емес, сонымен қатар, жұмыстың әдістемелік тәсілдерін, жалпы бағытын және оқытушы мен оқушының көңіл-күйін анықтап отырады. Қазіргі кезеңде “Жаңа буын оқулықтары”, “ХХІ ғасыр оқулықтары”, “Компьютерлік оқулықтар” деген тәрізді жоғары қарқынды және үдемелі сөздерді көбірек естиміз. Әрине, бұған да негіз жоқ емес. Бірақ ол үшін мұғалім мен оқушыға қажетті терең ойластырылған оқу құралдары кешендерін даярлау керек. Мұндай кешенді құраушылардың негізі оқулық болып табылады. Осыған байланысты мынадай маңызды сұрақ туындайды: бүгінгі оқулық қандай болу керек? Бұл сұраққа жауап іздестіруде біз тәжірибелі педагогтардың пікірлері мен бақылаулары нәтижесінде берген ұсыныстарын және қазіргі қолданыста жүрген оқулықтарды сараладық. Олардың талап-тілектері мынаған саяды.
Біріншіден, оқулық жоғары дәрежелі маман мен мектепте тәжірибесі бар оқытушымен, яғни мұғалім-практикпен бірлесе отырып жазылуы керек. Екіншіден, баланы оқытудан бұрын оқулық тәжірибелік сынақтан өту қажет. Ол бағдарламаға сәйкес, балалардың психологиясы мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, кез келген сыныптағы оқушыға керек ақпаратты қамтуы тиіс. Үшіншіден, мұғалім оны “аударып” отырмауы үшін оқушыға оқулықтың тілі түсінікті болуы тиіс. Ал кейбір қазіргі оқулықтарды оқығанда автордың теориялық-әдіснамалық мәдениетінің толымсыздығын, мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған оқу кітаптарын жазуға дайындығының қажетті деңгейде болмауын, мұндай күрделі жұмысқа әзір еместігін байқаймыз. Олардың тілінің күрделілігі сонша, кітаптың мәтіні автордың диссертациялық жұмысына ұқсастығы көрініп тұрады.